ЖҮЗIМ – ӨЗБЕКТIКI, КАРТОП – ҚЫРҒЫЗДIКI

ЖҮЗIМ – ӨЗБЕКТIКI, КАРТОП – ҚЫРҒЫЗДIКI

ЖҮЗIМ – ӨЗБЕКТIКI,  КАРТОП – ҚЫРҒЫЗДIКI
ашық дереккөзі
183

Қоймадағы 1 кг өнiм үшiн 2 теңге төленедi. Бұл – өндiрушiлер үшiн өте қымбат

Оңтүстiктiң бейнетқор жұртшылығының денi егiн шаруашылығы саласына маманданған. Сондықтан бүгiнде өңiрде агроөнеркәсiп кешенiн дамыту мәселесiне басты назар аударылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы суармалы жерлердi тиiмдi пайдалану үшiн бюджеттен қыруар қаржы қарастырылып, су жүйелерiнiң басым көпшiлiгi жөндеуден өткiзiлдi. Нәтижесiнде соңғы уақытта 40 мыңнан астам гектар жер қайта айналымға ендi.

Климаты қолайлы өңiрiмiзден маусым кезiнде елiмiздiң өзге аймақтарға тонналап көкөнiс, жемiс-жидек тиеген қаншама "Жасыл керуен" аттанып жатады. Алайда, осы жерде бiр түсiнiспеушiлiк бар секiлдi. "Казагромаркетинг" АҚ-ы мамандарының айтуынша, азық-түлiк, басқа да қажеттi тауарларды айтпағанда, көкөнiс, жемiс-жидектiң 50 пайызынан астамы Оңтүстiкке өзге аймақтардан немесе көршiлес елдерден әкелiнетiн көрiнедi. Картоп – қырғыздан, сарымсақ – Павлодар мен Жамбылдан, жүзiм – өзбектен тасымалданады. Иран, Қытай дейсiз бе, әйтеуiр көздiң жауын алатын алмалар әкелiнедi. Тiзiмдi жалғастыра беруге болады, әрине. Сонда өзiмiздiкi қайда? Оның үстiне қыс мезгiлiнде ауылдың алмасын жеймiз деп жер-жерлерден қойма салудамыз. Мүмкiн өңiр шаруалары қажеттiлiктi өтей алмай отырған болар?

Бiрақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәлiметiне сүйенсек, диқан қауымында кiнә жоқ, қажеттiлiктi артығымен орындауда. Мәселен, көкөнiстiң жылдық қажеттiлiгi 190 мың тоннаны құраса, 2009 жылы 513,7 мың тонна өнiм алынған. Биыл ол 636 мың тоннаға жеткен. Ал, жемiс-жидектiң жылдық қажеттiлiгi 38 мың болса, былтыр 42 мың тонна, үстiмiздегi жылы 38,36 мың тонна жиналған. Мұны мамандардың бiрi өзге жақтарға тасымалданады десе, ендi бiрi өңдейтiн кәсiпорындарға жiберiлiп жатқанын айтады. Қалай десек те, олардың айтқандарына қуанбасақ, өкiнбеймiз. Өйткенi, жемiс-жидек пен көкөнiстi сыртқа сатса да, қайта өңдеп шығарса да оның облысымызға пайда әкелетiнi күмәнсiз. Бiрақ, алдымен өзiмiздi қамтамасыз етiп алуымыз керек емес пе? Мамандардың айтуынша, мұның жалғыз әрi тиiмдi жолы – қоймалардың санын көбейту болып отыр. Бұл жерде айтылуы тиiс бiр-екi мәселе бар. Айталық, қазiр пайдаланып жатқан қоймалардың басым бөлiгi аудан орталықтары немесе үлкен елдi мекендерде орналасқандықтан алыс ауылдағыларға өнiмдерiн жеткiзу әжептеуiр қиындық туғызады. Жолдың шалғайлығы мен оған жұмсалатын шығынның көптiгiн алға тартқан шаруалар өнiмнiң басым бөлiгi шiрiп кететiнiн айтады. Сондықтан олар жиған-тергенiн тезiрек өткiзуге тырысады. Өз кезегiнде мұны алыпсатарлар тиiмдi пайдаланатыны айтпаса да түсiнiктi.

Өнiмдi қоймада ұстау бағасы да көңiлден шықпайды. Бүгiнде онда сақталатын өнiмнiң әрбiр келiсiне ең кемi 2 теңгеден төлейдi. "Бұл баға қымбат болып тұр. Алушыны тауып, келiскенше бiршама уақытың өтедi", – дейдi шаруалар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына жүгiнсек, бүгiнде өңiрiмiзде 16-2000 тонна аралығында қабылдау қарымы бар, жалпы сыйымдылығы 49391 тоннаны құрайтын 35 қойма тiркелген. Алдағы уақытта оның көлемiн 70 мың тоннаға жеткiзу көзделiп отыр. Дегенмен, бұл да қанағаттандыра алмайды. Сондықтан, тұтынушыларды жыл он екi ай бойы өзiмiздiң жемiс-жидек, көкөнiспен қамтамасыз ете алмаудамыз. Ал, есесiне қазiр көптеген қоймаларды алыс-жақын шетелдерден әкелiнетiн өнiмдер толтыруда…

Ербол ЕРМЕНТАЕВ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары