ТӘУЕЛСIЗДIК ЖЫРЫ

ТӘУЕЛСIЗДIК ЖЫРЫ

ТӘУЕЛСIЗДIК ЖЫРЫ
ашық дереккөзі
1009

(Төкпе)

…Мүфти орнынан жылдам тұрып, қасына жақындап келген архиепископтың қолын алып, қошемет бiлдiрдi. Амандық сұрасып тұрған екеуге сол сәтте католик шiркеуiнiң басшысы да жақындады. Ендi байқадым, мүфтидiң жанындағы орында иудаизм дiнiнiң өкiлi отыр екен.

Төрт дiн өкiлi ойда-жоқта бiр жерге жиналыпты. Әрқайсысының киiм киiсi бөлек, түр-тұлғасы – өзгеше… Сыйыну тiлi де, сыйынғанда айтар дұғасы да – басқа.

Бiрақ төртеуiнiң басын бiр жерде тоғыстырған – Қазақстан. Тәуелсiздiк алғанына 19 жыл толған Қазақ елi.

Дiн өкiлдерi сүттей ұйыған татулықты сақтаған тәуелсiздiгiмiзге шүкiршiлiк айту үшiн де, 19-жылдыққа орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға арнайы келген.

Астанадағы Тәуелсiздiк сарайына Үкiмет мүшелерi, Елшiлер, зиялы қауым мен қарапайым халық өкiлдерi жиналыпты. Салтанатты жиынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты. Жиын соңынан мерекелiк концерт берiлдi. "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" демекшi, бұл жолғы концерттiк бағдарламаның өзгеше болғанын айту ләзiм. Ән мен күй, биден құралған тамашаға ұйып отырып, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне ойша сапар шегесiз. Өйткенi, концерттiк бағдарламаның сценарийi бойынша әрбiр ән немесе бидiң алдында бiр облыс өңiрi туралы сюжеттiк көрiнiс берiлiп отырады…

Мәдениет алға баспай, экономиканың дамуы бекер екенi рас-ау.

Дегенмен, бәрiн басынан бастайық…

Мыңжасар Маңғытаевтың "Отаным" әнiмен мерекелiк концерттiң шымылдығы ашылды. Қазақтың мемлекеттiк Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрiнiң сүйемелдеуiмен, Б.Байқадамов атындағы Қазақ академиялық хор капелласының, К.Байсейiтова атындағы ҰОБТ құрама хорларының қосыла шырқауымен Ж.Шыбықбаев, А.Жылтыркөзов, Т.Ғалеевтiң Отанымызды жырлаған патриоттық әнi тыңдаған жүректердi тебiренткенiне дау жоқ.

Бұдан соң "Елiм" деп еңiреген ерлердi, еркiндiк аңсаған елдiк рухты атойлатып, Қазақтың мемлекеттiк Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрi Құрманғазының "Балбырауынын" ойнады.

Ал жүргiзушi Ж.Тұрсынбаевтың "Қызқарағай" әнi орындалады деп хабарлауы мұң екен, зал iшi ерекше қозғалақтап, әлденеге елеңдей қалысты.

Ендi ше, сахнаға қазақтың бүгiнгi бұлбұлы Бибiгүл Төлегенова шығып келедi!

Бүгiнгi кеште осы зал екi адамды қол шапалақтап, айрықша ықыласпен қарсы алды: оның бiрi – Елбасы болса, екiншiсi – КСРО халық әртiсi Бибiгүл Төлегенова едi.

Саясатты өнердiң мысы басқан тұсы да осы, бәлкiм!

Әуелi кәдiмгi бұлбұлдың үнi естiлдi. Сол-ақ екен, Бибiгүл әншi даусын кенеп, "Қызқарағайды" шырқап қоя бердi. Таспаға жазылған бұлбұлдың үнi ме, әлде әншi Бибiгүлдiң үнi ме – ажыратып көрiңiз!

Тәттiмбеттiң "Сылқылдақ" күйiне "Гүлдер" ансамблiндегi бишi қыздардың мың бұрала билеуiн-ай! Буыны жоқтай былқ-сылқ еткен бишiлердiң сахнадағы аққу-қаздай қозғалысына қарап отырып, тектi халықтың жауынгер тарихы ерiксiз еске түседi екен…

Қазақ ұлттық өнер университетiнiң "Серпер" домбырашылар ансамблi осы отырған жұртқа ұлттық рух сыйлауға келгендей. Бiрыңғай аппақ бөрiк пен қазақша қамзол-шалбар киген жиырмаға тарта жiгiттерден тұратын ансамбль кез келген сахнаның көркi болуға лайық. Ұлттық нақышты ақ киген ансамбль мүшелерi бiр тiзерлеп алып, қолдарындағы қос iшек домбыраларын күңiрентiп күй-шашу ұсынғанда, залда толқымаған, рухтанбаған жан қалмаған шығар, сiрә! Алдыңғы қатарда отырған жiгiт ағасы шыдамай кеттi бiлем, жан-жағына алақтай қарап алды да: "Қалай рухтандырады, ә!" дедi сөзiне қолдау күткендей.

Әркiм өз ойымен әуре. Әрбiр адам бойындағы ұлттық рухи күштiң құяр арнасын таппағандай, алаң.

Ақыры, мiне, күй-шашу да аяқталды. Домбырашылар бойларын тiктеп, сахнадан жылжығанда, оларға сұқтанған мың-сан көзде ырзалық та, қимастық та бар…

Домбыраның қоңыр күмбiрi құлақтан кетпей, қазақтың рухы өлмейдi! Бұл – анық!

Бұдан соң А.Жұбанов пен Л.Хамидидiң "Абай" операсынан "Тойбастар" әнi мен "Қарлығаш" биi орындалды. Абай атындағы опера және балет театрының балет әртiстерi "Қарлығашты" кербез де көркем қимылдармен әсерлi етiп орындап шықты. Топ "қарлығашпен" бiрге сахна да әуеде бiр қалықтап, жерге түстi.

Шәмшi Қалдаяқовтың "Сыр сұлуын" Жеңiс Ысқақова нәшiне келтiре орындап, "Гүлдер" ансамблi шыр көбелек айнала билегенде, алқаптағы күрiшi жайқалған Қызылорда облысының өңiрi көз алдыңа келе қалады. Айтса айтқандай, сахнадағы экран Қызылорда облысының бүгiнгi жетiстiктерi туралы сыр шертiп жатты…

Алтынбек Қоразбаевтың "Сағындым Алматымды" әнiн Владимир Игнатенко, Наталья Кочкина, Анастасия Стаценко қосыла шырқағанда, "Шiркiн-ай, көкiрегiн жарып шыққан әнiн қазақ тұрмақ, өзге ұлт өкiлдерi сүйсiне шырқап жатқан Алтекеңде арман жоқ-ау!" деген ойға қаласың.

Халықтар достығы деген мемлекет құраушы қазақ халқының өнерi мен мәдениетi өзге халықтарды ұйыстыруда көрiнсе, нұр үстiне нұр емес пе дейсiң.

Шәмшi әндерiнен попурри орындаған М.Арапбаева, Е.Жандарбай, Х.Сейiтова, Н.Жүсiпбеков, Х.Шалабаева сынды әншiлдер одан әрi сахна сәнiн кiргiзiп, жайнатып жiбергендей болды. Көз алдыңызға жанға жайлы, жерi шүйгiн, азаматтары жайсаң Шымкет өңiрi елестейдi.

Шымкенттiк тойларды айтсаңызшы!..

… Сахнаға орнатылған үлкен экранда – Алатау сiлемдерi. Сахнада – әуелеген "Алатау" әнi. ҚР халық әртiсi Нұрғали Нүсiпжановты тыңдап отырып, Алатаудай мекен, қазақтай ел жоқ екендiгiне көңiлiң сенедi…

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Астана әндерiне попурри орындады. Халық әндерiнен, бүгiнгi композиторлар шығармашылығынан сусындап, қазiргi заманғы эстраданың өзара жымдасып, бiрiн-бiрi толықтырып тұрған әдемi тұс осы болды. Әуездi әнмен көмкерiлген Астана осылайша шырқауға шабыт берсе, онда Астананың артықшылығы осы да!

Концерттi әншi Бекболат Тiлеухан Н.Назарбаевтың "Қазақстан" әнiмен тәмамдады. Патриоттық рух асқақтады. Осы кезде залдың екi бұрышынан Көк туды көтерiп, 50 шақты сарбаз шықты салтанатты шеру түзiп. Қазақстаның тәуелсiздiк алғанына – 19 жыл, ал 50 – ту-у, дамыған 50 елдiң қатарына кiремiз дегендi меңзей ме екен…

Осы сәтте залда отырған өзге ұлт өкiлдерi алдында әлдебiр мақтаныш сезiмге бөленесiң. Мiне, қазақтың өнерi! Мiне, мәдениетi! Күй десең, күмбiрлеген күйi бар, би десең, мың бұрылған биi бар, ән десең, құлақ құрышыңды қандырар әнi бар – қазақтың өнерi кiмнен кем?!

Осындай мәдениетiмiз мақтануға, мақтан етуге, паш етiп, барша әлемге насихаттауға татиды емес пе?

Ендеше, қазақтың көңiлi неден пәс болсын!

Қазақтың рухы қалайша басылсын!

Жо-жоқ, мына ән осылайша ауада қалықтап тұрғанда, осы күй домбыраның пернесiнен төгiлiп тұрғанда, бишiлер жiгерлендiрiп, көңiлдi сергiтер болғанда, қазақтың мерейi үстем болуы тиiс!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары