ӨЗ ТIЛIҢНЕН БЕЗГЕНIҢ...
ӨЗ ТIЛIҢНЕН БЕЗГЕНIҢ...
Ана тiлiн ұмытқан адам өз халқының өткенiнен де, болашағынан да қол үзедi.
Ана тiлiн тек өгей ұлдары ғана менсiнбейдi, өгей ұлдары ғана аяққа басады.
Көзiнiң тiрiсiнде-ақ халық батыры атанған ардагер жазушы Бауыржан Момышұлы ағамыз кезiнде: "Анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған ана тiлiмiздi ұмыту бүкiл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту" деген ғой. Иә, шындығында ұлттың ұлт, елдiң ел боп тұруы тiлiнiң өмiр сүруiне байланысты екендiгi ешқандай дәлелдi керек етпейдi. Өйткенi, қай халықтың болсын, ең қымбат рухани байлығы – ана тiлi!
Осы ретте мына бiр оқиға еске түскен сайын үнемi жаным ауырып, жүрегiм сыздайды.
Бiрде редакция бөлмесiнiң есiгiн қағып, қазақтың өрiмдей екi қызы iшке ендi де: "– Мамамызды елу жасқа толған туған күнiмен құттықтасақ деп едiк", – дедi.
– Қане, құттықтау текстiнiң тұпнұсқасымен танысып көрелiк, – дедiк жылы қабақ танытып.
– Орысша оқып, орысша тәрбиелендiк, ағай. Қазақшаға шорқақпыз, – деп екеуi де шоқ басқандай ыршып түстi.
– Қазақша жаза алмайтын болғандықтан да өздерiңiз жазып беретiн шығар деп көмек сұрай келiп едiк.
– Әттең-ай, ақ сүт берген аяулы аналарыңа деген он жол құттықтау ақ тiлектерiңдi өз ана тiлдерiңде жазуға шамаларың жетпегенiне не айтуға болады? – деп әдейi шымбайларына батыра сөйледiк. Сол жолы қос қарындасымыздың аналарына деген "жүрек жарды" ақ тiлектерiн амалсыз өзiмiз жазып беруге тура келдi. Осы орайда, осындай "сұмдықты" көрiп отырғанда ең әуелi "Бесiгiңдi түзе" деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұқаң айтқандай, тiл тәрбиесiн отбасы, балабақша, мектеп аясында жедел қолға алмаса болмайтындығын өмiрдiң өзi дәлелдеуде. Олай дейтiнiмiз, тiлсiз дәстүр дамымайды, тiлiн жоғалтқан адам дәстүрiн де жоғалтады, яғни ол белгiлi бiр халыққа тән мораль мен психологиядан да, мiнезден де жұрдай болады. Ондай адамның бойына өзге халықтың да дәстүрi сiңбейдi. Халықтық мiнез, халықтық көзқарасы жоқ адамдар, мiне, осылай пайда болады.
Бiздiңше, мемлекеттiк тiлге жанашырлықты депутаттар сөзбен емес, iспен дәледеуi тиiс. Мәселен, ұлты басқа депутаттар қазақша сайрап отырса, орыс тiлдi қазақтың маңдайы тасқа соғылары анық. Көптеген шенеунiктер қазақ тiлiнде iс қағаздарын жүргiзу былай тұрсын, дұрыс сәлемдесудi бiлмейдi.
Осы ретте, ана тiлiне қырын қарап жүрген, өз тiлiнде сөйлей алмайтын қандастарымыз әзiрбайжан қызы А.Османова, немiс ұлы Г.Бельгер, украин қызы А.Колесниченко, орыс қыздары Н.Лушникова, Т.Бурмистрова, М.Веронская, С.Александрова тағы басқаларды үлгi тұтса қандай жарасымды. Қазақ тiлiн өте қадiрлейтiн осынау өзге ұлт өкiлдерiне ризашылық сезiмiмiздi бiлдiре отырып, өз тiлiне тiлi келмей жүрген қандастарымызға өзге ұлт өкiлдерi қайрау, қамшытастар ретiнде не айтады? Зер салып көрелiкшi…
Светлана Александровна Көшкенбаева:
– Мен орыс-қазағы аралас шағын ауылда туып-өстiм. Анам ептеп қазақ тiлiн бiлушi едi, мүмкiн соның да әсерi болған шығар, әйтеуiр мектепте оқып жүргенде қазақ тiлiне аңсарым ауа бердi. Жоғары оқу орнына құжаттарымды тапсырғанда да шетел тiлдерiнiң бiрiмен қатар жүретiн осы тiлдi қаладым. Әрине, ұлы қазақ тiлiн меңгеру оңай болды деп айта алмаймын, әлi де бiлгенiмнен бiлмегенiм көп. Ендiгi мақсатым – өзгелерге қазақ тiлiн оқыта жүрiп, осы тiлдiң тұнығына өзiм де бойлай берсем деймiн.
Қазiр орта мектепте қазақ тiлiнен сабақ беремiн. Мен ұлтым орыс болса да, қазақ тiлi пәнiнiң ұстазы ретiнде айтарым, Қазақстанды мекендейтiн басқа ұлттарға егемен елдiң мемлекеттiк тiлiн құрметтеу – өмiр талабы екенiн ұғындыру керек. Бұл – толғағы жеткен мәселе. Сондай-ақ, мектепте қазақ тiлiн тереңдетiп оқыту керек.
Мен қазақ құрбыларымның ұлы Абай, Мағжан шығармаларын түпнұсқаларынан оқи алмайтындарына өте күйiнемiн. Осындайда, заңғар жазушымыз М.Әуезовтiң "Кiмде-кiм қазiргi уақытта ана тiлiн, өзiнiң әдебиетiн сыйламаса, оны сауатты, мәдениеттi адам деп санауға болмайды" – деген сөзi ерiксiз ойға оралады. Шындығында, ана тiлiн ұмытқан адам өз халқының өткенiнен де, болашағынан да қол үзедi. Сондықтан да, тiл – аса қадiрлеп ұстайтын байлығымыз. Тiл – ұлттың жан дүниесi. Тiл – адам қарым-қатынасының аса маңызды құралы. Мен қазақ ұлтына келiн болғандықтан өзiмдi нағыз қазақпын деп санаймын. Қонақжай, бауырмал қазақ халқына бауыр басқаным үшiн де өзiмдi бақытты сезiнемiн.
Александра Колесниченко:
– Мен қазақ тiлiнде сөйлеп қана қоймай, үнемi қазақша ойлаймын. Украин қызы болсам да, құрбы-достарымның барлығы қазақ жастары. Өзiм Алматы экономикалық университетiнiң студентi ретiнде "Студент аруы" байқауына қатыстым. Осы байқауда қазақ халқының тiлi мен әдебиетi, мәдениетi және салт-дәстүрлерi жан-жақты сарапқа салынды. Мен iзденiс үстiнде мол тәжiрибе жинақтадым.
Қазақстанды мекен еткен орыс, немiс, украин, татар… бәрiне де елдiң мәдениетi, салт-дәстүрi жат емес дер едiм. Өйткенi, құқығымызды қорғап, ел азаматының бiрi ретiнде жағдай жасап отырған елге, мемлекетке қалай разы болмасқа. Олай болса, осы елдiң әдет-ғұрпын үйренуге, тiлiн меңгеруге тиiстiмiз деп түсiнемiн. Әрине, айту басқа да, шынымен-ақ мақсатқа қол жеткiзу басқа ғой. Менiңше, ықылас, ниет болса болғаны. Тiлдi де салт-сананы да меңгеруге болады.
Өз тiлiн құрметтемейтiн, өз ұлтын мақтаныш тұтпайтын кейбiр қазақ құрбыларыма өте қайран қаламын. Қазақта "Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, соңғысы да сонда жүредi" деген сөз бар. Сол айтпақшы, жоғарыда отырған ел ағалары өзге тiлде сайрап, өз тiлiн менсiнбей отырғанда жастарға пәлендей өкпе артқым да келмейдi.
Тәуелсiз елдiң өз тiлi, өз мәдениетi бар. Оның үдесiнен шығу азаматтық парыз деп бiлемiн. Тiптi мемлекеттiк тiлдi қадiрлеу заң тұрғысынан да талап етiледi ғой. Сонда шүлдiрлеп жүргендердiң заңға да бағынбайтын болғаны ғой. Бұл өкiнiштi-ақ жәйт.
"Ана тiлiне немқұрайды қарау – өз халқының өткенiне, бүгiнiне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз" – деп кезiнде К.Г.Паустовский де тегiн айтпаса керек. Ендеше бұл мәселенi мемлекеттiк тұрғыда жедел шешкен дұрыс болар…
Иә, жап-жас өзге ұлт өкiлдерi өз ана сүтiмен дарыған, ана тiлдерiн менсiнбей, мансұқ етiп жүрген қандас бауырларымыздың намысын ояту, оларға ана тiлiн сыйламау, өз анасын сыйламау деген ой салу үшiн осылай дейдi. Өз ана тiлiмiздi өзге ұлт өкiлдерiнiң уағыздауымен, үгiттеуiмен, қамшылауымен үйренуден асқан бейшаралық жоқ шығар. Бiрақ, амал қанша… Шындығында ана тiлi – халықтың өткен ұрпағын, қазiргi және келешек ұрпағын тарихи бiртұтастық, мызғымас бiрлiк, ажырамас туыстық жағдайда мәңгiлiк бiрiктiретiн ең сенiмдi құрал. Ана тiлiмiз арқылы ғана бiз халқымызды, Отанымызды танып бiлемiз, халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр.
Ана тiлiн үйрену – ұлы iс. Әркiм өз ана тiлiнде сөйлесуге, анасынан туа үйренген тiлiмен сөйлеуге тырысу керек. Ең жақсы тiл – ана тiлi. Өз ана тiлiңдi қадiр тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың. Ана тiлiн бiлмеген түбiн бiлмейдi.
Ана тiлiң – өз ұлтың. Сондықтан да: "Мен ана тiлiмдi қорғаймын, оның алдында перзенттiк парызымды қайткенде де ақтауым керек!" – деген адамды ешкiм де, ешқандай жағдайда да айыптауға аузы бармайды. "Басқа тiлдiң бәрiн бiл, өз тiлiңдi құрметте!" – деген ақын сөзiнде де құлақ терең мән бар. Өйткенi, тiл – аса қадiрлеп ұстайтын байлығымыз. Мемлекеттiк тiлдi бiлу, осы елде тұрып жатқан баршамыздың мiндетiмiз. Туа бiттi тағдырымыз Тiлдiң тағдыры әлдекiмнiң ерiк-ұйғарымына тәуелдi болуы мүмкiн емес. Тiлдiң айнымас сенiмдi сақтаушысы бар: ол – оның рухы, данышпандығы ғана. Елiмiзде тұрып жатқан кез келген ұлт, қажеттiлiк туындаса – қазақ тiлiн үйрене алады және осы елдiң саналы азаматы ретiнде үйренуге тиiс те.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ, журналист, заңгер