«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
ашық дереккөзі
195

28. Әбдiғали ӘБДIМАНАПОВ

Сөз басы

1986 жылы 26 июль күнi Алматы облкомында партия-шаруашылық белсендiлерiнiң үлкен жиналысы болды. Мәскеудiң тiкелей қолдауына сүйенген облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Марат Сәмиұлы Меңдiбаев қолындағы билiк шоқпарын тағы да оңды-солды сiлтедi. Әуелi Қонаевтың, Асқаровтың және Аухадиевтiң кезiнен келе жатқан шаруашылық басшыларына қырғидай тиiп, содан соң жоғары оқу орындарына азу тiсiн барынша батырды. Әсiресе, Алматы халық шаруашылығы институтына өшi кеткен жандай бар кәрiн төктi.

"…Талапкерлердi оқуға қабылдау кезiнде республика халқының көп ұлттан тұратыны ескерiлмеген. Халық шаруашылығы институтының Аграрлы-экономикалық факультетiндегi студенттердiң 97 пайызы жергiлiктi ұлт өкiлдерi екенiн жәй кездейсоқтық деуге мүлдем келмейдi. Профессорлар мен оқытушылар құрамы арасында өз қызмет бабын жеке бастары мақсаттарына пайдаланатындар, пара алатындар, сондай-ақ маскүнемдiкке салынғандар аз кездеспейдi". ("Огни Алатау" 27 июль, 1986 жыл).

Бұл оның сол кезде атан түйе көтере алмайтын ұлтшылдықты меңзегенi едi. Ал ұлтшылдықты Кеңес үкiметiнiң заңы қатаң жазалайтын. Факультет деканы Әбдiғали Әбдiманапов бұл сынмен келiсе алмайтынын арнайы хатқа түсiрiп, обкомға жолдайды. Ол хатында факультеттiң аграрлық сектор салаларына жоғары бiлiмдi маман экономистер мен бухгалтерлер даярлау үшiн 1983 жылы ашылғанын, 1984 және 1985 оқу жылдарында жалпы көрсеткiштер бойынша факультет қатарынан екi рет социалистiк жарыс жеңiмпазы атанғанын, негiзiнен ауылдық жерлерге мамандар дайындайтын болғандықтан қазақтан басқа ұлт өкiлдерiнiң талапкерлерi құжаттарын өте аз тапсыратынын, облыс белсендiлерi жиналысындағы сыны ақиқат шындықтан алшақ жатқанын, факультеттiң 1200 студентi мен жетпiстен астам оқытушыларының ар-намысына нұқсан келтiргенiн ашып айтқан. Әбдiманапов мұнымен шектелiп қана қойған жоқ. Обкомның жоғары оқу орындарын қадағалайтын бөлiмнiң меңгерушiсi А.Махмұтовқа телефон шалып, Меңдiбаевтың үлкен мiнберден айтқан орынсыз сынын нақты дәлелдерiмен жоққа шығарды. Ал Меңдiбаев өзiне қарсы келгендердi қатаң жазалап қана қоймай, соңына түсiп қудалайтын.

Меңдiбаевтың көздегенi институт ректоры Нұрғали Мамыров едi. Оның бар айыбы "Қонаевтың кадры". Қалайда қызметiнен бiр iлiк тауып, орнынан алу. Ол үшiн орнынан алу жәй сөз. Мамыровты парақор етiп, қылмысқа тартып, Қонаевтың беделiне нұқсан келтiру.

Меңдiбаев июнь айының соңында құрамы он үш адамнан тұратын обкомның арнайы комиссиясын құрғызып, 7 июль күнi төтенше тексеру жұмыстарын жүргiзуге жiбередi. Олар, әсiресе, қазақ жастары көп оқитын Аграрлы-экономикалық факультетке шүйлiккен. Студенттердiң институтқа түсерде тапсырған емтихан құжаттарын түгелiмен қайта көтерiп, сүзгiден мұқият өткiздi. Ұлттық құрамына баса мән бердi. Алайда Қыздар педагогикалық институтының проректоры Н.И. Зинченко жетекшiлiк еткен топ қанша тiмiскiлей тексерсе де факультетте қазақ жастарының көптiгiнен басқа iлiк таппаса не шара. Институтқа бұл аздай қаланың партия, кәсiподақ ұйымдарынан, халықтық бақылау комитеттерiнен, мемлекеттiк мұрағаттан, техникалық қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi мекемелерден комиссиялар бiрi келiп, бiрi кетiп жатты. Бәрiнiң тексеру анықтамаларынан өрескел кемшiлiк таппаған соң Меңдiбаев институтқа өзi тосын келдi. Дөң қабағынан қар жауардай түнерiп, институт басшыларына сес көрсетiп, тырнақ астынан кiр iздеп баққаны бар. Бiрақ, көзге көрiнiп тұрған игi iстер институтқа бөлiнген қаржының орнымен жұмсалғанын айғақтап тұрды. Мынау соңғы үлгiмен салынған екi оқу корпусы, анау стадион мен спорт кешенi, 90 пәтерлiк жаңа тұрғын үй iшiн жылытпаса да райынан ерiксiз қайтарып, қабағының қалың қатпарлы қыртысы жазылғандай сыңайда. Сонда да Мамыровқа ықылас пейiлiн бергiсi келмедi.

– Осының бәрi сенiң басшылығыңмен iстелiндi ме? – Таңданғаны ма, мысқылдағаны ма, адам ажыратып болмайды.

– Құрылыс жұмыстары күнделiктi қадағалауымда болды.

Меңдiбаев басын изеп бұрыла бергенде, Мамыров тежеп қалды.

– Марат Самиевич, сiзге айтар бiр өтiнiшiмiз бар едi…

– Қандай өтiнiш?

– Соңғы уақытта бiздiң институт жаппай тексеруден көз ашпай қойды. Бұл ұжым ахуалына, қалыпты жұмыс ырғағына елеулi нұқсан келтiруде. Соларды тоқтатуға сiздiң көмегiңiз қажет болып тұр.

Меңдiбаев маңғаздана жымысқы жымиды.

– Әрине, орынсыз тексеру жөн емес.

Өкiнiшке қарай Мамыровтың үмiтi ақталмады. Керiсiнше, институтқа тексерудi бұрынғыдан да үдетiп жiбердi. Меңдiбаев обкомдағы партия белсендiлерiнiң жиналысында белден басты. Көп ұзамай Мамыров қызметiнен босатылды. Жазықсыз қудалауға түсiп, республика көлемiнен тысқары кетуге мәжбүр болды. Ал Әбдiманаповтың факультет намысын қорғап Меңдiбаевқа жазған хаты өзiне сор болып жабысты. Үстiнен жалған айып тағылып, тағдыры тәлкекке түстi.

Республика прокуратурасы Аса маңызды қылмыстық iстер бөлiмiнiң тергеушiсi Болат Құралов қарсы алдында отырған куәгерге тесiле қарап, зiл тастай сөйледi.

– Фамилияңыз?

– Кулшиков.

– Қызметiңiз?

– Талдықорған обкомында Ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң нұсқаушысы.

– Сiз, Әбдiғали Әбдiманаповты бiлесiз бе?

– Иә, бiлемiн. Менiң бажам.

Есiк ашылып, iшке подполковник шенiндегi пәкене бойлы кiсi ендi. Құралов оны Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Темiрхан Шалкенов деп таныстырды да, үзiлген сұрағын қайта жалғастырды.

– Сiз Әбдiманаповқа оқуға түсем деген талапкерлердi алып келедi екенсiз.

– Жалған ақпарат. Ондай болған емес.

– Гүлнарды танитын шығарсыз.

– Ол кiм? Қай Гүлнар?

– Халық шаруашылығы институтының үшiншi курс студентi Азбаева.

Кулшиков iлкiм сәт үнсiз отырды.

– Иә, немере ағамның әйелiнiң алыстан қосылатын туыстарында сондай бiр қыз бар сияқты едi.

Құралов стол тартпасынан бiр парақ қағаз шығарды.

– Мынау сол қыздың бiзге жазып бергенi. Мұнда сiздiң оны Әбдiманапов арқылы қалай оқуға түсiргенiңiз баяндалған.

Кулшиков қолын созды.

– Оқып, танысуға болатын шығар.

– Әзiрге жоқ. – Құралов қағазды тартпаға қайта салды. – Ендi сiз бiзге бәрiн де өз аузыңызбен айтып берiңiз. Әбдiманаповқа пара бергенiңiздi мойындасаңыз, жазаңыз жеңiлдейдi.

– Сiздерге ненi айтуым керек. Болмағанды болды деп пе?

Шалкенов шарт кеттi. Столды жұдырығымен қойып қалды.

– Сен бiздi қалжыңдап тұр деп ойлайсың ба? Жәй айтқанға көнбесең, қолыңа кiсен салып қамаймыз. Сосын өзiң де бұлбұлдай сайрайсың.

Кулшиков сасқан жоқ. Байсалды үн қатты.

– Сiз маған дауыс көтермеңiз. Мен қылмыскер емеспiн. Тергеушiнiң куәге шақырылғанды қорқытып, үркiтiп айтқанына көндiруiне болады деген заң бар ма? Бар болса көрсетiңiз.

Шалкенов ала көзiмен атып, сұқ саусағын ол отырған орындыққа шошайтып, кiжiне сөйледi.

– Мынау орындықта сенен де зорлар отырған. Жоғары қызметiн бұлдап, көкiрегiн қаққандар да болды. Солар iс насырға шапқан кезде, қалай тәубелерiне келiп, бейшара күйге түсiп, “жаздық-жаңылдық” деп жалынып-жалпайғанын көрсең ғой.

– Әркiм өзi үшiн жауап бередi, тергеушi жолдас.

Құралов киiп кеттi.

– Статенин дегендi бiлушi ме едiңiз? – Бетiн тыржитып, жирене қарады. – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң шаруашылық iстер басқармасының бастығы. Сол да бiзге сайраған. Ал, сен кiмсiң?

– Ол кiсiнiң сiздерге айтары болған шығар. Ал менiң айтарым жоқ. Мен қарапайым нұсқаушымын.

Шалкенов қолындағы сағатына көз тастап, бөлмеден шықты. Құрсақов салғыласудан ештеңе шықпайтынын сездi ме, жайдары қалыпқа түстi.

– Жарайды, ақыры ауызша айтқың келмейдi екен, онда хаттама жазуға көшейiк. Ескертемiн, жалған ақпарат берсеңiз, кешiрiм болмайды. Бiз бәрiбiр шындыққа жетемiз.

Тергеушi басу мәшинкасы тұрған шағын столға ауысып отырды. Сұрақтарын қайта қойды. Кулшиков алғашқы жауаптарын қайталады.

– Мына хаттаманы оқып шығып, астыңғы жағына таныстым деп қолыңызды қойыңыз. – Құралов екi бөлек қағазды алдына қойды.

Кулшиков хаттаманың алғашқы бетiне қадалды.

– Тергеушi жолдас, бұрын-соңды мұндай жағдайды басымнан өткiзген емеспiн. Сiз хаттаманың жоғары жағына "Қылмыстық iстер кодексiнiң" мына бабтары, мына тармақтары бойынша куәгер Кулшиковтен сұрақ-жауап алынды деп жазыпсыз. Мен осылардың анықтамаларымен таныссам.

– Оның сiзге қатысы жоқ.

– Кешiрiңiз, мен сол баптар мен тармақтар көрсетiлген хаттамаға қол қояйын деп отырмын. Демек, маған қатысы болғаны ғой.

– Куәгер Кулшиков, мен сiзге тағы айтамын. Бұл тек бiзге қатысты.

– Солай болғанның өзiнде соған көз жеткiзбей қол қоюдан бас тартамын.

Құралов оған бағжия қарап тұрды да, бұрыштағы сейфтi ашып, iшiнен "Қылмыстық iстер кодексiн" алып қолына ұстатты. Сол сәтте iшкi байланыс телефоны безек қақты. Ол тұтқаны құлағына тосты. "Жолдас полковник, тыңдап тұрмын". Арғы жағындағы жан самбырлап әлденелердi сұрап жатыр. "Оның iсi менде. Қазiр сiзге алып барамын". Сейфтен жуан пәпкiнi алып, бөлмеден шығып кеттi. Кулшиков кiтап беттерiн парақтап, әлгi бабтар мен тармақтардың анықтамаларымен танысты. Онда тергеушiнiң куәгер жауабын бұрмалап жазуға, аузына сөз салуға құқы жоқ екенi тайға таңба басқандай анық жазылыпты. Ол кiтаптың басқа да беттерiн аударыстыра отырып, бетпе-бет кездесудiң тәртiбiмен де танысып алды. Содан соң хаттаманы мұқият оқыды. Әлден соң Құралов қайтып келдi.

– Мен мына хаттамаға қол қоймаймын.

– Неге?– Көздерi шақшиып, едiрейе қарады.

– Екi бетте де менiң кейбiр сөздерiмдi бұрмалап жазғансыз.

Тергеушi ашуға булығып, тiк кеттi.

– Сен әр сөзге жабыса берме.

– Неге жабыспауым керек? Хаттама соттың iс қарауына барады.

Құраловтың амалы таусылып, оның айтуымен бiрнеше сөздi қайта өзгертiп түзеттi. Кулшиков қолын қойды.

– Ендi менi Гүлнармен бетпе-бет кездестiрiңiз.

– Беттесесiз. – Хаттаманы байлама жiбi бар пәпкiге салды. – Әзiрге кешкi сағат беске дейiн боссыз.

– Жарайды.

Студентпен бетпе-бет кездесу үйдiң екiншi қабатындағы Шалкеновтың кабинетiнде жүрдi. Гүлнар сонда отыр екен. Қоңырқай өңiнде қан-сөл жоқ. Оңған шүберектей боп-боз. "Мынау сол қыз ба, жоқ әлде басқа бiреу ме?".

Шалкеновтың бет пiшiнi жайдары. Бейне ештеңе болмағандай.

– Гүлнар, мына азаматты танисың ба?

– Танимын. – Күмiлжiп, басын төмен салды.

– Бұл кiсiмен бас араздығың бар ма?

Ол басын шайқады.

– Жоқ.

Шалкенов дәл сондай сұрақтарын Кулшиковке де қойды. Ол Гүлнарды ағайының үйiнен анда-санда көретiнiн, былай етжақын туыс еместерiн қоса жеткiздi.

Тергеушi Гүлнарға жақындап, шынайы жанашыр жандай кейiп танытты.

– Гүлнар, кеше бiзге не айтып едiң? Соны қазiр Кулшиковтың алдында қайтала.

Әлгiден берi iштен тынып отырған қыз одан әрi өзiн ұстай алмады. Екi иығы селкiлдеп, жылап жiбердi.

– Мен бұл ағайға ештеңе бергенiм жоқ. Әкем де пара берген емес.

Шалкенов жорта үнiн жұмсарта сөйледi.

– Гүлнар, ұмытып қалдың ба? Кеше Кулшиков менi Әбдiманапов арқылы оқуға түсiрдi деп едiң ғой.

Қыз солығын баса алмай, кiбiртiктеп жауап бердi.

– Сiздер Кулшиковпен бетпе-бет кездескен кезде солай деп айт дегенсiздер. Содан соң айтқанмын.

Шалкенов мұны күтпесе керек, табан астында аузына сөз түспей ыңғайсызданып жүзiн бұрып жiбердi. Стол үстiндегi графиннен стаканға су құйып iштi де, жiпсiген маңдайының терiн сүрттi.

– Гүлнар, кешегi сөзiңнен тайқыма. Бiзге оны жазып та бергенсiң. – Ойына әлдене түскендей қабағын шытып, аз-кем үнсiз тұрды. – Әлде, мына ағаңнан жасқанып отырсың ба?

Ол көзiнiң астымен тергеушiге қарады.

– Сiздер кеше менi осында түнгi сағат үшке дейiн ұстадыңыздар. Сонда "Бiздiң осы сөздерiмiздi ертең Кулшиковке бұлжытпай айтпасаң, ана түрмеде отырған қылмыскер еркектердiң арасына қамаймыз. Онда жора-жолдастарыңа қарайтын бетiң болмай қалады. Ал айтқанымызды iстесең, дiн аман жатақханаңа қайтасың" деген соң амалсыз көнгенмiн.

Шалкеновтың талағы тарс айырылды. Орнынан атып тұрып, қыздың төбесiнен төнiп, сұқ саусағын безеп, арыстандай ақырды.

– Сен, мына азаматқа кеше жала жаптың. Ондай жағдайда бес жылға бас бостандығыңнан айырылатыныңды ескерткенбiз. Ендi сенi түрмеге қамаймыз. Өз обалың өзiңе.

Қыздың қорыққаны соншалық, бiр уыс болып бүрiсе жиырылып, моншақтап төгiлген көз жасына ерiк бердi.

Бағанадан үнсiз отырған Кулшиковтың бұдан әрiге шыдамы жетпедi.

– Тергеушi жолдас, сiз неге оны қорқытасыз? Аузына осындай өрескел тәсiлмен сөз салуға бола ма? Кешiрiңiз, сiз көрер көзге бетпе-бет кездесудiң тәртiбiн бұзып отырсыз.

Ол жалт қарады. Жанарынан ызғар шашып, зiлдене сөйледi.

– Сiз дәлiзге шыға тұрыңыз. Мына қыз өзiне келгенше, бес минут күтiңiз.

Кулшиков тергеушi белгiлеген уақыттан көбiрек тұрды. Ендi есiктi ашып кiруге ыңғайлана бергенде, арғы жағынан Шалкеновтың өзi шықты.

– Кулшиков жолдас, ертең сағат тоғызда осында болыңыз.

– Кешiрiңiз, ертең келе алмаймын. Бiрiншiден, обком менi мұнда бiр күнге ғана жiберген. Айыбымды мойыныма қойып, қамап қойсаңыздар амалым жоқ. Ал егер қалуға мәжбүрлейтiн болсаңыздар онда мен осыдан шыққан бойда Орталық Комитетке барамын. Екiншiден, мен әлгiнде ғана "Қылмыстық iстер кодексiнен" бетпе-бет кездесудiң тәртiбiмен таныстым. Сiз сол тәртiптi өз ыңғайыңызға қарай бұзып отырсыз.

– Куәгер Гүлнардың өзiн жайсыз сезiнуiне байланысты, тергеу амалдарын ертеңге шегеруге тура келiп тұр.

– Не үшiн? Қызды айтқандарыңызға көндiру үшiн бе? Жоқ, мен бүгiн Талдықорғанға қайтамын. Онда менiң де жұмысым басымнан асып жатыр.

– Бiз сiздi "Жедел хат" арқылы тағы шақыртамыз.

Кулшиков астыңғы қабатқа түсетiн баспалдаққа қарай бет алып бара жатып кiдiрдi. "Ердей келген соң неге бұлардың бастығына жолықпасқа. Өзiм көрген жайды, тергеушiлердiң заңсыз iстерiн ескертуiм керек қой". Ол үшiншi қабаттағы бастықтың есiгiн ашты. Тергеу басқармасы бастығы Шуткиннiң жеке шаруамен келгендердi қабылдайтын күнi екен. Есiк көзiнде отырған әйел алдын ала қабылдауға жазылмағанын, оның үстiне жұмыс уақытының бiткенiн айтып, бастыққа кiргiзуден бас тартты.

Ол келесi дүйсенбiге дейiн күте алмайтынын, бүгiн айтатын шағымы барын, қабылдамаған жағдайда жоғары жаққа баратынын ескерттi. Әйел бастықтың кабинетiне кiрiп, iлкiм сәттен соң қайта шықты.

– Кiрiңiз.

Шуткин арқалы креслоны сықырлата шалқайып, маңғаздана сөйледi.

– Иә, қандай шағыммен келдiңiз?

– Прокуратура – заңның орындалуын қадағалайтын мекеме. Ал бiрақ, сiздiң қол астыңыздағы тергеушiлер куәгерлерден жауап алу кезiнде заңға қайшы келетiн өрескел мiнез танытуда. Яғни, бетпе-бет кездесудiң тәртiбiн бұзуда. – Ол әлгiнде ғана болған жайдан бастықты хабардар еттi. – Егер сiз құлақ аспасаңыз, маған Орталық Комитеттiң Әкiмшiлiк бөлiмiне барудан басқа амал қалмайды.

Шуткин бойын тiктеп, телефон тұтқасын көтерiп, Шалкеновтi шақырды.

– Мына азаматтан неге өрескел түрде жауап алдыңдар? Бетпе-бет кездестiрудiң тәртiбiн неге бұздыңдар?

– Феодор Михайлович, бұл азаматпен бiз өте сыпайы сөйлестiк. – Бетi бүлк етпей тая жауап қатты. – Бұларға бiздiң жауап алғанымыз қай кезде ұнап едi. Сондықтан бiз мұндай жандарға "кiсен салғыш" болып көрiнемiз.

Кулшиков оның мәймөңкiлеген кейiпiне қарап, ерiксiз мырс еттi.

– Сiз маған ертең кел дедiңiз. Сонда мақсатыңыз ертеңге дейiн Гүлнардi қорқытып, үркiтiп, айтпағанын айтты дегiзiп, хаттама жасап, маған қарсы дайындап қою ғой. Бетпе-беттi солай жүргiзуге бола ма?

Шуткин жорта ашуланды.

– Жолдас Шалкенов, мен сендерге тергеудiң тәртiбiн бұзбаңдар деп қанша рет ескерттiм? Қазiр мына азаматты әлгi қызбен қайта бетпе-бет кездестiр. Кiм қалай жауап бередi, хаттамаға солай түсетiн болсын.

Олар тергеу бөлмесiне қайта барды. Гүлнардiң реңi қашып кеткен. Қорланғаны соншалық көз жасын тия алар емес. Кулшиковты көрiп арқаланды ма, салған жерден ашына сөйледi.

– Жаңа ағай бөлмеден шығып кеткен соң, сiз менi түйгiштеп ұрдыңыз ғой. "Сен ендi сотталасың. “Сотталған” деген жаман атың шығады әлi. Содан соң үйленiп көр". Маған сiз түгiлi әкем мен шешем де қолдарын тигiзiп көрген емес.

Шалкеновтың өңi сұрланып, Гүлнарға бағжия қарады.

Екеуiнен сұрақ-жауап қайта алынды.

Гүлнар:

– Менiң Күлшиковке тағар еш айыбым жоқ. Әбдiманаповты сырттай ғана бiлемiн. Ол кiсiмен бұрын-соңды кездесiп сөйлескен жан емен. Мен институтқа өз бiлiмiммен түстiм. Сенбесеңiз пән ұстаздарын шақырып, менен қазiр де емтихан алуларыңызға болады.

Кулшиков хаттаманы оқып шықты. Сұрақ-жауап сол күйiнде түскен екен. Әр беттiң астына екеуi қолдарын қойды.

– Тергеушi жолдас, оқыған көзi ашық маған ойларыңызға келгендi iстемек болдыңыздар. Ал заңнан мақұрым қарапайым жандарға байқаймын бұдан да сорақысын жасайсыздар-ау.

Шалкенов бейне ештеңе естiмеген жандай, хаттаманы стол тартпасына салып жатты.

– Сiз боссыз. Бiрақ, мынаны ескертемiн. Осы жерде болған жайды бажаңыз Әбдiғали Әбдiманапов бiлмеуi керек.

– Кешiрiңiз, бұл менiң өз шаруам. Сiз тыйым салды екен деп, адамгершiлiктен аттап кете алмаймын.

Ол қалалық прокуратурадан шыққан кезде күн еңкейiп қалған екен. Автобусқа отырып, Әбдiманаповтың пәтерiне қарай тартты. Әйелi Зияда: "Әбдiғали әлi жұмысынан келген жоқ" деген соң, бiраз уақыт күтуiне тура келдi. Қызыл iңiрде есiктен кiрген Әбдiғали бажасын көрiп, әдеттегiдей жайраңдай әзiлдеп, құшағына алды.

– Көңiл-хошың жоқ қой. Жәй жүрсiң бе?

Ол қалалық прокуратурада болған жайды түгел баяндады.

Әбдiғали үн-түнсiз тыңдады. Ашаң өңiнен анау айтты өзгерiстiң нышаны байқалған жоқ. Өзiне қатысы жоқ жайды естiп отырғандай, бей-жай отыр.

– Менiң арым да, қолым да таза.

Кулшиков сонда да iшкi қауiпiн жасырмады.

– Аға, сiздiң адалдығыңызға менiң еш күмәным жоқ. Дегенмен, қамсыз отырмаңыз. Олардың аққа қара күйенi жаға салуы оп-оңай екен. Бүгiн соған көзiм әбден жеттi.

– Жанашырлығыңа рахмет, Жазылхан! Бiрақ, мен бiреуден пара алмасам, неден қорқып қамдануым керек? Iшiп-жеп қойғаным тағы жоқ.

Кулшиков түнделетiп Талдықорғанға аттанды.

* * *

Профессор Әбдiғали Әбдiманапов сол жылы қазан айының соңына таман кезектi еңбек демалысына шыққан едi. Әйелi Зияда 30-октябрь күнi Алматы аэропортынан Кисловодскi шипажайына шығарып салды.

Ноябрьдiң сегiзi күнi таңертең Жандосов көшесiндегi 57-үйдiң 55-пәтерiне бiр топ бөгде жандар сау ете қалды. Зияда ұл-қыздарын мектепке дайындап жатқан. Қоңыраудың құлақ тұндырған ащы үнiнен тұла бойы селк еттi. Сумаңдаған бiр суық ой лезде iшкi дүниесiн мұздатып жiбердi. "Апырай, тыныштық болса игi едi". Жан ұшыра есiкке қарай жүгiрдi. Арғы жағындағы аядай дәлiзде түстерi суық бейтаныс адамдар тұр. Алдыңғы екеу iшкi қалталарынан құжаттарын шығарып, бүктеулерiн жазып қолдарын созды.

– Қалалық прокуратураның аса маңызды қылмыстық iстер бөлiмiнiң капитаны Құралов.

– "ОБХС" тергеушiсi капитан Вотинов.

Зияданың жүрегi бiр сұмдықты сездi ме, атқақтап аузына тығылды.

– Сiздерге кiм керек? – Тамағы лезде құрғап, үнi әзер шықты.

Құралов сыздана үн қатты.

– Бұл Әбдiманаповтың пәтерi ме?

– Иә. – Зияда басын изедi.

– Сiз Әбдiманаповтың кiмi боласыз?

– Әйелiмiн.

– Бiз пәтердi тiнтуiмiз керек. Мынау прокуратураның рұхсаты. – Ол жұқа пәпкiсiнен бiр парақ қағаз алып, қолына ұстатты. Артқы жағында тұрғандарды иегiмен меңзедi. – Ал мына кiсiлер куәгерлер.

Зияда парақтағы қысқа жазуға көз жүгiрттi. Көзi бұлдырап оқи алар емес.

Түпкi бөлмеден абыр-дабырды естiп, Әтиман кәрия бой көрсеттi. Бидай өңi қуқыл тартып, келiнi Зиядаға дауыстады.

– Бұл келген жандар кiмдер, шырағым?

– Апа, қалалық прокуратурадан екен. Пәтердi тiнтимiз дейдi. – Үнi жарықшақтанып шықты.

– Баламның ұрлап-жырлағаны болмаса, несiн тiнтидi. – Бұрышта қорқыныштан үрпиген балаларын көрдi. – Немерелерiмдi шошытты-ау түгi.

Вотинов бөлмелердiң ашық тұрған есiктерiнен iшке көз жүгiрттi.

– Сiз бәрiн өзiңiз көрсетесiз бе, жоқ әлде бiз iске кiрiсе беремiз бе?

– Мен сiздерге ненi көрсетуiм керек?

– Қымбат бағалы заттардан не бар? Алтын, күмiс… Сондай-ақ, күйеуiңiздiң қару-жарағы, машинасы, саяжайы.

– Бiзде басы артық ондай заттар жоқ. Күйеуiм қару ұстамайды. Автомашина, саяжайымыз болған емес.

Вотинов жүзiне сұқтана қарады.

– Құлағыңыздағы брилиант па?

– Жоқ, алтын сырға. Күнделiктi ұстанып жүргенiм.

– Жарайды, өз еркiңiзбен көрсеткiңiз келмесе бiз тiнтуге кiрiсейiк.

Олар үй жиһаздарын ақтарып, iшiндегi мүлiктерiн бей-берекет шашып тастады. Айналасы жарты сағатта бөлмелердiң астаң-кестеңi шықты.

Түк таппаған Құралов ызаға булығып, күңк еттi.

– Сендерде бәрi бар деп едi ғой. Қайда сол байлықтарың? Шифонерден алған көнелеу костем-шалбардың қалталарын аударып, ортадағы үйiндiге тастай салды. – Не жеңiл автомашинасы, не саяжайы жоқ. Бұл өзi қандай декан?

Олар пәтердi қанша тiнтсе де қолдарына iлiнер құнды зат таппай аттанып кеттi.

Арада екi күн өткен соң Кисловодскiден Әбдiманапов үйiне телефон шалды. Зияда аптыға сөйлеп, болған жайды жеткiздi.

– Әбеке, ненi бүлдiрiп қойып едiң?

– Зияда, сабыр ет. Менiң бүлдiрген ештеңем жоқ. Ертең ем қабылдауды тоқтатып елге қайтамын.

Ол сол күнi кешкiсiн тағы телефон соқты. Ұшақтың рейс нөмiрiн хабарлап, 15-ноябрь күнi Алматыда түс әлетiнде болатынын айтты.

Ертеңiне Әбдiманаповтың нағашы қарындасының күйеуi Стахан Белғожаев аэропортқа күтiп алуға барған. Алайда үйге өзi ғана келдi.

– Зияда, бұл ұшақта Әбдiғали жоқ екен. Соңғы жолаушы аэропорт жайына кiргенше, есiк көзiнде күтiп тұрдым.

– Аға, жоғы қалай? – Лезде өң-басының қаны қашып, бозарып сала бердi. – Әбдiғалидың осы ұшақпен келмеуi мүмкiн емес. Таңертеңнен берi көңiлiм алабұртып байыз таппады. Ол бiрдеңеге ұрынып қалмаса жарар едi.

Олар әрi-сәрi күй кешiп тұрғанда, телефон шар ете қалды. Зияда сүрiнiп, қабынып телефонға жеттi. Әбдiғали екен. Қоңырқай үнiнде бiртүрлi дiрiл бар.

– Зияда, менi мыналар ұшақтан түскен бойда ұстап қолыма кiсен салды. Қазiр Мате Залка көшесi бойындағы Әуезов аудандық Iшкi iстер бөлiмiнде отырмын.

– Әбеке, бiз қазiр барамыз.

Зияда апыл-ғұпыл термосқа шай құйып, қазанда пiсiп тұрған еттi ыдысқа салды. Олар Iшкi iстер бөлiмiне барған кезде күздiң қысқа күнi көкжиекке қарай құлдырап бара жатыр едi. Ауызғы бөлмедегi кезекшi екiншi қабатты сiлтедi. Орта тұстағы бөлмеден Әбдiғалидың әлдекiмге ашына дауыстап сөйлегенi сыртқа естiлiп жатыр. "Нұреке, неге маған жазықсыз жала жауып отырсыз? Менiң шиеттей төрт балам мен қарт шешем бар екенiн бiлесiз. Ақ дастарқанымнан татқан дәм-тұзымнан да қорықпайсыз ба?". Қасында отырғанның да үнi анық естiлдi. "Жиен, алған ақшаны Мамыровқа бердiм деп жазып бер. Сонда бұлар сенi қазiр-ақ босатады. Тергеушiлерге керегi сен емес, Мамыров".

Зияда елең еттi.

– Апырай, мына таныс дауыс қой. Әбдiғалиды "жиен" деп нарынқолдық жерлесi Нұрмұхан Тәжiбаев ақсақал айтушы едi. Шынымен-ақ бұл сол кiсi ме?

Ол есiктi сәл ашып, iшке басын сұқты. Қарсы бетте өңi ашу-ызадан қарауытып кеткен Әбдiғали отыр екен. Бергi жағындағы мол денелi Тәжiбаев. Дәл соның өзi. Вотинов пен тағы бiреу стол басында қағаз жазып отыр.

Тәжiбаев ұзақ жылдар бойына сот саласында қызмет еткен. Зейнетке шыққан соң Нұрғали Мамыров бiрауыз өтiнiшiн жерге тастамай институттың кадр бөлiмiне қызметке алады. Ал Әбдiманапов оның үлкен басын сыйлап, пәтерiне түстiк асқа жиi ертiп келетiн. Бойы ортадан аласа, толық денелi сары кiсi. Дастарқан басындағы екi сөзiнiң бiрi — "жиен, жиен" болатын.

Тәжiбаев:

– Әй, Әбдiғали, ақылға келiп айтқанды iсте. Тутаеваны оқуға түсiру үшiн Тәжiбаевтан алған үш жарым мың сомды Мамыровқа мына күнi, мына жерде бердiм деп жазып бер. Сонымен iс бiтедi.

Әбдiманапов:

– Мен сiзден ондай ақша алғаным жоқ. Үлкен басыңызбен маған неге жала жабасыз. Iстемеген iсiмдi iстедiм деп, Мамыровқа нақақтан-нақақ жала жауып, қалай жер басып жүремiн.

– Жиен, басқаны қайтесiң. Өз жайыңды ойла. Алтын басыңды мың әуреге салмай-ақ қойсайшы.

– Нұреке, бүгiн атқызып жiберсең де мен Мамыровқа жала жаба алмаймын. Оған менiң адамдық арым жiбермейдi.

– Ойлан, жиен, ойлан.

Екеуiнiң салғыласуы сап тыйылды. Бөлмеден Вотинов шығып, оларға кiруге рұқсат бердi. Әбдiғали әлi де сабасына түсе алмай ентiгiп отыр. Өңi өрт сөндiргендей. Кең кеудесi бiр iсiнiп, бiр басылады.

– Зияда, мыналардың маған қандай айып тағып жатқанын сен бiлiп ал. Нағашым деп жүрген Тәжiбаев үстiмнен қалалық прокуратураға арыз түсiрiптi. Осыдан екi жыл бұрын комендант жиенi Қожанова Түркiстаннан келген Тутаева деген туысын институтқа Тәжiбаев арқылы түсiрмекшi болған екен. Тәжiбаев одан үш жарым мың ақша алады да, оны Мамыровқа алып барып бер деп, маған тапсырыпты-мыс. Ал мен ол қызды үлгерiмi нашар болған соң, институттан шығарып жiбергенмiн. Менiң бұл iске қатысым болса, неге сол қызды оқудан шығарамын? Мамыров неге қарсы болмады? Маған таққан айыптары еш шындықпен жанаспайды. Оның қып-қызыл қиянаты жанымды күйдiрiп отыр.

Зияда тергеушi Вотиновқа:

– Әбдiғали талапкерлермен жұмыс iстемейдi. Олардан емтихандарды әр институттан келген оқытушылар алады. Оқытушылар тек Қабылдау комиссиясының төрағасына бағынады. Әбдiғали оқуға түскен талапкерлерге ғана ие. Ал мынаған оның еш қатысы жоқ.

– Бiз әлi оны анықтаймыз. – Вотинов сағатына қарады. – Сiздердiң кездесу уақыттарыңыз бiттi.

(Жалғасы бар)

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары