379
"ЖОЛ КАРТАСЫНАН" ЖЫМҚЫРУ
"ЖОЛ КАРТАСЫНАН" ЖЫМҚЫРУ
Оңтүстiк Қазақстан облысының прокуроры Берiк Құлтасовтың төрағалық етуiмен өткiзiлген кезектi алқа мәжiлiсiнде "100 мектеп, 100 аурухана", "Жол картасы", "Таза су" мемлекеттiк бағдарламаларының орындалу заңдылығы мен оған бөлiнген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы жан-жақты сөз болды.
Мәжiлiске ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, ОҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшыларымен қатар Қазығұрт, Бәйдiбек, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Түлкiбас, Төлеби аудандарының әкiмдерi мен Шымкент қаласының әкiмi, "Нұр Отан" ХДП-сы облыстық филиалының өкiлдерi шақырылған. Бұлардың iшiнде Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының әкiмдерi У.Қайназаров пен А.Жетпiсбаевтың iс-сапарда жүруiне байланысты олардың орынбасарлары қатысып, туындаған сұрақтарға жауап берiп отырды. "Жол картасы", "100 мектеп, 100 аурухана" және "Таза су" мемлекеттiк бағдарламаларының орындалуы елдiң, Елбасымыздың назарында тұрған мәселелер. Айта кетуiмiз керек, осыдан бiрер күн бұрын ғана оңтүстiкке ат басын тiреген Елбасы өңiрiмiзде атқарылып жатқан жұмыстарға көңiлi толатындығын, жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқандығына риза екендiгiн жеткiзген болатын. Алқа мәжiлiсiнде облыс прокуроры Б.Құлтасов Елбасы тапсырмаларының маңыздылығына жан-жақты тоқтала келiп, "Жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру кезiнде жұмыссыздар деңгейiнiң төмендегенiн, тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық, жол, мектеп, аурухана және басқа да әлеуметтiк-мәдени нысандарда жөндеу, қалпына келтiру жұмыстарының қарқынды жүргiзiлгенiн баса айтты. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында жоспарланған 19 923 жұмыс орнының есебiнде 19 974 жұмыс орны ашылып, 118 нысанда жөндеу, қалпына келтiру жұмыстары толығымен аяқталған. – Алайда, – дедi Берiк Сайлауұлы,– прокуратура тарапынан жүргiзiлген тексерулер барысында жергiлiктi атқарушы органдар мен жекеменшiк кәсiпорындардың лауазымды тұлғалары бiрқатар заң бұзушылықтарға жол берген. Соның нәтижесiнде жұмыссыздарды тиiстi түрде жұмыспен қамтамасыз етпеу, оларды тiркеу тәртiбiн бұзу, жалған актiлердi жасау арқылы бюджет қаржысын орасан мол мөлшерде ысырап ету фактiлерi орын алған, – дедi. Бұдан кейiн облыс прокуроры осы бағыттағы тексеру жұмыстарының нәтижелерiмен таныстыру үшiн мiнбеге облыстық прокуратураның әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы Мақсат Мошқаловты шақырды. – Облысық прокуратура "Нұр Отан" ХДП-ның Оңтүстiк Қазақстан филиалы өкiлдерiнiң және құзырлы органдар мамандарының қатысуымен аса маңызды мемлекеттiк бағдарламалар үшiн бөлiнген бюджет қаржысының тиiмдi және мақсатты жұмсалуына тексерулер жүргiздi, – дедi баяндамашы.– Соның нәтижесiнде кейбiр лауазым иелерi мен мердiгерлердiң заңсыз әрекеттерi салдарынан бюджет қаржысы талан-таражға түскен. Олар көптеген заң бұзушылықтарға, соның iшiнде қылмыстық әрекеттерге жол берген, – деп атап өттi Мақсат Мырзабайұлы. Облыстық прокуратураның таратқан мәлiметтерiне сүйенсек, тек биылғы – 2010 жылғы "Жол картасы" бағдарламасы шеңберiнде ғана бюджеттен 20,5 млрд. теңге бөлiнiп, 1 қыркүйекке дейiн оның 17,3 млрд. теңгесi игерiлген. Прокуратура органдары жасалынып жатқан жұмыстың ауқымдылығына, игерiлген қаржының деңгейiне жан-жақты мән бере отырып, жiберiлген кемшiлiктерге қынжылатындықтарын жасырмады. Мәселен, 2009 жылдың қорытындысы бойынша осы бағдарлама негiзiнде жүргiзiлген тексерулердiң нәтижесiнде 200-ге жуық заң бұзушылықтар анықталып, 46 ұсыныспен 32 лауазымды тұлға тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған. Сот арқылы мемлекет пайдасына 16 млн. теңге өндiру туралы 17 талап арыз қанағаттандырылған. Осыған қарамастан дәл осындай заңсыздықтар мен кемшiлiктер биылғы жылы да бiрнеше жерден көрiнiс берген. Олардың денi: атқарылмаған жұмыстарды арнайы актiлерге қосып жазу, жұмыс уақытын есептеу кезiнде табельдерге жалған мәлiмет енгiзу, жұмыссыз азаматтарды арнайы есепке қою тәртiбiн бұзу және оларға жалған жолдамалар беру, ашылған жұмыс орындарына қабылданған тұлғалардың еңбек құқықтарын бұзу, сапасыз құрылыс жүргiзу, құрылыс мерзiмiн уақытында аяқтамаған мердiгерлерден тұрақсыздық сомасын өндiруге шара қолданбау сияқты формада болып келедi екен. Мысалы, Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң бастығы К.Шаймерден "жүргiзушiлер курсында 7 адам оқыды" деп жалған акт толтырып, 245 мың теңге бюджет қаржысын заңсыз иемденген. Сондай-ақ, облыстық эндокринология диспансерiнiң ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде ҚР Әдiлет министрлiгiнiң шаруашылық жүргiзу құқығындағы "Еңбек-Шымкент" филиалының директоры Б.Көпбосынов 625 мың теңге көлемiндегi атқарылмаған жұмыстарды №2,3 актiлерге қоса жазып, бюджет қаржысына ортақтасқан. Дәл осындай жолмен Мақтаарал ауданының "Үлгiлi" мектебiндегi жөндеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде "Өжет-Болсын-Ай" ЖШС-нiң директоры Т.Алиев те 1,8 млн. теңгенi құрайтын атқарылмаған жұмысты №2,3 актiлерге "байқамай" тiркеп жiберiп, бюджет қаржысына қожайындық жасаған. Айта кетуiмiз керек, келтiрiлген бұл деректердiң барлығы бойынша прокуратура органдарымен қылмыстық iстер қозғалып, кiнәлi тұлғалар сотты болған. Сонымен қатар, "Жол картасы" бағдарламасына құжаттары сәйкес келмейтiн жобалар да негiзсiз енгiзiлiп, сол арқылы бюджет қаржысының бей-берекет жұмсалу фактiлерi де орын алған. Мысалы, Шымкент қаласындағы "Астана" саябағын көрiктендiру үшiн 2009 жылғы бюджет есебiнен 14,3 млн. теңге бөлiнгенiмен, аталған құрылыс нысанында нақты қандай құрылыс жұмыстарын жүргiзу қажеттiгiн белгiлейтiн жоба-сметалық құжаттары мүлдем болмаған. Соған қарамастан мердiгерге бюджет қаржысы аударылып, ол өз қалауынша құрылыс жұмыстарын жүргiзген. Мұндай мырзалыққа жуырда Шымкент қаласы, Еңбекшi аудандық прокуратурасы нүкте қойыпты. Яғни, мердiгерлердiң саябақты көрiктендiру туралы келiсiм шарты сот арқылы жарамсыз деп танылып, 14,3 млн. теңге бюджет қаржысы мемлекет есебiне қайтарылған. Сондай-ақ, мемлекеттiк сатып алу туралы келiсiм-шарт талаптарына көз сламайтын кейбiр мердiгерлердiң жылма-жыл тiзiмнен түспейтiнi және олардың бiрсыпырасы жеңiмпаз болып та жататыны алқа мәжiлiсiнде баса айтылды. Мысалы, 2009 жылы ғана Мақтарал ауданында жол саламын деп 10,5 млн. теңге көлемiндегi бюджет қаржысын жымқырып, басшысы сотты болған "Арыс Құрылыс" ЖШС-i биылғы "Жол картасы" бағдарламасымен тағы да 103 млн. теңгеден астам жұмыстарды атқаруға жеңiмпаз болып танылған. – Осындай өрескел заң бұзушылықтардан кейiн аталған мердiгер алған жұмыстарын сапалы орындайтынына кiм кепiлдiк бере алады? – дедi облыстық прокуратураның әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының жауапты қызметкерi. Тосыннан қойылған бұл сұраққа мардымды жауап болған жоқ. Алайда, алқа мәжiлiсiне қатысып отырған әкiмдер мен бiрқатар шен-шекпендiлерге шешiмi күрделi сауал тасталғаны анық. Жалпы, "Жол картасы" бағдарламасының орындалу заңдылығына жүргiзiлген тексерулер барысында прокуратура тарапынан заң бұзушылықтарды жою туралы 15 ұсыныс енгiзiлiп, 7 тұлға тәртiптiк, 8 тұлға әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған және бюджетке 19,4 млн. теңге өндiрiлген. Алқа мәжiлiсiн қорытындылаған облыс прокуроры Берiк Құлтасов "Жол картасы" бағдарламасы аясындағы мұндай бей-берекетсiздiк пен келеңсiздiктердiң тамырына балта шабу үшiн әрбiр азаматтың жұмыла қимылдауы қажет екендiгiне назар аударды. – Неге бiз, – дедi Берiк Сайлауұлы,– аса маңызды құжат саналатын бағдарламаға көзжұмбайлықпен қарауға тиiстiмiз? Елбасымыз шырылдап жұмыс орындары ашылсын, халықтың жағдайы жақсарсын, бiр қадам да болса алға қарай басайық деп тапсырма бередi. Ал облысымыздың орталығы болып саналатын Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiмен 240 миллион теңге көлемiндегi қаражат өмiрде жоқ адамдарға таратылып берiлген. Халықтың табан ақы маңдай терiмен құралған бюджет қаржысы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кете берсе, сол халықтың жағдайы қайтiп жақсарады? Жастарымыздың жан-жақты бiлiм алуы мен дендерiнiң сау болы үшiн мемлекет ақша аяп отырған жоқ. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы соның айғағы. Алайда, құрылысы бiтiп, жаңадан ғана пайдалануға берiлген кейбiр мектептер араға ай түспей жатып қаржы бөлiмiнен "сырлау, әктеу жұмыстарына" деп қаржы сұрап, оны бөлдiрiп алып жатса, бұл ойланарлық мәселе. Қазығұрт ауданының Қызылдала елдi мекенiндегi орта мектепте осындай жағдай орын алған. Ал Түлкiбас ауданындағы 1200 балаға арналған "Б.Момышұлы атындағы" орта мектептiң құрылысын мерзiмiнде пайдалануға бермегенi үшiн құрылыс жүргiзушi серiктестiктен 5,7 млн. теңге мемлекет пайдасына өндiрiлген. Бұл аудан прокурорының ұсынысы негiзiнде жүзеге асып отыр. Ал негiзiнен алғанда бұл мәселеге ең алдымен аудан әкiмшiлiгi мен аудандық құрылыс бөлiмi айқайшы болуы керек емес пе? Облыс прокуроры осындай нақты сауалдарды қоя отырып, алқа мәжiлiсiн қорытындылады. Ал оған кiмнiң қалай және қандай дәрежеде жауап беретiнi алдағы күннiң еншiсiнде екенi анық. Өйткенi, бюджет қаржысын өзiнiң қалтасымен шатастырып алған, "Жол картасы" сияқты маңызды мемлекеттiк бағдарламаны жонып жей беретiн қазы-қартадай көретiн пысықтарға ымырашылдық болмайтыны тағы да бiр рет еске салынды.
Сейiтхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық
прокуратурасының БАҚ-пен жұмыс жөнiндегi маманы