АРҚА ӨҢIРI АЯЗДЫ ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАУДА

АРҚА ӨҢIРI АЯЗДЫ ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАУДА

АРҚА ӨҢIРI АЯЗДЫ ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАУДА
ашық дереккөзі
198

Республикамыздың кез келген өңiрлерi сияқты Арқа төсi де алдағы қыстың қамына бiлек сыбана кiрiсiп кеткелi қашан. Кең байтақ елiмiздiң Сарыарқа төсiн мекендеп жатқан осынау өңiрдiң кiндiгi саналатын Қарағанды облысының әкiмi Серiк Ахметов мырза қазан айының басынан-ақ бiрнеше аудан, қала тiршiлiгiмен танысып, тағы бiр жылды қорытындылар сәтте бақылау жүргiзiп үлгердi.

Әсiресе, облыс өмiрiндегi экономикалық, өндiрiстiк, мәдени орындардың жылды мүмкiндiгiнше қарызсыз, жетiстiктермен аяқтауды басты назарда ұстанған облыс әкiмдiгi "Қарағанды Су" ЖШС-нiң "Қ.Сәтпаев атындағы канал" РМК алдындағы қарызын қайтару мәселесi бойынша жұмыс кеңесiнен бастады.

"Қарағанды Судың" Канал алдындағы қарызы 2010 жылдың 1 қаңтарына 194,1 млн. теңгенi құрағандығы баса айтылып, ағымдағы жылдың тоғыз айы iшiнде 56,6 млн. куб метр су алынса, оған төлеуге тиiс 751 млн. теңгенiң қазiргi нақты төленгенi 368,8 млн. теңге екенi ескертiлдi. Берешегi 517,6 млн. теңгенi құрайды. Сондықтан да кеңеске қатысушылар "Қарағанды Су" ЖШС-ның Канал алдындағы қарызды қайтарудың жаңа кестесiн ұсынды.

Сондай-ақ, ауылды әлеуметтiк-экономикалық жағынан дамытуды жұмыс барысындағы басты бағыттарының бiрi санайтын облыс әкiмi Серiк Ахметов iрi елдiмекендерге жасаған жұмыс сапарларындағы тұрғындармен кездесiп, оларды мазалап жүрген мәселелер төңiрегiнде ашық әңгiмелер өткiзудi үнемi қадағалап отырады. Осындай мақсатпен айдың алғашқы онкүндiгiнде аймақ басшысы Осакаров ауданының Молодежный кентiне барған сапарында бiрқатар әлеуметтiк нысандарды аралап шықты. Осакаров аудандық бiрлестiгiнiң Молодежный филиалында "Жол картасы" бағдарламасы бойынша жүргiзiлiп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ауданның әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындысы, өңiрдi дамыту бағдарламалары сөз болған актив жиналысында бiршама атқарылған жұмыстармен қатар, жаңа өндiрiстер, әлеуметтiк нысандар ашылғанын атап өттi. "Жол картасы" бағдарламасы бойынша соңғы екi жылда бiлiм беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының 115 нысанын жөндеуге 629,5 млн. теңге бөлiнгенiн, дегенмен әлi де өз шешiмiн күтiп тұрған қыруар тiрлiк сөз болды.

Сондай-ақ, Ахметов мырза Темiртау қаласының бiрқатар өнеркәсiптiк кәсiпорындарын аралады. Ондағы 1991 жылы "Фексима" фин компаниясының жобасы бойынша және оның тiкелей қатысуымен салынған "Техол КZ" өнеркәсiптiк тоңазытқыш зауытында болып, зауыттың өндiрiстiк қуаттылықтарымен танысып, технологиялық желiлердi және шығарылатын өнiм үлгiлерiн қарап шықты. Одан кейiнгi ат басын тiреген нысан өнеркәсiпке арналған ұнтақ материалдарын алу мақсатында минералдық шикiзатты қайта өңдеумен айналысатын "Tutas" ЖШС болды. Мұнда жол құрылыс кәсiпорындарында, көмiр және мұнай өндiретiн компаниялар, агроөнеркәсiп кәсiпорындарында тұтынатын активтенген және активтендiрiлмеген минералды ұнтақ, бариттi ауырлатқыш, пенобетонға арналған толтырғыш ұнтақтар өндiрiледi. Облыс әкiмiнiң iссапары "Қазақстанның болат илегi" ЖШС-ға баруымен аяқталды. Бұл кәсiпорын "АрселорМиттал Темiртау" компаниясына арнап мырышталған және суықтай илектелген металл жаймаларына арналған өнiм шығарады. Мұндай жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтарды қолданудың арқасында өңiр экономикасын үнемi индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасына елеулi үлес қоса беретiнiн атап өткен облыс әкiмi жыл соңына дейiн тағы да бiрнеше жолсапарлар күтiп тұрғанын тiлге тиек еттi.

Жылды қорытындылау тұсында республикамыздың әр облысында осындай жылы кездесулер, өңiр басшыларының өз аймағындағы тұрғындар өмiрiмен, тыныс-тiршiлiгiмен бетпе-бет кездесiп, қорытынды жасауы жолға қойылса, әр салада да жыл қорытындысы нәтижелi болар едi деп түйдiк.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары