ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫ ҺӘМ 2010 ЖЫЛ

ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫ ҺӘМ 2010 ЖЫЛ

ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫ ҺӘМ 2010 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
397

Отандық телехикаяларға қомақты қаржы жұмсалуда. Қайтарылымы қандай?

Бiр-екi күнде елiмiзге толағай табыстар сыйлаған Барыс жылымен де қоштасамыз. Алда бiздi ақ қоянның жылы күтiп тұр. Осы күндерi әрбiр саланың 2010 жылда жеткен жеңiстерi мен шыққан белесi жан-жақты пысықталып жатыр. Қоғамның бет-пердесiне айналып, халық арасында белгiлi бiр пiкiрдiң қалыптасуына ықпал ететiн қазақ телевизиясы Барыс жылында көрерменге не сыйлады?

Отандық телеарналарға тағылар сын мен айтылар мiн бұл күнде көп-ақ. Бiрде ток-шоу, бiрде реалити-шоу, бiрде думанды шоу ұсынған телеарналар көрерменнiң көзайымына айналу үшiн аянбай тер төктi. Қазақ телевизиясы Барыс жылында жоғарыда аталған шексiз шоулар мен отандық телехикаяларға байыды. Кей телеарналар тiптi қазақ тiлiн үйретудiң жаңа әдiсiн ойлап тапқан сыңайлы.

ҚАЗАҚ ТЕЛЕХИКАЯЛАРЫНЫҢ ТIЗБЕГI

Елiмiздегi телеарналар нарығын түрiк пен кәрiс, одан қала бердi орыстың телехикаялары жаулап алғаны соншалық, қаракөздерiмiз түрiк тiлiне әуестенiп, Кореяға саяхат жасауды арман ететiн болды. Тiптi, телехикаядағы алаңсыз өмiр үйдегi жеңгелерiмiздi де өзiне елiктiрген сияқты. Ферхундеге елiктейтiн қыз-келiншектер мен Жумонгты пiр тұтатын бүлдiршiндер көбейдi бұл күнде. Халықтың жаппай өзгенiң өнiмiне көз салғанын байқады ма, кiм бiлсiн, әйтеуiр қазақ телеарналары биылғы жылы бiрiнен соң бiрi телехикая түсiре бастады. Бұл телехикаяға құмар көрермендер үшiн қуанышты жаңалық болғаны жасырын емес. Биылғы жыл қазақ телехикаяларының жылы десек те артық айтпаспыз.

2010 жылы 15 жылдығын атап өткен "Хабар" телеарнасы 13 қыркүйектен бастап көрермен назарына "Жаным" атты жаңа телехикаяны ұсынды. Телехикаяның режиссерi – Бақтияр Сейтқазиев. Отандық өнiмдi көруге ынтық болғандар аз емес, әрине. Себебi, көршiлес орыс, телехикая түсiруден алдына жан салмайтын кәрiс пен түрiк үшiн "сабынды операны" түсiру қиынға соқпаса, бұл жанрды ендi игерiп жатқан қазақ елi үшiн телехикая шын мәнiнде таңсық дүние. Содан болар, бiздегi телехикаяның желiсi де түсiнiксiз. "Жаным" көгiлдiр экранға шыққан сәттен бастап-ақ көрерменнiң сын садағына iлiктi. Тiптi, Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан да телехикаяның жалпы желiсiне кейiген болатын. "Айғайлай, айғайлай, қасқырдан да ұят болды дептi ғой баяғыда бiреу. Айтайын дегенiм, қазақ киносы тағы бiр "шедеврмен" толықты. Әрине, тырнақшаның iшiнде. Ол шедеврдiң аты да ат-ақ екен. "Жаным" деп келедi. Қазақша ойлайтын адамның қойған аты емес екенi анық. Сюжетiнде сыра iшкен жалаң бұт қыз, зинақор әке, безбүйрек бала, бейәдеп әйел, ақымақ әже, қарындасымен көңiлдес аға" – деген едi депутат өз сөзiнде. Шын мәнiнде, атауы мен әнi қазақша телехикая орысша шүлдiрлейдi. Дәлiрегiнде орысша емес, шалақазақша. Оның үстiне телехикаяға түскен актерлер өз образдарын толық аша алмаған сыңайлы. "Тоғысқан тағдырлар" мен "Шегiртке", "Ағайындар" сияқты телехикаядағы әртiстердiң ойындары көңiлге сенiм ұялатса, "Жанымның" кейiпкерлерi жасандылыққа бой алдырған сияқты.

"Ағайынды" телехикаясымен көпшiлiктi тамсандырған "Қазақстан" телеарнасы ситком форматындағы комедиялық "Айналайын" телехикаясын ұсынды. Жалпы ситком жанры алғаш рет Америка Құрама Штаттарында пайда болған екен. Форматқа сәйкес телехикая ғимарат iшiнде түсiрiледi. Қазақ аудиториясына бұл формат алғаш рет ұсынылып отыр. Жаңа телехикаяның продюссерi Ахан Сатаев. Ал режиссерлерi Болат Қалымбетов пен Серiкбол Өтепберген. "Айналайын" телехикаясының желiсi бойынша қалада өскен Алишер есiмдi студент ауылдағы атасының үйiне демалуға барады. Ауылға алғаш келген жас бала ата-әжесi мен ауыл тұрғындарынан қазақ тiлiн үйренедi. Бүгiнгi таңда қоғамның басты ауруына айналған тiл мәселесiн көтергендiктен бе, әлде актерлардың сапалы ойынынан ба, әйтеуiр, 49 серияны қамтыған телехикая көрермен жүрегiнен орын алған сияқты.

"Айналайыннан" соң, ұлттық арна тағы бiр ситком форматындағы "Құрдастар" телехикаясын түсiрдi. 42 бөлiмдi телехикая желiсi бойынша Байпақовтар отбасы түрлi шытырман оқиғаны бастан кешедi. Бiрде олар елдiң құлағын елең еткiзген "Аватар" фильмiндегi кейiпкерлердiң бейнесiне енсе, бiрде үндiнiң Зита-Гитасына айналады. "Айналайынға" iшi жылыған көрермен "Құрдастарға" дән риза емес сияқты. Себебi, телехикаяның желiсi көңiлден шықпаса керек.

Биылғы телехикаялар маусымын "Ел арна" телеарнасы жалғады. 10 жылдық мерейтойын тойлаған "Ел арна" "Әсел, оның достары, құрбылары" атты жаңа телехикаяның тұсауын кестi. Жастарға бағытталған телеөнiмнiң продюсерi – Абай Қарпықов. Жаңа телехикая осыдан бiрнеше жыл бұрын көрсетiлген француздық "Элен және оның достары" телехикаясының қазақстандық нұсқасы. "Әсел, оның достары, құрбылары" телехикаясы аты айтып тұрғандай студент қыз Әселдiң және оның достарының айналасында өрбитiн оқиғаларды қамтымақ. Телехикая 149 бөлiмнен тұрады.

2010 жылдағы телехикаялар тiзбегi осындай болды. Қарқындап болмаса да, тәй-тәйлап дамып жатқан телехикая жанрына қазақ телеарналарының қосқан үлесi аз емес. Түрiк пен кәрiс телехикаялары көптеген сананы улап жатқан мына заманда бiзге телехикаяларды молынан шығару керек. Бiрақ отандық өнiмнiң сапалы болуы да қажет секiлдi. "Бiз әлi дамып жатырмыз. Кемшiлiктер болса, бiздiң қоғам үшiн кешiрiмдi" деп ақталатын отандық режиссерлер телехикая түсiруде барын салса игi.

ТОЛАССЫЗ ШОУ БАҒДАРЛАМАЛАР

Бүгiнгi көрермендi көк жәшiктiң алдына телмiртетiн не? Ол әрине – шоу-бағдарламалар. Алып Америкадан бастау алған ток-шоулар мен реалити-шоулар бiздiң телевизияға да дендеп енiп келедi. Биыл қазақ телеарналары ток-шоу, реалити-шоуларды көптеп шығарды. Олардың алғашқысы "Ел арнаның" "Шiркiн, life" реалити шоуы. Ресейдiң "Дом-2"-нiң қазақстандық нұсқасы аталған реалити-шоуда әншiлер қауымы ауылға аттанып, қызығы мен шыжығы мол ауыл өмiрiмен танысты. Тiптi, бағдарламаның алғашқы маусымы сәттi аяқталып, бүгiнде екiншi маусымы жалғасын тауып отыр. Эфирге алғаш шыққан шоу-бағдарламаны сынға алушылар оның атауын ерсi көрген едi. Бағдарлама әлi де "Ғажап өмiр" немесе "Шiркiн, өмiр" деп аталса да көрерменiн жоғалтпайтын сыңайлы.

Биылғы жылы көрерменнiң аузына iлiккен бағдарламаның бiрi – "Хабар" арнасының "Сонымен, солай дейiк" ток шоуы. Күн сайын кешкiлiк уақытта көрсетiлетiн ток-шоуда қазақ қоғамын мазалаған сан-салалы сұрақтар жан-жақты талқыланады. Ресейлiк Бiрiншi арнаның "Пусть говорят" ток-шоуына ұқсас қазақстандық телеөнiмде түрлi саланың мамандары мен қарапайым халықтың арасында қызу пiкiрталас өрбидi. Дәл осындай жанрда "Қазақстан" ұлттық арнасы "Көршiлер" бағдарламасын ұсынды. Жан-жақты пiкiрталас пен әртүрлi ойлар сарапқа салынатын қос ток-шоу әрине, қазақ көрерменiн бей-жай қалдырмасы анық.

Ұлттық құндылықтарды дәрiптеуге ат салысып жүрген "Алматы" телеарнасы да шоу-бағдарламалар аламанынан құр қалмады. Соңғы кездерi отандық телеарналарда ойын-сауықтық бағдарламалар да жиi көрсетiледi. "Алматы" телеарнасы Барыс жылында асабаларды аламанға қосты. Телеарнаның ойын-сауықтық бағдарламасы "Асабалар аламаны" деп аталады. Қазақ – тойшыл қауым. Тойдың сәнi де мәнi де асабаға байланысты. Сөзге шешен асабалар "Асабалар аламанында" өзара сайысқа түседi. Бағдарлама барысында олардың ұшқырлығы, сөзге шешендiгi, өнерi сыналады. Қазақ телеарналарында тың идея жоқ деушi едiк. Кей мамандардың "идея бар, алайда қаражат тапшы" деп байбалам салғаны да бар. Дегенмен "Алматы" телеарнасы тың идеяны шығарған сыңайлы. "Асабалар аламаны" тек қазаққа ғана тән бағдарлама болып отыр әзiрге.

Тың идея демекшi, биылғы жылы "Хабар" арнасы "Спой" шоу-бағдарламасын көпшiлiк назарына ұсынды. Бұл бағдарлама Қазақстанға дейiн тек қана Голландияда көрсетiлген екен. Әрбiр жанның жүрекжарды тiлегi мен iлтипат-ықыласын әнмен әрлейтiн бағдарлама орыс тiлiнде жүргiзiледi. Бiрнеше рет сыналған "Екi жұлдыз" бағдарламасы екi тiлде жүргiзiлсе, "Спой" қазақтiлдi аудиториядан гөрi, орыстiлдi көрермендерге бағытталғанға ұқсайды.

Қазақ телеарнасы көштен қалып жатқан жоқ. Әлемдiк телеарналармен иық тiрестiрмесе де отандық телеарналардың көрермендерге ұсынар өзiндiк жобалары жетерлiк. Спутниктiк телеарналар жаулаған мына заманда бәсекелес болу да қиын шығар, бәлкiм. Дегенмен, отандық телеарналар бiздiң менталитетке сай, бiздiң көрерменге лайық өнiм шығарса мүмкiн бәсекеге де қабiлеттi болар ма едi, кiм бiлсiн?

ТАҢҒЫ ЖАТТЫҒУ МЕН ҚАЗАҚ ТIЛI

Биыл 20 жылдық белестi бағындырған "КТК" қазақ көрерменiне таңғы жаттығудың жаңа әдiсiн ұсынып отыр. Бұрындары таңертеңгiлiк Аружан Саинмен жаттығу жасайтын көрермен ендi "КТК" телеарнасының белсендiлерiмен бiрге "Қара жорғаны" үйренуде. Әлемнiң Гиннес рекордтар кiтабына енген ұлттық биiмiз осылайша насихатталып жатыр.

Мұндай қызықты сәттердiң бiрi 31-арнада да бар. Телехикаяға телмiрген жұрт "Менiң тiлiм" айдарымен 2-3 минуттық телесөздiктен қазақ тiлiн меңгередi. Бұл бiр жағынан пайдалы мен қажеттiнi байланыстырудың ұтқыр тәсiлi болар. Бiрақ… олай тiл үйрету мүмкiн бе?

2010 жылғы қазақ телевизиясының көзге iлiккен жетiстiктерi мiне, осындай. Идеологияның құралы саналатын телевизия саласы бiршама дамығаны аян. Көк жәшiкке көрермен назды болса да, телеарналардан тың бағдарлама күтедi. 2011 жылы қазақ телевизиясы өз елiнде өзгенiң емес, өзiнiң төл өнiмiн көптеп ұсынса құба-құп.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары