ҚАЗАҚСТАН ТАЯУ ШЫҒЫСТА ҚАМБА САЛМАҚШЫ

ҚАЗАҚСТАН ТАЯУ ШЫҒЫСТА ҚАМБА САЛМАҚШЫ

ҚАЗАҚСТАН ТАЯУ ШЫҒЫСТА ҚАМБА САЛМАҚШЫ
ашық дереккөзі
198

Биыл 8 миллион тонна астық экспортталады

Биыл жиылған астық көлемi аз болған жоқ. Егiн түсiмi министрлiктiң болжамы бойынша 13,5 миллион тоннаға жуық жиылды. Өткен аптада-ақ егiстiктi алқаптардың 97,9 пайызы орылып бiткен. Мемлекет азық-түлiк бағытында әдетте сатып алатын бидай көлемi болжанған мөлшерден кемiтiп алынып, яғни екi есеге азайтылып, 1 миллион тонна деп бекiтiлдi.

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан егiн түсiмi жақсы болды. Орташа есеппен гектарынан 8,7 центнерден келуде. Бүгiнге дейiн жиналған астықтың көлемi 13,2 миллион тонна болып тұр. Өткен жылдың қорын қоса есептегенде, ешбiр қорқыныш жоқ.

– Былтырғы жылдан ауысатын астықты есепке алғанда, осы жиналған өнiм өзiмiздiң iшкi тұтыну мен 7-8 миллион тонна мөлшерiндегi экспортты қамтамасыз етуiмiзге толық жетедi, — деп хабарлады Ауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаев селекторлық кеңесте. Былтыр жиылған астықтың басым бөлiгi сатылмай қалды. Бұл орайда Қазақстаннан астық сатып алатын елдерiнiң санаулы екенiн ұмытпаған жөн. Кейбiр мәлiметтерге сүйенсек, қамбада 2,9 миллион тонна астық қалып қойған. Бұл iшкi қорды қанағаттандыруға толығымен жетедi. Жан басына шаққандағы тұтыну көлемi 167 кило болса, Ресейде бұл мөлшер 103 килоны құрап отыр.

Мемлекеттiк сатып алу бағасы мызғымай тұр. Нарықтағы бидай бағасы түрлi себептерге байланысты қымбаттаса да, ел үкiметi бағаны көтеруден аулақ. Бұған Премьер-министрдiң де көзi жетiп отырса керек. Себебi, селекторлық кеңесте аспандаған бағалардың әлi-ақ түсетiнiн тiлге тиек еттi.

– Мен мұндай ойға астық төңiрегiндегi дағдарыстың кең ауқымды көкейкестi мәселе емес, Ресей Федерациясында өнiмнiң төмен болуына байланысты экспортқа тыйым салу мен алыпсатарлыққа қысым жасауға байланысты туындаған белгiлi бiр өңiрлердi шарпитын дағдарыс екенiне көзiм жеткеннен кейiн келiп отырмын. Қазiр баға басқа бағытқа бара жатыр, әлi-ақ көрерсiздер, ол арзандау жағына қарай бет бұрады, – дедi Мәсiмов мырза. Айтқандай, iшкi тұтыным көлемi мен қорды былай қойғанда, экспортқа шығаратын астық көлемi 7-8 миллион тоннаны құрап отыр.

Негiзiнен Қазақстан астық экспорттайтын елдер Орталық Азия мен Ауғанстан. Бұл қатардан жуырда Әзiрбайжан мен Грузия көрiнуi мүмкiн. Асыл астықпен мақтанатын елiмiздiң сыртқы саудасы қызбай тұр, себебi Қара теңiз және Балтық порттарында, Ресей рыноктарында Қазақстан астығына сұраныс төмен. Қазақстан Астық одағының басшысы Нұрлан Тiлеубаевтың айтуынша, бағаның төмендiгi алыпсатарларды алқымдап-ақ тұр. Оның пайымдауынша, астыққа қарағанда, ұн экспорты әлдеқайда жоғары екен. Мәселен, бидайдың бiр тоннасы 26,5 теңгеден келедi. Ал ұнның дәндiк эквивалентi 3,8-4 миллион тонна мөлшерiнен келедi, яғни осынша көлемде тартылған бидайға тең келедi. Сондықтан да "таза бидайдан гөрi ұнның экспорты әлдеқайда жоғары" деп отыр Нұрлан Тiлеубаев.

Алдағы жоспарлардың негiзгiсi экспорт ауқымын кеңейту. Үкiмет Парсы шығанағы елдерiне астық сатуды басты назарға алып отыр. Бұған дейiн Араб әмiрлiктерiмен бiрнеше келiссөздер жүргiзiлген едi. Осы орайда алғашқы бидай алушылардың бiрi Иран екi араның көпiрi болмақшы. "Ендi бiр жылдан кейiн бәрi де жақсы болады, — дейдi Премьер, — бiз Иранмен арадағы темiржол құрылысын аяқтаймыз. Шойын жол пайда болған сәттен бастап бiздiң астығымыз Парсы шығанағында бәсекеге қабiлеттi болып шыға келедi, — дедi. Шығанаққа тасымалданатын астық қоймасы Араб әмiрлiктерiнiң бiрiнде, болмаса Иорданияда салынады. Әзiрге қамбаны қай елде салудың тиiмдiлiгi мен шығынды тұстары зерттелiп жатыр.

НАН БАҒАСЫН САҚТАЙ АЛАМЫЗ БА?

“Қазақстан астық экспорттаушы iрi алты мемлекеттiң қатарынан көрiнуi мүмкiн. 2010-2011 жылдары бидай өндiрiсiнiң көлемi ұлғайтылып, соған орай шетелге сатылатын астықтың да көлемi көтерiлмек. Биыл жиылған 13,6 миллион тонна астықтың тең жартысы да нарыққа шығарылып отыр. Iшкi тұтынуға қалған өнiм толығымен жетедi, – дейдi Ауылшаруашылық министрi. – Осыған орай нан өнiмдерiнiң де тұрақты бағасы сақталады”.

Iшкi тұтынуға басты көңiл бөлiп отырған елдердiң бiрi — Аргентина. Әлемдiк iрi экспорттаушылар қатарынан көрiнiп жүрген Аргентина биыл сыртқы нарықты назардан тыс қалдырып отыр. Яғни, елдегi нан бағасын тұрақты ұстап, тұтынушыларды толық қамтамасыз етудi негiзгi мiндет санайды. Керiсiнше, Австралияның екi маусымдағы өнiмi де сәтсiз болды. Сондықтан iшкi нарықтың қажеттiлiктерiн қамту бұл елдерде алдыңғы орынға қойылды. Ал Қазақстан астығы әзiрге iшкi нарық пен әлемдiк нарыққа деп теңдей бөлiнiп отыр. Өткен жылдан қалған 2,5 миллион тонна астық тағы бар. Ендеше нан бағасына бола қысылмаймыз дейдi аталмыш ведомство. Себебi, нан өнiмдерiнiң тұрақты бағасын сақтап қалу үшiн атқарылып жатқан бiрнеше әрекеттердi министрлiк қолына алып отыр. Дегенмен де аймақ әкiмдерi жүктелген мiндеттi орындамай отыр дейдi Ауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаев. Оның айтуынша, облыс әкiмдерi жылдағыдай келiсiмшарт бойынша белгiленген астықты алмай отырған көрiнедi. "Қазан айында облыс әкiмдерi 223 мың тонна бидайға келiсiмшарт жасауы тиiс едi. Нақты 118 мың тонна бидайға келiсiмшарт рәсiмдеген. Бiрақ 45 мың тонна астықтың ғана ақшасын берген, яғни 20 пайызының", — дейдi министр мырза. Ал қалған бидайдың қаржысын әлi төлей алмай отыр. Негiзiнен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облысы мен Астана қаласының әкiмшiлiктерi тұрақты қордан бидай сатып алмаған. "Айтқандай-ақ, дәл осы облыстарда нан бағасы қымбаттап кеттi", — дейдi Күрiшбаев мырза. Сондай-ақ, аталған аймақтардың iшкi сауда-саттық нарығында қатаң мониторинг жүргiзiлуi керектiгiн қадап айтты. Ал шетелге заңсыз бидай тасымалдаушыларға бақылауды күшейту керектiгiн тапсырды.

“Ауа-райы келеңсiздiктерiнен болған жағдайларға қарай көршiлес елдердiң iшкi нарығы күйзелiстiң алдында тұр” дейдi министр. Сол себептi ауылшаруашылық өнiмдерiнiң түр-түрi шекарадан заңсыз тасымалданып жатыр. Бұл өз кезегiнде елiмiздегi ауылшаруашылық өнiмдерiнiң бағасының қымбаттауына әкеп соқтыруда.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары