ЕҢБЕКШIҚАЗАҚТАҒЫ ЕРЕН IСТЕР
ЕҢБЕКШIҚАЗАҚТАҒЫ ЕРЕН IСТЕР
Алматы облысының Еңбекшiқазақ ауданында ел еңсесiн көтерер iстер көптеп атқарылуда. Жуырда осы өлкедегi өркендi iстерге облыс әкiмi Серiк Үмбетов куә болып қайтты.
Қырбалтабай селолық округiндегi "Айдарбаев" шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, жемiс өсiрумен айналысады. Биылдан қызанақ өсiрудi қолға алыпты. Мұнда Елбасының үстiмiздегi жылғы Жолдауында атап көрсетiлген күрделi мiндеттердiң бiрi — аграрлық индустриялдық әртараптандыру, ауыл шаруашылығы шикiзатын қайта өңдеу қарқынын арттыру, жаңа технологияларды енгiзу мен ауыл шаруашылығына жаңа көзқарасты қалыптастыру бағытында бiрқатар шаралар атқарылуда.
Шаруашылықтың бас директоры Ерiк Айдарбаевтың сөзiне жүгiнсек, 330 гектар алқапты алып жатқан өнiмi мол, бiр мезгiлде тез пiсетiн "Лидера" қызанағы тамшылатып суару әдiсiмен бапталыпты. Өнiмдi жинауға жұмылдырылған шетелдiк комбайндар фотоэлементтi техника саналады. Олар қызанақтың пiскенiн, шикiсiн, сабағын — әрқайсысын бөлек-бөлек жинайды. Қазiр әр гектарынан 70-80 тонна аралығында таза өнiм алынуда. Келесi жылы қызанақ алқабын 600 гектарға арттыру жоспарланып отыр.
Алқапты аралап көрген облыс басшысы ерен еңбек үлгiсiн көрсетiп отырған Айдарбаевтар әулетiне алғыс бiлдiре келiп, Елбасы тапсырмаларына орай көкөнiс, жемiс-жидек өндiрiсiн молайту, бос жатқан жердiң бәрiн игерiп, ауданды апорт алмасын өсiретiн алқапқа айналдыру қажеттiгiн айтты.
Кәсiпкер жиналған қыруар қызанақты алысқа арбаламайтын болады. Себебi өнiмдi өңдейтiн зауыт та сол өңiрде. Осы күнi Қайнар ауылында томат өңдеумен айналысатын Есiк жемiс-көкөнiс консервiлеу зауыты ашылды. Италиялық техникамен жабдықталған зауыттың құрылысына 600 млн. теңге инвестиция тартылған. Кәсiпорын тәулiгiне 600 тонна томат шығарып, маусым аяғына дейiн 36000 тонна өнiм дайындамақ. Облыс әкiмi зауыттың әр цехы мен технологиялық ерекшелiктерiн көзбен көрiп, дән риза болғанын бiлдiрдi. Зауыттың ашылуымен құттықтағаннан кейiн ауыл ақсақалдары, жастармен емен-жарқын әңгiмелестi.
Жиында сөз сөйлеген ауыл әжелерi ұйымының жетекшiсi Төлеужан Кемелбекқызы, зауыт басшысы Қадыр Желдiкбаев Елбасы Жолдауының нәтижесiнде қол жеткiзiлген табыстарға тоқтала келiп, Мемлекет басшысы мен облыс әкiмiне деген ыстық ықыластарын бiлдiрдi.
Облыс басшысы "Алтомед" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiндегi инфузиондық ерiтiндiлер үшiн бiр рет пайдаланатын медициналық жүйе (система) жасайтын зауыттың ашылуына қатысып, қырбалтабайлықтарды iрi жетiстiктермен құттықтады. Жылына 16 млн. дана медициналық жүйе жасайтын зауыт Қытай технологиясына бейiмделген. 150 адам еңбек ететiн зауыт құрылысына 430,2 млн. теңге инвестиция тартылған.
Облыс әкiмi келесi кезекте жаңа салынып, биылғы оқу жылының басында пайдалануға берiлген Рахат орта мектебiне ат басын тiредi. 2008 жылдың көктемiнде ауданға жасаған iссапарында мұндағы тар, әрi ескi мектептiң орнына жаңа мектеп тұрғызу қажеттiгiн айтып, тиiстi сала басшыларына тапсырма берген болатын. Содан кейiн небары бiр жарым жылда бой көтерген 300 орындық бiлiм ордасында қазiр 490 оқушы бiлiм алуда. Оған облыс бюджетiнен 480 млн. теңге бөлiнiп, құрылысын "Алтаир" ЖШС жүзеге асырды.
Елбасының биылғы Жолдауы негiзiнде жасалған "Балапан" бағдарламасын iске асыру барысында Есiк қаласында 300 балаға арналған "Есiк-Болашақ — 2007" жекелiк балабақшасы ашылды. Мұнда әзiрге 240 бала қабылданып, 24 тәрбиешi еңбек етуде. Жалпы ауданда биыл 740 бүлдiршiндi қамтитын 5 балабақша, 250 орынды 10 шағын орталық ашу жоспарланған. Облыс әкiмiне ата-аналар алғыстарын жеткiздi.
Өңiр басшысы Еңбекшiқазақ ауданына жасаған сапарын оқу ғимараты 184 млн. теңгеге күрделi жөндеуден өтiп, қайта жабдықталған Есiк гуманитарлық-экономикалық колледжiнде болып, студенттермен жүздесумен қорытындылады.
С. Сабыржанқызы