АЙБӨКЕН
АЙБӨКЕН
– Сорлы бала ауыш болайын деген екен. Түсiнде сандырақтап шығатынын қойшы, түн сандалып талма түсте лабыратырия дей ме-ау, соған кiрiп алып атамзаманғы қатып-семген бақа-шаян, құрт-құмырысқалармен тiлдесiп отырады бiлем. Басқа болса бiр сәрi, Қисылбай үшитiлдiң өзi көрiптi…
– Е-е… Тек жүрмесең сөзге iлiктiрiп, сыртқа тепкен заман ғой. Жұрт не демейдi, тек саяқсып кетпегенiн тiлейiк те…
– Сандырақтағанда көнтәжнай Жұмәли жазғаннан да жаман көрiнедi. Атыс дей ме-ау, соғыс дей ме-ау, әйтеуiр, аға-жеңгесi кей күндерi көз iлмей шығады бiлем…
– Болса болар… Соғыс кiмдi жалмамады?! Сол зұлматтың кесiрiнен шейiт болған әке-шешесiн түсiнде көрсе несi айып? Аян берiп жүр екен ғой марқұмдар. Шешесiн айтсайшы… Ызылып тұрушы едi… Дариға-ай, озған уақыт-ай, десейшi. Бiзге де есiк пен төрдей қалды ғой.
– Е-е… Бұл жалған кiмге опа берiп едi?!
* * *
– Оқу десең оқуы жетедi, қол-аяғы бүтiн, атпал азамат ауылдың қи сасыған итарқасында арқандап қойсаң тұрар ма?!
– Бәсе деймiн-ау, кiсiкиiктенiп жүргенiнде бiр гәп бар. Бәрiнен де әне бiреулердi не деушi едi… "Мың бiр түндегiлердi" айтамын… Етәк па едi? Әтек дейсiң бе, тап соның өзiндей. Алдында тыр жалаңаш тұрсаң да көз салмайтынын қайтерсiң. Қас еркеккiндiк мұрынды болады деушi ме едi?! Мұрын десең сол жарықтығы екi еркектiкiнен артып жығылғандай. Сөйте тұра…
– Басын тауға да, тасқа ұрып жүрiп алған айлығын Әңгөллаға жiбередi дейдi. Қайдағы Әңгөлла?! Қаладағы пышырап жүрген көп ұрғашының бiреуiнiң көз жасы да. Әлементке жарып ол бейбақ тағы да пышырап жүрген шығар…
– Ондай лыпасыздардың екi-үшеуiн жiбермегенiне кiм кепiл?! Жеңгесiнiң тамырын басып, оның пашпыртын көретiн екен өзi…
– Қайдам… Түсiнде қыз-қырқын емес, бiлетiн жұрт соғыс көредi дейдi ғой…
* * *
– Соғыстың басы жамандық, жамандық деп жүргенiнде мына бетi әрi болғыр жаман кесел жабысыпты ғой. Әйтпесе, Алдан Алдан емес – Айбөкен де! Бұрынғы көнекөз жарықтықтар "айға шапқан Айбөкен Айбөкен емес – Адам" деп отырушы едi. Күллi зiлзала, өсек-ғайбат, ғадауат пен жамандық атаулыны бойына жиған айгөлек – Айбөкен мерт болмағанда Хауа Ана Жердiң үстi ұжмақ болмақ екен. Оған не шара?! Мархаббат пен зұлымдық, жамандық пен жақсылық, ақиқат пен жалғандық қайтып майдандасты. Ендiгi Айбөкен мың жылдан кейiн тумақшы-мыс. Сол айбөкеннiң өзiмiздiң Алдан емесiн кiм бiлсiн?!
– Мүмкiн… Әлбетте мүмкiн!
* * *
Ауыл арасында Алдан жөнiнде дай әңгiме жүре бастады.
* * *
Қабырға шам бүгiн де ұзақ жанатын болды.
Сөреде иiн тiресiп тұрған Штриматтер, Моуэт, Лондон, Даррель, Арсеньев, Пришвиндердiң қатары бұзылды.
"Изумруд" пен "Холстомер" кiсiнедi.
"Көксерек" ұлыды.
"Каштанка" мен "Аққанден" шәуiлдедi.
"Асау анаконда" ысылдады.
Үлкендi-кiшiлi әрқайсысының өз "Гүлсарысы", "Ақ азуы", "Фру-Фруы" бар сақа жазушыларды былай қойғанда, қолдарына қалам алған жас жазушылардың өзi бiр төбе. Оқып отырсаң қайдағы мен жайдағыны жазады.
Майданға кеткен иесiнiң соңынан қалмаймын деп құмайтазы пойыздың астына түседi…
Өз ортасынан айырылған ауылдың ақырғы шабынған бурасы пойызбен соқтығысады…
Ауылдың қыран бүркiтi өзiнiң аспанын қорғаймын деп өзi ұшақты соғады…
Мұның өзi де аздық етедi. Жазушылардың денi оқырмандар үшiн жаза ма, қалай? Онда оқырмандармен неге санаспасқа?! Бақаны-ақ алайықшы. Жұмыр басты пенде бақаны өзiнен артық бiледi… Қос мекендiлер класына жатады, бәленбай деген дәуiрде құйрығынан айырылған, бәленбай деген шыбын-шiркейлермен қоректенедi, тағысын тағылар… Талғамы сәл жоғары оқушыға бақа туралы айтсаң, қайдағы бiр ет қалбырларын көз алдарына елестетiп, дәмдi, дәмсiз бе екен деп тамсанып, қарнын сипайтыны хақ. Пайдалы, пайдасыз жағына келгенде де бұлардан өткен бiлгiш жоқ: сүтi мен жүнi жоқ демесең егiннiң жауын құртады – бiр, сүйегiне дейiн қалбырланады – екi, терiсi әсемдiк бұйымдарға пайдаланылады – үш… Қала бердi бұл қалбырлардың Бирмада ма, Жапонияда ма шығатынына қызыл кеңiрдек болады… Одан әрiге жетелесең аяқ баспайды. Талғамы жоғарылары бақаға Париж бен Токиода ескерткiш орнатылған деумен шектеледi. Көзiнiң тостағандығы үшiн орнатылмағанын бiле тұра, "неге?" деп сұрақ қоя бiлмейдi…
Электр қуаты туралы айтып көрiңiз: күледi, қайсыбiр бiлгiштер " менi мақау санайсың ба?" деп шамданады.
Бой сергiтпек болып орнынан тұрғанымен терезе көздерiн Сетон-Томпсон мысығы болып тырмалап, "Фарс" болып ұлып тұрған сырттағы жаяу борасын орындыққа қайтып отырғызды.
Әлгiнде ғана қарап шыққан кiтаптарды қайтып парақтай бастады.
Кiтаптың екеуi де түз еркесi Айбөкен туралы.
Бiреуi: жүрегi "адал жануар" десе жазушылығынан түсiп қалатындай етi адал жануар дейдi.
Екiншiсi, сұлулық iздемек болып "қаратұмсық", "танакөз" дейдi.
"Парасат iздеу керек!"
Ботакөз – көз, қазмойын – мойын, ботатiрсек – аяқты қойып сұлулықты тұмсықтан iздей бастадық па?! Бара-бара…
Мүмкiн, жазушының мынау жасанды әлемге көрсеткен қыры болар. Онда жаңылтпаш, жұмбақ ойнап не керек. Көз жасанды, қас пен шаш жасанды, тұмсық жасанды емес, сұлулық табиғи тұмсықта деп неге жазбасқа?!
Аңның сұсы мен мысын жазады…
Ел бiлмейтiндей қасқыр мен ит өлiмдi жазады…
"Ақ өлiмдi жазу керек! Адам да ақ адал өлiммен өле бермейдi…"
…Қасқыр бiрiн бiрi өлтiредi. Қоян да бiрiн бiрi өл…
"…тiрмейдi! Табиғи үйлесiмдiлiктi жазу керек!"
Орнынан тұрды.
Сөредегi қалың нән томдар iшiне сiңiп кеткен өзiнiң топшылауларын жазып жүретiн қоңыр дәптерiн қолына алды. Не жазам деп ойланған да жоқ, майда әрiптер өздерi сұранып тұр екен: дәптердiң тор көзiн әп-сәтте толтырып тастады: "бiзге аздаған табиғат тану заңдарына жүгiнiп отыратын перипетизм, ал табиғат құбылыстарын түсiнуде детерменистiк принцип керек!"
Жазбағы көп сияқты едi. Алайда ылғи осылай шолақ шығады. Неге екен? Тағы да не жазбақ едi?
Қанша отырғаны белгiсiз, ойына қайдағы бiр өткен-кеткендер оралды.
Шырмауық…
Үшарқар Таразы…
Газет қиындысы…
Нән, қалың томдар тағы бiр төңкерiлiп түстi. Басқа тiлде жазылғандай сарғыш тартқан газет қиындысын ежiктеп ұзақ отырды: "Жан-жануарлар адамзатқа қаншама борышты десеңiзшi?! Адам қамқорлығының арқасында қаншама аң-құстар құрып кетуден аман қалды десеңiзшi?!"
Расында да кiм кiмге борышты. Мақұлықат адамзатқа ма, әлде адамзат мақұлықатқа ма?
Орнатылған ескерткiштердi былай қойғанда дүниедегi тас-аң, тас-құстар қаншама?! Дене тұрқы адам да, басы аң-құс бейнелер ше?!
Аққулар жүрек жасайды дегенде, жыландардың да жүрек жасайтындарын бiлмедi емес – бiлдi. Ендеше адамзат махаббат, сүйiспеншiлiктi аққу мен кептерден, намысты бүркiттен алмағанда қайдан алды?!
Итке, сәл кейiн бақаға да ескерткiш қойылды. Ендiгi кезекте – мысық. Қандай биiктiктен болсын тек қана төрт тағандап түсетiн "мысықтабан" құпиясы ашылсын. Адамзат баласы тарих алдында қарабет болмаймын десе осыдан кейiн мысыққа ескерткiш орнатпай көрсiн?!
Қоңыр дәптерге тағы да екi жол түстi. "Адамзат қазiргi дамуында да (қалыптасуы өз алдына) жан-жануарлар дүниесiне борышты…"
Әттең, мұндай ойлардың қағаз бетiнде қалатыны өкiнiштi. Шiркiн, қолында құдырет күшi болып әрбiр пенденiң қауашақ басына жазар ма едi?!
– Қайным-ау, тағы кiмдердi қағаздап жатырсың? Баяғы оталған көшеттердiң жыры бiтпеп пе едi?! Тегi деймiн де… Iшiнде қарасаң келгiр бiздiң мәлiк те болыпты. Ұятты айтасың, селсебет ыштыраптайын деп жатыр…
Жеңгесi. Күйттейтiнi баяғы сол күйкi тiрлiгi. Осы тiрлiгiне бойұсынған. Ол үшiн басқа тiрлiктiң керегi жоқ.
Құлаққаштының керi болмасын деп құлақ салған болады. Әйтпесе аға-жеңгесiнiң пәлсапасы бесенеден белгiлi: зиянды-зиянсыз, пайдалы-пайдасыз боп кете барады.
– Қайным-ау, өзiңнiң қағаздағаныңды ескеретiн шығар,ә?! Әлгi, қарасаң келгiрдi ме?..
Алдан жатып қалғандықтан ұйықтаған боп дыбыс қайырмады. Кiрпiксiз мақұлық мызғымайдының кебi. Көзiн тарс жұмғанымен қайтып ашып алады.
Адам жаратылысын түсiндiрудегi қараңғы халық аңызы шындықтан онша алыс емес пе, қалай? Хауа Ана мен Адам Атаның домалақ жемiс жеуiнде бiр гәп жатыр-ау. Қараңғы халық неткен көреген едi?! Хауа Ана мен Адам Атаға алма жегiзбегенде, не болар едi?!
Кенет тiтiркенiп қоя бердi. Бiреулер қарды емес, бейне бiр өзiн жентектеп жатқандай сықыр-сықыр етедi. Жүрiсiне қарағанда аттылы, әтешпен жарыса тұрғанына қарағанда ниетiнiң түзу болмағаны. Қараңғылықтың көбесi сөгiлмеген бейуақта қайда бармақ?
Оның есiне Жұмағазы түстi. Дәл сол деп түйдi iшiнен. Алайда, қайда бармақ, қайда?
Бүкiл ауылда түрiкпе Жұмағазыда ғана. Үш жұлдыз – көп нүктенi анық-танықтап қарауға құмартып жүрген кезi. Кiшiрейiп сұрағанымен ол бермедi. Әрi-берiден соң ала жаз бойы ауыл сыртындағы тоғанға түскен қыз-қырқындардың далдалаған жерлерiн түрiкпемен айқын көргендiгiн хикаялап кеткен. Сонда естiген.
– Әне-мiне, текелер тастан ұшады бiлем, қансонар да қызсонар басталады, – деп оқшантайдағы оқтарын санамалап отырған.
Шаруа шал:
– Текебұрқылдақтың арты шыңылтыр аязбен ашылып, тiлсiз мақұлықаттардың ұрлығы ертең айдай әлемге айғақталады, -деген.
Бұл шалдың да алжиын дегенi де. Күйекбасы құжынның сылсылын сылып, бiздер де текебұрқылдақтан текебұрқылдаққа дейiн сасай ғұмыр кешпеймiз бе?
Жұмағазыны ел ырымға деп жорғалап бара жатқан кесiрткенi де оққа байлаған тасжүрек дейдi. Одан не күтуге болады?
Тағы бiр пенде тағы бiр жаманшылық жасауға барады. Бәрiн қойшы, қазiр атылар мылтық үнi мынау тылсым тыныштықты оранып жатқан он сегiз мың ғаламның жүрегiн дiр еткiзбей ме? "Қызыл кiтаптағы" тiзiм бүйте берсе шынтақтап емес, шақырымдап өзгерер. Сонсоң ойрат пен жоңғар, мая мен падауанг тайпалары киген қарғыс атқыр қара қамытын басқа халықтың да кимесiн кiм бiлсiн?
Жер-Анаға әлек салған Александрлар емес, арманда кеткен Архимедтер керек.
Бiрақ Құдай болам деп жер басып жүрген құл-құтандардың жоқ екенiне қолын кiм қояды?! Бүйте берсек "Қызыл кiтаптағы" тiзiмнiң соңын ала қара әрiппен Адамның терiлмесiне кiм кепiл?!
Мүмкiн, Александрлар керек те шығар…
Зұлқарнайын…
Бiрiншi…
Екiншi…
Блок…
Пушкин!
Мүмкiн, Карлдер де керек шығар…
Бiрiншi…
Екiншi…
Он екiншi…
Гаусс…
Маркс!
Бiрақ?!
Тағы да парасатқа келiп тiрелдi.
* * *
Үйге кiрдi. Бойын суық алып қалыпты. Үй iшi қалың ұйқыда. Баяғы бiр жарыса шыққан пырыл мен қорыл… Елдi оятып алмайын деп аяғының ұшымен жүрiп, киiнiп алды.
Желiде тұрған Қаракөк оқырана қарсы алды.
Қайткен күнде Ақирекке Жұмағазыдан бұрын жету керек. Жетпеген күннiң өзiнде ұшқаты шыңға бұрын шығады. Альпинизммен шұғылданғанының мұндай әжетке жарарын кiм бiлген?
Әзiрге Жұмағазы көрiнер емес. Өзi өз болып бұрын Ақирекке шығып көрмеген. Шаруа шалдан жалғыз соқпақ бар деп естiген. Оның өзi құзды өрлей көтерiледi бiлем. Не де болса тезiрек жетсе екен. Алатауға шыққанда мұны да тәйiрi тау деп…
Ошаған омбы қар күрт-күрт сынып, аяғын тұсаулайды. Қазақ: "қарға адым жер – мұң" деп осындайдан айтады екен ғой.
Жұмағазыдан бұрын жетсе екен. Қара жүрек неме жүрегi адал жануарды қорқыратпақ. Құжынның сымылын, болмай бара жатса ырымға деп артына ұрпақ шашып, аяғынан жүре алмай қалған сасайларды жаяу қуып жүрiп, бөрiкпен-ақ ұрып алмақшы ғой. Болмас-болмас онысы…
Ақиректiң етегiне iлiнiсiмен Қаракөктi еркiне қоя берген. Мұндайда аттылыдан гөрi жаяудың өзi жүйрiк. Жоғарылаған сайын денесi ауырлап, етектен тартқан киiмдерiн бiртiндеп қалай болса солай тастап келедi. Өрмелеп, биiктеген сайын тынысы ашыла түсетiндей. Мынау қап-қара боп қарауытып жатқан – құз болды. Жалғыз соқпағы қайда екен?
Ақыры оны да тапты. Қарлауыт болса да ендi жүрiсi өнейiн дедi. Әйтеуiр, Жұмағазыдан бұрын жеттi-ау. Мүмкiн, басқа жол бар шығар деген ой келгенде оны түптемей жатып жансебiлдене алға қарай жылжыды.
Құжынның арқыраған ащы дауысында шамырқану бар.
Қою қараңғылық бiршама сұйылайын дедi. Өзiне етене таныс үш жұлдызы құлдилап келiп етекке байланып қалғандай. Шаруа шал: "таң ақтамақтанарда жұлдыздар көбiрек ағады" деушi едi. Аты жоқ жазуды оқығанша осы үш жұлдыз ақпаса болды.
Тұрғыға жеткенде таң сiбiрлеп, жарық молаяйын дедi. Кеудесiн кере дем алып, жан жағын барлағансыды. Қаншама адақтағанымен шиырланған, мен мұндалаған iздер көзге түсе қоймады. Ал Жұмағазы болса көзге көрiнер емес.
Сағал-сағал ашық жатқан жарлар қарауытып, әр нәрсеге ұқсап, көңiлге қорқыныш, күдiк ұялатады.
Бәрiнен де Алданға жарлауыт құз қатты әсер еттi, түсiнен шықпай жүрген, қарқылдаған қап-қара түстен аусайшы.
Құжындар тағы да күйекалды уiлiне басты. Әлгiнде ғана төмендегi қарауытқан сұлба жақындай түскендей. Бұл ендi оның Жұмағазы екенiне шәк келтiрмеген. Бiр ырғыса ол да бұларды көрмек. Құжындар шошысын деп жел жақты алып айнала берген. Алдан кеудесiн толтыра ауа қапты да кiшкентайынан құлақсiңдi құжынуiлге салды. Өзiнiң уiлiмен қатар шаңқ етiп мылтық атылды. Үлгерген екен ғой. Басын көктен алмай тұрған құжынды көздедi-ау…
Ағып келедi…
Ағып келедi…
Ағып келедi…
Көз алдын тұмшалап алған қараңғылық бiр сәт сергiгенде көкжиектен үш жұлдызды көрдi.
Өзiнiң Үшарқар Таразысы.
* * *
Мамыражай жатқан ауыл дүр сiлкiндi:
– Айбөкен айға шауыпты. Аң қағуға шыққан Жұмағазы көрiптi.
Ауыл шетiндегi жетiм жертамнан жоқтау ерекше зарлы шығады.
– Тынысым-оу… Жеттiк дегенде-оу… жетiлдiк дегенде-оу…
* * *
– Сенiң айтқаның келдi. Әтек болмаса да да соған жақын екен. Сылсылға шығыпты.
– Ой-бу, менiң бiлмесiм жер астында ғой.
Басы Шаруа шал болып қонағасына жиналған шалдар айтыпты:
– Ықылым замандағы Айбөкен мерт болғалы қашан? Қан майданның бiтпегенi де. Болмас, болмас… Осыған көрiнген ғой. Епиопы дей ме-ау, Сомәлi дей ме-ау, бiр бiрiне соғыс ашыпты.
* * *
Жер тамды жамбасқа алып шақырайып Үшарқар Таразы тұр.
Баданадай, баданадай үш жұлдыз.
Қарағанды
ШЫҒАЙ
Кеше Есен-тiн…
"Еске" десең қарамайды да.
Бардың да, жоқтың да есебiнде жоқ-тын.
Дауысы шықпайтын…
* * *
Есен десең ауылдың үлкен-кiшiсi бiрден бiле қалады.
Ауыл сырткөз алақандай болып көрiнгенiмен өз iшiнде Ескi Ақбұлақ, Жаңа Ақбұлақ болып екiге бөлiнедi. Бұрын Ескiсi еңселi көрiнушi едi, бүгiнде Жаңасы екпiндеп тұр.
Ескiсi бар, Жаңасы бар, жығасы құламаған осы ауылда үш мыңның үстiнде ақбұлақтық күн кешiп жатыр. Екпiндейтiн себебi – мұнда жұрт жаңартушылар жоқтың қасы. Қайта iштен қоныс аударушылар бар. Себеп жеткiлiктi. Көбеңдi топырағына салсаң дымқылы бiлiнедi. Сонан ел жаужұмыр егедi. Онысы күз шыға күшiктеп бередi. Бiр қабы он қап болып оралады. Онысын iргелес жатқан кеншiлер қалашықтарына шығарады.
Өндiрiс болған соң оларда қолақша бар. Сол құрғыры осыларға әлгiндей себеппен ауысып жатады.
Ең бастысы ауыл Алматы-Астана күрежолының бойында жатыр.
Бұлардың тiкелей жолға қатысы жоқ. Алайда нақ осы жол ауылды асырап отыр. Тырмалап шығарған көгiн пұлдап қайтқан өзағаңдар нақ осы ауылдың ақсақ тоқтысына өлiп түседi.
Ауылдың Ақбұлақ атауында тұрғандай бұл ақмай жер. Тоқтылары тегенедей құйрықтарын әзер көтерiп жүредi. Басқалары шыдаса да бұған өзағаңдар шыдамайды. Көктен тапқандарын осы ауылға тастап кетедi.
Ауыл осылайша екiге бөлiнгенiмен күн көрiсi бiреу. Ауылдың iргелес жатқан азын-аулақ егiстiгi бар. Сонан да мұнда қорым күштi. Соған орай ауылдың итi мен мысығынан басқасының бәрi бағымда. Тоқты-торымның жайы белгiлi. Сонау қоңыр күзге дейiн бұл төңiректе маңыраманың даусын ести қоймайсыз. Олары жайлауға айдалған. Қылқұйрықтарын да желге қосып жiберген. Түйе жарықтық мұнда әу бастан жоқтың қасы. Есесiне сиыр жарықтықтың дауысы ұрып тұр.
Сойсаң да, саусаң да, сатсаң да – пұл.
Жолдан кейiнгi ауылдың асыраушысы, әрине, Есен бақташы.
Оның бар-жоғы бiлiне бермейдi. Ел оның бақташылықтан басқа қарекетiн көрмептi. Өмiр бойы өкiмет жұмысын iстемептi. Бiлетiнi – көктем шыға елдiң айсаңын жинап алып, өзi қоса өрiп бара жатады. Қоса жайылады. Табынды жаяу бағады. Сонан барып бұл ауылдың сиырлары сүттiген. Шелектеп бередi. Қаймаққа қол салғанша жарықтық сап-сары май болып түсiп жатады. Оларын бүйендеп қояды. Қысы-жазы сыр бермесе оның сыры осында жатыр.
Басқа жердiң майы өте ме, өтпей ме, ал осы ауылдың әлгiндей майы шошалада жатып қалмайды.
Кешегi саудамен жұмысы жоқ ауыл төңкерiлiп түстi. Сауданың осы ауылда жұмысы бар болып шықты. Ауыл ақшаның дәмiн алды. Сол-ақ екен – басталды. Ендi ел сиырға бұрынғысынша мәлiк деп қарамайтын болды. Кассасы сияқты. Жо-жоқ, банкiсi.
Есеннiң де мәртебесi көтерiле түскен. Бұрын мәлiк басы бес теңге алып келсе, кейiнде бiр теңгеге үстемелеген.
Ендi ол табынды жаяулап бақпайтынды шығарды. Ерте көктемнен бiреудiң қабырғасы ырсиып көрiнiп тұрған тобышағын сатып алады да, табынмен қоса жаяды. Қоңыр күзде оясына қол сыймайтындай болып бөгiп тұрады. Соны соғымға өзi атып ұрса бiр қыс тауыспас едi-ау. Жоқ, ол олай iстемейдi. Мұның сойысына көз алартушылар жеткiлiктi. Өзi семiрген малға көз салушылар қашанда үзiлмеген ғой. Сонан Есен әлгi тобышағын пұлдап, онысына жабағыны iлiктiрiп жарып тастайды. Қалғанын түйiншектеп орап қояды. Онысына ерте көктемде тағы да бiреудiң көтеремiн сатып алады.
Өзгенiң сиырын баққанымен өзiнде сиыр жоқ. Түлiктiң басқасын да ұстамайды. Ұстайтыны – Бұқа. Бұқа деп бас әрiппен жазып отырғанымыз кәдiмгi бұқа. Мүтiл ауылда осыдан басқа бұқа жоқ. Осыдан кейiн қалай ол Бұқа болмасын.
Есен бақташының тiлеуi осы Бұқаның үстiнде. Онысын өзi бағып жүрген табынға қоспайды. Оның тәрбиесi бөлек. Басы да, төрт аяғы да шынжырда.
Оның iшiп-жемi атымен өзгек. Жоңышқамен асырайды. Ол су тати бастағанда көденiң майсақалымен ауыстыра қояды. Қазекем де бiледi-ау не деу керектiгiн. Майсақал десе, майсақал. Көденi сол майсақал кезiнде шауып алады. Одан әрiге жiбермейдi. Ұзаса болды оның селеуi шыға бастайды.
Ал баулығына ел сияқты жаужұмыр салмайды. Ол қызылша, сәбiз егедi. Онысын қысы-жазы бойы Бұқасына бөктiрiп бередi. Сол Бұқасы үшiн құс та асырап отырған жайы бар.
Құс болғанда тауықтан басқа қаз, үйрек ұстайды. Сонан кейiн елде жоқты шығарып, бөдене асырауға көшкен. Жұмыртқалары үшiн. Елдiң айтуынша Есен осының бәрiн Бұқасына жаратады.
Күйек келгенде ауылдың өмiрi өзгерiп сала бередi. Ауада айқай-шудан кiлегейленiп кеткендей сезiледi. Оған сиырлардың өкiреш дауысы қосылады. Аяғындағы шынжырын үзердей болып гүжiлдеп Бұқа тұрады…
Жолдың барлығы ендi Есеннiң қорасына бастайды. Ел сауынын жетектеп, қаздай тiзiлiп Бұқаға кетiп бара жатады.
Ал онда шiрет…
Бұқаның шiретi…
Сол шiреттерiне ел екi-үш күн бойы жете алмай жүредi. Сонан да Есеннiң бағы аспандайды. Ел құр қол келмейдi. Қолтықтарына бiрдеңелерiн қыстыра келедi.
– Есеке… – дейдi сыбырлағандай болып.
Есекесi оны құлағына қыстырмайды да.
– Еске… – дейдi шарасы таусылған келушi.
Ескең жымың ете қалады. Танауы желп ете түседi. Байқаған адамға онысы бiлiнiп тұрады.
Келушiнiң түйiншегi мен сиырын кiргiзiп алып, қорасының есiгiн мұрын асты жауып алады. Елге осынысы өтiп кетедi.
Сонан Ескеңнiң дауысы шығады:
– Гүж-гүж… – деген.
– Зеңгi баба, қолдай гөр… – деп зар еңiрейдi.
Елге осы соңғысы батып кетедi.
Ескеңнiң сұрағанын бере салады. Ал Ескең анау-мынау емес, тұп-тура он теңге сұрайды. Ал оған тоқты-торым ғана емес дөнен қойдың өзi де келедi.
– Сүрдi ме? – дейдi келушi.
– Жасыды… – дейдi борша-борша терлеген Ескең.
Ескеңнiң осынау түрiн көрген ел үндей алмайды.
Келушi де пенде емес пе? Iшiнен күмән келтiрушiлер де шығып қалады.
– Жапты!.. – дейдi бұл.
– Тағы бiр рет…
Келушi кете қоймайды. Жоқ, Ескең мiз бақпайды.
– Менiкi бiр-ақ рет сүредi… – дейдi.
Ескең осылайша бiр жазда үш-төрт жылдың табысын табады.
Ескеңнiң бұқа қорасы үйге бергiсiз. Ыстық, суық суын шүмекпен келтiрiп қойған.
Кәдiмгiдей сауна алады дейдi.
Ел iшiнде ендi Ескеңнiң есiмi жиi аталатынды шығарды. Барған жерiнде төрден орын тидi. Ара-арасында сөз сөйлейтiндi шығарып жүр. Онысы әзiрге тiлектен аспай жатыр. Сонда да ел сұрағандай қылып сөз кезегiн бередi. Өйткенi оның Бұқасы бар. Қалды Бөденесi бар.
Мәселе бөденеде емес, жұмыртқасында. Ел бiлiп айтса әлгi шұбардың жұмыртқасы өлгендi де тiрiлтедi-мыс. Сонан да Ескеңнен бөдене жұмыртқасын алушылар бар. Олар ерекше шiретте дейдi. Ел: "ол шiретке iлiгу мүмкiн емес" деп айтады.
Ескеңнiң бұл тiрлiгi басқаға ұйқы берсе кәне.
Ауылда бұқа өсiрушiлер шыға бастады. Солайынша ауылда елде жоқ, жерде жоқ жуанмойын бұқалар пайда бола бастады. Бiреуi хохол асып әкелсе, екiншiсi орыстың өзiнен-ақ келтiрiп жатыр. Атына заты сай, жарықтықтар. Тұрқылары түйеге барабар. Мүйiзден жұрдай, бәлкiм, тетiлген болар. Әйтеуiр, жылмағай. Есiмдерiн ауызға ала алмайсың. Өте қорқынышты. Бiреуi анау, мынау емес, тұп-тура Тайсон екен. Тағы бiреуi Мұхамедәли …Тағы бiреуi Әлимұхамед…
Қорықпай көр осыдан кейiн.
Сонан ауылда бұқа қора салудан жарыс басталған.
Бұл жарыстан Ескең де сырт қала алмаған. Ол қорасын кеңiткен. Ендi Ескеңнiң Бұқасының көрген рахатын басқалардың зеңгi жарықтықтары көре алатын болды.
Бiр қызығы Ескеңнiң бұл қызметi тегiн едi.
Ел ерте көктемдi күткен.
Басталды дейсiң сонан сүргiн.
Ауылдың жаңа қазақтары мұны тұқыртудың жолын тапқан сынды. Олар бұқаларының жапқаны үшiн Ескеңнiң жартыақысын алатын болыпты.
Ескең де үн-түнсiз қала алмады. Үш күн бойы үйiнiң есiгiн ашып тастады. Елге шығай бердi. Шығысқа бәрiн шығарды. Құстарының ұшасы… жұмыртқасы… ұлпасы…
Тек Бұқасына шығай бермедi. Бұтақысын да белгiлемедi.
Бергенiн көп көрмедi.
Бермегенiн сөкпедi.
Алайда…
Ауылдың аяғы қызған мәлiктерi Бұқақораны бетке алып бара жатты…
* * *
Бүгiнде Ескең атанған…
"Есен" десең қарамайды да.
Дауысы ерекше шығады:
– Гүж-гүж… гүж-гүж…
Төрехан МАЙБАС