ТЕНТЕК МЕЙIРIМ

ТЕНТЕК МЕЙIРIМ

ТЕНТЕК МЕЙIРIМ
ашық дереккөзі
313

1977 жылы қараша айында "Бiлiм және еңбек" журналының Бас редакторы Әбiлхамит Мархабаев бөлмесiне шақырып алып, Баукеңе — Бауыржан Момышұлына хабарласып, қызыл әскердiң құрылғанына 60 жыл толуына орай мақала жаздырып алуды тапсырды. Жүрексiне Баукеңе телефон шалдым. Ар жағынан тамағынан емес, кеудесiнен шыққан барлығыңқы дауыс гүр ете қалды. Бұйымтайымды айтып едiм:

— Мен жазушы емеспiн және мақала да жазбаймын. Ойымды ауызша айтатын қарт жауынгермiн. Мен диктовка жасаймын. Дик-тов-ка! Ондайды бiлесiң бе, онда ертең сағат онда келгiн, — дедi бұйрық раймен.

Бiрақ сол қарлығыңқы дауыстың ар жағынан өзiме таныс тентек мейiрiмдi аңғарып қалдым. Қатал да қытымыр мiнезi туралы аңызды көп естiп, өрекпiген көңiлiм, неге екенiн бiлмеймiн, сол дауыстан кейiн тез басылды. Ерте оянып, қағаз, қаламды дайындап, бiр алып, бiр салып жүргенде қолтаңба алуға дайындап қойған Баукеңнiң қос томдық кiтабын ұмытып кетiппiн. Сонымен, алдын-ала келiсiм бойынша қазiргi Төле би көшесiнiң бойындағы үйiнiң алдына барып, он бес минуттай арлы-берлi торуылдап жүрдiм де, тура сағат онда пәтерiнiң есiгiн қақтым. Ар жақтан кешегi таныс та мейiрiмдi гүрiл естiлдi де, есiктi өзi ашты.

— Ассалаумағалейкум! — деп оң қолымды төсiме қойып сәлем бердiм.

— Келгiн! Сен менi қанауға келдiң. Сен менiң эксплуататорымсың. Ұқтың ба? Мен саған уақытша бағынамын. Ұқтың ба! Төрге шық. Ал ендi жөнiңдi айт. Менi кiмнiң қанап отырғанын бiлуiм керек қой. Ұқтың ба! Әйтпесе, рушыл шал екен деп қаларсың. Мен оған жатпаймын. Соғыста ру сұраспайды. Ұлтын сұрайды, дiнiн сұрайды. Екеуi де жөн. Ұлтын сұрағаны — елiн, жерiн, тiлiн сағынғаны, дiнiн сұрағаны — оққа ұшсам, аузыма иман салады деп дәметкенi. Ұқтың ба!

Мен өзiмнiң Шыңғыстаудан екенiмдi айттым.

— Әй, бәйбiше! Мынау тегiн эксплуататор емес, менi сынап кететiн қанаушы екен. Шәй қой. Мынау Түлкiбастың құрты мен iрiмшiгi. Ұқтың ба! Тездетiп дүкенге бар. Жұмсақ ақ шарап ал. Ал iске кiрiсейiк. Стилiне мен жауап бермеймiн. Ол сенiң жұмысың. Сен де бiр еңбектенуiң керек қой. Понятно! Мынаны алып қой. Өтiрiк мақтама. Әкең соғысқа барып па едi? Тыловик пе? А, солай ма, кешiргiн. Жаз, — деп шарапты өзi құя отырып, шылымын үздiксiз сора отырып, әр сөзiн айтып отырып қағазға түсiрттi.

Арасында: "Ұқтың ба?", "Понятно!", — деп ақырып қояды. Дауысы қатқыл болғанмен мейiрiмдi, көкшiлдеу тартқан қарашығының ар жағынан өзiмсiнген мейiрiм аңғарылады. Тура әкемнiң осындай мiнезi есiме түсiп, елжiреңкiрей езу тартсам керек: "Неңе жетiсiп отырсың?", — дедi. Мен себебiн айтып едiм, сәл бөгелiп қалып, дауысын қырнап, толқуын сездiрмей, қатаңсыған дауысымен диктовканы жалғастыра бердi.

Ол диктовка сол қалпында журналдың 1978 жылғы №2 санында жарияланды. Мен бiр жарым сағатқа созылған диктовканың мазмұнынан хабардар ету үшiн және онда белгiлi себептермен қамтылмаған қысқаша ой ұшығын бiлдiре кетемiн:

— Қызыл армия — қызыл гвардия дегеннен шыққан. Оның мән-мазмұны үлкен тарих. Маркстiк-Лениндiк идеяның негiзiне құрылған ерлер армиясы. Оны құрған қарулы көтерiлiстен жалғасқан ұрпақтар. Екiншi тамыры – бiрiншi империалистiк соғыста жатыр. Екi соғыстың әскерi братанияға көштi. "Соғыс жоғалсын. Сен де кедей, мен де кедей" — деп екi жақ құшақтасты. Екi жағында да дизертирство болған. Майданды тастап кеткен. Полковой комитет құрып, шешiм қабылдаған. Панфилов та дизертир болған, полковой комитеттiң мүшесi болған. Кейiннен пролетариат диктатурасы құрылғанда ерiктiлердiң қатарына алынды. Олар өзiнiң саяси көзқарастарын:

Смело мы в бой пойдем,

За власть советов.

И как один умрем,

В борьбе за это, — деген лозунгiмен бiлдiрген.

Бұл штаттағы, немесе наёмный армия емес, ерiктi армия. Олар азамат соғысында армия болып толық қалыптасты. Денi қарапайым халықтан шыққан. Әскери бiлiмi болмаса да, таптық бiлiмi болған. Ұсақ отрядтардан құралды. Мысалы, Буденныйдың армиясы мен Аманкелдiнiң жасағы сияқты. Айттым ғой, бұл тұрақты армия емес, ерiктi жасақ. РККА! Жұмысшылар мен шаруалардың қызыл армиясы! Мен — олардың қатарынан емеспiн.

1. Олардың құралуының басты себебi — таптық санасы. Оны оятқан большевиктер партиясының үгiт-насихаты.

2. Тұрақты армиядан олардың ерекшелiгi — таптық санада. Капиталистiк елде — наёмный армия, бiз оны офицерлiк армия деймiз. Онда дворяндар мен саудагерлердiң балалары бұйрық бередi. Екi тiзгiн, бiр шылбыр солардың қолында болған. Бiз "Отан үшiн!" — деп шабуылға шығамыз. Олар — солдаттар, өз заманында: "Боже царя сохрани", "За царя, за отечество" — деп шоқынып алып шабуылға шыққан. Советский емес, Рабочая — Крестьянская Красная Армия. Оның санаты да, моралi де, саяси көзқарасы да — таптық көзқарас. Онда нағыз шындық, туралық бар.

3. "Ата-тегi", "ата жолы" дейтiн қазақта сөз бар. "Ұяда ненi көрсең — ұшқанда соны аласың" деген де қазақта сөз бар. Дәстүр — традиция дейтiн сөз бар. Осы ұғымдардың тарихи маңызын да, саяси маңызын да, дәстүрлiк маңызын да дұрыс пайдалана бiлу керек. Жастарға рухани тәрбие берудiң негiздерi осы мәселеде жатыр. Жаңағы мәселе туралы тарихи дәлелдер, мәселелер толып жатыр.

Қазақта: "Қоянды — қамыс өлтiредi, ердi — намыс өлтiредi" дейдi. Намыс пен ардың орны ерекше. Намысты, арлы адамды тәрбиелеу үлкен маңызды нәрсе. Соны орынды жеткiзе бiлсек, адамды тәрбиелеудiң қазiргi де, болашақтағы да маңызы сонда жатыр, шырағым. Ал ендi жастарға келсек, олар күрескер, жауынгер, еңбекшiл ата-аналары үшiн намыстанбай, мақтануы керек. Тек соны жеткiзе, ұғындыра бiлу керек. Ал кейбiр солақайлар түсiндiрем деп бұзып алып жүр. Ата-бабамыз надан, соқыр, сауатсыз болған деп оттайды. Бұл барып тұрған надандық! Намыссыздық! Ұқтың ба!..

Бұл пiкiрлердiң астары ашылып айтыла бермейтiн кез. Ұстазы Панфиловтың әскери дизертир екендiгi оған дейiн көпшiлiкке беймәлiм болатын. Ал диктатура туралы астарлы емеурiн де батыл ойдың қатарына жатады. Сыйлаған шараптың соңғы тамшылары тостағанға құйылғанда диктовка да бiттi:

— Сен менi жақсылап тұрып эксплуатация жасадың. Шаршадым. Ұқсата алсаң, осы да қажетiңдi өтейдi. Тек өзiме оқытпай журналыңа басушы болма. Понятно! Ендеше, алғын! — дедi.

Сұхбаттың аяқталғанын ресми түрде естiген соң мен демiмдi iшiме ала отырып батылданып:

— Профессор Қайыржан Бекхожин студент кезiмде: "Алдарыңда қарыздар едiм", — деп алаш ардагерлерiнiң архивiмен танысуыма себепкер болып едi. Тiптi, өзiнше емтихан да алып едi. Сол iзденiстi жалғастырып жүрмiн, өйткенi мен де ұстазыма қарыздар едiм. Қаламгер Мамытбек Қалдыбаевтың айтуы бойынша, Сiз Мағжан мен Жүсiпбектi көрiпсiз. Соны бiлгiм келедi, — деген уәж айттым. Қатты дауыстап:

— Жүсiпбектiң алдында мен де қарыздармын. Ол менiң ұстазым… Ал Мағжанның ажалына себепшi болдым ба? деп ойлаймын,— деп ұзақ ойланып қалды да, мына хикаяны айтты.

— Мұны жазба. Маған емес, өзiңе сөз келедi. Алаш көсемдерiнiң бәрiне де айып тағуға болады. Өйткенi, олардың кеңес өкiметiн мойындамағаны шындық. Ондай кеңдiк — демократиялық елде ғана кешiрiмдi. Ал бiзде пролетариат диктатурасы. Түсiндiң бе, диктатура, пролетариат диктатурасы! Ал кез келген диктатура ешқашан өзiнiң дұшпанын кешiрмейдi. Солардың iшiнде диктатураның өзi де кiнә таға алмайтын адамның бiрi — Жүсiпбек Аймауытов. Менiң ұлы ұстазым. Мен ол кiсiнiң ақтығына ант бере аламын.

1927-1928 жылдары Шымкенттегi техникумда бiзге қазақ әдебиетiнен сабақ бердi. Кәдiмгi қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: "Сегiз қырлы, бiр сырлы" — деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкiрттердiң арасына келiп әдебиет туралы әңгiме айтатын, әндi сондай нақышына келтiрiп орындайтын. "Екi жирен" әнiн Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есiмде. Музыкалық аспаптарда, әсiресе мандолиндi өте шебер ойнайтын. Домбыраны өзi жасайтын. Етiкшiлiгi де керемет едi: "Жiгiтке жетi өнер де көптiк етпейдi. Пайдасы тиедi",— деп отыратын. Қазiргi қазаққа белгiлi адамдардың iшiнде Әбдiлдә Тәжiбаев, Құрманбек Сағындықов үшеумiз ол кiсiден дәрiс алдық.

Ол түсiнiспестiк жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пiкiрiмдi Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемi болатын. Мына Ғабит Мүсiрепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. "Созақтағы көтерiлiске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзiммен оқыдым. Сондықтан ақталуы қиын",— дептi Димекең. Ғабит те хатты алып көрiп: "Ұқсайды. Бiрақ ол емес. Мен де сол кiсiнiң жазу үлгiсiмен жазамын. Сонда да айырмасы бар. Мына жазу үлгiсi оныкi емес. Соған елiктеген шәкiрттерiнiң бiрiнiкi болуы мүмкiн",— дептi.

Ал оған кiмдi сендiресiң? Түбiнде қайрылып бiр оралатын кез туады. Сондықтан да сенiң олардың мұраларын жинақтап, дерек терiп жүргенiң дұрыс та шығар. Жүсiпбек мұғалiм туралы айтарым осы, қарағым. Ал Мағжанды мен көрдiм…,— деп әңгiмесiн одан әрi жалғастырып едi.

Орайы келгенде айта кетейiн, кейiн алаш қайраткерлерiнiң қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатындағы Тергеу iсiмен танысқанымда, оған Тәжiбаев деген студент те куәға тартылыпты. Алайда оның көрсетiндiлерiнiң "iзi өшкен" яғни, кейiн жойылыпты. Тек айбақ-сайбақ жазу мәнерiнiң табы iс қағаздан байқалып қалады.

Иә, өзi өлсе де Жүсiпбектiң сөзi өлген жоқ. Сөзiмен қоса мұқым қазақтың жандүниесiн егiлтетiн "Екi жирен" әнi қалды.

Оның, Жүсiпбектiң аса шебер музыкант болғанын, алты-жетi әнi бар екенiн Баукеңнiң — Бауыржан Момышұлының естелiгi де, Бектұр Жүсiпбекұлы Аймауытовтың бiзге берген мағлұматы да, Семейдегi көз көргендердiң куәлiгi де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешiнде Жүсiпбектiң "Бiржан мен Сараның" айтысындағы Бiржан бейнесiнде сахнада өнер көрсетуi соған дәлел. Сондай-ақ, Жүсiпбек Елебеков марқұм да "Екi жирендi" айтқанда, оның екiншi нұсқасын үйренген ауыл әншiсi Толыбайдың тағдырын сөз еткенде Жүсiпбектiң ән шығару қабiлетiн еске ала отыратын. Соның iшiнде дәлелi анығы "Екi жиреннiң":

Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,

Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен, — деп басталатын нұсқасы.

Бұл әндi Жүсiпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терiсаққан өзенiнiң бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бiр келiншекке арнап шығарғаны туралы естелiктi бiзге Баукең — Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпiсiншi жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кiтап жазу барысында әңгiмелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып едi. Бұл деректi жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсiрепов дегдар да мақұлдаған болатын.

Ал Қауiпсiздiк комитетiнiң мағлұматы бойынша: "Мағжан Бекенұлы Жұмабаевты ату жазасына кесу жөнiндегi 1938 жылы 11-ақпан күнгi №377 шешiм 1938 жылы 19-наурызда орындалыпты". Бiрақ та ел аузындағы аңыз бойынша Мағжан бертiнге дейiн "… тiрi-мiс" делiнетiн. Тiптi мен де Мағжанның соғыс аяқталған соң да тiрi екенiне сендiм. Сенбеске амалым да жоқ болды.

Бауыржан Момышұлы (жалғасы): — Жүсiпбектiң алдында мен де қарыздармын. Ол менiң ұстазым… Ал Мағжанды мен көрдiм. Кейде Мағжанның ажалына себепшi болдым ба? — деген де ойға келемiн.

Соғыстан кейiн мен әскери академияда болдым. Бiрақ та армияның өзiне сұрандым. Новосибирь қаласындағы дивизия командирi етiп тағайындады. Бiрде Совет Одағының маршалы, армия қолбасшысы әскери пойызбен Новосибирь вокзалы арқылы Қиыр Шығысқа кетiп бара жатқаны, менiң оған жағдайды баяндауым туралы бұйрық түстi. Вокзалға келдiм. Сiбiрдiң қысы қатты. Әскери состав келгенше перронда ары-берi жүрдiм. Көзiм жүк почтасын қабылдайтын қоймаға кiрiп-шығып, шанаға жүк тасып жүрген егде адамға түстi. Түрi азиат, азиаттың iшiнде қазақ сияқты көрiндi. Қасына барып: "Қазақпысыз?",— дедiм. Қазақ екенiн бiлген соң жөнiн сұрадым. Сөйтсем: "Среди гор, среди скал, Александрия централь",— дейтiн атақты концлагерьдiң жүгiн тасиды екен. Аты-жөнiн айтқысы келмедi. Соның арасынша екi-үш рет кiрiп-шығып үлгердi. Дауысымды қатайтыңқырап сұрап едiм: "Жастар сендер бiлмейсiңдер ғой. Мен — Мағжан Жұмабаев дегенмiн",— дедi. Сол арада өзiм оқулықтан жаттаған "Шал" деген өлеңiн жатқа айтып бердiм. Тағы да бiр-екi жәшiктi шанаға сап үлгердi: "Ә, менi ұмытпаған екенсiздер ғой. Бiледi екенсiңдер ғой", — деп кемсеңдей сөйлеп, өзiмдi сұрады: "Ә, Бауыржан Момышұлы деген сiз екенсiз ғой. Естiгемiн. Бiлемiн", — дедi. Өтiрiк емес, шын Мағжан екенiне көзiм жетiп, лагерiнiң командирiн сұрадым. Сол арада поезд келiп, вокзал жабылып, сарт та сұрт боп кеттi. Мен де асығыс маршалға рапорт беруге асықтым. Жарты сағаттан кейiн жаңағы жерге келсем, әлгi шал кетiп қалыпты. Лагерьдiң командирiн танитын едiм, қаладағы әскери кеңесте кездесiп тұратынбыз. Телефон шалып, Мағжан — қазақтың үлкен ақыны екенiн, оны жеңiл жұмысқа ауыстыруын өтiндiм. Ол келiстi. Содан арада үш-төрт ай уақыт өттi. Әскери қарбаластан қол босамады. Бiр жолы әлгi лагерь бастығын Новосибирьскiдегi әскери кеңесте көрiп қалып, өтiнiшiмнiң не болғанын сұрадым. Сонда ол: "Жерлес ақыныңнан айырылып қалдық. Сен тапсырғаннан кейiн мен оны жеңiл жұмысқа хат тасушы етiп ауыстырғамын. Көктемде Енесай өзенiнiң сеңi бұзылған кезде почта таситын қайық аударылып кетiп, суға кеттi. Сүйегiн таба алмадық",— дедi маған. Мұңайып мен қалдым. Мiне, менiң Мағжанның өлiмiне себепшi болмадым ба деп ойлайтыным осы, қарағым", — деп сөзiн аяқтады.

Тәуелсiздiк жылдарында осы оқиғаны қаламгер Мамытбек Қалдыбаев та газетке жариялады, басылымға енгiздi. Оқымысты ағамыздың Новосiбiрдi меңзеп отырғаны сол жарияланым ба, жоқ, басқа басылым ба екен? Анығы бұл оқиғаға өз басым кәмiл сендiм және жастық аусарлықпен Шәкәрiм мен Мағжан екеуiн басты кейiпкер ете отырып, 1978 — 1979 жылы "Жер — бесiк" атты роман жаздым. Ол 1984 жылы жарық көрдi. Сондағы Енесайға суға кетiп өлетiн Саржан ақын осы Мағжан едi… Ендi, мiне, ол оқиғаны тағы да бiр еске алудың ретi келiп отыр.

Иә, шындығында да аңызға бергiсiз ақиқат және естелiк иесi қандай сенiмдi адам. Қай шындықты қабылдайсыз, оны патша көңiлiңiз бiлсiн. "Мағжан өлмептi!", — деп жұмбақтап емеурiн танытқанымыз осы оқиға едi. Мағжанды еске алған сайын "Кәмилә" мен "Япурай" әндерi жұмсақ мұңымен жүректi шымшылай сыздатып жүрдi.

Есiктен шығарып салып тұрып Баукең: — Шыбынды зеңбiрекпен ататын жөн бiлетiн, сөзуар бiр хатшыларың бар едi, аман ба, қазiр қайда өзi? — дедi.

Сонда ғана Баукең менi балдызсыратып, Бақытжан ағамыздың нағашысының қатарына қосып еркiнсiтiп ұстағанын бiр-ақ түсiндiм. Жөн бiледi дегеннен шығады, 1972 жылы Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай Рымғали (Нұрғалиев) мен Оралхан ағаларымды қара тұтып Қарауылға мерейтойға келдiм. Ол өзi бiр салтанаты осы күнге дейiн ұмытылмайтын мереке болды. Ғафиз Матаев ағамыздың да дүлдүл шағы. Кеңес одағының барлық республикаларынан қонақтар келген. Соның iшiнде Бауыржан Момышұлы да бар. Қайтарда ұшақтың iшiнде Бәтташ ағаның аты жаңғырықты да кеттi. Рымғали аға: "Одан бәрi де шығады. Оның шешендiгiн айтпаңыз. Шыбынды пушкамен автоматша атады" — деп түсiнiктеме берiп жатыр. Сөйтсем, Баукеңдi күтуге Бәтташ аға бөлiнiптi. Тура табақ тартар кезде қойдың басы жоғалып кетiптi. Шегiнетiн жер жоқ. Бәтташ аға Баукеңе қос табақ тартқызып, екiншiсiне төсетектi тұтасымен салдырып, батырдың алдына қояды. Еркелiгi мен мiнезi қатар жүретiн Баукең сәл тосаңсып, қабағын шыта бастағанда: "Сiз сияқты кәрi күйеуге осы жамбас та жетедi, жезде. Жамбас — батырлығыңыз үшiн, төсетек — күйеулiгiңiз үшiн. Мұны сiз түсiнедi деп iстеп отырмыз" — дептi. Сонда Баукең мырс-мырс күлiп: "Рас, рас, кәрi күйеумiн. Күйеу түскен үйге бас тартпайды. Қайран, жөн бiлгiш Абай атамның тұқымдары-ай!" — деп мәз болыпты. Баукеңнiң меңзеп отырғаны да осы жай, ал "сөзуар балдызы" сол кездегi Облыстық радио мен теледидар комитетiнiң төрағасы Бәттәш Сыдықұлы болатын.

Мен де ол кiсiнiң жөнiн айттым. "Аман болсын!", — дедi Баукең күлiмсiреп, мен де күлiмсiрей қоштасып есiктi жаптым. Ертеңiнде мақаласын дайындап, танысып шығуын өтiнгенiмде: "Мен қанаушыма сенемiн. Байқағын", — дедi. Бұдан кейiн қаншама рет бетпе-бет келiп, көпке, не жеке бiр адамға арнаған сөзiн тыңдасам да, қайтып тiлдесуге дәрменiм дауаламады. Есiктен шығарып салып тұрғандағы Баукеңнiң сол мейiрiмдi жанары мен мейiрiмдi "гүрiлi" менiң аңсарымды толық қандырып едi. Сол әсердi еш бұзғым келмедi. Әлi де сол әсерiм жаным мен жанарымда.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Серіктес жаңалықтары