МЫҢДАРДЫҢ ЖҮРЕГIНДЕ ҚАЛҒАН ЕСIМ

МЫҢДАРДЫҢ ЖҮРЕГIНДЕ ҚАЛҒАН ЕСIМ

МЫҢДАРДЫҢ ЖҮРЕГIНДЕ ҚАЛҒАН ЕСIМ
ашық дереккөзі
293

Киелi Түркiстанның қастерлi бiлiм ордасы атанған педучилищенi ел басына ауыр кезең туғанда басқарып, қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған кезеңде шарықтау биiгiне көтерген асыл тұлғаның жүрiп өткен өмiр жолы, шын мәнiнде, нұрлы да сырлы жол. Нұрлы болатыны ол – кiсiлiгiн кiшiктiгiмен, ұлағатын ұлтжандылығымен танытқан тұлға. Сырлы болатыны, сырттай қарағанда қарапайым көрiнетiн ғұмырының қатпары қалың, тағылымы терең….

Иса Алтынбеков 1910 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келген. Алты жасында әкесiнен айрылған бала анасы Айкүлдiң тәрбиесiнде өседi. Айкүл отырған жерi қашан да берекелi, мерекелi ана болатын. Дастарқаны мол, мейiрiмi шуақты, көпшiл болуының үстiне, алдағыны алыстан шалар қырағы, көргенiн көңiлiне тоқитын сарабдал болмыстың иесi. Айкүлдiң осы бiр қасиетi тiлеуiн тiлеп, қатарға қосқан жалғыз ұлына да дарыған. Өйткенi, Иса Алтынбекұлымен қызмет жағдайында бiрге жүрген замандастары да, тағылым алған шәкiрттерi де, алыс-жақын туған-туыстары да, тiптi тағдырдың жазуымен аз уақыт дәмдес болған көзкөргендердiң әр қайсысы да ол кiсiнiң осы бiр көшелi қасиеттерiн алдымен ауызға алары хақ. Дархандығы, жомарттығы, тура сөйлер әдiлдiгi, адамға деген шексiз қамқорлығы көзi тiрiсiнде-ақ оның атын аңызға айналдырып жiберген-дi.

Иса Алтынбекұлы – 1934 жылы қазақ елiнде алғаш ашылған Қазақ мемлекеттiк университетiнiң тұңғыш түлектерiнiң бiрi. Отбасының үлкенi болған Исаға өмiрдiң барлық белесiнде көшбасшы болу бақыты бұйырғандай. Университеттiң химия-биология факультетiн үздiк бiтiрген соң, Шәуiлдiр ауданындағы бiр мектептiң директоры болып тағайындалады.

Соғыстың сұрапыл жылдарында оны аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы қызметiне ауыстырады. Иса жылаған жұртын жұбата жүрiп, өзiнiң iзгi iстерiмен абыройға ие болады. Оңтүстiктiң жазғы аптабында қалың елмен бiрге дала төсiнде дән жинайды, күндi күнге ұластырып, таңды таңға жалғап, дамылсыз еңбек етедi. Қаталдықпен қорқытқан жоқ, қайсарлығымен тәнтi еттi.

Соғыс аяқталып, ел еңсесiн әлi де нық көтере алмай жатқан ауыр кезеңде, 1946 жылы, Түркiстан педагогикалық училищесiнiң директоры болып тағайындалады. Бұл педучилище шағын қаладағы бiрден-бiр арнайы мамандық беретiн бiлiм ордасы болып саналатын. Оған ауылдық жерлерде оқып бiлiм алған, ары қарай оқысам деген арман жетелеген жастар келетiн. Ең ғажабы, қазiргi жоғары оқу орындары заман талабына сай орындауға мәжбүр болып жүрген кәсiби бағдарлық үгiт жұмыстарын Иса Алтынбекұлы сол кездiң өзiнде қолға алған екен. Өйткенi, ол тұста оқығысы келгенмен, отбасы жағдайы көтермейтiндер саны аз болмайтын. Сол себептi Иса Алтынбеков ауылдық мектептердi өзi аралап жүрiп, жақсы оқитындарды таңдап алып, училищеге қабылдап отырады. Сол арқылы, ол педагог мамандығына ең сауатты, ең икемдi жастарды тарта бiлген. Бұл өз кезегiнде аймақтағы қалың жұртшылықтың сауаттылық деңгейiнiң артуына бiрден-бiр себеп болған. Шәкiрттiң қандай болмағы, оны оқытқан ұстазға тәуелдi екенi анық. Ал бiлiм негiзi қаланатын бастауыш сатыда бiлiм беретiн ұстаз – кез келген жас өскiннiң бағбаны екенiн ескерсек, Иса өз шәкiрттерi арқылы халықтың мәдениетi мен сауаттылық әлеуетiн биiкке көтерген. Педучилищеге қабылданғандардың iшiнде әлi оңы мен солын танып үлгермеген жеткiншектер көп болатын. Сыртқы келбетi көз тартардай шуақты, жарасымды киiм киiсi де талғампаздықпен астасып жатқан нағыз интеллигент басшының жүрiс-тұрысы, шешендiкпен көмкерiлген айшықты сөздерi, елжандылық қасиеттерi, батылдығы мен iскерлiгi жас шәкiрттер үшiн ерекше бiр өнеге едi. Жастар жүрген жерде қызуқандылық пен текетiрес те болмай қоймайтыны белгiлi ғой. Ондай жағдайларда биязылығымен, мәдениеттi қарым-қатынасымен-ақ "басбұзарларға" өмiрлiк сабақ беретiн.

Иса Алтынбеков өзi басқарған жылдарда (1946 жылдан 1974 жылға дейiнгi аралықта) педучилищедегi отбасылық жағдайы ауыр, панасыз қалған талай қорғансыздардың қамқоршысы болды. Олардың iшiндегi жетiмдерiн жебей жүрiп, қамкөңiлдерiне қуаныш сыйлаудан жалықпайтын. Саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесiне арнаған ардақты ұстаз, "Қазақ КСР халыққа бiлiм беру iсiнiң үздiгi", Әлем тiлдерi институтының оқытушысы Сағадат Оңғарова – Иса Алтынбековтың жүздеген шәкiртiнiң бiрi ғана емес, оның iзгi қасиетiнiң, әкелiк шапағатының арқасында өмiрден өз жолын тапқан жан. Сағадат өз естелiгiнде былай деп толғанады: "Әрбiр оқушының үлгерiмi, үй iшiндегi материалдық жағдайы, т.б. Иса ағайдың назарынан тыс қалмайтын. Мен де 4 жыл оқып, педучилищенi қызыл дипломмен бiтiрдiм. Менiң анам ерте қайтыс болып, әкемнiң тәрбиесiнде болдым. Оқуымды бiтiрер тұста ағай әкемдi шақырып алып әңгiмелестi. Әңгiме мен жайында болды. "Сағадаттың келешегi зор, оқуды қызыл дипломға бiтiрiп отыр. Қазақшылыққа салынып, оқуын бiтiрдi деп тұрмысқа берiп жiбермеңiз. Алматыға жiберiңiз, жоғары оқу орнына түссiн, оқысын,"– деп әкеме ақылын айтты. Мен Алматыға келiп, ҚазМУ-ге түстiм. Ағайдың менiң тағдырыма көп септiгi тигенiн ешқашан ұмытпаймын… Өнер, бiлiм – мәңгiлiк, әрбiр шәкiрттiң жүрегiнен орын алған Иса ағайдың еңбегi де – мәңгiлiк".

Сондықтан да Иса Алтынбековтың алдын көрген жүздеген шәкiрттерiнiң iшiнен халқына қалтқысыз қызмет еткен, жұртын сүйген аптал азаматтардың шығуында да училище басшысының жеке басының берген үлгi-өнегесi зор екенi сөзсiз. Ондай шәкiрттерiнiң қатарында қазақтың бiртуар ұлы Өзбекәлi Жәнiбеков, академик Мұхтар Әлиев, академик Иса Байтулин, атақты тiлшi-ғалым Кеңесбай Мұсаев, заңгер Әбдiқадiр Нұрмағамбетов, психолог Әбiлхан Алдамұратов, тiлшi-ғалым Асылы Османова, әдебиетшi Рахманқұл Бердiбаев, училищенi бiрнеше жыл басқарған Шарапат Абдуллаева және т.б. бар.

Исаның халық үшiн жасаған iсi бүгiнгi кез келген басшыға өнеге мектебi боларлықтай. Қарауындағы қызметкерiнiң бiрi училище басшысына мемлекет тарапынан жеңiл көлiк сұрау қажет деген ой салады. Сонда директор: "Маған жеңiл машинаның қажетi қанша? Одан да училищенiң шаруашылығына қажет жүк машинасын алайық," – деп, өзiнiң қара басының қамынан мекеменiң мүддесiн жоғары қояды. Кейiн сол машинаны пайдаланып, өзi басқаратын мекеменiң ауласын ғана емес, қаланың көшелерiн көгалдандыруды қолға алады. Тiптi Түркiстан мен Кентау қаласының арлығындағы үлкен жолдың бойына 15000 түп ағаш отырғызуды ұйымдастырғаны да ел аузында аңыздай айтылады.

Ол үнемi жаңа бастамаларды көтерiп, сөзiнiң iске асуына ерекше мән берiп отырған. Иса басшылыққа алғаш келген жылдары училище Түркiстанның Анарбай деген бай-кулагiнiң үйiнде орналасқан екен. Ал жатақхана деген атымен болмаған. Сол ауыр жылдардың өзiнде жiгерлi басшы Алматыдағы Оқу министрлiгiне қайта-қайта барып жүрiп, студенттерге арнап 5 қабатты жатақхана салдырған. Ал оқу корпусын салдырамын деген арманы кейiн ғана жүзеге асты.

Орыс, қазақ, өзбек, т.б бiрнеше ұлттан құралған ұжымының бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып, тату-тәттi тiрлiк етуiне ұлағатты басшының әдiлдiгi көп ықпал еттi.

Әдетте, бiздiң дана халқымыз "Жiгiттiң бағы – түзде, бақыты – үйде" дейдi ғой. Осы жағынан алғанда Иса Алтынбекұлына тағдыр бақытты да, бақты да қоса сыйлаған. Мен ол кiсiнiң тәрбиесiн көрген, кiшiге жасар iлтипатына бөленген келiндерiнiң бiрiмiн. Сондықтан ол кiсiнiң отбасылық бақытын өз көзiммен көрдiм, азаматтық талай iстерiне куә болдым.

Исекең сымбатты, сырбаз, асқақтығы, алдамшылығы жоқ, қарапайым, қағылез кiсi болатын. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Сабырлы. Салмақты. Салиқалы сөзiн орнықты ойдан, орынды сөзден кейiн айтады. Маған ұнағаны да, ұлағат тұтқаным да осы бiр асыл, айрықша қасиеттерi едi. Ол көрген, бiлгенiнен гөрi оқығанын, түйгенiн тарқатып айтуға шебер едi. Қылышынан қан тамған кеңес дәуiрiнде, 1953 жылы "Қазақстан мұғалiмi" газетiне "Жауапсыз аудармашы, сапасыз оқулық" деген мақала жариялап, онда орта мектептердiң 8-сыныбына арналған "Адам анатомиясы мен физиологиясы" оқулығының аудармасын сынға алған. Өзiнiң пiкiрлерiн "тисе – терекке, тимесе – бұтаққа" деген жалпылама ойлармен бұлғаңдатпай, әр сөзi мен пiкiрiн дәлелдеп, дәйектеп отырғаны оның өз iсiн өте терең бiлетiндiгiн көрсетедi. Аударманы тек сынамаған. Оның дұрыс нұсқасы қалай болуы керектiгiн ұсынған. Және ол ұсыныстары дәл әрi сауатты шыққан. Ең ғажабы, қарапайым ғана педучилищенiң оқу iсiнiң меңгерушiсi бола тұрып "Қазақстанның Оқу министрлiгi оқулықтардың аудармасын қалай болса солай бекiте салмай, оларға қажет дәрежеде көңiл бөлiп, оның сапалы болып шығуын қамтамасыз етуi керек" деген батыл пiкiр айтады. Түсiнген адамға бұл – нағыз елжандылықтың белгiсi. Ол қазақ баласын сауатсыздықтан арашалап, өз басын қатерге тiккен ұлтжанды азаматтың ғана қолынан келерi анық. Өйткенi, қаһарынан ел ыққан билiк басындағы партия қызметкерлерiне бұлайша сын айту үшiн қандай батылдық керектiгiн айтып жату да артық болар….

Исекең – Түркiстан қалалық Кеңесiнiң бiрнеше рет депутаты болып сайланды. "Бiлiм" қоғамының лекторы болды. "Оңтүстiк Қазақстан" және "Коммунистiк еңбек" газеттерiнiң штаттан тыс тiлшiсi ретiнде ел жайын, бiлiм-ғылым жайы туралы мақалаларын үздiксiз жариялап отырды. "Жақсының аты өлмейдi" дегендей, туған халқы да оның есiмiн есте қалдыру үшiн Иса Алтынбеков бар саналы ғұмырын арнаған Түркiстан қаласының бiр көшесiне атын берген болатын. Бұл да халқымыздың арда ұлдарының аға ұрпақ алдындағы парызына адалдығын көрсетедi деп ойлаймын.

Иса ағамыздың қоғамдық қызметтегi орны қандай биiк болса, оның отбасындағы беделi де сондай жоғары едi. Ол кiсi қазақ айтатын "хас жақсының белгiсi: "түзде – патша, үйде – құл" дегенiне толық дәлел болатындай. Қызметiнде қаншама сыйлы, зиялы басшы болса, өз отбасында адал қосағының қадiрiн түсiнетiн, оны өзiмен тең тұтып, алақанына салып аялайтын нағыз азамат болды. Базаркүл жеңгей екеуiнiң арасындағы боямасыз, таза, шынайы iлтипат пен iңкәрлiк оларды танитындар үшiн аңызға бергiсiз ақиқатқа айналды. 1935 жылы шаңырақ көтерген олар нағыз зиятты отбасының иесi атанды. Бiрiн-бiрi аялай жүрiп, елiнiң құрметiне бөлендi, берекелi отбасын құрудың үлгiсiн көрсеттi. Жұмысқа күлiп аттанып, үйiне күлiп оралудың қаншалықты бақыт екенiн айналасына сезiндiре бiлген сол екi асыл тұлға елiне мол еңбек сiңiрдi…

Мырзай Алтынбекова, зейнеткер, филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары