МЕКЕШ МЕЙIРIМДI АЗАМАТ ЕДI

МЕКЕШ МЕЙIРIМДI АЗАМАТ ЕДI

МЕКЕШ МЕЙIРIМДI АЗАМАТ ЕДI
ашық дереккөзі
219

Тоқсаныншы жылдары аласапыран, дағдарыс пен тоқыраудың шектен шыққан кезi едi. Әсiресе, рухани сала адамдары мен дәрiгер, каламгерлер қатты қиналды. Кiмнiң қандай азамат екенi осы кезде айқын аңғарылған…

Белгiлi әдеби журналда қызмет ететiн бiр қаламгер кешiктiрiп айлығын алды. Өкiнiштiсi, автобустың iшiнде "қалта ұрылары" оның ақшасын үптеп кеттi. Үш-төрт ай пәтерақысы төленбеген жазушы не iстерiн бiлмей дал болған. Ендi бiр иманды адамнан қарыз сұраудың жолын iздедi. Ойына "Алматықұрылыста" қызмет ететiн Мекеш Утин сақ ете түстi. Бiр-екi рет Мекеңмен Мағжан ақын туралы әңгiмелескенi бар. Өзi ақын-жазушыларды өте жақсы көредi екен. Ретi келсе, қол ұшын берiп, көмектесудi парыз санайтынын бiрде айтып қалды. Осы сөзi есiнде қалған, қаламгер Мекеңе келiп, басқа түскен жағдайын айтып, соңында 10 мың теңге қарыз сұрады. "Қиын болған екен. Сiзге көмектесейiн. РНН мен куәлiгiңiз бар ма?" – деп хатшысын шақырды. Сөйтiп, табан астында қарыз сұрап келген қаламгерге қаламақы жазып, оны сол күнi бергiзiп, айта жүрер азаматтық жасады. Әлгi қаламгер Мекеңдi өмiрбойы жақсы көрiп кеттi. Мағжан ақынға туыстығы бар Мекең жүрегi таза, кiсiлiгi кiршiксiз, өте зиялы ұлт перзентi едi. Бұл жөнiнде әлi көп айтылар. Әсiресе, ол кiсi қазақ баспасөзiнiң бiлiктi жанашыры едi.

Тағы бiр оның азаматтық, кiсiлiк қасиетi жөнiнде айта кету керек. Дiнмұхаммед Қонаев зейнетке шыққанда көлiктен қиналғаны бар. Кейiн көлiктiң ретi келгенде машина тұратын гараж болмай тағы қиналады. Ескi гаражды жөндеу қажет болады. Ұлы адамға жаңа гараж салып берген Мекең – Мекеш Утин едi.

Бiрде Қонаевтың ұлылығы жайында әңгiме айтып, ол кiсiге қолұшын берiп, сауапты iс жасап, Димекеңнен бата алып, жақсы сөз естiгенiн әңгiмелеп едi. Бiрақ бiреулер сияқты мұны мақтан көрмедi. Аяулы азамат, "Алматықұрлыстың" ардагерi жайында Мекеңмен ұзақ жыл бiр салада қызмет еткен аталған ұлттық компанияның iс басқармасының бастығы, "Құрметтi құрылысшы" Бауыржан Төртқарин былай еске алады:

– Мен Мекеңмен алғаш рет 1977 жылы "Алматастрой" тресiнде комсомол комитетiнiң хатшысы болып жүрген кезiмде таныстым. Ол кезде жас инженер-экономис Мекештi бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына ұсынып, осы қоғамдық жұмысты абыройлы атқару үшiн оған үлкен сенiм арттық. Мекең өз жұмысымен қатар қоғамдық жұмысты да екеуiн бiрдей алып жүрдi. Мәскеуде МГУ-дi бiтiрген санаулы қазақ жiгiттерiнiң бiрi едi. Осы мiнезi салмақты, жаны шуақты азаматпен өмiрiнiң соңына дейiн араластым. Отбасымызбен жақсы қарым-қатынаста болдық. Ертеректе бiр рет туған ауылына барып, Солтүстiк Қазақстанның бiр көркем жерiнде тамаша демалғанымды ұмыта алмаймын. Ең өкiнiштiсi сол – Мекеш алпысқа толмай арманда кеттi. Амал қанша, Алла тағаланың жазуы солай болды.

Мекең туған-туыстарына, iнi-бауырларына да мейiрiмдi едi. "Алматыкультбытьторой" акционерлiк қоғамы бас директорiнiң орынбасары Амантай Жұмабекұлы марқұм Утин жайлы былай дейдi:

– Мекең бала кезiнен бауырмал, кiсiге мейiрiмдi едi. Мектеп-интернатта оқып жүрген кезiнде әке шешесi жоқ тұл жетiм достарына ерекше қамқор болды. Артық ақшасы болса соларға беретiн. Киiм-кешек алуға көмектесетiн. Ал, маған аға емес, әкемдей болды. Студент кезiмде менен еш нәрсе аяған жоқ, шешемiздi көшiрiп алды. Аяулы ағамыздың тосын өмiрден өткенi бәрiмiздiң қабырғамызды қайыстырып кеттi. Ал, тосыннан келген қаза ұжымды да ауыр күйге түсiрдi. Өйткенi "Алматықұрылысты" құрушылардың бiрi әрi оның ардагерi едi. Бiздiн нағашыларымыз Жұбай қажының ұрпақтары ғой. Жұмабай Мағжан ақынның атасы. Мекең Мағжан ақталғаннан кейiн ақынды құрметтеуге байланысты, шығармаларын жарыққа шығаруға қатысты қолынан келгенiн аяған жоқ.

Ораз ҚАУҒАБАЙ

Серіктес жаңалықтары