РЕҢI ҚАШҚАН РЕСЕЙ РУБЛI

РЕҢI ҚАШҚАН РЕСЕЙ РУБЛI

РЕҢI ҚАШҚАН РЕСЕЙ РУБЛI
ашық дереккөзі
450

Газетiмiздiң өткен санында ортақ валютаға қатысты "Жаңа ақшаның "жыры" (№50, 16 желтоқсан 2010 ж) атты сараптамалық мақала жарияланған едi. Осы мақалада ортақ валюта құруға мүдделi Еуразия мемлекеттерiнiң iшiнде Ресей рублiнiң тұрақсыздығы туралы сөз болған. Мiне, осы тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Соңғы екi айда ресейлiк валюта долларға шаққанда 4 пайызға төмендесе, жыл басынан берi 7 пайызға арзандаған көрiнедi. Осынау қалт-құлт еткен тұрақсыз валютамен отырған Ресей тарапы ортақ валютадан сонда да бас тартар емес.

Бұл уақытта рубль күшейiп, тым болмаса құнын түсiрмей, шикiзат тауарлары мен экономикада теңдiктi ұстап тұру үшiн тұрақты күйiн сақтауы тиiс болатын. Мұны мойындап отырған ресейлiк сарапшылар тiптен бюджет дефицитiн реттеуге де шамасы жетпейдi деп отыр. Бұған себеп – қомақты капиталдың елден тысқары кетуi. Сонда да жыл аяғына қарай рубльге деген сұраныс көбеюi керек, себебi бұл уақта салықтық төлемдер салынады дейдi мамандар.

Десе де 2010 жылға жоспарланған жергiлiктi экономиканың жандануы айтарлықтай нәтиже бермегенi жасырын емес, бiрақ осыған бола Ресейдiң қапалана қояр түрi жоқ. Бүгiнгi экономиканың халi де мүшкiл емес дейдi сарапшылар. Бiрақ шетелдiк нарыққа құштар инвесторлар 2011 жылдың желтоқсаны мен 2012 жылдың басындағы парламент және президент сайлауының барысын бағып отырса керек.

Егер де капиталдың керi кетуiн былай қойса, рубльдiң әлсiреуi рубльдiк активтен құтылудың табылған жолы болар едi. Бiрақ рубль құнсыздануы тоқтамаса, Ресейдiң инвестициялық тартымдылығы күшiн жоймақ, яғни iшкi сұраныс азая бередi. Сондықтан бүгiнгi таңда Ресей үкiметi ортақ валютаны қамдауды күн тәртiбiнен түсiрер емес.

Алып державаның әлсiз валютасына қарағанда, төл теңгемiздiң бүгiнгi жағдайы жаман емес. "Теңге құнсызданады немесе әлсiрейдi деген бос сөз, оған еш негiз жоқ" – дейдi Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко.

– Мұнай, металл бағалары қазiр жоғары болып тұрғанда ешқандай теңгенiң құнсыздануы, девальвацияның болуы мүмкiн емес. Бiз теңге құнын тұрақты ұстап тұру мақсатында жыл басында 3,6 миллиард АҚШ долларын сатып алдық. Бұл елдегi қаржы ахуалына оң ықпалын тигiздi, – дейдi бас банкир. Расында, жалпы iшкi өнiм мен экспортқа шығарылатын шикiзаттық өнiмдердiң тұрақты саудасы теңге тұрақтылығының кепiлi. Осы орайда әлсiз валюта мен құнын бiрқалыпты бағып отырған валюталардың қосылып, ортақ валюта құруынан кiм не күтедi?..

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары