CӘБИДIҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТӘЛIМI

CӘБИДIҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТӘЛIМI

CӘБИДIҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТӘЛIМI
ашық дереккөзі
259

(Марқұм ақын Өтепберген Ақыпбековтың жыр жинағынан туған ойлар)

Балалар әдебиетiн арналы жолға салған қаншама ақын-жазушыларымыздан да айрылып қалыппыз?! Бiр кезде көрнектi жазушымыз Тахауи Ахтанов: "Ажал антұрған жылдан-жылға жасарып бара жатыр" дегенiндей, әрқайсысы бiр-бiр тұлға болып, балалар әдебиетiн көгертiп-көктетiп кеткен Әнуарбек Дүйсенбаев, Жақан Смақов, Ермек Өтетiлеуов, Бисебай Кiрiсбаев және тағы басқа да қаншама аға-iнiлерiмiзден айрылыппыз. Солардың бiрегейi десек те жарасатын Өтепберген Ақыпбековтiң жөнi бөлек едi. Оның балаларға деген ықылас-ниетi ерекше болатын "Доп", "Футболшы боламын", "Жарыс", "Жарыстан соң жарыс", "Жылдың төрт мезгiлi", "Балабақтың бiр күнi", "Экологиялық әлiппе", "Қырық қызық", "Балдай тәттi әлiппе", "Ажарлы Астана", "Қызықты әлiппе", "Айдындағы әлiппе", "Керек кiтап", "Мен таңдайтын мамандық" және тағы басқа да үлкендi-кiшiлi оқырмандарының ойынан бiр сәтте өшпейтiн, бала жаны мен жүрек лүпiлiн дәл басатын қаншама жыр жазғандығын еске алсақ, балалар әдебиетiнiң классиктерiнiң бiрi дегенiмiз әдiлдiк болар. Бұған қоса өзге елдердiң балалар ақындарынан аударған еңбектерiн қосқанда, бүкiл бiр энциклопедия шықпасына кiм кепiл.

Байқағанға жоғарғы аты аталған жинақтардың өзiнен балалар санасына жан-жақты құйылған сөз мәйегiнiң дәмiн таңдайыңнан кетiре алмасың айқын. Олай болса, бiз сол жинақтардың бiрi — "Балабақтың бiр күнiне" тоқталып, ақынның тұтас шығармашылығының сорабын осы бiр жинақтың өңiрiнен беруге тырысып көрейiк. Ал өзiнiң жаратылысы жайлы бiрер сөз айтар болсам, қашан көрсем де үлкенге деген iзетiнен жаңылысқанын әсте сезген емеспiн, өзi қай кезде де кiмге болса да сәлемi түзу және өте салмақты, желпiнiп айтар артық-ауыз сөзi жоқ, маңғаз жанды азамат едi. Бала десе бауыр етi елжiреп сала беретiн үлкен жүректiң лүпiлi қазiр бiздi сағынтады.

Шеберлiктiң шеңберi шешендiктiң шеңберiнен шағын болғанмен шымырлық нұсқалары түрлi-түрлi болатыны қызық қой. Бұл жағы, әсiресе, балаларға оның iшiнде балабақша сәбилерiне арналған жинақтарда орын тепсе ғажап екен. Бұрын бiз бiр жинақтан әрқилы тақырыптағы тiлге жеңiл, көңiлге қонымды жыр шумақтарын табатын болсақ, мына жинақтың жалпы құрылымы бiр ғана тынысқа құрылған, яғни балабақшадағы сәби тәрбиесiнiң бiр күнiне арналыпты. Қандай тамаша! Бұл осы салада көптен берi төселiп, шеберлiгiн әбден шыңдап келе жатқан ақынның ғана қолынан келетiн жәйт екендiгiнде сөз жоқ. Ақынның айтқан сөзiмен бiрге бiз де кiтапшаны "Қайырлы таң" деп аштық. Содан соң "Менiң де бар жұмысым…" дедiк:

Менiң де бар "жұмысым",

Жауаптымын бұл үшiн.

Таңертеңгi жетiден

Қалсам болды,

Кешiгем…

Жата бермей еркелеп,

Тұрам өзiм ертерек.

Әдетiммен бұрынғы

Кием өзiм киiмдi.

Иiскеп,

Сүйсе бетiмнен:

"Арылдым," — дер, — дертiмнен…"

Қоштасамын әжеммен,

Қимай-қимай әрең мен.

Қоштасамын әкеммен,

Шешем, көкем, тәтеммен…

Алаңдамай басқаға,

Бет түзеймiн бақшаға, — деп басталатын бас-аяғы шып-шымыр жыр жолдары бұдан әрi "Сәлем берем үлкенге", "Бәрi де бар бақшада", "Тәрбиешi апай" өлеңдерiне ұласып:

"Анамыздай" — десек те,

"Әжемiздей" — десек те,

Жарасады апайға,

Тек жат қылық көрсетпе.

Бiрге ойнайды бiзбенен,

Бiрге ойлайды бiзбенен.

Шешедi өзi

Жұмбақты

Шешуiн бiз бiлмеген.

Қасымызда күн бойы

Бәйек болып жүргенi.

Анамыздай ардақтап,

Құрметтеймiз бiз де оны, — деп бала ойының қарапайым ғана мәнiн жақсылап жеткiзiп, пәк жанның бiр сәттiк жадыраңқы әуенiн балапан көкiрегiнен қол шапаттай шығарады.

Қайырлы таңмен қанат қағып, балабақшаға енген сәби мiнезiнiң, ендiгi жердегi көңiл-күйi күнделiктi жасалатын жаттығуға байланысты екенiн өздерiңiз де бiлесiздер. Ол "Ертеңгiлiк жаттығулар" бөлiмiнiң өзiндiк ажарын өрнектеген "Қыздырайық дененi", "Құстай қанат қағайық", "Шегiрткедей ыршиық", "Әй-әй-әй! " деген баладай…" "Жоқ, жоқ!…" деген баладай", "Отырайық, тұрайық", "Тыныстайық тереңнен" деп бiтедi. Бала ойындары төңiрегiнде құрылған тапқырлықтың ауқымы аса кең.

Сұраққа сөз таба алмай,

"Жоқ, жоқ!…" деген баладай:

Басты оңға бұрайық,

Басты солға бұрайық.

Мiне, былай,

Балалар

Қане, байқап, қарап ал!

Бiр-екi,

Бiр-екi!

Жаттығайық бiркелкi.

Өлең осылай өрiле бередi. Әуелде "Жоқ, жоғы" несi деп қаласың да, "қалауын тапса, қар жауады" екен ғой деп ерiксiз құптайсың. Шынында да қазақтың небiр мысқыл сөздерiнiң астарында осындай ұтымды ойлардың жататындығы жалған емес. Бiрақ автор бұл жерде соның бiр ұтымды тұсын тамаша тауып кеткендiгi ғажап. Демек "Сұраққа сөз таба алмай" жолының "Жоқ, жоқпен" қосылып, көп мағынаны көпiртiп бермегенмен көкейдегi түйiнiн көрiктi етiп тұрғаны айқын. Жарайсың автор, жарайсың тапқыр ақын, тауып кеткенсiң деген жанды жадыратар жайдан шыға алмай ықыластана елжiреп келесi бөлiмге ауысасың.

Тамақ түрлерiнiң татымды тұстары және Тәрбиешi мен Балалар арасындағы тәттi әңгiмелердiң сұрақ-жауаптары сәби көңiлiнiң алабұртқан тұстарын қуанышқа бөлетiп, әлденеден торсиған мiнездердi жадырап жайраңдатарында мiн жоқ. Сондықтан да "Тосап" (компот) жырын оқып көрелiк:

Алмұрт, шие, алхоры,

Алма, жидек, өрiктен

Тосап жасар,

Ал соның

Дәмiн татып көрiп пе ең?

Әрi — сусын,

Әрi — бал,

Әрi — дәрi,

Әрi — нәр.

Тәттi.

Қышқыл дәмi бар,

Тосаптан iш,

Қанып ал!

Балабақша баласының iшкен тосабын оқи отырып, оның түрлi жемiс-жидектен жасалатынын және оның қандай қасиеттерi барын да аңғартып отырады ақын. Бұл бөлiмде тек қана Тосап емес, соған қоса Палаудың да, түрлi көжелердiң де, тағы басқа да дәмдi астардың қалай жасалып және қандай дәмдi болатынын тақпақтап айтып, iшiп отырған тамағыңды одан сайын сiңiмдi етерi хақ.

Ал ақынның "Ойын бөлмесi" жырларында неше түрлi қызықтарға қанығасың. Әсiресе "Ұзын-қысқа", "Бұл қай мезгiл", "Санамақ", "Керi санамақ" сияқты жас сәбилердiң бар ықыласын аударатын ойындар өлең-жырмен төгiлiп, өз өресiн кеңейте түскен. Тiптi, сол балаларға қосылып өзiң де ойнағың келiп кетедi. Әбден есi шығып шаршаған баланың түскi демалыс ұйқысы да әдемi жырмен көмкерiлген.

…Талтүстегi ұйқының

Жөнi бөлек бiлгенге.

Айқасса егер кiрпiгiң,

"Қор" етесiң бiр демде.

Әлди, әлди, әлди,

Әлди-әлди, әлди!

Ит үрмейдi қорада,

Жұрт жүрмейдi далада.

Ұйықтамаса бола ма,

Жiгiт болар балаға.

Әлди-әлди, әлди,

Әлди-әлди, әлди! — деп жас сәбидiң бойына жiгер берiп, ойына iрең берiп тербеткендей тәттi ұйқының құшағына ерiксiз балқытып, балбыратып дем алдырады.

Иә, кәдiмгi нағыз қызық әңгiменiң бiрiн айтып, ендi бiрiне ерiксiз кете беретiндей бiр ғажап әлемнiң ортасына түскендей сәби кенет серуенге шығады. Серуеннiң де өз қызығы өзiмен жетiп-артылып жатады. Оны бiз ақынның басқа тақырыптарынан-ақ аңғара бастаймыз. "Бес саусақ", "Ойын-танымының пысықтау нұсқасы", "Мынау қандай әрiптер?", "Басы бар да, соңы жоқ", "Мен мен Менмен" осы секiлдi тамаша тақырыптардың астарында небiр тапқырлықтар мен тартысты сұрақ-жауаптар Сәби мен Тәрбиешiнiң арасындағы ынтымақпен сүйiспеншiлiктi қимас ұстаздыққа, сағынышқа ұластырып жатады. Және ақынның қызықтыра әкелiп, тәлiмдiк қасиеттiң қитұрқы жұмбақтарының шешiмiн сол баланың өзiне арта салғанда, тосын тоспадан сасқалақтаған баламен бiрге бiр сәт қысылғандай күй кешесiң. Бұған "Мен мен Менмен" өлеңi нақты мысал болды.

Күрескенде

Кiм жықты?

— Мен!

— Тiрескенде

Кiм мықты?

— Мен!

— Тазалықты

Сақтайтын кiм?

— Мен!

— Адалдықты

Ақтайтын кiм?

— Мен!

— Iздегенiн

Таппайтын кiм?

— Мен!

— Өзiн-өзi

Мақтайтын кiм?

— Мен!

Жо-жоқ мен емес…

Дей берсең:

"Мен! Мен!"

Боларсың: Менмен — дейдi. Көрдiңiз бе, автордың ұтқан жерiн. Жақсы әдеттерге әбден мен деп үйренген баланың ойда жоқта мен емеске кезiгiп ойланып қалуы ғажап қой.

Иә, ақынның бұл бiр ғана табысы емес, осы ауқымдағы "Кешкi ертегiсi" аса сәттi шыққан. Осы ертегiнi оқып отырған ересек өзiмiз де бiр кездегi тентектiгiмiз бен әнтектiгiмiздi есiмiзге түсiретiнiмiз өтiрiк емес. Ертегiнiң соңында өз қатарында ондай сотанақ баласы жоқ Балабақша тобы "уһ" деп бiрақ дем алады. Үлгi-өнеге, тәлiм-тәрбиенiң өңiрiн өзiнше өрнектеген ақын "Балабақтың бiр күнiн" былай аяқтайды.

Балабақша

Тым бiзге

Жақын болып барады.

Есейтедi бiр күнге,

Ақылды ғып баланы.

Сау болыңдар, достарым!

Сәттi болсын жолдарың!

Ертең деген қас-қағым

Ұйықтап тұрсақ болғаны, — дейдi.

Бұл бiр күндiк өмiрдiң тиянақты маңызының қаншалықты қызық екенiн және қаншалықты тағлымды нұсқа екендiгiн сезген бала да, түбiнде жаман болмайтыны анық. Әрине, басқа да ақындардың қаншама өнегелi жырлары бар. Олардың оқырман ортасында өз салмағы да жетерлiк. Бiрақ мынадай тұтас алып шыққан сәби өмiрiнiң бiр күндiк жүгiнiң құндылығында сөз жоқ.

Айтар ой мен жеткiзер шеберлiктiң ұтымды да ұтырлы тұстан соғып, ол және күнделiктi тiрлiктiң өресiнде өз iзiн жаңылыспай тауып, жүректерi лүпiл қағып тұрған балғынның базарына айналып жатқан ақын құдiреттiлiгi жәй нәрсе емес. Олай болса, марқұм ақын Өтепберген Ақыпбековтың еңбегiндегi ерекшелiктi қадап айтуға тиiспiз. Өйткенi, оның ерекше бояуы, танымды тапқырлығы, талассыз табысқан тәрбиешiсi мен бөбегi төңiрегiндегi бiр-бiрiн толықтырып жатқан толымды дүниенiң тағлымы тамырласып жүре бередi. Демек, көркемдiгi мен көркi, айтары мен айдары желпiлдеген балғын жырлардың жылуы кiм-кiмдi болса да жайбарақат қалдырмасы анық.

Орны толмас бiр өкiнiштiсi сол, ақын тiрi болса, бүгiндерi "Аға! Бiзде iздерiңiздi басып, алты асудың асқарына шықтық" — деп арсалаңдап жүрер ме едi. Бiздi Аллам сондай iнiлерiмiздiң көңiлiмiздi марқайтатын сөздерiнен ерте қаққан сияқты. Бұл да керағар жазмыштың жазуы шығар.

Сейфолла ОСПАН

Серіктес жаңалықтары