БАРЫС ЖЫЛЫНЫҢ ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕРI

БАРЫС ЖЫЛЫНЫҢ ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕРI

БАРЫС ЖЫЛЫНЫҢ  ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕРI
ашық дереккөзі
308

2010 жылғы саяси оқиғаларға шолу

Берекесi мен ырысы мол, қиыны мен шырғалаңы да жетерлiк барыс жылы да аяқталып келедi. Олай дейтiнiмiз, биылғы қыс қаһарын тiге келдi. Қазақстанның бiршама өңiрлерi топан су астында қалып, Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының бiраз тұрғыны тiлсiз жаудың құрбаны болды. Шығыс Қазақстан облысының көптеген елдi мекендерi де топан суға тоғытылды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бiрақ, баспанасыз қалған, үйсiз-күйсiз тентiреген отандастарымыздың қарасы молайды. Билiк халықтың қалауын тауып, баспанасын салып берiп, тиiстi жәрдемақысын төледi. Дегенмен, жұттың аты – жұт, халықтың құтын бiраз қашырып жiбергенi айқын.

ЕҚЫҰ ТӨРАҒАЛЫҒЫ ӨЗ ДЕҢГЕЙIНДЕ ӨТТI

Сарапшылар қоян жылының ондай тосын мiнез көрсете қоймайтындығын айтып отыр. Қалай дегенмен де, айдан аман, жылдан есен алдағы жылдың есiгiн қағып та үлгердiк. Биылғы жыл топан суынан өзге қандай саяси оқиғаларымен есте қалды? Әрине, ең әуелi халықаралық саясаттағы iрi жеңiсiмiз, әлемдiк аренада абыройымызды асқақтатқан – ЕҚЫҰ төрағалығы мен оның Саммитiн Астанада өткiзуiмiз жылдың басты оқиғасы ретiнде бағаланары анық. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қорытындыланып жатыр. Бiр жылда Қазақстанның халықаралық қауымдастықта қордаланып қалған проблемаларды шешуге атсалысқаны мәлiм. Саммитте осы бiр өзектi проблемалардың барлығы ортаға салынды. Тiптi, Ресей президентi тарапынан ЕҚЫҰ-ның саяси құрылымын реформалау жайлы мәселелер де айтылды. Бiрақ Батыс саясаткерлерi бұл пiкiрмен келiсе қоймайтындығын да баса айтты. Германияның Алматыдағы Бас консулы Герольд Амелунг "Түркiстан" газетiне берген сұхбатында Ресей президентi Д. Медведевтiң бұл пiкiрi қисынсыз деген едi. Сонымен қоса, елшi Қазақстан төрағалығын жемiстi деп бағалай отырып, кейбiр талаптардың орындалмағанын да айта кеткен болатын. Соның бiрi – журналистердi шенеунiктердiң ар-намысына тигенi үшiн заңмен қудалау. Азаматтық кодекстегi осы бiр бапты жұмсартуға Қазақстан билiгi уәде берген көрiнедi. Бiрақ Германияның ресми билiгi бұл талаптың орындалмағанын айтады. Ал, Орта Азия республикалары Қазақстан төрағалығы кезiнде Қырғыз елiнiң оңтүстiгiнде болған ұлтараздығын ауыздықтауда пәрмендiлiк таныта алмады деп сынайды. EurasiaNet.org сайтында Джоанна Лиллис деген автордың "Казахстан: Саммит ОБСЕ выявил раскол в стане центральноазиатских государств" деген мақала жарияланған едi. Осы мақалада Өзбек билiгiнiң Қазақ төрағалығы кезiнде өзбек пен қырғыз арасындағы ұлтаралық жанжалдың тұтануы себептерi айқындалмағанын, оның алдын алу үшiн ештеңе iстелмегенiн, Қырғызстанның Ош облысындағы ұлтаралық қақтығыстарды қайта зерттеу қажеттiгiн Өзбекстан Сыртқы iстер министрi Владимир Норов сынға алған екен. Сонымен, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы өз деңгейiнде аяқталып отыр. Оған көңiлi толмай жатқандар да, аса жоғары деңгейде өттi деп бағалаушылар да бар.

ЕЛ БIРЛIГI ДОКТРИНАСЫНАН ТIЛДЕРДI ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ДЕЙIН

Былтыр жыл аяғында Мұхтар Шаханов бастаған топ "Ел бiрлiгi" доктринасының қабылдануына өре түрегелiп қарсы болды. Сөйтiп, Желтоқсанның 16-сында халықты алаңға алып шығамыз деп сес көрсеттi. Соның нәтижесiнде "Ел бiрлiгi" доктринасының балама жобасы ұсынылып, Қазақстан халқы ассамблеясы мен қоғамдық ұйымдардың ұзақ талқылауынан кейiн, бiр мәмiлеге келiп, биыл 20 наурызда "Ел бiрлiгi" доктринасы қабылданды. Онда жұртты дүрлiктiрген "қазақстандық ұлт" жасау жайлы бап алынып тасталды.

Тiлдердi дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы қорытындыланды. Ол бағдарлама бойынша Қазақстан түгелiмен биыл мемлекеттiк тiлге көшуге тиiс болатын. Алайда, бағдарлама аяқсыз қалды. Ендi тығырықтан шығудың қандай жолы бар? Билiк қазақша сөйлеудi тағы он жылға созу жоспарын ұсынып отыр. Сөйтiп 2011-2020 жылдарға арналған Тiлдердi дамытудың жаңа бағдарламасы ұсынылды. Әрине, бағдарлама әзiрге қабылданған жоқ. Бiрақ жұрт талқысына салынып, әлi күнге дейiн талқылану барысында екенi анық.

Аталмыш бағдарламаны дайындаған Мәдениет министрлiгi 2020 жылы қазақ тiлiнде сөйлеу абырой мен бедел әперетiн болады деген ой тастаған. Дегенмен, бағдарламаны талқылау барысында оның көптеген кемшiлiктерi айқындалды. Ең бастысы, қазақ тiлiн 2020 жылы мемлекеттiк тұғырға толықтай қондырудың нақты механизмдерi жасалмаған. Мемлекеттiк тiлдi бiлетiндердi марапаттау мәселесi көбiрек айтылады да, мәжбүрлеу, қажеттiлiк тудыру мәселесi тасада қалады. Демек, ендi он жылда қазақ тiлi төрге озуына шын жүректен ниеттес болсақ, бағдарлама қайта көңiл сүзгiсiнен өткiзiлiп, оны жүзеге асырудың нақты тетiктерi айқындалуы тиiс.

2012 ЖЫЛЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ БОЛА МА?

Жыл соңында елдi елең еткiзген тағы бiр оқиға – бастамашыл топтың Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiнде референдум өткiзу туралы ұсынысы. Өскеменде бастау алған бұл бастаманы Орталық сайлау комиссиясы құп алып, бастамашыл топқа 200 мың адамның қолын жинауды тапсырды. Өйткенi, заң бойынша референдум өткiзу үшiн әр облыстан теңдей дәрежеде 200 мың адамның қолы жиналуы тиiс екен. Яғни, әр аймақтан 12,5 мың адамның қолы жиналуы тиiс. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: "Конституция бойынша қол жинау мерзiмi белгiленбеген. Бастамашыл топтың ұсынысы Орталық сайлау комиссиясында тiркелген сәттен бастап, қол жинауға кiрiсiп кете алады. Қол жинау iсi аяқталғаннан кейiн үш күннiң iшiнде қол қойылған қағаздарды аумақтық комиссияға өткiзуi тиiс" дейдi. Бастамашыл топ қол жинау iсiн 2011 жылдың 10 қаңтарына дейiн аяқтауды жоспарлап отыр. 2011 жылдың наурыз айында референдум өтуi мүмкiн деп болжайды бастамашыл топтың жетекшiсi, Семей мемлекеттiк университетiнiң ректоры Ерлан Сыдықов. Қазiр жер-жерде 320 адамнан құралған бастамашыл топ өкiлдерi жұмыс iстеп жатыр.

Президенттiң өкiлеттiгiн сайлаусыз ұзарту туралы пiкiрдi биыл ең алғаш қазанда өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХVI сессиясында Қазақстан кәрiстерi қауымдастығының президентi Роман Ким бiлдiрген едi. Қыркүйек айында Қазақстан президентiнiң саяси мәселелер жөнiндегi кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаев "Свобода слова" газетiне берген сұхбатында "Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы өтетiн президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ ниетте" деген болатын. Алайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсыныстардың ешқайсысына өз көзқарасын әлi танытқан жоқ.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары