ОН АЙДА 39 НӘРЕСТЕ ЖЕТIМ АТАНДЫ

ОН АЙДА 39 НӘРЕСТЕ ЖЕТIМ АТАНДЫ

ОН АЙДА 39 НӘРЕСТЕ ЖЕТIМ АТАНДЫ
ашық дереккөзі
206

Бүгiнгi заман – әйел қауымының отбасы-ошақ қасында байланып қалатын уақыты емес. Олар қазiр кез келген iстiң басы-қасында жүрiп, кәсiптi де дөңгелетiп, нәсiбiн тауып жүр. Қыз-келiншектердiң бiлiктi маман ретiнде билiктiң түрлi тармақтарында лайықты қызмет атқарып, абыройға кенелуi соның дәлелi.

Жақында Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер iстер және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия арнайы отырыс өткiзiп, өрбу және бала туу, ана болу қауiпсiздiгi, психотропты препараттар мен алькогольдi сусындарды өрескел пайдалану және олардың алдын алу шаралары туралы ақпарат алмасуды қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ, Iшкi iстер министрлiгiнiң "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы" ҚР Заңын iске асыру механизмдерiн әзiрлеу жөнiндегi жұмысы туралы мәселелердi қарастырды. Бұдан басқа Атырау облысында жүргiзiлiп жатқан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес жөнiндегi жұмыс, Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның 2011 жылға арналған жұмыс жоспары туралы жайттар да назардан тыс қалған жоқ.

Халықтың қалыпты өсiп-өнуiн қамтамасыз етудi нығайтып әрi өмiр сүру сапасын арттыру үшiн ерлердiң, әйелдердiң және жастардың денсаулығын сақтау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтарды түп-тамырымен жою, қоғамда орын алып отырған жағымсыз құбылыстармен күресу – ұлттық гендерлiк және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асырудағы маңызды стратегиялық бағыт болып табылады. Осы тұрғыдағы атқарылатын iс-шаралар 2008-2016 жылдарға арналған "Салауатты өмiр салты" салалық бағдарламасы шеңберiнде iске асырылып келедi. Сондай-ақ, үстiмiздегi жылы "Валеология" мен "Денсаулық және өмiрлiк дағдылар" бағдарламасының оқыту әдiстемесiн жетiлдiру жөнiндегi 46 өңiрлiк семинар өткiзiлсе, 30 шақты жалпы бiлiм беретiн мектепте "Алкогольге "ЖОҚ" деп айтуды үйрен!" атты компьютерлiк ойыны енгiзiлген. Iшiмдiктiң адам баласына әкелетiн зардабы жөнiнде ақпараттық бiлiм беру материалдары (плакат, буклет, аудио-бейнероликтер) шығарылады.

Қоғамның, билiктiң назарын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерiне аударып, осындай жағдайға душар болған жандарға психологиялық, құқықтық көмек көрсету арқылы отбасылық мәдениеттi қалыптастыру үшiн "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" және "Сiздiң қорғану құқыңыз" сынды акциялар өткiзiлдi. Мұның нәтижесiнде жәбiр көрген 65 мыңнан астам азаматқа құқықтық, психологиялық және медициналық жәрдем жасалды.

Бүгiнде студент және жасөспiрiм қыздардың ерте жүктiлiкке бой алдырып, туған нәрестесiн перзентханаларға тастап кету деректерi күннен-күнге артып келедi. Мәселен, 2010 жылдың 10 айы iшiнде өрiмдей қыздардың арасында 86 жүктiлiк жағдайы тiркелсе, осындай көкек аналар тастап кеткен 39 нәресте Балалар үйiн толтырып отыр. Қоғамда осы секiлдi келеңсiз оқиғаларды болдырмас үшiн мұндай акцияларды жиi өткiзудiң қажет екенiн айтады ұйымдастырушылар.

Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия отбасы мен неке институтын және гендерлiк теңдiктi насихаттау мақсатында екiншi мәрте ұйымдастырған байқауды қорытындылады. Отбасы құндылықтары мен гендерлiк теңдiктi насихаттау жөнiндегi бильбордтардың (пилон, баннерлердiң) республикалық конкурсы жеңiмпаздарына арнайы дипломдар мен жүлделер тапсырылып, олардың еңбектерi қалалар мен аудандардың басты көшелерiне iлiну үшiн өңiрлерге жiберiлдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары