ПАРАСАТТЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

ПАРАСАТТЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

ПАРАСАТТЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ
ашық дереккөзі
645

Қазақ баспасөзiнiң қатарында өткен өмiрiмiздiң өшпес шежiресiне айналған, ай сайын шығатын қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суреттi "Парасат" журналының (бұрынғы "Мәдениет және тұрмыс") жарық көре бастағанына жарты ғасырдан асты. Халықтың рухани жағынан толысуына пәрмендi ықпалын тигiзiп келе жатқан бұл басылымның оқырман тарапынан алып отырған өз бағасы бар.

Елуiншi жылдар елдiң есiнен кете қоймайтын жылымық кезеңге бетбұрыс екенiн куәгер ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстен соң ел етек-жеңiн жиып жатқан шақта жабылып қалған бiрен-саран басылымдардың қайта өмiрге келiп, жаңасы жарыққа шыға бастауы қабырғасы қатайып келе жатқан халыққа серпiлiс әкелдi. Солардың арасынан лайықты орын алған "Мәдениет және тұрмыс" (қазiргi "Парасат") журналы да бар болатын.

Бұл жұмысты бiрiншi болып соғысқа дейiн "Лениншiл жас", одан кейiн майдандық газеттерде жұмыс iстеген, соғыстан соң Алматы киностудиясы, Мәдениет министрлiгiнде жауапты қызметтер атқарған байырғы журналист, танымал тұлға, марқұм Мұса Бөкенбайұлы Дiнiшев қолға алады.

Мұсекең орынбасарлыққа Әбиболла Ахметов, жауапты хатшылыққа Сапар Байжанов, одан бiрыңғай тiлшiлiкке (бөлiм меңгерушiсi, аға әдеби қазметкер, әдеби қызметкер дейтiндер кейiн пайда болды) Сафуан Шаймерденов, Ғабдол Сланов, Сағи Жиенбаев, Қажыкен Ахметов, Мырзабек Дүйсеновтi шақырады (техникалық қызметкерлердi айтпағанда). Сөйтiп, осы аталған адамдардың күшiмен 1958 жылы шiлдеде халық алдын-ала құлақтанып, тағаттары таусыла күткен "Мәдениет және тұрмыс" журналының алғашқы саны жарық көредi.

Келесi жылғы жаздың басында бөлiм меңгерушiсi Камал Смайыловтың қарауында әдеби қызметкер боп iстеуге Қалихан Ысқақов шақырылған. Кейiн бұл азаматтар елге белгiлi қайраткер қаламгерлер болғаны белгiлi. Олардың iсiн кейiн Абай Бейсенбаев, Бақытжан Жиенғали, Бексұлтан Нұржекеұлы, Смағұл Елубай, марқұм Баққожа Мұқай абыройымен алға жалғастырды.

Сол жылдары журналдың алғашқы нөмiрi 10 мың данамен жарық көрген. Содан жылдан-жылға өсiп отырған. Кейiн бес жүз мыңға жеткен дәуiрлеу шағы болған едi. Хлықтың ықыласы да бөлекше-дi.

Бүгiнде басылымның ауқымында айтарлықтай өзгерiс бар. Тәуелсiздiк идеясын басты мұрат еткен шығармашылық ұжым оны одан әрi дамыту барысында жүргiзiлiп жатқан игiлiктi iстердi нағыз өмiр шындығындай етiп насихаттаудан шет қалған емес. Журналдың көркемдiк сапасы мен iшкi мән-мазмұнының арта түсуiне айырықша назар аударылып отыр. Қай тақырыпты қаузасақ та оқырманның ойынан шығуды айқын бағытымыз деп түсiнемiз. Сол үшiн де саяси, тарихи, мәдени, рухани, имани, тұрмыстық… тағы басқа тақырыптарда болсын көптеген жаңа айдарлар ашылып, соны толғамды дүниелермен қамтамасыз етуге талап тұрғысынан iзденiсiмiздi үнемi жетiлдiре түсу үстiндемiз. Алға қойып отырған ауқымды жұмыстар да баршылық. Соны қалың бұқараның көңiлiнен шығатындай етiп жүзеге асыру бiздiң жауапкершiлiгiмiздi арттыра түседi. Ертеңгi күннiң еншiсiнде де елеулi мiндеттердiң болатыны анық. Парасаттылық пен пайымдылық журналдың бұдан кейiнгi жерде де алып жүрер абыройлы парызы бола бермек.

Бұл жолда бiз халық арасындағы тұрақты оқырмандарымызға үлкен сенiм мен үмiт артамыз. "Парасаттың" парасатты оқырманы ойлағанымыздай көп болса, оның көтерер жүгiнiң салмағы мен сапасы да замана талабына сай арта түспек.

Ерғали САҒАТ, "Парасат" журналының

Бас редакторы

Серіктес жаңалықтары