ШЕКАРАДАҒЫ ШЫЛЫҚ ПЕН ШЫНДЫҚ

ШЕКАРАДАҒЫ ШЫЛЫҚ ПЕН ШЫНДЫҚ

ШЕКАРАДАҒЫ ШЫЛЫҚ ПЕН ШЫНДЫҚ
ашық дереккөзі
224

Көзбен көрiп, көңiлге түйгендерiм

"Мың естiгеннен бiр көрген артық", айтайын дегенiм, көрген жанға күдiгi мол күрделi мәселе. Өздерiңiз бiлетiн көршi ел Қытаймен шекараласатын Қорғас өткелi осы күнде бағы жанғанның базарына айналды. Адам аяғы үзiлмейтiн бұл шекараның бергi бетiн қоя тұрып, арғы бетiне сөз етер болсам, қазiргi сәтте көшi баяу, көңiлi қаяу 2 миллионға жуық Қытай қазақтарының арасында "Отаным!" деп оралған әр азаматтың оралман салауатына ие болуының өзi бiз бiле бермейтiн бiр -бiр роман тарихына барабар.

Қалай дейсiз ғой? Қытай елiнен қазақ топырағына өту үшiн сол жақтағы бауырларымыздың паспорт жасатып, виза аштыруы талай есiкке бас сұқтырып, талай жерге табан тоздыратын тылсым шаруасы. Яғни анау мектеп бiтiрмеген, мынау 18 жасқа толмаған, ананың заңдық құжаты жоқ, мынаның кепiлдiк төлемi жоқ дейтiн бiтпес кедергiлердiң кей қазақты керi қайтарып, кей қазақты түңiлдiрiп жүргенiн көзiмiз көрiп жүр. Көршi екi елдiң достығы жақсарған сайын, бұндай кедергiлер азая ма десек, тiптi асқынып келедi. Бұл аз болғандай Қытай шекарасынан кiре берiсте әрбiр оралманның қалтасын қағып, қанын сорып алатын денсаулық қағазы оңай олжаның төте жолын тапты. Таңқаларлығы, Iле қазақ облысының орталығы Құлжа қаласында арнайы медициналық тексеруден өткiземiз деп әр жыл сайын жергiлiктi әр оралманның қанын қадағалағанмен, басқасына келгенде кейде атүстi тексерiп, көзбояушылыққа бiр салынады, тексеру ақысы деп қомақты ақшаға тағы бiр қол салады. Жалпы бұл екi жеп биге шыққандық емес пе?! Мұндай ұтыс жолы жылжып отырып шекараға келгенде және жалғасын табады. Мұндағы табыс – кезек күтiп, босқа тексерiлудi әуре көргендер мен жыл сайын қағаз алудан жалығып, оқуына асыққан оралман студенттердiң денсаулық қағазын алмағаны себептi, шекарашы Қытайға тамыр-таныстық арқылы түрлi мөлшерде пара берiп өтетiн екiншi өткел. Шекара сыртындағы бұл өткел тек ақша берумен бiтсе жақсы ғой, ере жүретiн жамандығы сол, адам шоғыры мол мейрам күндерi мен күз айларында шекара түбiнде теңге алмастыру немесе делдал болып пайда түсiруге келгенде iшкен асын жерге қойып, түстен бұрын өз қазағын, түстен кейiн бiрiн-бiрi алдайтын елпек жiгiттердi қоспағанда, Қытай шекарасының қара қақпасынан "обедке қалмайық" деп iшке жанталасқан түрлi қазақстандық пен "көштен қалмайық" деп тұра ұмтылған өзгеше оралмандардың бет-бейнесiн тамашалап тұрған Қытай шекарашыларының алдында топырлап тұрған қазақ, қысылып қалған ана, жылап жатқан бала, иленiп жатқан сөмке бәрi-бәрi бас ауыртып, балтыр сыздатады. Содан қойшы, Қытайдың қыл көпiрiнен өтiп, "шiркiн-ай!" деп қазақ шекарасына келгенде және сол былыққан тiрлiк. Ортада делдал, бiр шетте шенеунiк. Оралман екенiн бiрден танитын олар екi туып, бiр қалған туысқанның жүгi ауыр болса сүйреп өткiзiп, тауары болса тығып өткiзiп ақшасын бiр қымқырады, "келесi жолы және осылай" деп сыбайлас жемқорлықты бiр үйретедi. Бұндайға етi үйренген оралман бауырларымыздың Қазақстан азаматы болып квота алу, оқуға түсiп қызметке тұру барысында әне сондай төте жол iздемейтiнiне кiм кепiл?! Демек, осындай ой арқалап жүрiп шекара делдалынан құтыласың, бiрақ қазақ жерiне шыға берiсте "қайда барасыз? машина дайын, сөмкеңiздi берiңiз!", деп алдыңнан ағатайлап шығатын жүргiзушi делдалдарына жолығасыз. Бұлардан құтылу қиынның қиыны. Тiзiлген қалың машина, кiмнiң жүргiзушi, кiмнiң делдал екенiн бiлмейсiң, әйтеуiр жабыла жұлқылағанда, шетке алып шыққан мықты бiреуiнiң машинасына ерiксiз отырасың да кетесiң. Қалған әңгiменi соңынан естимiз, бiреуiнiң сөмкесi жоғалған, бiреуiн алдаған, бiреуiн қорқытқан баяғы сол бiтпес әңгiме.

Сонымен Қазақстандағы жұмысыңызды бiтiрiп, Қорғас өткелiне қайта оралыңыз. Амал қанша? Тарихи отанымен жылы қауышып, сағанасы сарқ, қағанасы қарқ болып қайтқан кей қандас бауырларымыздың тасыған көңiл күйi қазақ шекарасына келгенде бiр, қытай шекарасына келгенде екi бұзылады. Бұған дәлел – жолаушылардың саны көбейiп,өз кезегiңмен тез өтуге асығып тұрғаныңда кей қазақ шекарашыларының қаймана бiреудiң болмашы ақшасына мiсе тұтып немесе "татулығы" жарасқан iшкi байланыстың әсерiмен оларды кезек күттiрмей алдыңа салып өткiзiп жатқанын көргенде: "Әй, осылар сыбайлас қамқорлықтың шыңына шықпаса игi " деп күрсiнесiң де қоясың. Бұл бiр, ал бұған қыспағы көп қытай шекарасындағы еңбектеген баладан, еңкейген кәрiге дейiн оралман бауырларымызды қызғана қабылдап, қолындағы қоржынынан, аяғының қонышына дейiн түк қалдырмай тексерiп алатын темiрдей қатты қатал заңын қосайық. Сондағы көзi ашық, көкiрегi ояу оралман жастарымыздың жеке меншiгiне тән компьютер (ноутбук), фотоаппарат, DVD, VCD, CD табақшасы (дискi), тағы басқа электрондық сақтама бұйымдарын көргенде, теңiз iшiнен тебен тапқандай тексеру бөлiмiне тезден әкетiп, бүге-шiгесiне дейiн анықтап келгенше кiнәсiз жастар кемiнде жарты сағат , болмаса жарты күн телмiруден басқа шарасы жоқ, әй дейтiн әжең, қой дейтiн қожаң болмаған соң! Сонымен қоса өзге де оралман бауырларымыздың қазақ елiнен "Қазақпыз ғой!" деп алып қайтқан қазақша кiтап-журналдарын, "мұсылманбыз ғой!" деп сатып алған дiни бұйымдар мен кiтапшаларын қайда тығарын бiлмей, сасқанын көргенде "шiркiн, қытай саясаты-ай!" деп тамсанудан басқа шараң не?

"Түгел сөздiң түбi бiр, түп атасы Майқы би" демекшi, айтар сөзiмнiң тоқетерi, осы мәселелерге бiр жағынан билiк, бiр жағынан елшiлiк айналысатын болса, шешiлмейтiн түйiн жоқ. Сонда ғана Қазақ – Қытай шекарасы ашық достыққа айналып, қазағымның қарасы көбейiп, Қазақстан Республикасы Қазақ Республикасына айналар едi!

Елдос БАТЫРХАН

Серіктес жаңалықтары