ҚАУIПСIЗДIК КIРПIШI

ҚАУIПСIЗДIК КIРПIШI

ҚАУIПСIЗДIК КIРПIШI
ашық дереккөзі
257

Астана декларациясының саяси мәнi

Кешегi аптада Венада өткен Тұрақты кеңес жиналысында Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалық тiзгiнiн салтанатты жағдайда Литваға тапсырды. Ақорданың iрi саяси бастамасы – ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық ету iсi осылайша мәресiне жеттi. Ал оның нәтижесi талқыланып, сарапқа түсiп жатыр.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiнiң басты нәтижесi – 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен Астана саммитiнде Астана декларациясының қабылдануы. Бұл шараның ең үлкен жетiстiгi де осы екенi даусыз.

Дегенмен, осы құжаттың Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының тағдырына қандай әсер-ықпалы болмақ?

56 мемлекеттiң мәртебелi өкiлдерi қол қойған құжаттың тарихи салдары бола ма?

Бұл құжаттың жобасы төрт ай бойы дайындалған екен. Әуелгiде төрт бiрдей бөлiктен құралған жобаның негiзгi бөлiгi мен Iс-шаралар жоспары ғана Жетiншi Саммит делегаттарының құзырына ұсынылды. Бiрақ көпжақты келiссөздер барысында Iс-шаралар жоспары кейiнге ысырылып, Декларацияның жалпы мазмұнда ғана қабылданғаны белгiлi.

Осының өзi қазақстандық дипломатия үшiн үлкен сын едi. Сарапшылар бұл жөнiнде "Қазақстан өзiнiң басты саяси ресурсын пайдалануға мәжбүр болды" дейдi. "Басты саяси ресурс" – Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Елбасы өзiнiң саясаткер ретiндегi халықаралық беделiн, тәжiрибесi мен бiлiктiлiгiн пайдалана отырып, әрiптестерiн келiсiмге шақырды.

Көптеген президенттер Саммиттен соң да Қазақстан Президентiнiң дипломатиялық талантына айрықша ықылас бiлдiруi осыны аңғартса керек.

Мемлекеттiк хатшы – сыртқы iстер министрi Қ.Саудабаев Саммиттен соң Астана декларациясына былай деп баға берген: "…Он бiр жылғы үзiлiстен кейiн Елбасының бастамасы бойынша осы жоғары деңгейдегi форумның Астана қаласында өтуi – халықаралық қоғамдастықтың бүгiнгi күнi әлемдегi Қазақстанның салмақты рөлiн, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты аса көрнектi әлемдiк көшбасшы ретiнде шынайы тануының айқын куәсiне айналды. Тарих ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитiнiң шын мәнiндегi маңызын әлi де лайықты бағалай жатар, алайда бүгiн оның қорытындылары мен Саммит барысында қабылданған "Жалпыға ортақ қауiпсiздiк" атты Астана декларациясы Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi орасан кеңiстiктегi қауiпсiздiк пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен серпiн бередi деп сенiммен айтуға болады. Және бұл барлық ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң осынау теңдессiз табысы. Тұңғыш Президентiмiз, тәуелсiз Қазақстанның негiзiн құрушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есiмiмен, бiздiң елордамыз Астанамен әрдайым байланысты болады. Бұл шынымен де, өзiнiң тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын атап өтетiн жылға олимпиадалық табыспен қадам басып отырған Қазақстанның жұлдызды сәтi деуге болады".

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсiздiк күнiне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзiнде "Тәуелсiздiктiң әр жылы – бұл жаңа Қазақстан тарихындағы тұтас дәуiр. Бiздiң елiмiз үшiн Тәуелсiздiктiң он тоғызыншы жылы нақ осындай болды. Астанада ХХI ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның тұңғыш Саммитi өттi. Он бiр жыл бойы бiрде-бiр ел Ұйымның жоғары форумын жинай алмады. Қазақстан мұны жасай алды! Астана Саммитi ЕҚЫҰ-ның барлық елдерi үшiн бiрiктiрушi табыс болды" дедi.

"Бұдан он тоғыз жыл бұрын ешкiм де Қазақстанның елордасы Астана атақты "Хельсинки рухының" лайықты мұрагерi болатынын ойлай да алған жоқ. Бүгiнде бұл iске асты. Бiз ЕҚЫҰ-ға төрағалық аясында өзiмiздiң iс-қимыл бағдарламамызды орындадық" дедi Елбасы.

Сонымен, Астана декларациясы Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауiпсiздiк қауымдастығының негiзiн салуға жол ашты.

"Жалпыға ортақ қауiпсiздiк" атты декларациясында 56 мемлекеттiң өкiлдерi өздерiнiң еркiн, демократиялық әрi келiсiлген қағидаларға сүйенген, ортақ мiндеттемелер мен мақсаттарға негiзделген Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауiпсiздiктiң ортақ және бiртұтас қауымдастығын құру жолындағы пiкiр ортақтастығын тағы бiр рет нықтады.

Осы декларациясының 2-тармағында 56 мүше-мемлекеттiң бәрi де БҰҰ Жарғысына, ЕҚЫҰ барлық нормалары мен қағидаларына, мiндеттемелерiне, оның iшiнде Хельсинкi Қорытынды актiсiне, Париж хартиясына, Еуропалық қауiпсiздiк хартиясына т.б. құжаттарға жүгiнетiндiгi айтылған.

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң қауiпсiздiгi барлық мүше мемлекеттердiң қауiпсiздiгiмен етене байланысты. Әрбiр мүше мемлекеттiң қауiпсiздiк құқығы өзара тең. Астана декларациясының өзегi – осы.

ЕҚЫҰ мүшелерi түгелдей осы ұйым жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру жолындағы жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты. Шындығында, Астана декларациясының қабылдануының өзi – ЕҚЫҰ өмiршеңдiгiн дәлелдеу талпынысынан туындаған әрекет болатын.

Қауiпсiздiк мәселесiне келгенде, ЕҚЫҰ 56 мүшесi осы жолы ұйым аясындағы қауiпсiздiк тек Еуропамен шектелетiн ұғым емес, Жерорта теңiзi аймағы мен Азия құрлығына да қатысты екенiн мойындады. Бұл декларацияның 10-тармағында анық айтылған. Оның iшiнде Ауғанстанның демократиялық еркiн мемлекет ретiндегi тұрақты даму жолының маңызына мән берiлдi. Осылайша, Қазақстан төрағалықтың басты мақсатына жеттi – ЕҚЫҰ мүшелерi Ауғанстанның тыныштығын сақтау – ұйым аясында қауiпсiздiктi қорғаудың кiлтi екенiн мойындады.

Еуроатлантикалық қауiпсiздiктен Еуразиялық қауiпсiздiкке дейiнгi қауымдастықтың алғашқы кiрпiшi қаланды.

ҚР Президент Әкiмшiлiгiнiң Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушiсi Арман Әбiкенов Астана декларациясының саяси мәнi туралы былай дейдi: "Ең әуелi, Астана декларациясы соңғы 8 жылда ЕҚЫҰ барлық мүшелерi қол қойған алғашқы құжат екенiн ескеру керек. 2003 жылдан бергi ұйымға мүше мемлекеттердiң министрлерiнiң барлық кездесулерi қорытынды құжатсыз аяқталып келген. Қазақстан Астана Саммитi алаңқайында барлық мемлекеттердiң мүдделерiн орайластырып, осы қорытынды құжатты қабылдатуға ұйытқы болды".

Ең соңғы тармақ Қазақстанның төрағалығына рахмет айтумен түйiнделедi. Онда "Бiз Қазақстанға ЕҚЫҰ 2010 жылғы төрағалығының күрделi мәселелерiн шешудегi, осы басқосуды өткiзудегi ерiк-жiгерi мен қажыр-қайраты үшiн үлкен алғыс бiлдiремiз" делiнген.

Саммит делегаттары бiрауыздан ұйым жұмысына Қазақтанның тың серпiн бергенiн айтумен болды.

Ал Қазақстанның төрағалығы тұсында атқарған жұмыстарының нәтижесi ретiнде Iс-шаралар жоспарын дайындап, қабылдату келесi төраға Литваға тапсырылды. Литва өкiлдерi Астана саммитiнде Қазақстан бастамаларын жалғастыруға уәде берген болатын.

56 мемлекет Астана декларациясының 12-тармағында 2011 жылы Вильнюсте 6-7 желтоқсанда ЕҚЫҰ министрлер басқосуында осы мәселенi талқылауға уағдаласты.

Литвадан соң бұл ұйымға Ирландия, ал 2013 жылы Украина төрағалық етпек.

Iс-шаралар жоспары бойынша болашақта әлi талай жұмыс атқарылуы тиiс. Астана декларациясы осы жұмыстың өзегi болуға лайық.

Ең бастысы, осы шара барысында Астана Еуразия қауiпсiздiк мәселелерiн талқылауға арналған саяси диалог алаңына айналды.

Ендеше, ЕҚЫҰ-ның алдағы жетiстiктерiнде Қазақстанның айтарлықтай үлесi бар деген сөз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары