БАЛАНЫҢ БЕСIГI – КЕҢ ДҮНИЕНIҢ ЕСIГI

БАЛАНЫҢ БЕСIГI – КЕҢ ДҮНИЕНIҢ ЕСIГI

БАЛАНЫҢ БЕСIГI – КЕҢ ДҮНИЕНIҢ ЕСIГI
ашық дереккөзі
205

Мультфильмдерiмiздiң көркемдiгi неге төмен?

"Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi", – деген халық даналығы. Бүгiнде бұл дана ойдың астарына үңiлiп, өмiрлiк тәжiрибеде сараптап, саралап жүргендер сирек. Заман талабына сай компьютерлiк технологиялар басты қажеттiлiкке айналуда. Осыған орай, бала тәрбиесiнде де компьютер, теледидарлардың ықпалы зор.

Бала тәрбиелеу – күрделi iс. Бүгiнгi сәби – ертеңгi ел тiзгiнiн ұстайтын азамат. Төле би: "Баланың бесiгi – кең дүниенiң есiгi", – деп бекер айтпаса керек. Қазiргi қоғамда ұрпақ өсiруде ата-ананың тәлiмi жеткiлiксiз. Себебi, интернет, теледидар сынды қосымша құралдар тәрбие iсiне кiрiгiп кеттi. Әрине, "заманына сай адамы", – деймiз. Бiрақ сол заманға икемделемiз деп жүргенде, ұлттық құндылығымызды жоғалтып алмаймыз ба?

Өткен ғасырда ана-әжелерiмiз бөбектерiн ертегi-дастандармен сусындата тәрбиелесе, жаңа заманда бұлардың орнын мультфильм алмастырды. Әрине, мультфильмдердiң де болғаны дұрыс. Бiрақ, бұл жерде әңгiме шетелдiк емес, өзiмiздiң қазақылықты насихаттайтын тарихи-танымдық мультфильмдер жайлы. Мультфильм – ұлттық құндылығымызды ұрпаққа сiңiруге ықпал ететiн әсерлi әрi тиiмдi құрал. Өкiнiшке қарай, бiздiң елде керiсiнше, бұл "құралды" орнымен пайдалана алмай отырғанымыз рас. Ұлттық арналарымызды ылғи шетелдiк мультисериалдар жаулап алған. Не түр, не ұсқыны жоқ "құбыжықтардың" бейнесiн көрiп өскен баланың дүниетанымы қалай қалыптаспақ? Тiптi, мұндайды көрiп есейген бала адам атаулыны да жат қабылдауы мүмкiн ғой. Мәселен, "Spongbob", "Шрек" секiлдi мульткейiпкерлерiне назар салсақ, ол бiр жансыз дүние. Бiрақ, сәбидiң түсiнiгiнде бұлар ең керемет кейiпкерлер болып қалыптасқан. Қазiрде кеңiнен таралған "Nikelodeon", "Jetix" сынды шетелдiк арналар балалар санасын улап бара жатқаны соншалық, тiптi, бұл арналарды көрiп жүрген жас балалардың бiразы жан-жақта болып жатқан оқиғалардан беймарал күй кешiп, айғай-шуды да естiмейтiн халге жеткен. Шетелдiк көптеген сараптаулардың нәтижелерi осыны көрсетуде және бұған алаңдаған қоғамдық күштер көптеген елдерде қазiр де дабыл қағуда. Мультфильм көрiп өскен жеткiншек, өмiрге де мульт кейiпкерi ретiнде қарайды. Мәселен, "Өрмекшi адам", "Наруто" болам деп бiр-бiрiн қылыштаудан тайынбайтын қаныпезер жастарымыздың өспесiне кiм кепiл?! Дүниетанымы ендi қалыптасып жатқан сәбидiң көкiрек көзiн осындай шетелдiк санамен оятар болсақ, келешегiмiз не болмақ?! Мультфильм сынды тиiмдi тәрбие құралын бiзге неге оңды пайдаланбасқа? Егер шетелден сұмдық бiр дүниенi өндiргiмiз келсе, онда техникалық жабдықтарын игерейiк.

Батыс мультфильмдерi бояу қанықтығымен, қызықты кейiпкерлерiмен, шытырман оқиғаларымен баланы бiрден елiктiрiп әкетедi. Сондықтан әрине, мұндай түрлi-түстi, әсерлi дүниенi жанына жақын тұтып, көрген-естiгенiн үйренуге тырысады. Бiздiң жас бүлдiршiндердiң не үйренiп жатқандығы көптеген адамдарды ойландырмайды-ау. Сонымен қоса, жастар – ел болашағы деймiз. Қоғам әлем сахнасында бiрiншiлiкке шығуы үшiн, алдымен оның iргетасын берiк етiп қалау қажет. Мұндағы қоғамның iргетасы деген де жастар мен ұрпақ тәрбиесiне сайып келедi. Дегенмен, мұның бәрi ескерусiз жабулы күй кешуде.

Көпшiлiк мультфильм iсiнiң елiмiзде дамымауын маман жетiспеушiлiгiнен деп болжайды. "Маман жетiспейдi" десек қателескенiмiз болар. Себебi, Әмен Қайдаров, Аманжол Әбiлқасымов, Әбдiқадыр Сабыр, Болат Омаров сынды ағаларымыз осы саланың үздiгi десек те жарасады. Тек ол кiсiлердiң сапалы еңбектерiн телеарналар көпшiлiк назарына ұсына алмайды екен. Себебi неде? Ал аниматор – мультипликаторлардың туындысын халыққа ұсынбаса, мұндай мамандардың бар екенiн ел қайдан бiлсiн? Қазiргi телеарналардың қазақ мультфильмдерiн шығаруға қаржылары жетiспейдi. Көп айтатын сылтаулары – сол. Неге екенiн ешкiм тереңдеп түсiндiрмейдi де. Соңғы жылдары түсiрiлген бiраз мультфильмдердiң ешқандай сын көтермейтiнi тағы бар. Есесiне, түрлi атыс-шабыс фильмдердi кiрiстiргенде бүкiл телеарналар алдына жан салмай, жарыса қимылдайды. Мультфильм тек жылтыраған дүниелерiмен, түрлi-түстi бояулармен ғана шектелмеуi керек, сонымен қатар, мiндеттi түрде бала психологиясына сай идеясы болуы тиiс. Шетелдiк мультипликаторлар мұны мейлiнше жақсы меңгерген. Олардың мультфильм жасаушы топтарын тек суретшi -аниматорлар ғана емес, сонымен қоса психолог мамандар құрайды. Мұндай бiрлескен топты үкiмет қаржыландырып отырады. Осы тұста, мультфильм саласының үздiгi, аниматор-мультипликатор Әбдiқадыр Сабыр: "Қазақ мультигi қазақ халқына керек болғанымен, қазақ өкiметiне керек емес", – дейдi. Яғни, бiздегi мультфильм iсiнiң мүшкiл халiн, үкiметтiң қаржыландыруы, ден қойып, көңiл бөлуi ғана реттей алады дейдi мамандар. "Құтжол" студиясынан шыққан "Өрлiк дастаны", "Райымбек батыр", "Қобыланды батыр" сынды тарихи-ерлiк жырларына ұлттық арнамыздан орын табылмауы қынжылтады. Жастардың бойына ұлттық рух, қазақылық иiс сiңiретiн мұндай туындыларды тек "Алматы" телеарнасынан ғана тамашалайтынымыз аздық етедi.

"Үлкеннiң мың қуанғанынан, баланың бiр күлгенi артық", – дейдi. Ал баланың мерейiн ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып арттырсақ, нұр үстiне нұр болар едi.

Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, ҚазҰУ II-курс студентi

Серіктес жаңалықтары