ЖҮРЕГIМIЗ СЫЗДАП ТҰР ҒОЙ, СЫЗДАП ТҰР...
ЖҮРЕГIМIЗ СЫЗДАП ТҰР ҒОЙ, СЫЗДАП ТҰР...
Өнер жолы — қиын жол. Қай өнерде де тума таланттар болады. Әсiресе, театрда. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ драма театры биiк шыңға көтерiлдi. Өйткенi, сахнаға өңкей тума таланттар көтерiлдi. Олар — Серке Қожамқұлов, Хадиша Бөкеева, Әнуарбек Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Асанәлi Әшiмов, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова. Бұлар ұйыған ұлтымыздың ортасынан шыққан, тұтас қазақи болмысты бойларына сiңiрген өңшең марқасқалар. Сондықтан олар сомдаған образдардың өтiрiгi жоқ. Сахнаға шындық бейнелерiн алып келетiн.
Фарида Шәрiпова ол кезде студент едi. Алайда Қытай киностудиясы түсiрген "Хасен мен Жәмила" көркем фильмiнде Жәмиланың ролiн ойнап, жас та болса көрермендердiң аузына iлiгiп қалған болатын. Өнер жолын шын жүрегiмен ұнатқан Фарида 1955 жылы атамекенге оралды. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттiк өнер институтын бiтiрiп, ұстаздар қалауымен М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды. Фаридамен бiрге сол жылы Сәбит Оразбаев пен Есмұхан Обаев та академиялық театрдан орын тептi. Содан берi олар қырық жылдай жұбын жазбай еңбек етiптi. Тума талантының арқасында Фарида алдыңғы толқын саңлақ ағалары мен апаларына нағыз әрiптес бола бiлдi.
Қазақ және әлем классиктерiнiң драмалық туындыларында режиссерлер сенiп тапсырған ролдердi сахнаға шынайы шығарып, ұлттық театрға жаңаша леп әкелдi. Ол сомдаған Мұхтар Әуезовтың "Айман-Шолпанында" Шолпан, "Абайында" Ажар, "Еңлiк-Кебегiнде" Еңлiк, "Қарагөзiнде" Қарагөз, Ғабит Мүсiреповтiң "Қозы Көрпеш-Баян Сұлуында" Баян, Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтiң "Қан мен терiнде" Ақбала, Тахауи Ахтановтың "Боранында" Жаңыл, Шыңғыс Айтыматовтың "Жәмиласында" Жәмила, "Ана-Жер-Анасында" Толғанай, Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтматовтың "Көктөбедегi кездесуiнде" Гүлжан мен Айша, Оралхан Бөкеевтiң "Құлыным менiңдегi" Анар, Дулат Исабековтiң "Әпкесiндегi" Қамажай және т.б. спектакльдерде көптеген бейнелердi ойнап, көрермендердiң ыстық ықыласына бөлендi. Ол шетел классиктерiнiң де сахналанған шығармаларында басты рольдерде ойнап, өзiнiң хас шеберлiгiмен танылды. Софоклдың "Эдип патшасында" Иокаста, Еврепидтiң "Медеясында" Медея, Шекспирдiң "Асауға тұсауында" Катарина, "Ричард III" трагедиясында Анна леди, Пушкиннiң "Шағын трагедияларында" донна Анна, Чеховтың "Сүйiктi менiң ағатайымда" Елена Андреевнаны ұлттық театр топырағында жоғары талғаммен ойнап, көпшiлiктi тәнтi еттi.
Мiне, ұлттың сүйiктiсiне айналған Фарида Шәрiпова өткен аптада, 74 жасқа қараған шағында ақтық сапарға аттанды. "Қазақ өнерi мен мәдениетi ауыр қазаға ұшырады" деп өнер сүйер қалың қауым оны күңiрене жоқтап жатыр. Мәйiтiн театрдан шығарарда әрiптестерi сахнада бiрге ойнаған рөлдерiн еске түсiрiп, адами қасиеттерiнен сөз қозғады.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық драма театрының директоры Есмұхан Обаев: "Қазақ сахнасында героикалық, романтикалық бейнелер көп жасалды. Актер мен көрермен арасы алшақтау болды. Ал актриса Шәрiпованың келуiмен сахнаға адами, қарапайым кейiпкерлер келдi. Ол өз табиғатында өте кiшiпейiл, артық-ауыс мiнезi, сөзi жоқ адам. Болмысында керемет бiр ұстамдылық, бекзадалық бар едi. Онысы сахнада бiрден көзге ұрмай, бiрте-бiрте ашылатын. Фарида театрға алғашқы келген кезден бастап-ақ екiншi құрамда тұрып, шығармашылығымен алғашқы қатарға шықты. "Сарғайған жетер мұратқа" дегендей, Фарида кейiнгi биiк шыңдарына табандылықпен, талмай iздену, толассыз, тынымсыз еңбекпен, жан еңбегiмен шыққан тұлға".
Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев: "Фарида қазақ халқының маңдайына бiткен жарық жұлдыз едi. Фариданың қай рөлiн алып қарасаңыз да шеберлiк деңгейi жоғары болатын. "Қан мен тер" спектаклiнде мен Сүйеу, ол Ақбала болды. "Аңсаған менiң әнiмсiң" спектаклiнде бiрге ойнадық. Осы спектакльдегi Жәмила рөлiнен кейiн газеттердiң бәрi оны жазып, сыншылар да, көрермендер де таң қалып, тәнтi болғанын бiлемiн. "Ана-Жер-Анада" Толғанайды орындаған Фарида да Жер Ананың құшағына кеттi-ау, Жасағанның iсiне амал жоқ екен. Театр өнерiнiң шыңына көтерiлген тұлғаның орны ойсырап қалатын болды. Кинода да тамаша қолтаңба қалдырған асылымызды жоғалттық. Ол сахнаға шыққанда дүние өзгерiп кететiн едi-ау. Жүрегiмiз сыздап тұр ғой, сыздап тұр. Топырағың торқа болсын тете құрдасым".
Асқан дарын иесi болған Фарида Шәрiпова мәдениет пен өнерге сiңiрген еңбегi үшiн Қазақ ССР Халық әртiсi, КСРО Халық әртiсi құрметтi атақтарын, Қазақ ССР Мемлекеттiк және КСРО Мемлекеттiк сыйлықтарының лауреаты, "Парасат" орденiнiң иегерi атанған. Оның жарқын бейнесi, ол сомдаған рөлдер театр көрермендерi жадында ұзақ уақыт сақталады. Ол қалыптастырып кеткен мектептен әлi талай өнер тарландары шығары анық.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ