АЙЫППҰЛ АРАША ТҮСЕ АЛМАЙДЫ

АЙЫППҰЛ АРАША ТҮСЕ АЛМАЙДЫ

АЙЫППҰЛ АРАША ТҮСЕ АЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
379

Қазақстандағы мұнай және газ компанияларының басшылары қоршаған ортаны қорғауға мүдделi болмаған жағдайда, 2 жылдан 8 жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкiн. Үкiметке ұсынылған жаңа заң жобасында жердi, суды, ауаны ластаған компания жетекшiлерiн Қылмыстық кодекс бойынша қапасқа қамау көзделiп отыр.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi табиғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершiлiктi күшейту мақсатында Үкiметке жаңа заң жобасын ұсынды. "Экологиялық мәселелерге қатысты кейбiр заң актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасында қоршаған ортаға 130 миллион теңге көлемiнде зиян келтiрген мұнай өндiрушi компаниялардың басшыларын 2 жылдан 8 жылға дейiн бас бостандығынан айыру туралы айтылған. Министр Нұрғали Әшiмовтiң мәлiмдеуiнше, Қылмыстық кодекске өзгерту енгiзудi талап ететiн жаңа заң жобасы жауапқа тартылатындарды ұлт пен ұлысқа, ел мен жерге қарай бөлмейдi. Егер қазақ даласына келтiрген зияны 130 млн. теңгеден асып кетсе, қапастағы жазаны өтеу мерзiмi екi жылдан басталып, сегiз жылға дейiн созылатынын баса айтқан министр мырза заң бұзушылардың Қазақстан шекарасынан асып үлгермей-ақ, тиiстi жазасын алатынын жеткiздi. Қоршаған ортаны қорғауға мiндеттi министрлiктi мұндай қатаң шараға баруға мәжбүрлеген жайт, табиғатты қорғауға қатысты бағдарламалардың орындалмауына байланысты: "Экологиялық бақылау комитетiне заңдық жұмыстарды күшейту мақсатында жаңа нұсқаулар берiлдi, сондай-ақ, заңгерлер табиғатты қорғау туралы бағдарламалардың сақталмауы осы сома (130 млн теңге — Н.Ж.) көлемiнде зиян шектiретiнiн дәлелдейдi".

Н.Әшiмов басқаратын министрлiкте табиғатты қорғау үшiн мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаражат игерiлмей қалған жағдайда ақшаны келесi жылға шегеру тәсiлi де тоқтатылатын көрiнедi. Баспасөз мәслихатында Н.Әшiмов: "Қылмыстық кодекс бойынша, тексеру жұмыстарын бiз емес, құқық қорғау органдары жүргiзедi. Олар қаражатты шегеруге рұқсат еткендiктен, бiздiң департаментте тексеретiнi анық. 2007 жылы Ақтөбедегi СНПС өзiнiң мiндеттерiн 50 пайызға дейiн өтеген жоқ. Соған қарамастан, оны орындау мерзiмiн созып, эмиссияға рұқсат етiлген" дей келе, заң жобасы депутаттардың сүзгiсiнен өтiп, Президенттiң құптауына ие болады деген үмiтiн жеткiздi. "Мiндеттi орындау мерзiмiн департамент директорлары созуға мүдделi емес, өйткенi, олардың ешқайсысы жауапкершiлiктi арқалағысы келмейдi. Сiздер де "айыппұл төлеймiз" деп ақшаларыңызды дайындамай-ақ қойыңыздар. Айыппұлдар ендiгi ешкiмдi қызықтырмақ емес" деп қатты айтқан министр мырза шетелдiктерге табиғат алдындағы жауапкершiлiктi мүлтiксiз атқаруға қатысты тағы бiр ескерту жасады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары