МАНАС ЕЛIНДЕГI САЙЛАУ
МАНАС ЕЛIНДЕГI САЙЛАУ
Қырғызстан егемендiк алғаннан берi дамудың даңғыл жолына түсе алмай-ақ келедi. Республиканың жарқын келешегiн анықтаған 10 қазанда өткен парламенттiк сайлаудың нәтижесi де өлкенiң жағдайын әрi-сәрi етуi мүмкiн болып отыр. Өйткенi, Парламентке келген партия өкiлдерiнiң ұстанымдарының әртүрлiлiгi әрдайым талас-тартысты тудыра беруi ықтимал.
Биылғы жылдың 27 маусымындағы бүкiлхалықтық референдумға сәйкес, сайлау өткен күннен бастап мемлекеттi басқару парламенттiк жүйеге көшедi.
Соған орай, өткен бiр-екi айдың iшiнде елудей партия құрылып, онсыз да аз емес партиялардың саны 150-ге жеткен болатын. Олардың арасынан 29 партия ресми тiркелiп, сайлауға қатысты. Елдiң көпшiлiгi биыл 7 сәуiрде төңкерiстi жасауға қатысқан партиялар жеңiске жетер деп ойлаған. Ол партиялардың лидерлерi де өздерiн тәкаппар ұстап жүрген едi. Сайлаудың алдын ала шығарылған нәтижелерi мүлде кереғар жайттарды көрсеттi.
Оппозицияшыл "Ата Жұрт" партиясы бiрiншi позицияны иелеп, "бiрiншi боламыз" деп жүрген "Ата Мекен" партиясының беделiн жұрдай қыла жаздады. Сөйтсе де, атамекеншiлер бесiншi орынға iлiгiп, "Құдайға шүкiршiлiк" еттi.
Қырғызстанның жаңа Конституциясына лайық, дауыс берген жалпы сайлаушылардың 5 пайызын топтаған, республиканың жетi облысының және Бiшкек, Ош қалаларының сайлаушыларының 0,5 пайыз дауысына ие болған партиялар парламентке өтедi. Егер бiр партия 65 пайыз дауысты жинай алса, ол жетекшi партия ретiнде үкiметтi жасақтайды. Ондай болмаған күнде партиялар коалицияға бiрiгедi.
Аймақтық 0,5 пайыздық шектен өткен 12 партияның бесеуi ғана 5 пайыздық көрсеткiштi бағындыра алды. Қырғыз Парламентiндегi 120 депутаттық орынға, қазiрше, "Ата Жұрт" партиясына 28, ҚСДП-ға (Қырғызстан социал-демократиялық партиясы) 26, "Ар-Намыс" партиясына 24, "Республика" партиясына 23, "Ата Мекен" партиясына 19 мандат тиiп отыр.
"Қазiрше" дегенiмiз, бұл алдын ала есептеу бойынша. Аптаның аяғында Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ресми нәтижелерiн шығарып, елге жариялайды. Оған дейiн жағдай өзгерiп қалуы да мүмкiн. Сайлауға қатысқан "Бүтiн Қырғызстан" партиясы бүгiнгi күнге дейiн саналған 99,7 пайыз протокол бойынша 4,84 пайыз қол жинаған. Партия штабының мәлiмдеуiне қарағанда, олар әлi есептелiп бiтпеген 0,3 пайыз протоколдан 0,16 пайыз дауыс аламыз деп жоспарлауда. Егер "Бүтiн Қырғызстан" мәреге жетсе, жоғарыдағы 5 партия мандаттарын бөлiсетiн болады.
Партияларға қысқаша мiнездеме бере кетсек, "Ата Жұрт" партиясы төңкерiстен кейiн құрылған. Билiкке, уақытша Үкiметке оппозициядағы бұл партияның бiрiншi орынға шығуының бiрнеше себептерi бар. Лидерi – Қамшыбек Ташиев. Партияның лидерлерi ретiнде депутаттыққа тiркелген 120 адамның көпшiлiгi бұрынғы кездерi мемлекеттiк жетекшiлiк қызметтерде iстеп, елге танымал болған тұлғалар. Олардың бел ортасында К. Бакиевтiң кезiнде Бiшкек қаласының мэрi болып тұрған, ол кеткен соң бiраз қысым көрген Нариман Түлеев бар. Бұл партияның билiкке келуiн ұнатпайтындар да аз емес.
Екiншi орынды иелеген ҚСДП қазiргi билiкке iш тартатын партия деуге болады. Президент Роза Отунбаева да бұрын осы партияда болатын. Ел бұл партияны не алғашқы орынға, не екiншi орынға шығады деп күткен. Жаңылыспапты. Лидерi – Алмазбек Атамбаев. Сайлауға қатысу үшiн бiрiншi вице-премьерлiк лауазымынан бас тартты. Бакиев билiгiне оппозицияда болған.
Үшiншi орынға қонжиған "Ар-Намыс" партиясы – саясат майданында әбден ысылған партия. Лидерi – көрнектi мемлекеттiк және қоғамдық қайраткер Феликс Кулов.
Төртiншiсi – "Республика" партиясы сайлау алдындағы үгiт-насихат науқанын өте сәттi жүргiздi. Сол қажырлы бейнетiнiң зейнетi қайтқан сияқты. Лидерi – белгiлi бизнесмен, бұрынғы мемлекеттiк шенеунiк Өмiрбек Бабанов.
Бесiншiсi – "Ата Мекен". Бұл партияның негiзi егемендiктiң бастапқы жылдарында қаланған. Лидерi – Өмiрбек Текебаев. Iрi саяси тұлға. Биыл 27 маусымда қабылданған Конституцияның "атасы". Соңғы кездерде Ө. Текебаевқа қарсы ұйымдастырылған "қара пиардың" салдары ма, әлде елдiң көпшiлiгiнiң сенiмiнен шығып қалды ма, үгiт iстерiне көңiл бұрмады ма, әйтеуiр, партияның бесiншi орынға iлiккенi күтпеген жағдай.
Ендi, жеңiске жеткен партиялар үшiн таяудағы 5-6 күннiң iшiнде шешушi кезең болғалы тұр. Кем дегенде 3 партия бiрiгiп, коалиция құрып, Үкiметтi жасақтауы керек. "Ата Жұрт" пен "Ар-Намыс" бiрге, екiншi топта КСДП мен "Ата Мекеннiң" одақтасуы күтiлуде. Өйткенi, бұл жұптардың алға қойған мақсаттарында ұқсастықтар бар. Бiрақ, шешушi рөлдi "Республика" партиясы атқармақшы. Ол кiмге қосылады – осы үлкен мәселе. Оппозицияшыл бағыттағы "Республика" кiмдердi қолдаса, солардың асығы алшысынан тұрмақшы. "Ата Жұрт" пен "Ар-Намыс" жаққа шықса, онда оппозиция билiкке келiп, үкiметшiл КСДП мен "Ата Мекен" азшылыққа айланып, оппозицияға айналады. "Ата Жұрт" пен "Ар-Намыс" жана "Республика" бiрiксе, қазiргi Үкiметтiң, тiптi, Президент Роза Отунбаеванын жолымен жүрмейтiнi кәмiл. Өйткенi бiрiншiсi күштi президенттiк басқаруды, екiншiсi президенттiк-парламенттiк жүйенi насихаттап келген.
Ал ендi, "Бүтiн Қырғызстан" Парламентке келсе, онда билiктiң оппозиция қолына толық өтерiне күмәнданбай қойсақ та болады. "Бүтiн Қырғызстанның" лидерi Адахан Мадумаров қырғыздың "елiм" деп күйiп-пiскен отансүйгiш жiгiттерiнiң бiрi екенiн еске алсақ, елдiң болашағын ойлаған азаматтардың "ендi не болып кетедi" деп тым сары уайымға салынуының жөнi жоқ..
Ең бастысы, сайлау тыныш өттi, бiрақ билiк үшiн күрес тоқтаған жоқ. Жеңiлген партиялардың кейбiреулерi, iшiнде "Бүтiн Қырғызстан"да бар, дауыс санауда бұрмалаулар болды деп өз мүдделерiн сот арқылы қорғауға әзiрленуде. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек Сариев соттық тексеруден кейiн сайлаудың нәтижелерiн толық жариялауға уәде берген.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ,