ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТӘУБЕ!

ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТӘУБЕ!

ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТӘУБЕ!
ашық дереккөзі
206

Қаз дауысты Қазыбек би кезiнде:

"Қазақ деген халық –

Мал баққан елмiз,

Жерiмiздi жау баспасын,

Елiмiзден құт қашпасын, – деп,

Найзамызға үкi таққан елмiз.

Бiрақ басымыздан намысты асырмаған елмiз.

Әкенiң айтатын өсиетi балаға,

Баланың беретiн анты анаға:

Арымнан жаным садаға!" – деген екен.

Иә, бiз осындай ел едiк. "Қазақ" деген атымыздың өзi "еркiн", "ерiктi" дейтiн ұғымды бiлдiретiн аяғы тұсаусыз, басы ноқтасыз жұрт едiк. Ерiктi, еркiн болған соң Едiл мен Ертiс арасын ен жайладық, шет қондық. Ат аяғы жол болды, мал тұяғы iз болды. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы мiнезбен көршi елге көз алартпай, қоңсыға қол жiбермей, шошайған мылтық көрмесе шоқпарын бұрын көтермей берекелi, бейбiт күн кештiк. Зындан қазбадық, түрме салмадық. Елдiң тентегi мен телiсiн темiр бұрау, қыл бұраусыз-ақ түзедiк. Күш-қарудың үлкенi сөз едi. Сөз бiлген жан көсем болды. Көсемi – шешен, шешенi – би болды. Би сөзiне қараны қойып, хан да жығылған халық едiк.

Қазақта осындай қасиет көп едi: ата дәстүр жол едi, үлкеннiң сөзi жөн едi. Амал не, алтынның ендi ұнтағы, асылдың тек жұрнағы қалды. Сол жұрнақтан да жұрдай болмай тұрғанда ес жиғандаймыз, әйтеуiр. Тәубе деймiз, Тәуелсiздiкке! Бiрақ шүкiршiлiкке тағы ерте. Тыныштығын берсе Алламыз, нан табылар, дәм болар, ал санадағы сырқатқа не ем болар? Мысқалдап кiрiп, батпандап сiңген кесел бiзде аз ба екен. Тiл десе, тiл тiстеймiз. Дiн десе, бас шайқаймыз. Жасқаншақ, жасық, жағымпаз қылық және бар. Айта берсек, мiнiң көп. Мiнi көптiң – мұңы көп. Мұндай күйге қалай түстiк, япыр-ау?

Амалсыз тарих бетiн ашасың, тағдырластар iздейсiң.

Үндi елi ағылшындардан азат болған кезде Джавахарлал Неру: "Бiздiң халық ұзақ жылғы отарлық езгiде талай асылын жоғалтты. Солардың арасынан таяу арада таба алмайтын бiр асыл қасиетiмiз бар. Ол – халықтың рухы", – дептi.

Бiздiң хал де осындай. Жо-жоқ, қазақтың соры бұдан да қалың тегiнде. Үндiлер қорлықты – қорлық, зорлықты – зорлық деп бiлдi. Отаршылдың он сан озбыр қылығын олар бетiне айтқан бедiрейiп тұрып. Ал бiз жерiмiзге қаптатып қамал салып жатса да Ақ патшаны "пана" көрдiк, қалың жұртын "аға" дедiк, кейiн "ұлы" деп бiр-ақ тындық, дегiзбеске қоймады. Саясаты сайқал, бет-пердесi қалың, күшi мығым едi. 1731 жылы Әбiлхайырға да "пана" болып көрiнiп, бодан қылып алған соң ақырын-ақырын мысықтабан жүрiспен, бiлiнбес улы тыныспен батыстан жайлап сұғынып, терiстiктен келiп тор құрды. Амалын тапты, қамалын салды. Жүз жылға жуық өстiп жылжи-жылжи жақындап алып, 1822 жылы ақыры жалғыз ғана құжатпен елдiгiңнен айырып, қанатыңды қайырды. Ол құжат – "Сiбiр қазақтары туралы Устав" едi. Осы устав бойынша қазақ халқының түпқазығы iспеттi Орта жүздi бөлшектеп-бөлшектеп, сегiз округке бөлдi де тастады. Хандық құрылым жойылды. Бұдан әрi:

"Жапалақтан сескенген,

Жалғыз қазда үн бар ма?

Хандарынан айырылған,

Қараша үйде сән бар ма? –

Қайран есiл хандарды,

Ендi бiр көрер күн бар ма? – дейтiн күн туды (Нысанбай).

1723 жылғы әйгiлi жоңғар шапқыншылығында ел ақтабан болып шұбырып, тоз-тозы шығып кеткенмен тұтастығынан мүлде айырылған жоқ едi. Ал мына Уставтан соң… Қаймана қазақтың басын қайтадан қосу арманға ғана айналды. Бұрын жау қуатын дәстүр ендi дау қууға бет алды: Аға сұлтан сайлау… Болыс сайлау…Шырға тастау – Арыз айдау… Рулық қырқыс… Аталық тартыс… Мiне, "Сiбiр қазақтары туралы Уставтың" қазаққа тартқан "тамаша сыйы" нақ осы. ("Жемiсiн" әлi жеп жүрмiз?!)

Бұдан соң 1864 жылы "Жаңа низам" жарық көрдi де, ел аға сұлтандығынан да айырылып, орыс ояздардың қармағына iлiктi. Оның жерiңе егiп кеткенi: парақорлық, жемқорлық, жағымпаздық секiлдi қара сора тамыры.

Бәрiн айтпа, бiрiн айт – қарашекпен қонған жерiңдi, казак-орыс басқан төрiңдi айт. Бұл қасiреттi ХIХ ғасыр ақын-жырауларынан артық айтар дәрмен жоқ бiзде.

"Едiлдi тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны – ойдағысы болғаны.

Аңғарсаңыз, жiгiттер,

Бiр қырсықтың шалғаны", – дейдi көреген Мұрат Мөңкеұлы.

"Адыра қалғыр Сарыарқа,

Болмайын дедi баянды.

Едiлдi алды, елдi алды,

Есiлдi алды, жердi алды.

Ендi алмаған нең қалды?!

Көшейiн десең жерiң тар,

Қамалып қазақ сандалды", – дейдi Шортанбай Қанайұлы.

"Есiл, Нұра екi су,

Еңкейiп одан бетiң жу.

Бiрiң – шекер, бiрiң – бал,

Қай бiрiңдi айтайын!

Бетеге, көде, жауылша,

Шулап тұрған бәрiң бал.

Кетейiн деп кетпедiм,

Алып кеттi кәпiр қу!" – деп жылайды Күдерi қожа Қарқаралымен қоштасарда.

– Мұндай зарды тiптен XVIII ғасырдың аяғында Бұқар жырау да, ХХ ғасырдың басында Нарманбет Орманбетұлы, Ақан серi Қорамсаұлы, Мағжан Жұмабайұлы да айтқан. Айтқанда көз жастарын көл еткен. Ал қара сөзде бұны қаймықпай жеткiзгеннiң бiрi – Сабыр Шәрiпов. Оның "Алтыбасар" атты деректi повесiн жыламай оқу мүмкiн емес. Сол шығармадағы мына екi эпизодқа қараңыз.

Қазақ жерiне қоныстана бастаған қарашекпендердiң алғашқы сиқы мынау: "Орыстардың бала-шағасы, арасында кәрi-құртаңы да бар, сиыр сауып, сүт сұрап iшiп тұр… Қотанда төбелесiп жүрген орыстардың төрт-бес баласына көзiм түстi, кiшiрек баланы үлкенiрек бiреуi жүнi барырақ жерден қуғанына кiшкене бала ызаланып жылап жатыр".

Бұдан кейiн жетi жыл өткенде:

"… Ешкiмнен қорықпай, қай жер болса сол жерге еркiмен қонып, мезгiлiмен көшiп, қазақ байғұс жүре берушi едi. Түстiк жерге түседi, көш жерге жылқысы шыққанда бiреудiң егiнiнен түсер-ау, шабынын басар-ау деген кiмнiң ойына келген. Алдыңдағы заманың сондай деп бiреу айтса, оған кiм нанушы едi… Ендi, қарашы, кешеден берi келе жатырмыз, жан-жағымызға қарамай, үрiкпей, қорықпай бiр минут жүрдiк пе? Анау қаланың егiнi, мынау қаланың шабыны. "Қайда барсаң Қорқыттың көрi", таяқ шаншыр жер қалды ма? Уа, дариға-ай", – деп Ахмет өксiп жылайды. (С.Шарипов. Шығармалар жинағы. II том. 101 және 125-беттер. "Жазушы". 1982).

Қазақ жерiнде өстiп қаптап кiрiп алған қарашекпен, казак-орыстардың бүгiнгi ұрпағы да ендi жер даулайды шiмiрiкпей. Олардың қолтығына мезгiл-мезгiл су бүркiп қояды Солжиницын сияқтылар. Мұндай басбұзарларға бiздiң айтарымыз: 1891 жылы патша "Дала ережесi" дегендi шығарып, қазақ жерiн мемлекеттiк меншiк деп жариялаған арсыздықпен. Бұған дейiн қазақтың 17 миллион десятина жерiн ың-шыңсыз басып алса, Ережеден соң (Қазан төңкерiсiне дейiн) 28 миллион десятина жерiн зорлықпен тартып алған. Барлығы 48 миллион. Осынау ұлан-ғайыр жердi босатып бер деп жатқан кiм бар, оданда ынтымақ шырқын бұзбай бос сөйлеме дегенiмiз жөн болар.

Осы сөздердi айта алғанымыз үшiн де Тәуелсiздiкке тәнтiмiз!

Тарихымызға бойлап, тегiмiздi iздеп, асылдарымызды аршып, ұлттық санаға самала жарық түсiре бастағанымыз үшiн де Тәуелсiздiкке тағзым етемiз!

Бәрiнен бұрын… жасыған жiгердi жанып, мұқалған қайратты қайрап, өзгенiң көзiне тiк қарап, езiлген еңсенi көтере бергенiмiз үшiн де Тәуелсiздiкке тәубе деймiз!

Тәуелсiздiкке дейiн бiз кешпеген тайғақ, бiз өтпеген соқпақ жоқ. Ендiгi жолымыз түзу болса екен деймiз!

Түзу жолда көшiмiз көлiктi, басымыз ерiктi бола берсе екен деймiз!

(Бұл материал 1992 жылы ел Тәуелсiздiгiнiң 1 жылдығына орай жазылған)

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары