ҚАЗАҚ – ЕЖЕЛДЕН ИНТЕГРАТОР

ҚАЗАҚ – ЕЖЕЛДЕН ИНТЕГРАТОР

ҚАЗАҚ – ЕЖЕЛДЕН ИНТЕГРАТОР
ашық дереккөзі
239

Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Халқы ассамблеясы өзiнiң 15 жылдығын қорытындыламақ. Мемлекеттiң iшкi-сыртқы саясатында қайталанбас үлгi ретiнде ұсынылатын институттың қалыптасу тарихын қарап отырсаңыз, оның құрылу, даму, өсу, құзыретiн кеңейту, т.б. шаралардың басы-қасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың болғанын көресiз. Елбасы қызметтiк мiндетiне сәйкес әрi заң тұрғысында өмiр бақи ҚХА төрағасы болғандықтан, мұны қалыпты жағдай деп қабылдауға да болар.

1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзi қазақтарының I Құрылтайында былай деген болатын: "Бiздiң басты байлығымыз – халықтар достығын қалыптастыруға қазақстандықтардың бiрнеше буын ұрпақ өкiлдерi тер төктi. Өткендi қайтадан сарапқа салу барысында бiз бұл байлықты уыстан шығарып алмауымыз керек, қалыптасқан жақсы дәстүрдi ұмытуға болмайды. Бұл дәстүр соңғы онжылдықтардың еншiсiнде емес, оған коммунистiк директиваның еңбегi сiңген жоқ. Елiмiздегi әрбiр халықтың, әрбiр ұлттың үнiне күн сайын құлақ түрiп отыру керек. Сондықтан да форумды тұрақты негiзге айналдырып, жаңа қоғамдық институт құру керек".

Осыдан соң, 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Халықтары ассамблеясы ҚР Президентi жанындағы консультативтi-кеңес беру органы ретiнде құрылған болатын.

Ассамблея құрылған кезде оның тиiмдiлiгiне күмән келтiргендер де болды. Бұл тұста Таулы Қарабақ, Днестр маңы, Ферғана аймақтарында ұлтаралық қақтығыстар өршiп тұрған. Әлдеқандай қауiппен осындай оттың ұшқыны Қазақ елiн де шарпиды деген ой өз ортамызда айтылып қалатын.

Дегенмен, содан берi он бес жыл өткен соң, бұл қауiптiң бұлты сейiлiп, көңiлдегi күмәннiң тарқағанына көзiмiз жеттi.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 90-жылдардың басында-ақ Қазақстанның азаматтық қақтығыстарды айналып өтуiн Ассамблеяның iс-әрекетiнiң алғашқы сатысының жүзеге асуынан деп санайды. Бұл туралы Елбасы Қазақстан Халқы ассамблеясының XIV сессиясында сөйлеген сөзiнде былай дедi: "Бүгiнде бiздiң алдымызда тағы бiр стратегиялық маңызды мақсат тұр, ал ҚХА iс-әрекетiнде сапалық жаңа саты басталмақ. Қазақстан Халқы ассамблеясы ынтымағы жарасқан Қазақстан халқын қалыптастыру жұмысын жалғастыруы керек, бұл халық кез келген дағдарысты, кез келген қауiп-қатердi жеңiп шығатындай болуы керек. Бiз үшiн басқа жол жоқ".

1995 жылы ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың өкiлеттiгiн 2000 жылға дейiн ұзартуға байланысты Бүкiлхалықтық референдум өткiзiлдi. Осы жылы жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты тағы бiр референдум өттi. Халықтың басым көпшiлiгi жақтап дауыс берген осы екi саяси оқиғада бастамашылдық бiлдiрген Қазақстан Халықтары ассамблеясы болатын. Осылайша, ҚХА консультативтi-кеңес беру органы болып тұрған кезiнде де елдiң саяси өмiрiнде елеулi роль атқарып келдi.

2007 жылдан бастап Парламент Мәжiлiсi депутаттарының саны 107-ге дейiн көбейтiлiп, оның 9-ы Ассамблеядан сайланатын болды. ҚХА ХIII сессиясында сөйлеген сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеядан сайланған депутаттардың қоғамдағы татулықты, бiрлiктi сақтаудағы ролiне маңыз бере сөйледi:

"Конституциялық реформалардың нәтижесiнде, Қазақстан Халқы ассамблеясының тоғыз өкiлi Парламент депутатының мәртебесiне ие болғаны халқымыздың болашағы үшiн өте маңызды.

Жаңа сайланған депутаттар, Қазақстан атты ортақ шаңырақты мекен еткен ұлт пен ұлыстың өкiлдерi ретiнде "достық елшiлерiнiң" мiндетiн лайықты атқаруы тиiс. Олардың парызы – Парламент төрiнен елiмiздiң бiрлiгi мен игiлiгi жолында аянбай еңбек ету".

2007 жылы Қазақстан Халықтары ассамблеясының аты Қазақстан Халқы ассамблеясы болып өзгертiлдi. Осы кезден бастап Қазақстан халқын бiртұтастыру идеясын iздеу процесi жүре бастады. Елбасы Қазақстан Халқы ассамблеясының XIV сессиясында сөйлеген сөзiнде: "Бiз жалпыазаматтық болмысымызды айқындау сатысынан өттiк және сонымен қатар барлық қазақстандық ұлттардың мәдени болмысын сақтап қалдық. Ендi бiздiң алдымызда тағы одан да маңызды мiндет тұр – қарыштап дамуға және өркендеуге қабiлеттi халықтың бiрлiгiн нығайту" дедi.

Жалпы, Қазақстан Халқы ассамблеясының әр сессиясында жасаған баяндамасында Президент қоғамдағы өзектi мәселелерге баса назар аударып, Ассамблея мүшелерiн қоғамдық-саяси мәселелердi шешуге белсене атсалысуға шақырады.

Елбасы бастамасымен 2008 жылы 20 қазанда "Қазақстан Халқы ассамблеясы туралы" Заңы қабылданды. Бұл заңға сәйкес, Ассамблея – мемлекеттiк ұлттық саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға ықпал ететiн құрылым. Оның мақсаты республикада ұлтаралық татулықты сақтау, қазақстандық азаматтықты қалыптастыру, бәсекеге қабiлеттi ұлт қалыптастыру, қазақстандық патриотизм, қазақ халқының бiрлiкке ұйыстырушы ролi негiзiнде Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени бiрлiгiн қалыптастыру болып бекiтiлдi.

Сонымен, осы 15 жылда ҚХА консультативтi-кеңес беру органынан конституциялық органға дейiнгi аралықтағы өсу жолынан өттi.

Бүгiнде Қазақстан Халқы ассамблеясы құрамында 30 шақты республикалық ұйым және 800-ден астам этномәдени бiрлестiк бар.

Ресми деректерге жүгiнсек, бүгiнде Қазақстан аумағында 130-дан астам ұлт, 40-тан астам конфессия өкiлдерi тұрады. Дiни бiрлестiктердiң саны 4000-нан асқан.

Қазақстан Халқы ассамблеясы осындай көпұлтты және көпконфессиялы елдегi татулықты сақтаудың бiрден-бiр құралы деген ой үнемi айтылып жүр.

Қазақстанның биылғы ЕҚЫҰ төрағалығының ұраны: сенiм, дәстүр, төзiмдiлiк, ашықтық екенi белгiлi. Қарап отырсаңыз, бұл сөздердiң барлығы қазақ халқына және Қазақстанда бүгiнде қалыптасқан ұлтаралық саясатқа тiкелей қатысты екенi айқын. Өйткенi, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жағдай – қазақ халқының өз жерiнде көптеген ұлт өкiлдерiн ашық-жарқын, құшақ жая қарсы алып, төзiмдiлiкпен бiр үзiм нанды бөлiсiп жеп, Отанынан жырақ келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiм ұялатып, қашан да қонағына төрiнен орын берген бабалардың қонақжайлық дәстүрiнен таймағаны – ХХI ғасырдағы Қазақстанның ұлтаралық келiсiм орнаған тұрақты қоғам орнатуына бiрден бiр сеп екенi даусыз.

Шын мәнiнде, Қазақстандай, қазақтай өзге ұлт өкiлдерiне жағдай жасап отырған ел жоқтың қасы. Осы ретте елiмiзге келген бiр сапарында Рамзан Кадыровтың айтқан сөзi бар: "Қазақтар шешендерге қысылтаяң шақта қол ұшын бердi, қолынан келген көмегiн аямады, бiз соның қадiрiн бiлуiмiз керек".

Сондықтан да, қазақ халқының ұйыстырушы ролiн естен шығаруға болмайды. Елбасы Қазақстан Халқы ассамблеясының XIV сессиясында сөйлеген сөзiнде осыны баса айтты. "Ұлы Далада ең қатты сақталған заңдардың бiрi – қонақжайлық едi. Қазақтар табалдырықтан ақпейiлмен аттаған әр қонақты әрдайым құшақ жая қарсы алған.

Қазақ халқы әрқашан интегратор болды. Ал келешекте де олар бiздiң қоғамды бiрiктiрушi ядро болуы керек.

Бұл ендi қазақ халқының мойнына өз елiнiң болашағы үшiн айрықша жауапкершiлiк жүгiн артады" дедi Президент.

Қазақстан үкiметi ТМД бойынша бiрде-бiр ел қолына алмаған iстердi бiтiрiп отыр. Мысалы, ТМД бойынша ұйғыр, немiс, кәрiс театрлары Қазақстанда ғана бар, ал күрд тiлiндегi оқулықтар тек Қазақстанда шығады. Ұлттық тiлдерде аттай 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралы бар екен.

Қазақ халқы интегратор болғанда, Президенттiң ойынша, халықты бiрiктiрушi фактор – мемлекеттiк тiл бола алады.

Байқап отырсаңыз, Елбасы жыл сайын ҚХА сессиясында мемлекеттiк тiлге айрықша мән бере сөз арнайды. Ассамблеяның ХIII сессиясында сөйлеген сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев былай дедi: "Бiз барлық қазақстандықтарды бiрiктiрушi фактор – мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға күш саламыз. Барша қазақстандықтардың орыс тiлiн бiлу деңгейi жоғары деңгейде қалуы үшiн бар жағдайды жасаймыз. Барлық ұлттардың өз тiлдерiн үйренуге деген құлшынысын қолдаймыз" дедi.

Ал XIV сессиясында сөйлеген сөзiнде Елбасы Ассамблея мүшелерiне мемлекеттiк тiлдi дамытуға көңiл бөлу қажеттiгi жөнiнде тапсырма бердi:

"…Ассамблея мемлекеттiк тiлдi меңгеру қажеттiгiн белсендi түрде насихаттауы керек… Қазақ халқының өшкендi жандырып, жоғалтқанын табуға деген талпынысы әбден заңды. Бiз басқа ұлттардың бұған түсiнiстiкпен қарап әрi қолдау бiлдiрiп отырғанын көрiп отырмыз".

Тiптi, 1996 жылы ҚХА III сессиясында сөйлеген сөзiнде Елбасы: "Қазақстан азаматтары мемлекеттiң тiлiн құрметтеуi тиiс және оны үйренуге дайын болулары керек, олар бұл тiлдiң осы мемлекеттегi саны басым халықтың тiлi екенiн бiлiп, оның мемлекеттiк тiл ретiнде айрықша мәртебеге ие болатынын мойындауы тиiс" деген болатын. Мұның бәрiнiң басқа жерде емес, 100-ден астам ұлттың басы қосылған Ассамблея жиынында айтылуының мәнi бар!

Асылы Осман, Розақұл Халмұрадов сынды Ассамблея мүшелерi де мемлекеттiк тiлде сөйлеу керектiгi жөнiнде мәртебелi жиындарда ашық айтып жүр.

Алдағы жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi. Бұл ұйымға төрағалықтың негiзiне де қоғамдағы татулық пен төзiмдiлiк және түрлi мәдениеттер арасыдағы диалог қағидалары алынбақ. Президент Қазақстан Халқы ассамблеясын Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету барысында бастамашылдық бiлдiруге, оның жұмысына белсене атсалысуға шақырды. "Өйткенi, Ассамблея мәдениетаралық диалогты қалай құрудың жолын көрсете алатын бiрден-бiр құрылым" деп атап көрсеттi Елбасы.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары