25-те ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ АТАНУ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ

25-те ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ АТАНУ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ

25-те ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ АТАНУ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі
287

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жаңа Қаулысы бойынша 2010 жылдың 31 желтоқсанынан ғылыми атақ берудiң ескi жүйесi жойылды. Жоғары бiлiм берудiң жаңа жүйесi – ғылыммен жас кезiнде айналысып, докторлық диссертация қорғауға мүмкiндiк бередi. Ғылыми классификацияның Қазақстанда қабылданған жаңа жүйесi жайлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетiнiң деканы, саясаттану докторы, профессор Ғалия Ыбыраевамен ой бөлiскен едiк.

– Ғалия Жүнiсқызы, университеттi бiтiрiсiмен доктор атанудың қыр-сыры жайында айтып өтсеңiз?

– Әрине, бiрден емес, ол үшiн әуелi докторантураны аяқтау керек. Дүниежүзiнде жоғары дәрежелi мамандарды дайындаудың үш сатылы жүйесi қалыптасқан. Ол – бакалавр – магистр – философия докторы (PhD). Бүгiн Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары осы үш сатының екеуiн меңгердi деуге болады. Елiмiздегi жоғары бiлiм беру саласының көшбасшысы Қазақ ұлттық университетi, сонымен қоса, үшiншi сатыны, философия докторларын даярлайтын сатыны да меңгере бастады. Бiздiң университет екi жылдан берi халықаралық стандарттарға сай үш жылдық оқу мерзiмiнен кейiн философия докторларын даярлауға кiрiсiп кеттi. Бүгiнде ҚазҰУ-да 41 мамандық бойынша, 150 докторант бiлiм алады.

– Бұл жүйеге өтудiң қажетi неде деп ойлайсыз?

– Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық университеттерге принциптi түрде жаңа және ауқымды мiндеттер жүктедi. Соның бастыларының бiрi "Интеллектуалды ұлт – 2020: қазақстандықтарды жаңа формацияда тәрбиелеу, Қазақстанды бәсекеге қабiлеттi адам капиталы бар елге айналдыру" атты ұлттық жоба. Елбасының тапсырмасы бойынша, ҚазҰУ-да университеттiң 2009-2011 жылдарға арналған даму стратегиясы бекiтiлдi. Бiз бұл стратегияда дамудың үш басты құрамдас бөлiгiн – бiлiм беру мен ғылым процесiнiң басқару жүйесiнiң базалық мiндеттерi мен бағыттарын ең жаңа әдiстер бойынша нақтыладық. Бiздiң университетiмiздiң мақсаты – жаңа фундаментальды жоғары бiлiмi бар, бәсекеге қабiлеттi, экономиканың, ғылымның және елiмiздiң қоғамдық өмiрiндегi маңызды бағыттардың қарқынды даму проблемаларын шешуге талпынған мамандарды дайындау. Бүгiнгi Қазақстан ғылымы Қазақстан президентiнiң дағдарыстан кейiнгi кезеңде қолға алуды көздеген индустриалды-инновациялық даму жағдайында қарастырылуда. Демек, бiздiң ғылым әлемнiң дамыған мемлекеттерi қабылдаған базалық стандарттар мен ғылыми дәрежелерге сай болуы керек.

– Ғалымдардың алдыңғы буыны ғылыми атақ берудiң жаңа жүйесiн қабылдай алмай жүргенi мәлiм. Бұған не дейсiз?

– Кеңес Одағы кезiнде ғылым мен жоғары бiлiм арасына жасанды кедергi қойылды. Ғылым негiзiнен мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында дамыды, ал жоғары бiлiм ошақтарында оған назар аударылмады. АҚШ-та және дамыған Еуропа елдерiнде жағдай мүлдем басқа. Онда ғылым негiзiнен жоғары бiлiм ошақтарында жасалады және сабақ барысына белсендi түрде пайдаланылады. Қазақстанның көптеген ғалымдары мен оқытушылары бiздегi ескi әдiс арқылы жоғары мектептерде кадр даярлауда мүлдем артта қалғандығымызды жақсы түсiнiп отыр. Бұндай әдiстiң тағы бiр жағымсыз қыры – ғылыми кадрлардың қартаюы.

Кеңес Одағы кезiнде екi ғылыми атақ болды – ғылым кандидаты және ғылым докторы. Ғылым кандидаты атағы арнайы диссертация дайындаған маманға ғана берiлдi. Ал, АҚШ-та және Еуропа елдерiнде философия докторы дәрежесi ЖОО-да арнайы оқығаны үшiн берiледi. Диссертация қорғауға ғалымның ең жалынды жастық шағы мен зерттеуге кететiн күшi жұмсалды. Бiрақ, бұл ғылым үшiн жасалып жатқан жоқ, жеке амбиция үшiн қолға алынған едi. Ғылым екiншi кезекте тұрды. Көптеген талантты ғалымдар алдына қойылған жасанды кедергiнiң салдарынан өзге республикаларға барып диссертация қорғауға мәжбүр болды. Мәселен, Қазақстан журналистикасын зерттеуге ғұмырын сарп еткен майталман ғалым Марат Барманқұлов докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғады. Менiңше, бұл эмоцияға ғана қатысты емес, сонымен қоса жүйенiң дұрыс жолға қойылмағандығының салдары. Сөйтiп, Қазақстан ғылымына кәдiмгiдей кесiрiн тигiздi.

Сонымен қатар, бiздiң ғалымдарды шетелде мойындай қоймайды. Демек, бiздiң ғалымдарымыз әлемдiк аренада бәсекеге қабiлетсiз болып тұр. Яғни, бүгiнде Бiлiм және ғылым министрi, бұған дейiн ҚазҰУ-дiң ректоры болған Бақытжан Жұмағұлов айтқандай: "Қазiр осы салада пiкiрталас өрбiп жатқанына қарамастан, Қазақстанның таңдау жолы бiреу – әлемнiң көптеген елдерi қабылдаған ғылыми дәреже беру жүйесiне көшу. Әрi бұл процестi жеделдету керек".

– Сiз АҚШ-қа тәжiрибе алмасу үшiн жиi сапар шегесiз. Ежелден Дьюка, Колумбия және Оклахома университеттерiмен ғылыми байланыстасыз. АҚШ-та PhD жүйесi қалай қолданылады?

– АҚШ-та ғылыми атақ берудiң бiртұтас мемлекеттiк аттестациясы жоқ. Онда ғылыми атақ сабақ нәтижесi бойынша берiлетiн жүйе жұмыс iстейдi. Университеттер диссертация жазудың ережесiн өздерi жасайды әрi жұмыс нәтижесiн есепке алады. 3-5 адамнан құралған комиссия (негiзiнен осы университеттiң мұғалiмдерi, кейде басқа ЖОО-дан мұғалiмдер шақырылады) зерттеу нәтижелерiмен танысып, оның авторы ғылыми атаққа лайық па, жоқ па, өздерi шешедi. Егер, кiмде-кiм математикадан қорғаса, математика бойынша философия докторы, экономика саласынан қорғаса, экономика бойынша философия докторы атанады. PhD диссертациясына қойылатын талап пен көлемi Қазақстандағы кандидаттық дисертацияға қойылатын талап пен бiрдей. АҚШ-та PhD атағына ие болғандар университеттерде, бизнес мектептерде сабақ беретiн академиялық карьераны таңдайды. Бұндай атаққа ие болғандардың алғашқы мансабы – профессордың көмекшiсiнен басталады. Келесi саты – профессор және еңбегi сiңген профессор. Профессорлардың ең жоғарғы кастасы – tenure. Бұл дәреже аттестациядан өткеннен кейiн 6-9 жыл оқытушылық жұмыспен айналысқандарға берiледi. Tenure профессоры университетпен өмiр бойы келiсiмшартқа отырады, оны тек өзi ғана бұза алады. АҚШ-та профессорлардың жалақысы өте жоғары. Алайда, америкалық ЖОО-ны бiтiрмегендер үшiн жұмысқа орналасу өте қиын. Дегенмен, PhD докторы атағына ие болғандар үшiн сұраныс күн сайын артып келедi. Мұндай жүйе университеттердiң басым көпшiлiгiнде жұмыс iстейдi. Алайда, Гарвард, Станфорд, Колумбия т.б. секiлдi әлемнiң жетекшi университеттерiнiң түлектерiне сұраныс жоғары.

– АҚШ-та докторантураға түсудiң қандай жүйесi қалыптасқан?

– Америка университетiнiң докторлық бағдарламасына түсу үшiн магистр дипломына ие болу керек. Докторлық дәрежеге қол жеткiзу үшiн кемiнде 4-7 жыл керек. Әрине, бұл университеттердiң қабылдаған жүйесiне де қатысты. Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, бұл салада еңбек ете бастағандардың 20-50%-ы ғана докторлық дәрежеге қол жеткiзе алады. Алғашқы 1-2 жылда докторанттар 10-20 курсқа қатысып, мамандандырылған емтихан тапсырады. Сосын ғана профессордың жетекшiлiгiмен диссертация қорғауға кiрiседi.

– Қазақстанда да осы ереже қабылдана ма?

– Бiзде де докторантураға магистратураны бiтiрген адам қабылданады. Докторантқа үмiткер адам ғылыми тақырыбын бекiтiп, отандық және шетелдiк журналдарда ғылыми мақалалары жарық көруi тиiс. Диссертациясын қорғағаннан кейiн жас ғалым ғылыммен айналыса бастайды. Егер ол ғылыми зерттеулерiн әрi қарай жалғастырып, ғылыми мақалалар мен зерттеу жұмыстарын жарыққа шығаратын болса, оған доценттiк атақ берiледi. Тағы 3-5 жылдан кейiн профессор атанады. Демек, ғылыми классификацияның жаңа жүйесi жас әрi жiгерлi кезiңде ғылыммен айналысуыңа толық мүмкiндiк бередi.

– Жақында Жапонияда арнайы сапармен барып қайттыңыздар. Олардан ненi үйренуге болады екен?

– Жапонияда болған азғана уақытта бiз ондағы жетекшi оқу орнының бiрi — Цукубамен студенттер мен ғалымдар алмасу жайында келiссөзге қол жеткiздiк. Бұл университет Азиядағы алғашқы 20 оқу орнының бiрi. Бұл оқу орнының түлектерiнiң iшiнен 3 Нобель сыйлығының лауреаты шыққан. Бұл атақты ғылым ордасы. Қазiр бұл университет шетелдiк университеттерiнiң саны жағынан 2 орынды иеленедi. 2020 жылға қарай әрбiр төртiншi студент, әрбiр оныншы оқытушы – шетелдiк болады деп жоспарланып отыр. Демек, бiздiң студенттер болашақта шетелдiң танымал ЖОО-ларында сабақ беретiн дәрежеге жетуi керек. Сондай-ақ, Жапонияның ең iрi телекомпаниясы бiздiң студенттiк радиоға әрiптес болуға мүдделiлiк танытып, тәжiрибе алмасуға шақырды.

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары