ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЖАҢА ГЭС ПАЙДАЛАНУҒА БЕРIЛЕДI

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЖАҢА ГЭС ПАЙДАЛАНУҒА БЕРIЛЕДI

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЖАҢА ГЭС ПАЙДАЛАНУҒА БЕРIЛЕДI
ашық дереккөзі
260

Қырғызда "Ел басы болғанша, су басы бол!" деген мақал бар. Бұл нақыл әу баста пайда болғанда, бiр ауылдың ба, әлде бiрнеше ауылдың мысалында ма айтылса керек, бiрақ, дәл қазiр ол кең ауқымды қамтып, әлемдiк аядағы ең өзектi мәселенi меңзеп тұр. Оқымыстылар мен мамандардың болжауында, ендi елу жылдан кейiн су "қасқалдақтың қанына" айналмақшы. Бұл орайда, Қырғызстан су басында тұрған бақытты ел екен.

Бүгiнгi күнi Қырғызстанның ең үлкен су қоймасы – Тоқтағұл су электр станциясында жиналған судың көлемi 19 миллиард текше метрден асып, меймiлдеп тұр. Демек, биылғы қыста республикада "Ильич шамы" өшпейдi. Кеңес үкiметiнiң дәуiрлеп тұрған заманында Орта Азия республикаларының көпшiлiк аймағын электр жарығымен қамсыздандыру және жерлерiн суғаруды реттеу үшiн салынған бұл үлкен ГЭС өз тарихында суының мұншама жоғары көтерiлiп, ернеуiне дейiн шүпiлдеп толғанын басынан кешiрмеген.

Өткен жылы осы уақытта су деңгейiнiң мейлiнше төмен түсiп кеткендiгi жөнiнде дабыл қағылған. Биылғы науқанда – көктемнен бастап судың қалайша 10 миллиард текше метрге көбейгенiн қазiрше ешкiм түсiндiрiп берген жоқ. Алып-қашпа әңгiмелерге қарағанда, бұрын су ұрланып, арнайы ағытқыштар арқылы Өзбекстанға жасырын сатылып отырған.

Қырғызстан өзiнiң ағын суының мүмкiндiгiн пайдаланып, бiрнеше жыл бұрын кеңес дәуiрiнде жоспарланған "Қамбар Ата" ГЭС-терiн құруды қайтадан қолға алды. Қырғыз энергетик-құрылысшыларының белсендi әрекетiмен "Қамбар Ата-2" ГЭС-iнiң құрылысы аяқталды. Ол жақын арада электр энергиясын өндiре бастайды. Қуаттылығы – 500-700 миллион килловат-сағатқа жетпек. Жаңа ГЭС-тiң iске қосылуы сол төңiректi – Тоқтағұл ауданын және Қара Көл қаласын арзан электр қуатымен қамсыздап, әрi өлкенiң бұл саладағы экспорттық мүмкiндiгiн арттырмақшы.

Ал "Қамбар Ата-2" ГЭС-iнен қуаты төрт есе артық "Қамбар Ата-1" ГЭС-iн құру үшiн өткен жылы Ресей мен Қырғызстан арасында акционерлiк компания құрылған. Ресей тарабы бұл құрылысқа 1 миллиард 700 миллион доллар көлемiнде инвестиция бөлуге уәде еткен. Ресей Қырғызстанға бұдан басқа 300 миллион долларды 40 жылға 0,75 пайызбен несиеге, 150 миллион долларды қайтарымсыз көмек ретiнде берген. Негiзi, "Қамбар Ата-2" ГЭС-iнiң құрылысы және "Қамбар Ата-1" ГЭС-iнiң iргетасы осы қаражаттардың есебiнен салынған.

"Алмақтың салмағы бар"дегендей, экс-президент Құрманбек Бакиев Ресей басшылығына Бiшкектегi "Манас" әуе жайында орналасқан АҚШ-тың әскери базасын мерзiмi бiткен соң керi қайтаруға сөз берген. Бакиев уәдесiнде тұрмады. Уақыты аяқталған база "Транзиттiк жүк тасу орталығы" деп атауы өзгертiлiп, орнында қалды. Қырғыз президентiнiң мұнысын терiс көрген Мәскеу әлгi 1 миллиард 700 миллион долларды беруден бас тартты. Ресейге қыр көрсеткенi ме, Қырғызстанның даму және инвестициялау орталық агенттiгiнiң (бұл мекеменi жаңа билiк жойған) жетекшiсi, экс-президенттiң ұлы Максим Бакиев Пекинге ресми iс-сапармен барып, Қытайды Қырғызстанның ГЭС-терiн құрысуға (инвестициялауға) шақырған.

Бұл жағдай Қырғыз-Ресей қарым-қатынастарына едәуiр көлеңке түсiрген болатын. Өлкеде жаңа билiк орнағандығына байланысты, Ресей бұрынғы жоспарын қайта жандандыруы мүмкiн. Биылғы тамыз айында Ереванда өткен Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмi ұйымының саммитiнде Ресей “Қамбар Ата” мәселесiне қайта оралатындай сыңай танытты.

Айта кететiн жайт, жұмыс үздiксiз жүрiп отырғанның өзiнде, "Қамбар Ата-1" ГЭС-iн құруға он жылдан астам уақыт керек.

Қайткен күнде де, Қырғызстан жақын арада өз күшiмен "Қамбар Ата-1" ГЭС-iнiң құрылысын жүргiзуге дәрменсiз. Қай мемлекет инвестиция салып, ГЭС-тiң бақылау пакетiнiң көбiрек пайызын иеленсе, соның ұтатыны күмәнсiз. Жоба толық iске асса, электр энергиясы Ресейдi, Орта Азияны былай қойып, Оңтүстiк Азия мемлекеттерiне, Ауғанстанға, Пәкiстанға, Үндiстанға және басқа өлкелерге экспортқа шығарыла бастайды. Ондай жағдайда, бұл кешеннiң экономикалық қана емес, геосаяси мақсаттарды iске асыруға ықпалы тимекшi.

Электр энергиясын өндiру қазiргi таңда Қырғызстан экономикасының бiрден-бiр алға iлгерiлеген саласы болып отыр. Жылдың он айында 9 миллиард 447,2 миллион кВт-сағат электр қуаты өндiрiлген. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда, 9 пайызға көп. Жақсы жетiстiк, өкiнiштiсi, өндiрiлген өнiмнiң 25 пайызы желге ұшып, дәлiрегi, ұрланып кетедi. Ұрлыққа қарсы күрестiң нәтижесiнде ғана кейiнгi бес айдың iшiнде мемлекеттiк қазынаға 1 миллиард сом түсiрiлген. Жеке адамдар электр қуатын 0,7 сомнан (2,2 теңге), кәсiпорындар 1,5 сомнан (4,8 теңге) пайдалануда.

Қырғызстанның 2 миллиард кВт-сағат электр қуатын экспорттауға мүмкiндiгi бар. Қазiр Қазақстан да, Өзбекстан да электр энергиясын өздерi өндiрiп, оның импортына мұқтаж болмай отыр. Бiрақ, Президент Роза Отынбаеваның Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған өтiнiш хатынан кейiн, Қазақстан қолдау көрсету мақсатында Қырғызстаннан өзiнiкiнен арзанырақ бағада электр энергиясын сатып ала бастаған.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары