АЗАТТЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ – МIРЖАҚЫП

АЗАТТЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ – МIРЖАҚЫП

АЗАТТЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ – МIРЖАҚЫП
ашық дереккөзі
506

Алаштың ардақты ұлы Мiржақып Дулатовтың 125 жылдығы кең көлемде аталып жатыр. Оған дәлел ретiнде елiмiзде өтiп жатқан ғылыми-теориялық конференциялар мен "Дулатов оқуларын" айтуға болады.

"Оян, қазақ!" деп ұйқыда жатқан қалың қазақты отты өлеңдерiмен оятқысы келген бес арысымыздың бiрi Мiржақып Дулатовтың шығармашылығы мен тәуелсiздiктi ту еткен идеясы тағы бiр сырлы кештiң ұйытқысына айналды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Алаш қозғалысының көрнектi қайраткерi Мiржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына арналған "Азаттық жаршысы" атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өттi.

Конференцияны жүргiзушi М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуiр әдебиетi бөлiмiнiң меңгерушiсi Серiкқазы Сыбанбайұлының айтуынша, алаш ардақтысы Мiржақып Дулатов хақында, оның баға жетпес рухани мұрасы жөнiнде айтылатын, жазылатын дүниелер бiтпек емес. "Мiржақып Дулатов – қазақ әдебиетiнiң классиктерiнiң бiрi. "Бақытсыз Жамал" алғашқы романын өмiрге әкелдi. Ұлт перзентiнiң ұлы мұрасын зерделеу мақсатында институт "Азаттық жаршысы" атты конференцияға мұрындық болып отыр" дейдi ол. Бұдан соң "М.Дулатов – тәуелсiздiк жолындағы күрескер" атты тақырыпта М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуiр әдебиетi бөлiмiнiң бас ғылыми қызметкерi, профессор Жұмағали Ысмағұлов баяндама жасады. "Мiржақып Дулатовтың шығармашылығымен етене таныс азамат ретiнде, оның өмiр жолын үш кезеңге бөлiп қарастырамын" дейдi ол. "Бiрiншiсi – отаршылдыққа қарсы күрес. Бұл оның ең бiрiншi ұраны едi. Оған "Оян, қазақ" жыр-жинағы дәлел. Бүкiл қазақты оятып, отаршылдыққа қарсы идеялық күрес жүргiздi. Екiншiсi – Ақпан мен қазан төңкерiсi арасындағы кезең. Үшiншi – Алашорда үкiметi мен кеңес өкiметiне дейiнгi кезең. Мiне, Мiржақып Дулатов осы үш кезеңде де қараңғы халықтың көзiн ашуға бар күш-жiгерiн жұмсаған ақын. Ол ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсыновпен бiрге ағартушылық үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзген қайраткер", – дедi профессор баяндамасында. Ал, "М.Дулатов және тәуелсiздiк идеясы" тақырыбында ой бөлiскен аталмыш институттың Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлiмiнiң меңгерушiсi, профессор Айгүл Iсiмақова соңғы кезде "Мiржақыптану" ғылымының тереңге қанат жайып келе жатқанына ризашылығын бiлдiрдi. "Орынборда Алаш үкiметi құрылып, 2 съезд өткен жерге арнайы ескерткiш-тақтайшасы ашылды. Орынбор – қазақтың рухани, мәдени ортасы. Тiптi, сондағы орыс ұлтының өкiлдерi "Қазақ – ұлы халық" деп сөйлегенде, жанымыз тебiренiп сала бердi", – дейдi Айгүл Iсiмақова қуанышын бiлдiрiп. Ол соңғы кезде "Алаштану ғылымы ескiрдi, қазiр жаңа ғасырда жаңа идея керек" дейтiн ғалымдардың бар екенiн ашына айтады. "Бұл жаңсақ пiкiр. Бiз Алашорда қайраткерлерiнiң идеясымен тәуелсiздiкке қадам бастық. Ұлттық идеяның негiзгi тiрегi де солар жазған еңбек, солар қалдырған асыл мұра. Сондықтан да Мiржақып Дулатовты – тәуелсiздiк идеясының жаршысы деп тану керек" дейдi профессор.

Сондай-ақ, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Стамбулдағы Фатих университетiнiң докторанты Енер Унал "Мiржақып Дулатұлы және ХХ ғасыр басындағы түрiк зиялылары" атты баяндамада тiлi бiр, дiнi бiр түркi халықтарының ортақ идеясын сөз еттi. ХХ ғасыр басында қазақ пен түрiк ұлтшылдарының көтерген тақырыбы да бiр болды дейдi жас ғалым. Конференцияға Мiржақыптың ұрпағы, асылдың сынығы Ерлан Сатыбалдиев, Жанат Әбенқызы қатысып, жүрекжарды пiкiрiн бiлдiрдi.

Алаштың арыстай ұлы Мiржақып Дулатовтың 125 жылдығы өз деңгейiнде аталып өтiлуде. Күнi кеше ғана Мiржақыптың тағы бiр мұражайы ашылып, халықтың көз қуанышына айналды. Оған Торғайдағы мұражайдан әкелiнген жәдiгер көшiрмелерi мен ақын туралы жазылған естелiк кiтаптар қойылды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары