ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР
ашық дереккөзі
242

Әлемнiң маңдайалды саясаткерлерi мен мұнай-газ саласының бiлiктi мамандарының басын бесiншi мәрте қосып отырған Қазақстан мемлекетi тағы бiр алқалы басқосудың өтуiне мұрындық болды. Астананың төрiнде өткен "KAZENERGY" V Еуразиялық энергетикалық форумында алпауыт мемлекеттердiң елiмiзде қызмет етiп жатқан және шетелдiк iрi мұнай-газ компанияларының өкiлдерi жиналып, энергетика саласындағы жаһандық мәселелердi сарапқа салды.

Энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, баламалы энергия көздерiн дамытуға бет алу және шетелдiк инвесторларға қолайлы климат қалыптастыру — елiмiздiң энергетикалық саясатта ұстанған негiзгi бағыттардың бiрi. Қазақстанның өзге әрiптестер үшiн тиiмдi көзқарасын шетелдiк саясаткерлер оң бағалады. Осы форумда мұнай-газ саласының бүге-шiгесiне терең талдау жасап жүрген мамандар алдында сөз алған елiмiздiң Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев Еуропа үшiн жағымды жаңалықтың басын қылтитты. Биыл елдегi мұнай өндiру көлемi 80 млн. тоннаны құрамақ. Ал, келер жылдан бастап Қазақстанның мұнай өндiру қарқыны жылдағыдан молая түсiп, еуропалық бағытқа тасымалданатын қазақ мұнайының көлемi 52,5 млн. тоннаға жетпекшi. Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Каспий тұрба-құбыр консорциумындағы (КТК) елiмiздiң квотасы алдағы жылдан бастап екi есеге артатын болады. Бұл жөнiнде толыққанды келiссөздер 2010 жылдың соңына дейiн талқыланып, түпкiлiктi инвестициялық шешiм қабылданбақ.

"40-50 жылдың iшiнде мұнайды 80 млн. тоннадан 100 млн. тоннаға дейiн экспортқа шығаруға мүмкiндiк бар. Биыл КТК-ны кеңейту жөнiндегi ұсыныс бiрауыздан қолдау тапты. Келесi жылы Қытайға баратын құбырдың көлемi үлкейтiлмекшi. Егер газ саласын айтсақ, бiздегi экспорттың Ресей арқылы шығатыны белгiлi. Бұйырса, Бозой арқылы елiмiздiң оңтүстiгiндегi газға деген қажеттiлiк жойылады. Сөйтiп, Қытай нарығына шығатын жол ашылып, құбыр көлемi үлкейтiлмекшi" дедi Мұнай және газ министрi.

"Әлем Қазақ елiн ең сенiмдi әрiптес санайды. Қазақстан "Қара алтынды" әлдебiр елдердей құйтырқы саяси ойынның құралына айналдырып, әлдебiр елге қысым көрсету үшiн пайдаланған кезi жоқ. Қазақстан әрқашан әрiптестерi алдындағы өзiнiң транзиттiк мiндеттемелерiн орындап келедi", — деген байламды қадап айтқан министр Қазақстан Үкiметiнiң жер қойнауын пайдалану келiсiм шарттарын қайта қарауға ниетi жоқтығын, әр мемлекет өзiне жүктелген мiндеттi орындауға тиiстi екендiгiн назарға сала кеттi.

Сондай-ақ, келелi жиында Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев Қазақстан мемлекетiнiң мұнай өндiру саласында қол жеткен табыстары мен 2009 жылғы шикiзатты тасымалдаудағы экспорттық маршруттарына тоқталды. Оның мәлiметiнше, биылғы жылы қазақ мұнайының 27,5 млн. тоннасы КТК арқылы — Еуропаға, 17,5 млн. тоннасы "Атырау-Самара" құбыры арқылы — Ресейге бағытталса, 6 млн. тоннадан астамы — Қытайға, 11 млн. тоннасы — Ақтау теңiз айлағы арқылы басқа да шет мемлекеттерге жөнелтiлсе, темiр жол арқылы 14,4 млн. және Орынбор мұнай газ өңдеу зауытына 2 млн. тонна мұнай тасымалданған. Министр жария еткен тағы бiр мәлiметке тоқталсақ, елiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың тек 24 пайызын ғана "ҚазМұнайГаз" компаниясы өндiредi екен. Ал қалған көлем жеке сектор компанияларына және халықаралық мұнай компанияларына тиесiлi. Бұл — Қазақстанның көмiрсутегi секторының тұрақты дамуына мүмкiндiк беретiндiгiн дәлелдейдi дедi.

Бiр қуаныштысы, биыл елiмiзде 81 млн. тонна мұнай өндiрiлiп, оның 68 миллион тоннасы экпортқа шығарылады. 2020 жылы 130 млн. тонна өндiру болжамда бар. Күнi бүгiнге дейiн елiмiздiң "қара алтын" қойнауынан 5 млрд. тоннадан астам мұнай және 5 трлн. текше метрден астам газ қоры барланған.

Мәртебелi басқосуда сөйлеген Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Мексика шығанағында болған апаттың Каспий теңiзiнде қайталануына жол бермеуге шақырды. "Егер бiз теңiздегi өндiрiсiмiздiң қуатын арттыруға ниет танытсақ, әлгiндей ауыр оқиғалардың салдары қалай тиетiндiгi жөнiнде жан-жақты зерттеп, тексеруiмiз қажет" дедi Премьер-министр. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн Қазақстанның тек ғана жоғарғы стандарттар мен талаптар негiзiнде жұмыс iстеуi керектiгiн мiндет етiп тапсырған болатын. Бұдан былай мұнай өндiру кезiнде бұрғылаудың қауiп-қатерiн мейлiнше азайтуға күш салатын жаңа кешендi бағдарлама жұмыс iстейдi. Қауiпсiздiк және экологиялық шараларды екiншi орынға ысырып, бас салып мұнайды сорып, пайдаға кенелгiсi келетiндер Үкiметтiң жiтi бақылауына алынады.

"Қазақстан бiрiншi кезекте нарықты өнiмдермен қамтамасыз ету үшiн мұнайды жеткiзушiлердiң, тұтынушылардың және тасымалдаушылардың жалпы мүдделерiн назардан тыс қалдырмайды. Осыған сәйкес, мұнай өнiмдерiне деген сұранысты қамтамасыз ету тұрғысында Қазақстан мұнайды сенiмдi әрi қауiпсiз жеткiзушi ретiнде өзiнiң рөлiн қолдайды", — деп атап өттi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов пiкiрiн қорытындылай келе.

Орталық Азияның мұнайын төтелей кәрi құрлыққа шығаратын "Nabucco"" жобасы әзiрге мұнайшылар арасында сөз күйiнде қалып отыр. Оның тиiмдiлiгiн айтып талқыға салғанымен, Еуроодақтағы әр мемлекет қанша инвестиция салып, қай жылға дейiн құбыр тартылатыны да нақтыланған жоқ. Чехия республикасының экс-премьер-министрi Мирек Тополанек бұл кемi 10 жылсыз iске аспайтын жоба екенiн ашық айтты. Форум шеңберiнде өткен "Әлемдiк энергетика: Еуразия көзқарасы" атты баспасөз мәжiлiсiне "KAZENERGY" Қауымдастығы төрағасы Тимур Құлыбаев, Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев, Польшаның бұрынғы президентi Александр Квасневский, Австрияның бұрынғы канцлерi Альфред Гузенбауэр мен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Президентi Қайыргелдi Қабылдиндер қатысты. Өз кезегiнде сөз алған Австрияның бұрынғы канцлерi Гузэнбауэр 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiнiң маңыздылығына тоқталып, "Қазақстан — тәуелсiздiктiң қысқа мерзiм iшiнде осындай жетiстiкке жеткен алғашқы мемлекет" деп атап өттi.

Жиында айтылған тағы бiр жаңалық — Қашаған жобасының мерзiмiнен бұрын аяқталатыны белгiлi болды. Қазiр ондағы құрал-жабдықтарды орнату 2012 жылдың соңына қарай аяқталып, мұнай өндiрудiң барлық мүмкiндiктерiне 2013 жылы қол жеткiзiлмек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары