КӨКТӨБЕДЕГI КӨРКЕМ МЕШIТ ҚАШАН САЛЫНАДЫ?

КӨКТӨБЕДЕГI КӨРКЕМ МЕШIТ ҚАШАН САЛЫНАДЫ?

КӨКТӨБЕДЕГI КӨРКЕМ МЕШIТ ҚАШАН САЛЫНАДЫ?
ашық дереккөзі
239

Уәде етiлген мешiт құрылысы дауға айналды

Қазақстан — Ислам дiнiн ұстанатын зайырлы мемлекет. Елiмiздегi халықтың 70 пайызға жуығы мұсылмандар. Мұсылмандыққа бет бұрып жатқан қоғам үшiн iрi мешiттердiң ауадай қажеттiгi сезiлiп келедi. Әсiресе, 1 жарым миллиондай тұрғыны бар Алматы сынды iрi қалаларда мешiттердiң аз болуы жанға батады.

Имамдар да соңғы кезде Алланың үйi – мешiтке жастар мен жасөспiрiм балалардың жиi келетiнiн ерекше қуанышпен айтады. Әсiресе, Рамазан айы кезiнде iшiп-жеуден тыйылып, аузын бекiтiп, Құдайға құлшылық етудiң сырына тереңiрек үңiлетiндердiң саны жылдан-жылға артып келедi екен. Қасиеттi жұма күнi мешiтке ағылатын жастар хақ дiнiмiз – Ислам дiнi тұрғысында көптен берi мазалап жүрген сұрақтарына жауап алып, дiни сауатын ашуға мүмкiндiк алады.

Алайда, Алматы қаласының халық көп шоғырланған шағын аудандарындағы мешiтке жұма намазын оқуға жиналған мұсылман жамағатының сыймай қалатын кездерi жоқ емес. Оған себеп – мешiт iшi тар. Екiншiден, көбiнесе мешiттер әрi-берi зауылдаған көлiк жолының бойына жақын салынған. Үшiншiден, арнайы көлiк қоятын тұрағы жоқ. Мәселен, талай уақыттан берi "Ақсай", "Мамыр", "Жетiсу", т.б. ықшам аудандарының тұрғындарына есiгiн айқара ашып келген "Ақсай мешiтi" дәл осындай күйдi бастан кешуде. Өзi кiшкене ғана қуыстан орын тепкен мешiтке бас сұғатын жандар көп болғанмен, арнайы талаптар мен шарттарға жауап бере алмайтыны көңiлдi жабырқатады. Көпшiлiкке мәлiм "Тастақ" ықшам ауданындағы мешiттiң де негiзгi кiлтипаны осы.

Турасын айтсақ, Алматы қаласында әлi күнге мешiт жетiспейдi. Мұсылман қауымы емiн-еркiн сиятын мiнәжат ететiн орын аз. Қаладағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен мешiт Орталық мешiтi ғана болып тұр әзiрге. Ал, осыдан үш жыл бұрын Елбасының өзi қадасын қағып, iргетасын қалап кеткен зәулiм мешiттi күтiп жүрген жұртта тағат жоқ. Өйткенi, алдын ала жоспар бойынша, мешiт 2009 жылы пайдалануға берiлуi тиiс болатын. Алайда, одан берi үш жыл зымырап өте шықса да, мешiт салынады деген орын әлi күнге бос күйiнде тұр.

Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының (ҚМДБ) бас мүфтиi, Әбсаттар қажы Дербiсәлi баспасөзге берген бiр сұхбатында: "Шынын айтқанда, Алматыда мешiттер аздық ете бастады. Жұма күндерi құлшылық орындары маңындағы көше қозғалысын уақытша жауып тастауға да тура келiп жүр. Елбасымыз қабылдағанда осы мәселенi қозғап: "Алматыда кең-мол жаңа мешiт салынса", – дегенмiн. Нұрсұлтан Әбiшұлы ұсынысты бiрден қолдады. Жер мәселесiн қала әкiмiне тапсырды. Қазiр 20 мың адамдық зәулiм мешiт құрылысы қолға алынды" деген едi. Бiрақ та бүгiнгi күнi Көктөбенiң төрiнен "мен мұндалап" тұруы тиiс Алланың үйi неге дер кезiнде тұрғызылмады?

2007 жылдың маусым айында Алматыға арнайы iссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев қалаға бiр үлкен мешiттiң керектiгiне көз жеткiзiп, оның iргетасының негiзi ретiнде символикалық тас қойып, кескiндi жобасын бекiтiп бергендiгi есте. Ару Алматының қай бұрышынан болса да, көрiнiп тұратындай орынға салынатын мiнәжат орнына Көктөбенiң маңайынан 16 гектар жер де бөлiндi. Орта Азия елдерiндегi теңдесi жоқ алты қабатты зәулiм мешiт 20 мың адамға арналып, күмбезiнiң биiктiгi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жасына сәйкес, 63 метр, мұнаралары 83 метр шамасында тұрғызылатын болған. Ең бастысы, мұнда медресе, қонақ үй, кiтапхана, мәжiлiс залын да салу қарастырылған. Содан не керек, бас-аяғы 45 млн. долларлық инвестициялық жоба арнайы демеушiлердiң көмегiмен жүзеге асатын болып кесiп-пiшiлсе де, мешiт құрылысына әлi қан жүрмеген. Тiптi, Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдумановтың бастауымен бiрнеше елдiң жоғары мүфтилерi, атап айтқанда Әбсаттар Дербiсәлi (Қазақстан), Равиль Гайнутдин (Ресей), Усман Исхаков (Татарстан), Сайид Хасан Атлатасс (Сингапур), Мұратәлiи Жұманов (Қырғызстан) және тағы басқалары Алатаудың етегiндегi Көктөбе баурайында бой көтеретiн жаңа мешiт құрылысының орнына барып, өз баталарын бергенде мұсылман жұртшылығының қуанышында шек болмады.

МЕШIТКЕ БӨЛIНГЕН ЖЕРДIҢ ҚОЖАЙЫНЫ КIМ?

Алматының сұлулығына көрiк берiп тұратын мешiттi салатын жердi қала әкiмшiлiгi таңдағаны белгiлi. Екi жылға жуық уақыт өткеннен кейiн, яғни, 2009 жылға тұспа-тұс келген Рамазан айының алғашқы күндерi Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов жаңа мешiт салынып жатқан орында бас мүфти Ә.Дербiсәлiмен, бас имам Қ. Маханбетпен, сондай-ақ мешiттiң демеушiлерi және құрылысшыларымен арнайы кездесiп, қаржыландыру мен құрылыс жүргiзу мәселелерiн талқыға салған. Алайда, сол 2007 жылы мешiтке бөлiнген жер телiмi айналасындағы әңгiменiң басы кейiннен қылтия бастаған. Бұл 16 гектар жерге әкiмшiлiк емес, басқа бiр белгiсiз қожайындар иелiк еткен көрiнедi. Бүгiнгi таңда ендiгi салынып бiтуi тиiс мешiт құрылысына басты кедергi келтiрiп отырған мәселе де осы.

ҚМДБ баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмiрбектiң айтуынша, мешiт құрылысына бөлiнген жер телiмi бәзбiреулердiң жекеменшiк жерi және бұл жер Алматы қаласына емес, Талғар ауданына қарасты болып шыққан. Осы ақпарат анықталған соң, мешiт құрылысы ұзақ уақытқа тоқтап қалды. "Әрине, Көктөбенiң жотасында бүкiл Алматы халқына, қонақтарына көрiнiп тұратын мешiттiң бой түзегенi дұрыс едi. Бұл Қазақстанның мұсылман дiнiн ұстанатын мемлекет екенiн айғақтайтын дәлел болар едi", – дейдi ол.

Жаңа мешiтке бюджеттен ақша бөлiнбейдi, яғни, кәсiпкер демеушiлердiң қаржысымен салынады делiнген-тұғын. Оның үстiне дәл сол уақытта тұтқиылдан келген әлемдiк қаржы дағдарысы да игi iстiң бастамасына керi әсерiн тигiзуi әбден мүмкiн едi. Десек те, жаңа мешiт құрылысының тұралап қалуына басқа жағдаяттар кедергi келтiрiп отырғанға ұқсайды. ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмiрбектiң пiкiрiнше, бұл мешiт жер дауының "құрбанына" айналатын түрi бар. Анығын айтқанда, әу бастағы зәулiм мешiт салынады делiнген жер жекеменшiк адамға тиесiлi болған. "Жер қожайыны жұрттың күнi өзiне түсiп тұрғанын асыра пайдаланып, пәленбай ақша сұрап жатыр деген әңгiменi естiп жатырмыз. Бiреу дiнге жаны ауырып, Алланың ризашылығы үшiн мешiт салғысы келсе, ендiгi бiреу содан пайда тапқысы келiп, аузын арандай ашады. Бар кiлтипан – әу баста мешiт салынатын жердiң иесi кiм екендiгi тексерiлмеген сияқты", – дейдi ҚМДБ баспасөз хатшысы.

Бiз бұдан соң мешiт төңiрегiндегi дау-дамайдың анық-қанығына көз жеткiзу үшiн Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасына хабарласып көрдiк. Өзiн заң бөлiмiнiң маманы ретiнде таныстырған Нұрлыбаев Жандос бұл мәселе жайында әзiрге қандай да бiр деректiң жоқ екендiгiн алға тартты. "Егер қала әкiмдiгi шешiм шығарса, жер телiмiн сатып алуға ақша да бөлiнетiн шығар. Әрине, қаламызға бiр үлкен мешiттiң салынғанын бiрауыздан құптаймыз" дегендi бiлдiрдi. Алайда, қазiр 16 гектар жер телiмiнiң қожайыны кiмдер, қанша ақша сұрап жатыр, бұл жайында ақпарат жабық күйiнде қалып отыр. Жер қатынастары басқармасының маманы алдағы уақытта осы жайтқа байланысты қандай да бiр ақпарат болса, хабардар етуге тырысатындығын жеткiздi.

Қоғам мүшелерi, оның iшiнде жастарымыз имандылық жолына бет бұрған кезде мiнәжат ететiн орындардың көп болғаны дұрыс. Елiмiзде тәуелсiздiкке дейiн небәрi 68 мешiт болса, қазiр оның саны 2300-ге жеткен. Ал, Алматы қаласында iрiлi-ұсақты 33 мешiт қызмет көрсетiп келедi. Алайда, мешiттердiң "төресi" болуға лайықты келесi үлкен мiнәжат орнының құрылысы қашан салынып бiтедi? Оны әзiрге Дiни басқарма да, Алматы қаласының әкiмшiлiгi де дөп басып айта алмайтын сияқты. Бiр бiлетiнiмiз, көпшiлiк жұрттың имандылығы артса, қоғамды iштен iрiтiп жатқан сыбайлас жемқорлық та, қылмыстың түрi де азаяр ма едi, кiм бiлсiн?! ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмiрбек бiзге берген пiкiрiнде: "Кез келген мұсылман мемлекетiне барсаң, әр көше сайын бiр мешiттi көресiң. Оған ағылып жатқан мұсылман жамағат та көп. Бiз де уақыт өте келе соған талпынуымыз керек қой" деп едi қызбаланып. Расында да, қазақ қоғамы да бiртiндеп осыған келуi керек шығар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары