ЖАЛЫН АЛДЫНДАҒЫ ҰШҚЫНДАР

ЖАЛЫН АЛДЫНДАҒЫ ҰШҚЫНДАР

ЖАЛЫН АЛДЫНДАҒЫ ҰШҚЫНДАР
ашық дереккөзі
289

Желтоқсан — жан жарасы. Қаншама өрiмдей жастар ел еркiндiгi үшiн өз өмiрлерiн қор еттi. Алайда, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi бiрден бола қойған жоқ. Қызыл империяның қысымына, зорлығына, қитұрқы саясатына қарсы одан бұрын да жастар толқулары, наразылықтары болған. Олар наразылықтың ұшқындары едi. Ал Желтоқсан солардың жалынды көтерiлiсi болып лаулады.

Төменде Желтоқсанға дейiн және содан кейiн ел iшiнде болған жайлардан қысқа мысалдар өрбiтiп отырмыз.

* * *

Жолбосын Шайқақов ұзақ жылдар Қазақ ССР Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнде қызмет еткен жан. Майор шенiнде зейнеткерлiкке шығып, мәдениет саласында қызмет еттi. Бертiнде ғана өмiрден озды. Оның МҚК-де жүргенде Кеңес өкiметiнiң отарлау саясатына жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң наразылықтарын бiлдiрген оқиғаларын өз көзiмен көрiп, куә болған жағдайы бар екен.

"Желтоқсан көтерiлiсi бiрден бола қойған жоқ, – дептi ол Жұмаш Кенебайға ("Дата недели" 17 желтоқсан, 2004 жыл) берген сұхбатында. "–Сол Желтоқсанға дейiн қазақ жастары "Бостандықты қалай аламыз? Бодандықпен қалай күресемiз?" деген сияқты үнемi сұраққа жауап iздеумен жүрдi. Мұндай ой оларда баяғыда-ақ, тiптi Кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарынан iштерiнде пiсiп, жетiлiп жатқаны рас едi. Солардың бiрiне өмiрлерi қуғын-сүргiнде өткен сонау "Алаш" көсемдерiнiң асқақ идеялары мысал болады", – деп, кезiнде өзi тiкелей араласқан жастар наразылығынан бiрнеше мысалдар келтiрген.

1960 жылдар ҚазМУ-дың Виноградов көшесiндегi жатақханасында тұратын студенттер "Жас қанат" ұйымын құрып, тың көтеруге қарсы көпшiлiкке үнпарақтар таратқан. Үнпарақтарда тыңның қазаққа келтiрер қасiретi, оның астарында Мәскеудiң жерiмiздi орыстандыру саясаты жатқаны ашып жазылған. Соған қарсы шаралар ұйымдастыруды үгiттеген "Жас қанат" ұйымының жетекшiлерi Сұлтан Оразалин мен Дүкенбай Досжан болды. Олардың бұл iстерi кейiндеу МҚК-iне жетiп, солардың назарына iлiнедi. Комитет қызметкерлерiнiң қатаң бақылауынан кейiн жасқанаттықтар өз жұмысын тоқтатқан. Комитет мұрағатында бұл туралы құжаттар бар.

1970 жылы Алматы мен Фрунзеде (қазiргi Бiшкек) "Заман" деген лақап атпен үнпарақтар таратылған. Үнпарақтар қазақ тiлiнде жазылыпты. Онда: "Мәскеуден келген басқыншылардан құтылайық!", "Қазақтар, бiрiгейiк! Өз байлығымызға өзiмiз ие болайық!" деген тағы да басқа да ұранды сөздер бар. МҚК-нiң қызметкерлерi ұйымдастырушыларды қанша iздесе де анықтай алмаған.

1973 жылы Алматының Мұхтар Әуезов атындағы драма театрындағы кезектi қойылымда күтпеген жай орын алған. Қазақ мемлекеттiк университетiндегi тарих факультетiнiң студенттерi "Сары Арқа" деген ұйым атынан көрермендерге үнпарақтар таратқаны есiмде. Үнпарақтарда тәуелсiз ел болуды, бодандықтан құтылу үшiн күресу керектiгi жазылған. Сол үнпарақтардың артында кiмдер тұрғанын жақсы бiлемiн, оларды кейiн сәтi келгенде атап та айтармын. Әзiрге ертелеу…

Мәскеудiң немiс автономиясын құрмақ идеясына Целиноград қаласындағы қазақ жастарының 1979 жылы 15-17 маусымда наразылықтарын бiлдiрiп, қала алаңына шығуы Желтоқсанға дайындық деп қарап, үлкен мән беру керек, – дейдi Шайқақов. – Сол кезде МҚК-де жастар iсiн бақылау бөлiмiнде iстейтiндiктен, бұл iспен тiкелей айналысқан едiм. Жастардың бұл ереуiлi КПСС ОК қабылдаған қаулыны жүзеге асырмай тастады. Мәскеуден МҚК-нiң төрағасы Андроповтың орынбасары Филипп Бобков Целиноградқа келiп, жастар наразылығына ден қоймаса қалың ел құлақтанып, бұл мәселенiң асқынып кететiнiн сезiп, жоғары басшылыққа жеткiзген. Содан кейiн ОК өз қаулысынан бас тартуға мәжбүр болған. Сол Бобков кейiн 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсiн басуға қатысты.

* * *

1969 жылдың қазаны. Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернаттың Арман Қаниев бастаған 9 сынып оқушылары "Жас ұлан" атты жасырын ұйым құрған. Олар ұйымның жарғысын жасап, алда атқаратын жұмыстарын жоспарлап, iске кiрiседi. Кәдуелгi оқушының тор көз дәптерiне "Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар. Сендер ғасырлар бойы еркiндiк аңсаған қара түнек қанды жылдарда бақыт аңсаған елсiңдер…", – деп басталған үнпарақтар жазып, ел-жұртты отаршылдық езгiге қарсы бас көтеруге шақырады. Ермак (қазiргi Ақсу), Екiбастұз қалаларындағы қазақ жастарын өз қатарларына тартып, сол жерлерден бастауыш ұйымдарын да құрған.

Жасұландықтар 1970 жылы Павлодар қаласында өтетiн 1 Мамыр – халықаралық ынтымақ күнi мерекесi шеруiнде "Қазақ мектептерi мен балабақшалары ашылсын!" деген ұранмен шығуды ұйғарып, дайындық жұмыстарына кiрiседi. Алайда, бiреулер мұны бiлiп қалып, мектеп басшыларына, комсомол ұйымына жеткiзген. Көп ұзамай бұл хабардан қалалық Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi (МҚК) құлағдар болып, iстi өз қолдарына алған. Оларды жауапқа тартып, кәмелеттiк жасқа толмаса да мемлекеттiк қылмыс жасағандар деп айыптап, сергелдеңге салады. Дегенмен, iстерiн сотқа өткiзуге сол кезде ушығып тұрған халықаралық жағдайдан қаймығып, тiптен баспасөзге де хабарын бергiзбейдi.

СССР мен АҚШ қырғи-қабақ соғыс жағдайында едi. Егер жасұландықтардың iс-әрекетi барша жұртқа жариялық сипат алып кетсе, кiрпiк қақпай аңдып отырған шетелдiктердiң "Мiне, Кеңестiк жүйеге мектеп оқушыларының өзi қарсы" деп шу көтерерi анық болатын. Бұл компартияға абырой әпермейдi. Сондықтан да комитет жастардың бұл наразылықтарын жөргөгiнде тұншықтыруды жөн көрген. МҚК-нiң қызметкерлерi қалалық партия комитетi басшыларымен келiсе отырып, жасұландықтарға жаза қолдануды мектеп әкiмшiлiгi мен комсомол ұйымына жүктегендi жөн көрсе керек.

Мектеп-интернат комсомол ұйымы жасұландықтарды сын астына алып, комсомол қатарынан шығару жөнiнде қалалық комсомол комитетiне ұсыныс жасаған. Сондай-ақ, "Мектеп-интернаттың режимi мен тәртiбiн өрескел түрде бұзғандықтары үшiн" деген дәйекпен Болат Кәкежановқа, Сембай Құсайыновқа, Қайрат Қабылбековке және Алтын Махметоваға қатаң сөгiс берiлiп, есеп кәртiшкесiне жаздыруды ұйғарған. Жиналыс, талқылау мұнымен бiтпедi. Мектеп әкiмшiлiгiнiң, ата-аналардың жиналыстарында, педагогикалық кеңесте қайта-қайта талқылаудан өтiп, жасұландықтарға үстi-үстiне соққы берiлiп жатты. Олардың сағын сындырып, бұдан кейiн бас көтермейтiндей жағдайға келтiрудi көздедi. Мектеп әкiмшiлiгi жиналысында оларға айтылмаған жағымсыз сөз қалмады.

"…Бұлар айрандай ұйып отырған ұлттар арасына iрiткi салмақшы болған арандатушылар… Баяғы хандық дәуiрдi көксеушiлер… Ендi Қазақстанның Ресейден бөлек ел бола алмайтынын ұқпайтын жетесiздер… Кешегi ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың сорақы iстерiне елiктеген сорлылар… Интернаттың тегiн тамағын iшiп, империалистердiң сөзiн сөйлеген арамтамақтар… Ат төбелiндей аз ғана "қаниевшiлер"… Жасұландықтар қай жиналыста да осындай балағат сөздерден көз ашпады. Тiптен физика пәнiнiң мұғалiмi Омаров шаш ал десе, бас алатынның нақ өзi екен. Ол жиналған көпшiлiктi өзiне қарата қатты дауыстап: "Егер маған Сталин заманындағыдай билiк берсе, бұл балаларды ата-аналарымен қосып қойып, өз қолыммен ататын едiм", – дегенде, жұрттың шошынғаннан төбе шаштары тiк тұрды. Жоғары бiлiмдi педагогтан мұндай сорақы сөздi кiм күткен. Жастарды айыптап сөйлегендердi залда отырғандардың бәрi бiрдей қолдап, қоштаған жоқ. Көпшiлiгi үнсiз қалды. Iштей жасұландықтар жағында екендiгi өңдерiнен көрiнiп тұрды. Бұл – жасұландықтарға күш-жiгер берiптi. Кiнә тағушылардың әлгi сөздерiнен қорқып, үркiп сақтары сынбады. Педагогтардың да бәрi бiрдей қаралап сөйлеушiлердi қолдамаған. Қайта араларынан қаладағы №10 қазақ орта мектебi ән сабағының мұғалiмi Рахметхан Нұрбасаров жастарды қолдап сөз сөйледi. Оны сол үшiн МҚК қызметкерлерi "Ленин комсомолы деген атаққа сай келмейтiн iс-әрекетi үшiн" деген айыппен комсомол қатарынан шығарып, ұстаздық жұмысынан шеттеттi. Жасұландықтарға өз ұйымдары жайында және комитетте жауап алудан өткендерi туралы ешкiмге ауыз ашып айтпауды қатаң ескерткен.

1970 жылы сәуiрде Павлодор қалалық комсомол комитетiнiң Зайченко төрағалық еткен бюрода №3 мектеп-интернаттағы жасұландықтардың мәселесi қаралып, мектептiң бастауыш комсомол ұйымы ұсынған жазаны бекiттi. Бюроның №4 қаулысына "Ұлттық саясат мәселесiндегi идеялық-саяси қателiктерi үшiн" деген анықтама айыппен Арман Қаниевтi, Рашит Бейсекеевтi, Айгүл Жүнiсованы және Гүлбаршын Әлиеваны комсомол қатарынан шығарды. Ал мектеп-интернаттың директоры С.Құспанов оларды жазалаудан қалыс қалған жоқ. Арман Қаниевке, Сембай Құсайыновқа, Қайролла Кәженовке және Саниал Мусинге өз ерiктерiмен оқудан шығу жөнiнде өтiнiштерiн жаздырған. Солай жастардың болашағына балта шапқанын жұрт жақсы бiледi. Содан бастап олар қалалық МҚК-нiң қатаң бақылауында болды. Талай жерлерде жолдары кесiлiп, тағдырдың тәлкегiне түстi.

МҚК қызметкерлерi сексенiншi жылдардың басында: "Бiз кезiнде жастардың "Жас ұлан" жасырын ұйымын әшкерелегенбiз" деп жар салғаны бар. Сөйтiп олар өз құпияларын өздерi ашқан едi. Содан соң облыс көлемiндегi мерзiмдiк басылымда жасұландықтар туралы мақалалар жарияланды.

* * *

1987 жылдың наурызы. Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушыларды жаппай жазалап жатқан кез. Қазақ жастарына деген сенiмсiздiк барлық жерде өрiс алған. Мақсат Байжiгiтов Алматының Киров атындағы машина жасау зауытында үш жылдан берi жұмысшы болып еңбек етуде. Зауытта қазақ жастары аз. Жоғары басшылық қызметте бiрде-бiр қазақ жастары жоқ. Тек Болат Созақбаев қана бригадир. Жасы отыздың үстiнде. Он жылдан астам пәтер кезегiнде тұрған ол, әне-мiне құрылысы бiткелi тұрған үйден пәтер алайын деп жүрген. Кәсiподақ комитетiнiң кезегiндегi тiзiмде оның фамилиясы ең басында тұрды. Алайда, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн оған көз алартушылар көбейiп, зауыт басшылары тырнақ астынан кiр iздейтiндi шығара бастады.

Созақбаевты туған күнiмен қаладағы бiраз достары жалдап тұрған пәтерiне барып құттықтайды. Олар кешкi аста аздап ащы судан татып, көңiл көтерген. Ертеңiне Созақбаев жұмысқа сергек келiп, күнделiктi шаруасына кiрiседi. Бригададағы жiгiттердi жұмысқа жұмылдырады. Солардың бiрi түскi үзiлiсте цех бастығы Каморовқа бригадир түймедейдi түйедей етiп жеткiзген. Ол Созақбаевқа келiп: "Сен неге жұмысқа iшiп келгенсiң?" деп бас салып ұрсып, директорға алып барады. Директор Тимофеев сол бойда зауыт әкiмшiлiгi мен кәсiподақ комитетiнiң жиналысын шақыртып, Созақбаевтың мәселесiн қарайды.

Тимофеев: "Сен арақ iшiп жұмыс тәртiбiн бұздың. Кешегi Желтоқсан оқиғасында сен сияқты маскүнемдер арақ iшiп, алаңға шығып, экономикаға үлкен шығын келтiрдi. Сен де сол желтоқсандықтардың бiрiсiң" деп аузына түскен сөздi аталасын кеп бiр. Цех бастығы да, кәсiподақ комитетiнiң төрағасы да, партия комитетiнiң хатшысы да директорды қоштап, Созақбаевты жұмыстан шығаратын болды. Оның орынды уәжiн тыңдар түрлерi жоқ. Жалғыз Байжiгiтов топ iшiнен мiнберге жұлқына шығып, оның кеше туған күнi болғанын, достарымен үйiнде аздап көңiл көтергенiн айта келiп: "Созақбаевтың мына сергек түрiне қарап, оны сiздер қалай маскүнемге санап отырсыздар? Сiздер түкке тұрғысыз сылтаумен оған пәтер бергiзбеу үшiн жұмыстан шығармақшысыздар. Түптеп келгенде Соломенцевтiң қалада қазақтар санын он екi пайыздан асырмау жөнiндегi нұсқауын негiзге алып отырғандарыңыз көрiнiп тұр. Бұларыңыз жөн емес". Партия комитетiнiң хатшысы Попов: "Байжiгiтов, жұмыс тәртiбiн бұзушыны жақтап отырған сенiң де мәселеңдi қарау керек", – деп шүйлiге бастаған кезде ол: "Сiздерге сөз айтып болмайды екен", – деп залдан шығып кетедi. Аулада не iстерiн бiлмей тұрған кезде, Құрастыру цехының бастығы Антоновты көрiп қалады. Жас жiгiт. Зауытқа келгенiне бiр жыл болмай жатып, тез өсiп келе жатыр. Бiрақ, анау айтты бiлiктiлiгi де жоқ. Кәсiподоқтың үй кезегiнде жеңiлдiкпен алу тiзiмiнде тұр. Аяғын шалыс басып, сүрiнiп, қабынып зорға жүрiп келедi екен. Көкшiл көздерi қызарып кеткен. Тiптен адам танымастай халде. Сылқита iшкенi көрiнiп-ақ тұр. Ол қолтығынан демеп: "Анатолий Василевич, сiзге не болған? Жүре алмай келесiз ғой", – деп сұрады. Антоновтың тiлi күрмелiп, зорға жауап қатты. "Менiң бүгiн туған күнiм. Туған күнi кiм iшпейдi?" – дедi. Кекiрiп қалғанда ащы судың иiсi мүңк ете қалды. Iстiң сәтi мұндай түсер ме. Байжiгiтов оны белiнен құшақтай көтерiп, жиналыс өтiп жатқан залға қарай ала жөнеледi. Антонов кекештене: "Өй сен, менi қайда алып барасың?", – дедi. Байжiгiтов: "Сендей iскер жас цех бастығының туған күнiмен зауыт әкiмшiлiгiнiң құттықтауы керек қой", – дейдi. Залда олар Созақбаевтың мәселесiн дауысқа салып жатыр екен. Бәрi бiр адамдай қолдарын көтере бергенде Байжiгiтов ананы көтере кiрiп келедi. Ол Антоновты сүйеп тұрған қолдарын босатқан кезде, ананың аяқ буындары денесiн көтерiп тұруға шамасы жетпей, еденге етбеттей құлады. Сол кезде аузынан боқтық сөз де шығып кеттi. Байжiгiтов басшыларға ашына дауыстап: "Сiздердiң әдiл жаза қолданатындарыңызға еш күмәнiм жоқ. Созақбаевпен бiрге мына Антоновты да жұмыстан шығарып, үй кезегiнен алып тастау керек", – дейдi. Антонов орындыққа сүйенiп, басын көтердi де басшыларға қарап: "Бүгiн менiң туған күнiм. Неге менi құтықтамайсыңдар?" – дедi кiжiнiп. Басшылар не iстерiн бiлмей аңтарылып тұрып қалды. Аздан соң амалы қалмаған Тимофеев: "Жарайды, жұмыс орындарыңызға барыңыздар", – деп өзi бастап залдан шығып кеттi.

Байжiгiтовтың осындай батылдығы, жанашырлығы болмағанда, Созақбаевтың тағдыры басқаша болары хақ едi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары