КЕДЕНДIК ОДАҚ: КЕЛЕШЕКТЕН НЕ КҮТЕМIЗ?

КЕДЕНДIК ОДАҚ: КЕЛЕШЕКТЕН НЕ КҮТЕМIЗ?

КЕДЕНДIК ОДАҚ: КЕЛЕШЕКТЕН НЕ КҮТЕМIЗ?
ашық дереккөзі
189

Баж салығы түсiмдерiн бөлудiң қитұрқылары

2010 жылдың ең басты экономикалық жаңалығы, үш мемлекет – Ресей, Қазақстан, Беларусьтiң Кедендiк одақты жасақтап, бiртұтас Кедендiк кодекс аясында жұмыс iстей бастауы дер едiк. Ал, 2012 жылы БЭК-тi жасақтаудың алғышарттары жасалып, барлық құжаттарға қол қойылды. Беларусь Парламентi БЭК құжаттарын ратификациялады.

КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ БЕРГЕНI МЕН БЕРЕРI

Биыл 10 қаңтардан жүзеге асқан, 1 шiлдеден бiртұтас Кедендiк кодекс аясында жұмыс iстеп жатқан Кедендiк одақ елдерiнiң экономикалық тиiмдiлiгi жайында пiкiрлердi көп естимiз. Бiрақ тиiмдiлiгi неде, ұтыларымыз неден, оны сарапқа салуымыз тым сараң секiлдi. Сарапшылар Кедендiк одақтың үш елге тиiмдiлiгiн былай түйiндейдi: "Кедендiк одақ: Белоруссия үшiн Батыс рыногына, Қазақстан үшiн Шығыс Азия мен Парсы шығанағына жол ашу, Ресей үшiн өндiрiлген тауарларын импорттау мүмкiндiгiне ие болу. Бұл, әсiресе, Батыс рыногында тым жоғары сұранысқа ие бола қоймаған, Ресей машина өнiмдерi мен сүт өнiмдерiн ТМД аумағында, соның iшiнде Қазақстан мен Беларусь аумағына өткiзу үшiн маңызды" делiнедi. Сондай-ақ, энергетика және машина өндiрiсi, атомды игеру саласында да бiрлескен жобаларды жүзеге асыруға Кедендiк одақ көмекке келедi. Ресей Федерациясының Ғылым Академиясы Экономика институтының директорының орынбасары Сергей Сильвесторов: "ЕурАзЭҚ аясында Ресейге экономиканы қайта құрылымдау мақсатында жаңа мүмкiндiктерге есiк ашылады. Бiздiң шикiзат және шикiзатқа жақын қайта өңдеу салалары Қазақстанмен тығыз байланыста. КСРО кезiнде бұл база бiртұтас кешен ретiнде жұмыс iстеген едi. Осы саладағы бiртұтас кешендi қайта қалпына келтiру бәсекелестiкке қабiлеттiлiктi қайта жандандырады, сонымен бiрге, металлургия мен металл өндiру кәсiпорындары жайында да осыны айтуға болады" деген екен Dailyonline интернет газетiне берген сұхбатында.

ЕурАзЭҚ-тың маусымдағы жиынында Кедендiк одақ (КО) 2011 жылдың 1 шiлдесiне қарай толықтай жасақталып бiтедi деп жоспарланған. Бұған дейiн Кедендiк одақ елдерi аясында кедендiк бақылау сыртқы шекараға көшiрiлiп, iшкi шекара жойылмақ. 2010 жылдың қаңтарынан Кедендiк одақ елдерi бiртұтас кедендiк тарифке көше бастады. Қазiргi мәлiметтерге сүйенсек, үш ел аясында кедендiк тарифтер бiршама теңестiрiлiп үлгерген. Алайда, экономистер Кедендiк одақты жасақтаудың өтпелi кезеңi деп үкiлеп жүрген бүгiнгi таңда көптеген маңызды мәселелер төңiрегiнде келiссөздер жасалмаған. Мәселен, кедендiк төлемдердiң барлығы теңестiрiлдi, ендi олар кiмнiң қазынасына құйылатындығы жайында келiсiм жасалмаған. Дегенмен, BNews сайтында онлайнда оқырмандардың сауалына жауап берген ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев: "Кедендiк баж салығынан түскен түсiмдер Кедендiк одаққа мүше елдердiң қазыналық есеп шоты арқылы жүзеге асатын болады. Оларды төлеу тәртiбi өзгермейдi. Олар тиесiлi келiсiмшарттардағы пропорция бойынша бөлiнедi. Бұл бөлiнiс принципi бойынша: баж салығынан түскен түсiмдi бөлуден ешқандай ел ұтылмайды да, ұтпайды да. Демек, бейтарап формула ұстанады. Бiр сөзбен айтқанда, Кедендiк одақ аясында кедендiк баж салығынан түскен түсiмдердi бөлуде бiр ел басым түспейдi" деген екен. Сарапшылар: "Ортақ қазына Қазақстан мен Беларусь экономикасының тәуелсiздiгiне нұқсан келтiредi" дейдi.

Тарифтердi үйлестiру мәселесiнде Ресейдiң ұтқаны айқын. Өйткенi, кедендiк тарифтердiң барлығы Ресейдiң тарифтерiмен теңестiрiлдi. ҚР Экономикалық зерттеулер институтының мәлiметтерiне сүйенсек, ортақ кедендiк тарифке сәйкес импорттық тауарлардың 50 пайызының тарифi (кейбiреулерi екi есеге дейiн) өскен, 40 пайыздайы өзгерiссiз қалған, тек 10 пайызы ғана төмендеген. Тарифтердiң қымбаттауы салдарынан шеттен келетiн тауарлардың 80 пайызы екi есеге дейiн қымбаттады. Сөйтiп, Ресей Қазақстан мен Беларуське сырттан келетiн импортты шектеу саясатына қол жеткiздi. Сол арқылы өз өнiмдерiн өткiзудi мақсат етуде. Қазiр Қазақстанда шетелден әкелiнетiн автомашиналарға еуро стандарттарын енгiзу де осы Ресей машиналарын өткiзу мақсатынан туындаған деген де пiкiрлер кезiгедi. Сондай-ақ, Ресей кәсiпкерлерiнiң Қазақстанда жеке кәсiбiн дамытуға да үлкен мүмкiндiк ашылды. Өйткенi, Ресей Федерациясымен салыстырғанда, Қазақстанда салық төлеу жүйесi бiршама жеңiл. Қазiрдiң өзiнде Ресей инвесторлары Қазақстанға ағыла бастағаны байқалады. Қазақстан кәсiпкерлерiнiң бұл ретте де бәсекеге қабiлетсiз екендiгi айқын. Өйткенi, Қазақстанның өндiрушi секторы айтарлықтай дамымай отыр. Қазақстан – әлi күнге дейiн шикiзат отаны.

Қазiргi мәлiметтер бойынша, Ресей бүгiнгi таңда Қазақстан импортының 18,3 пайызын иеленедi. Батыс елдерiнiң импорты 37,2 пайызды құрайды. Дегенмен, сарапшылар ендi бұл үлесте Ресей басымдыққа ие бола бастайтындығын айтуда. ҚР импортының Ресейдегi үлесi жылдың басында – 2,8 пайыз болса, сарапшылар биылдың өзiнде бұл үлестiң 7-8 пайызға дейiн өскендiгiн айтады. Биылғы жылдың 8 айындағы сыртқы сауда айналымы Ресеймен 8,5 миллиард долларды, Беларусьпен – 300 миллионды құраған. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда, 11,8 және 5,6 пайызға артық екен.

Қазақстан Кедендiк одаққа ену арқылы екi мәселеде ұтады: Ресей өнеркәсiбi үшiн металлургиялық шикiзат, көмiр және химия өнiмдерiн тасымалдаушы кәсiпорындар үшiн РФ-ына экспорт жағдайы жақсармақ. Екiншiсi, көмiрсутегi шикiзатын Ресей құбыр өткiзгiш жүйесi арқылы тасымалдау жайындағы ежелден келе жатқан проблемалар шешiлмек.

Ал, жалпы алғанда, үш ел тұрғындарының тұтыну деңгейiнiң әрқилылығы, кедендiк төлемдер мен әртүрлi салықтардың өзгешелiгi, экономиканы диверсификациялаудың жолға қойылмауы, Ресей рыногындағы өндiрушi саланың тым озықтығы, Белоруссияның сүт өнiмдерi мен ауырөнеркәсiбiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгi, ал Қазақстанның бұл екi ел тауарларына қарсы қоятын өнiмiнiң болмауы – Кедендiк одақтың толықтай жасақталуына кәдiмгiдей кедергi келтiретiнi анық. Сарапшылар Кедендiк одақты жасақтау iсi әлi де бiраз жылға созылатынын айтады.

2012 ЖЫЛЫ БЭК ЖАСАҚТАЛАТЫН БОЛДЫ

10 желтоқсанда Ресей астанасы Мәскеу төрiнде бас қосқан Кедендiк одаққа мүше елдердiң басшылары 2012 жылы Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi (БЭК) жасақтайтын құжаттардың барлығына қол қойды.

Бұған дейiн Санк-Петерборда бас қосқан Қазақстан, Ресей және Беларусь премьер-министрлерi БЭК-ке қатысты 14 құжатқа қол қойып, барлық 17 құжаттың үшеуi мемлекет басшыларының Мәскеу саммитiнде қаралатын болып шешiлген. Ресей Федерациясының президентi Д. Медведев БЭК-ке қатысты құжаттардың тез арада мақұлдануына разы. Ол: "БЭК-тi жасақтау iсiн алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап кетемiз деп ойламаған едiк" деп ағынан жарылған-ды. Ресейдiң пайымдауынша, БЭК-тi жасақтауға бел шеше кiрiсетiн кезең 2012 жылдан кейiн болған екен. Ал, мына келiсiлген құжаттар бойынша, БЭК жұмысын 2012 жылы-ақ бастап кетпекшi.

Бұған дейiн БЭК жасақтау жайлы келiссөздерден көп нәтиже бола қоймаған едi. Оның басты себебi Белоруссия Ресейден кедендiк баж салығынсыз мұнай мен газ алуға қол жеткiзу үшiн БЭК құжаттарын мақұлдауға көнбей келген. Александар Лукашенко дәл осы уақытқа дейiн Ресей президентi Д. Медведевпен қарым-қатынасын үзген едi. Бiрақ бұл жолғы келiсiмшарттар тез арада мақұлданғаны сарапшыларды таңқалдырғаны рас. Әрине, Мәскеу төрiнде Д. Медведев пен А. Лукашенко бетпе-бет жүздесiп, құпия екi сағат әңгiме өткiзгеннен кейiн, екi тарап та келiсiмге келдi. Ол келiсiмнiң негiзi Белоруссия 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейден кедендiк баж салығынсыз мұнай алатын болды. Бiрақ, Беларусь бұл мұнайды өңдеп, шетелге шығаратын болса, осы мұнай өнiмдерiнен түсетiн кедендiк түсiм, Ресей бюджетiне ағылмақ. Әрi Беларуське кедендiк баж салығынсыз тасымалданатын мұнай көлемi қысқартылады. Бұл келiсiмнен кiм ұтты, кiм ұтылды, бағамдау әзiр ерте сияқты. Бiрақ, Ресейдiң Экономикалық даму министрi Эльвира Набиуллина: "Бұл келiсiм Беларусь қоржынына жылына 4 миллиард доллар көлемiнде табыс әкеледi. Бұған дейiн Ресей сарапшылары Белоруссияға тасымалданатын мұнайға салынатын баж салығынан түсетiн түсiм 14 миллиард доллар деп есептеп келген едi. Бiрақ, олар жыл сайын тасымалданып тұрған 21 миллион тонна мұнайды есептеген көрiнедi. Белоруссия келер жылы 10 миллион тонна мұнайды Венесуэладан алатын болып отыр" дегендi айтады. Беларусь президентiнiң баспасөз-қызметiнiң қызметкерi В. Симашко журналистерге берген мәлiмдемесiнде: "Мерзiмсiз келiсiмге қол қойылды. Мұнай, мұнай және газ өнiмдерiн Кедендiк одаққа мүше үш мемлекеттiң iшiнде тасымалдау баж салығынсыз, квотасыз және шектеусiз жүргiзiлетiн болды. Беларусь пен Ресей арасындағы мұнай өнiмдерiнiң баж салығын есептеу туралы келiсiм 3 жыл жұмыс iстейдi. Беларусьте шығатын мұнайды (бұл шамамен жылына 1,7 миллион тонна) өзге бiр елге экспорттаудан түсетiн кедендiк түсiмдер Беларусь қазынасына құйылады. Ал, мұнай өнiмдерiнен түсетiн кедендiк түсiмдер (мейлi Ресейдiң мұнайынан, мейлi Беларусьтiң мұнайынан өндiрiлсе де) Ресей қазынасын толтырмақ" дейдi. Ресей Экономикалық даму министрi Э. Набиуллина бұл келiсiмнен Ресейдiң қысқа мерзiмде ұтылғанымен, ұзақ және орта мерзiмде Ресей ұтады деген пiкiрде. Дәл осы пiкiрдi Ресей саясаткерлерi де талмай қайталауда. Ал, Беларусьтiк саясаткерлер керiсiнше, бұл келiсiмнiң Беларусь халқына берер пайдасы аз деп түйiндеуде. "Бұл келiсiмдер Беларусь халқы үшiн емес, Лукашенко үшiн ғана маңызды. Лукашенко бұл келiсiмге қайта сайлану үшiн ғана келiстi. Сайлау өткеннен кейiн Лукашенко БЭК-ке қатысты келiсiмдердi тағы созып жүрiп алмақ" дейдi Deutsche Welle интернет газетiне берген сұхбатында Белоруссияның "Стратегия" сараптау орталығының жетекшiсi Леонид Заико. Бұл пiкiр тек қана Леонид Заиконың пiкiрi ғана емес, Белоруссиядағы белдi басылымдардың көпшiлiгi Минскiнiң есесi Мәскеуге кетiп қалды деген ойда. Сондай-ақ, Беларусь саясаттанушылары мұнай өнiмдерiнен түсетiн түсiмнiң өте аз екендiгiн айтады. "Белоруссиядағы мұнай өндiру зауыттары рентабельдi емес, бар жоғы 3 пайыз, бұл сүт өндiрушi зауыттардың рентабельдiгiнен де төмен" дейдi Леонид Заико.

Ал, Қазақстанның мұнай тасымалдаушы ел ретiнде бұл мәселеде өз есебi бар. Бұған дейiнгi келiссөздерде, егер Лукашенко келiсiмге келмесе, екi ел мұнай тасымалдауына қатысты кедендiк баж салығын өз бетiнше көтере бермек болған едi. Қазақстанның мұнай өнiмдерiне салынатын кедендiк баж салығы 20 пайызды құраса, Ресейдiң мұнай өнiмдерiне салынатын баж салығы 290 пайызды құрайды екен. Керiсiнше, Қазақстанда пайдалы қазбалар өндiруге салынатын салық жоғары. Осының есебiнен экспортқа шығарылатын өнiмге салынатын баж салығы айтарлықтай төмен. Ал Ресейде керiсiнше. Пайдалы қазбаларға салынатын салық мөлшерi төмен болғандықтан, экспорттық кедендiк баж салығы жоғары. Кедендiк кодекс бойынша, бұл төлемдер теңестiрiлуi тиiс. Бiрақ қалай? Ресей кедендiк салымдарды түсiре ме, Қазақстан көтере ме? Бұл мәселелер әлi шешiмiн таппағанға ұқсайды. Өйткенi, осыған қатысты ешқандай ақпарат таппадық. Тек Қаржы министрi Болат Жәмiшев Ресейдiң вице-премьерi И.Шуваловтың сөзiне сiлтеме жасай отырып, Ресей баж салығын төмендетпек деген ақпарат бередi.

Сонымен 9 желтоқсанда кедендiк одақ елдерiнiң саммитiн өткiзген одаққа мүше үш мемлекет президенттерi БЭК-тiң құқықтық базасының 3 келiсiмiне қол қойды. Олар – макроэкономикалық келiсiм, капиталды еркiн айналымға жiберу мақсатында қаржы рыногында мүмкiндiктер тудыру және валюта саясаты бойынша келiсiлген принциптер. Сарапшылар егер 2012 жылы БЭК-тi құру iсi басталса, 2017-2020 жылдары Еуразиялық экономикалық кеңiстiк толығымен жасақталып бiтедi деген пiкiрдi айтады. Әрi Кедендiк одаққа мүше үш мемлекет бұл ұйымға Қырғызстан, Тәжiкстан, Армения секiлдi мемлекеттер енедi деген сенiмде. Д. Медведев Еуроодақ елдерiнiң де бұл одаққа мүдделiлiк танытуы мүмкiн деген ой айтты. Мақсат – ЕО секiлдi iрi еуразиялық құрылым жасақтау.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары