МӘРТЕБЕЛI МЕЙМАНДАР АТЫНАН АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

МӘРТЕБЕЛI МЕЙМАНДАР АТЫНАН АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

МӘРТЕБЕЛI МЕЙМАНДАР АТЫНАН АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
ашық дереккөзі
210

Қазақстан жаһандық деңгейдегi басқосулардың ұйытқысына айналып келедi. Жақында Астана төрiнде өткен "KAZENERGY" V Еуразиялық энергетикалық форумына жиналған мәртебелi меймандар мұнай-газ саласындағы келелi мәселелердi талқыға салып, болашақтағы жоспарларын ортаға салған-ды.

Алқалы басқосуға әлемдiк деңгейдегi мұнай-газ компанияларының басшылары келiп, Қазақстанның осы салада жасап жатқан шаруасына оң баға бердi. Екi күнге созылған жиынның нәтижесiнде елiмiздiң алдағы уақытта кәрi құрлықты мұнаймен қамтамасыз етуге қауқары жететiндiгi айтылды. "Kazenergy" қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев: "Қазақстанда өндiрiп жатқан мұнайды барынша экспортқа шығаруға инфрақұрылымдық, тасымал қуатын күшейтуге назар аударуымыз керек. Қазiргi жағдайда, бiрiншi кезекте КТК құбырының қуатын арттыруға мән беремiз" дегендi қадап айтты. Ал оның бергi жағында республикамызда қолға алынып жатқан мұнай химиясын дамыту жоспары – елiмiздiң үдемелi индустриялды-инновациялық бағдарламасымен астасып жататыны сөзсiз.

"KAZENERGY" V Еуразиялық энергетикалық форумы аясында қоғамдық ортаны қорғау, сондай-ақ табиғи және құнарлы өнiмдi қолдануға байланысты бiрқатар шаралар болып өттi. "Be Eсо" ұранымен ұйымдастырылған ауқымды жобаға қатысқан делегаттар өздерiнiң кәсiби тәжiрибесiмен бөлiсiп, емен-жарқын әңгiме өрбiттi. Бұдан соң құрметтi қонақтардың атынан ағаш егу акциясы жүзеге асты. Мұндағы мақсат – елiмiздiң бас қаласы Астананың көркеюi мен гүлденуiне үлес қосу. Бұл рәсiм екiншi мәрте өтiп отыр. Былтырғы жылы форумға жиналған мәртебелi меймандардың Тәуелсiздiк сарайының ауласына отырғызған ағашы бүгiнде бойын тiктеген. Бұл аллеяда белгiлi адамдардың, атап айтқанда, Nord Stream AG акционерлер комитетiнiң төрағасы Герхард Шредердiң, Әзiрбайжан мемлекеттiк мұнай компаниясының президентi Ровнаг Абдуллаевтың, "ҚазМұнайГаз" ҰК президентi Қайыргелдi Қабылдин, т.б. көптеген аса мәртебелi тұлғалардың ағашы көктеп өсiп келедi.

Ал, биылғы жылы форум аллеясын Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң, Австралияның бұрынғы премьер-министрi Джон Ховардтың, Бүкiләлемдiк энергетикалық кеңестiң хатшысы Кристоффа Фрайаның, Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаевтың, Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрғали Әшiмовтың атындағы ағаштар толықтырып отыр. Сондай-ақ, форум аумағында "Шеберлер қаласы" атты әлеуметтiк шара орын алды. Бұл жерде балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi форум қонақтарына арналған құттықтау қағаздарын жасаса, ендiгi бiр шеберлер түрлi сувенирлiк қолөнер бұйымдарын паш еттi.

"Эко-өнiмдер" атты акция экологиялық технологияларға көше бастаған Қазақстан фермерлiк шаруашылығын қолдау мақсатында өттi. Мұнда елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен арнайы әкелiнген таза, табиғи өнiмдер ұсынылды.

Сонымен, бесiншi мәрте ұйымдастырылып отырған "KAZENERGY" Еуразиялық энергетикалық форумы мемлекеттер арасындағы достастық ниеттi одан әрi берiк ете түскендей әсер қалдырды. Өз мәресiне жеткен басқосудың қорытындысы ретiнде "GREEN GALA – PARTY" кешкi қабылдау шарасын атап өтуге болады. Салтанатты кеш арнайы тақырыптар мен концерттiк бағдарламаларға ұласты. Мәртебелi жиынға ат терлетiп келген меймандар мен мұнай және газ компанияларының басшылары жаһандық мәселелердi ресми емес жағдайда талқылауға мүмкiндiк алды.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары