ҰЛТЖАНДЫ ҒАЛЫМНЫҢ ҰРПАҚҚА ҮЛГIСI

ҰЛТЖАНДЫ ҒАЛЫМНЫҢ ҰРПАҚҚА ҮЛГIСI

ҰЛТЖАНДЫ ҒАЛЫМНЫҢ ҰРПАҚҚА ҮЛГIСI
ашық дереккөзі
257

Үш-ақ нәрсе адамның қасиетi —

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Абай

Мекең жайлы ойымды академик Сейiт Қасқабасовтың мына сөзiнен бастағым келедi: "Қазақ әдебиеттану ғылымының арналы бiр саласы – Абайтану бағытында аянбай тер төгiп, соның ауыр жүгiн ауырсынбай арқалап келе жатқан азамат. Әлбетте, Абай тақырыбына қалам сiлтемеген, Абай жөнiнде ой өрiстетпеген қаламгер атаулы туған топырағымызда кемде-кем. Бiрақ, соның бәрiнен Мекемтастың үлкен айырымы бар. Ол – Мырзахметұлына тән ыждаһаттылық, мәселенiң iшкi астарларына байыппен үңiле отырып, ондағы қазыналық дүниелердi халық игiлiгiне ұстамдылықпен ұсына бiлушiлiк".

80 жылда үлкендi-кiшiлi 80 кiтап жазып жариялаған ғұлама ғалым "ұстазсыз шәкiрт тұл" екенiн де бiр сәт те есiнен шығарған емес. 4 ғылым докторы мен 40 ғылым кандидатына жетекшiлiк етiп, ғылым айдынына қанат қақтыру, оның iшiнде тек Абайтанушы 12 ғалым шәкiрт тәрбиелеу бiр адам үшiн аз еңбек емес екенi баршаға аян.

Ұзақ жылдық өнiмдi iзденiс өз жемiсiн бере бастағаны сүйiндiредi. 2010 жылы екi жылдан берi қызу жұмысқа кiрiскен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетi "Абайтану" ғылыми зерттеу орталығы жағынан шығарылған Мекеңнiң "Абайтану" атты оқу құралы ғалымның туған халқына тартқан бағалы сыйлығы, берген абыройлы есебi тәрiздi.

Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерiне, магистрлерiне арналған бұл оқу құралының бiр ерекшелiгi "қосымша" деп аталатын соңғы бөлiмiнде "жоба" ретiнде ұсынылған 45 сағаттық семинар сабақ жоспарының ғылыми-педагогикалық әдiстеме талаптарына үйлесiмдiлiгi деуге болады. Мекемтас Мырзахметұлының "Абайтану" атты ғылым пәнi хәкiм Абайды танып бiлгiсi келетiн талапкерлердiң қолына аманаттай ардақталып тапсырылып отыр. Ұқсата алмаса соларға сын.

Ендiгi жерде Мекең құр қошемет, даңғаза атақтарға, сый-сыйапатқа зәру емес. Керiсiнше, Мекең қалыптастырған Абайтану мен Мұхтартану мектебiнен тәлiм алып, жақсыдан шарапат көрген талапкер ғалымдар мен iзденушiлер "ондай болмақ қайда деп" кiбiртiктемей "Мекемтастану" дейтiн қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа өрiсiне құлаш ұруы керек дегiмiз келедi.

"Мекемтастану" iсi өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталып, бүгiнге дейiн үздiксiз жалғасып келе жатқан өнiктi iс. 2005 жылға дейiн профессор Мекемтастың өзi Абайтану мен Мұхтартануды негiзгi мазмұн еткен үлкендi-кiшiлi 48 кiтап пен 700-дей мақала жазып, баспасөзде жариялаған екен. Бiр адам үшiн бұл аз еңбек болмаса керек.

Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi мен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттiк университетi бiрлесiп шығарған "Абайтанушы ғалым – Мекемтас Мырзахметұлы" атты библиографиялық көрсеткiштiң жарық көруi бiз сөз еткелi отырған "Мекемтастану"-дың берiк iргетасы қалана бастағанына айғақ бола алады.

Көп жағдайда В.Г.Белинский айтқандай, замандастар бiр-бiрiне әдiл бола бермейтiнi өмiрдiң ащы шындығы. Оның үстiне, қазақ – тiрiсiнде жақсыларының қадiрiне жете бермейтiн халық. Ұлы Абай мен кемеңгер Мұхтарды тану мен таныту жолында жарты ғасырға жуық өмiрiн сарп еткен Мекемтастай ғалымның еңбегi бүгiн бағалануы керек, бұл жөнiнде Әбiш Кекiлбаев өте әдiл айтқан:

"Бұл кiсi (М. Мырзахметұлы. М.Ә.) – әскет адам. Демек, сұраншақтығы жоқ, сыпайы, таза, жұмысқа берiлген нағыз ғалым, аса iрi филолог. Екiншiден, сондай ғұламаның қадiрiне жете алмай жүрмiз. Бұл кiсiнiң еңбектерiн қазiр бағалау керек. Ертең бәрiбiр iздейсiздер."

Бұл жай көңiл жықпас үшiн айтыла салған сөз емес. Халқымыздың от ауызды, орақ тiлдi әдiл тұлғаларының бiрi – Асқар Тоқпановтың "Абайды бiлетiн үш-ақ адам бар. Бiрi – Мұхтар Әуезов, екiншiсi – мен, үшiншiсi – Мекемтас Мырзахметов. Қалғандары бетiнен қалқып жүр" деген сөзi кейбiреулерге астамшылықтай болып көрiнуi де мүмкiн. Бiрақ мұнда нақтылы шындық бар болатын.

Мекеңнiң ұстаздығы мен ғалымдығы жөнiнде 700 шамалы еңбек жазылғанын айттық. Солардың iшiнде Мекемтастың нағыз Абайтанушы және Мұхтартанушы ғалым екенiн ғылыми негiзде әрi шын сүйiспеншiлiкпен тиянақтай дәлелдеп жазған адам, марқұм Құлмат Өмiрәлиев болғанын ерекше iлтипатпен еске аламыз.

Қ.Өмiрәлиев замандасы жөнiнде: "…Құбылысты көру үшiн, оның өзгелерден бөлектенетiн, өзiнiң мәнiн белгiлейтiн ерекше басты қасиетi не екенiн тану үшiн жалаң бiлiм жеткiлiксiздiк етпек. Бұл бiлiмге қоса сол құбылысқа деген жүрек қалауы, патриоттық сезiм, жетекшi көзқарас т.б. керек. М.Мырзахметовте зерттеушi әрi ғалым ретiнде осы ерекше дүниелердiң бiразы тоғысқан,"

Ендiгi сөздi "Мекемтастану" деген дабыралы атауға анықтама беруден бастасақ деймiз.

Бiз сөз еткелi отырған "Мекемтастану" iлiмiнiң негiзiн бiлгiр ғалым Құлмат Өмiрәлиев жасап берiп кеткен тәрiздi. Ол өзiнiң "Абай және Әуезов" дейтiн белгiлi еңбегiнде Мекемтас Мырзахметұлының Абайтану мен Мұхтартануға қосқан айтулы үлестерiн санамалай келiп: "… Ол Абай мұрасын үзбей зерттеу нәтижесiнде қазiргi қазақ филологиясында Абайдың бiрден-бiр бiлгiрiне айналып отыр," деп жазуында тарихи шындық бар болатын.

Абайтанушы Мекемтастың "Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары" атты кiтабында келтiруiнше: "Ақын мұрасы жөнiнде қалам тербетiп, пiкiр бiлдiрген қаламгерлердiң жалпы саны мыңнан асып, Абайтану саласында жазылған iрiлi-ұсақты деректер саны төрт мыңға жетедi," екен. Бұл тек 1982 жылға дейiн белгiлi болған есеп, ал одан бергi ширек ғасырға жуық уақыт iшiнде қанша автор қосылғанын шамалауға ғана болады, қалайда жүздеп қосылғаны анық.

Демек, Мекеңе дейiн және Мекеңнiң тұсында Абайтану мен Мұхтартануға соншама қаламгер жаппай ат салысқанда солардың арасынан профессор Мекемтас нелiктен оза шауып, төске өрлеп "бiрден-бiр бiлгiр" екендiгiн мойындата алды? Бiзше болғанда "мекемтастану" деген мәселе осы сұрақтың жауабын iздеуден басталғаны жөн.

Бiрiншiден, Мекемтас өз халқының патриоты, шындық пен әдiлет жолында табаны таймаған, турашыл, иманды, ғылымға адал азамат бола бiлдi. Абай армандаған "толық адам – инсани кемел адам" деңгейiне көтерiлген ғұлама ғалым.

Бiздiң бүгiнге дейiн көзiмiз жеткен бiр ащы шындық бар, ол, өз халқын, өз ұлтын ыстық жүрекпен, иманигүл (үш сүю) деңгейiнде сүйе алмаған адамнан нағыз ұлт мақтанышына айналар ғалым да, көсем де шықпайды.

Егерде бiзде Балтық елдерiндегiдей "отарсыздандыру (деколонизация) саясаты" жүргiзiлген болса, небiр мүйiзi қарағайдай, "Советшiл, социализмшiл қалам қайраткерлерiнiң" талайы-ақ тарих күресiнiне тасталған болар едi.

Ұзақ жылдар бойы әкiмшiл-әмiршiл жүйеге арқа сүйеген белсендiлердiң қаққы-соққысына ұшырап келген Мекемтас Мырзахметов тәуелсiздiктiң қысқа ғана төрт жылында (1994-1997) арт-артынан 16 кiтабын баспадан шығарып үлгерiптi. 1989 жылы ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi атанды.

Мекең не жазса да өз ұлтына, елiне, оның мүддесiне не керек екенiн, ненiң зиянды, кесапатты екенiн бiлiп барып жазды. Заманы түлкi болса, тазы болып шалғандар мен сыйыса алмады. Олар да сыйғыза қоймады, әрине.

Екiншiден, "Мекемтастану"-дың негiзiне оның "Абайтану"-ға "Мұхтартану" арқылы барған ғылыми iзденiстерiнiң қалыптасу жолы анықтап алынуға тиiс. Профессор өзiнiң ғылыми жаңалықтарының сырын былай өрнектейдi:

"… Бiз Абайды танудың, танытудың ендiгi жолы М.Әуезовтың ақын жайлы еңбектерiн танудан, соларды зерлеп, зерттеп бiлуден, қысқасы мұхтартанудан басталуы тиiс демекпiз." Ғалымның осы сөзiн "Мекемтастану" деп аталатын жаңа тақырыппен айналысқысы келетiн iзденушiлер ұтымды пайдалана бiлуi керек. Өйткенi, Мұхтартанумен жүйелi айналысқан Мекеңнiң өзi, бүгiнге дейiнгi Мұхтартанудың деңгейiне қанағаттана алмайтынын айтады. Себебi – М.Әуезовтың кеңестiк саясатқа қатысы, шын көзқарасы әлi ашылған жоқ, оның Абайды зерттеуi мен "Абай жолын" жазу барысында кез болған проблемалары, оны қалай шешу барысы, салдары қозғаусыз жатыр, онымен табандап айналысуға ендiгi жағдайым көтермейдi, талапты iзденушi табылса қолдан келгендi аямас едiм дейдi қарт профессор.

М.Әуезов салған соны сүрлеудi даңғыл жолға айналдыру үшiн Абай мұрасының Шығысқа қатысын анықтап, дәлелдеп беруге күш-жiгерiн, ақыл-парасатын аямай жұмсады. Абайдай ұлы ойшылдың Шығысқа қатысы дегенiмiз, мыңжылдықтарды көктей өтiп жатқан қат-қабат ислам негiздерi қаланған Құран-Кәрiм мен Хадис Шәрiптiң, мұсылман ғұламаларының том-том тәпсiрлерi мен философиялық трактаттарының, сондай-ақ Шығыстың жетi жұлдызы бастаған ұлы ақындарының жауһарларынан Абай ненi үйрендi, нелердi игердi, оны өз шығармаларында қалай пайдаланды дегенге саятын аса күрделi тақырып. Кеңестiк догма гуманитарияның тар шеңберiмен шектелген Мекемтастай iзденушi үшiн бұл бiр асу бермес асқар белдей, өткелсiз асау дариядай тылсымат болғаны белгiлi. Бiрақ ғылымға адал берiлген Мекең ол тосқауылдардан бiр-бiрлеп өтiп, алға жылжи бердi. Ғалымның Абайтану мен Мұхтартану жөнiндегi жазғандарымен жүйелi танысқан адам. Абай шығармаларында кезiгетiн әрбiр атаулар мен термин сөздерге анықтама беру үшiн қаншама iзденгенiн көре алады. Ол үшiн арысы Аристотель мен әл-Фарабиден бастап күллi Шығыс ғұламаларының оған қатысты еңбектерiн ерiнбей ақтарып, оны қазақтың арғы-бергi ақындары мен ойшылдарының шығармаларымен салыстыра зерттегенiне дән риза боласың. Қазақ зерттеушiлерiне сыры беймәлiм жауанмәрттiлiк пен иманигүл, хауас сәлимге қатысты зерттеулерiнде келтiрген дәлеледерiнiң көптiгi мен нақтылығына қарап нағыз ғалымның қалай еңбектенетiнiне көзiң жете түседi.

Профессор Мекемтастың ғылыми зерттеуде қолданған методы мен методологиясы өте қарапайым әрi барынша икемдi. Абайдың Шығысқа қатысы мынадай айқын тақырыптар бойынша қарастырылған:

1. Абайдың адамгершiлiк мұраттары. 2. Абай мұрасының рухани көздерi (Абайдың ақындық кiтапханасы жайында).

Бұл тақырыптарды жан-жақты зерттеп-зерделей келе ғалым мынадай түйiндi қорытындыға келедi: "Абай осылайша өзiнiң адамгершiлiк жайлы ойларында бiр жағынан Шығыс ойшылдарымен көбiрек табысып жатса, қоғамдық-әлеуметтiк тақырыптарға жазған шығармаларында оқу-бiлiмдi, еңбектi үндеген сөздерiнде, көбiне көп Белинский бастаған революцияшыл-демократтардың идеаларымен, Салтыков-Щедрин сияқты шыншыл суреткерлердiң дәстүрiмен өзектес келедi". Бұл түйiндi таратып айтар болсақ, Абай қазақтың бай ауыз әдебиетi мен жазба әдебиетi бесiгiнде тербелiп өсiп, Шығыстың исламдық ақыл-ойының, мұсылмандық адамгершiлiк-жауанмәрттiлiк, иманигүл, хауас iлiмдерiмен қаруланып барып Батысқа бет бұрып, оны сыншыл ой елегiнен өткiзе қабылдаған болатын.

Ұлы Мұхтар мен Мекемтас тапқан Абайлық шындық осы болатын. Бұл Абайтану ғылымы жеткен ұлы жетiстiк ретiнде қазақ әдебиеттануына орнықты.

Жалпылай алғанда, "Мекемтастану" дегенiмiз ғалымның Абайтанушы, Мұхтартанушылығымен шектелмейдi. Тоталитарлық режим тұсында, цензураның қатаң бақылауы астында жүрiп-ақ ұлтының санасын оятып, тарихи жадын қалпына келтiру мақсатымен жазылған зерттеулерi мен публицистикалық мақалаларында көтерiлген тақырыптардың өзi бiр төбе.

Оларды көтерген проблемалары тұрғысынан топтастырғанда мынадай болып шығады:

Қазақстан тәуелсiздiгiн алғанға дейiнгi тоталитарлық режим тұсында жазылған ел мен жер тағдыры жөнiндегi толғаныстары: 1) Ванновка атауының сыры неде? (1983ж.) 2) Жер тарихы – ел тарихы. 1988 жылы жазылған бұл өткiр, әшкерелеушi мақалада патшалық Ресей мен кеңестiк зұлмат тұсында зорлықпен өзгертiлген жер атауларын түгел санамалап ескi-жаңа отаршылдықтың бетпердесi ашылады.

Колбиндiк диктатура тұсында мұндай ұлттық-елдiк мәселенi Мекеңнен басқа қанша адам баспасөзде көтере алып едi?

Бұл тақырып Мекеңнiң 1991 жылы жазылған үш бiрдей мақаласында (Отаршылдық топонимдер, әдебиет және топонимика және халықтық, отаршылдық, тоталитарлық топонимика) жан-жақтылы, жерiне жеткiзiле ашылып, отаршылдықтың бұл саладағы зардаптарын жоюға батыл шақырады.

Қазақ ақыл-ойына сiлкiнiс тудырып, ұлттың санасын оятуға, сөйтiп тәуелсiздiк үшiн күреске жаршы болғаны ендi айтылуы, бағалануы керек-ақ.

Тәуелсiз Қазақстан жағдайында Абайтану мен Мұхтартануды қалай тереңдету және оны Ясауи, әл-Фарабидiң iлiмiмен қалай ұштастыра зерттеу мәселелерiн көтере отырып, қазақ әдебиетiн дәуiрлеу мен қазақ филологиясының актуалды проблемаларын сөз еткен зерттеулер легiн жариялады. Әсiресе, тәуелсiз Қазақстанды аяғынан тiк тұрғызу үшiн отарсыздандыру саясатын әдебиет пен ғылым саласында батыл жүргiзудiң маңыздылығын баса айтты.

Профессор Мекемтас тағылымы дегенiмiз – Мекемтастануға бастар басты бағытты танып, айқындау болмақ. Екiншi бiр сөзбен айтқанда, Мекеңнiң ғылымға, өнерге, тәрбиеге, саясатқа ұстанған қағидаларын игеру арқылы бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның рухани қажеттiлiктерiне қызмет еттiруге кiрiсу керек.

Мекең өзiнiң ұзақ жылдық табанды iзденiстерi арқылы Абайдың исламдық Шығысқа қатысын ашқанда ол жаңалығын бүгiнге қызмет еттiрудi басты мақсат еткен. "Толық адам" – ғылым таппай мақтанбайтын, оны шын махаббатпен көксеп, меңгеруге талпынған адам. Ұлағатты ұстаз Мекемтас бүгiнгi қазақтың алдына Абайша: "…Теологиялық ғылымды (Алланың ғылымы), қоғамдық ғылымды (өзiнтану), табиғи ғылымды (дүниелiк ғылым) менгеру қажеттiгiн" көлденең тартады. Өйткенi, бiздегi бүгiнгi тәрбие мен бiлiм беру жүйесiнiң еуропалық үлгiге көзсiз елiктеуiнiң апатты зардаптарға ұрындырып отырғаны өмiрдiң ащы шындығы. Әсiресе "Алланың ғылымынан" хабарсыз қалудың зардабы бәрiнен ауыр.

"Алланың ғылымының" ең басты мазмұнының бiрi – "жауанмәрттiлiк" (әдiлет, рахым, ақыл) пен оған қарама-қарсы бағытта тұрған адам баласының бойындағы үш жағымсыз, зиянды (надандық, ерiншектiк, залымдық) сипаттарын танып бiлу едi. Бiз әлемнiң екiншi ұстазы атанған ұлы бабамыз әл-Фарабидiң "Адамға ең бiрiншi тәрбие беру керек. Тәрбиесiз берiлетiн бiлiм адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өмiрiне және қоғамға үлкен апат әкеледi" – деген қатаң ескертуiн тыңдамаған адамзат бүгiндерi қандай апатты шекте тұрғанын түсiнсе игi.

Мiне, осыларды жинақтай келе профессор мынадай ой түйедi: "Мәселе белгiлi бiр шындықты қай ойшылдың болса да қаз-қалпында бiлiп-тануында емес, өз заманының қажетiне қарай дамытып, шығармашылық жолмен жетiлдiруiнде жатса керек, әрбiр ойшыл бойындағы жаңалық та бұрыннан бар ой көздерiн дәуiр талабы тұрғысынан жаңғыртып түлетуiнен бiлiнедi."

Ендеше бүгiнгi және болашақ Мекемтастанушылар өз алдарына дәл осындай жасампаз мақсат қойып iзденгенi жөн болар едi. Осы барыста зерттермендер профессор Мекемтастың: "Абайдың биiк мұратты ойларын жеңiлдетiп алдық. Ал бұлар болса, өз контексiнде дiндiк мазмұнмен нық байланысты", яғни Абай "…Мораль философиясының, педагогикалық мұраттарының "негiздермен қабыстырып" (М.Әуезов) берiп отырады." – дейтiн ұлағатты сөзiн басшылыққа алуға мiндеттi деп қараймыз.

Жұртқа белгiлi болғанындай, ұлттың жаны, үзiлмес тiнi тiл-дiл, дiн деп аталатын үштiктiң ажырамас бiрлiгiне тiкелей байланысты. Ескi, жаңа орыс отаршылары бiздi дәл осы жанымыздан, барымыздан айыруға бар күшiн салып келгенiн елден бұрын бiлдi де, елден бұрын үн көтерiп, қауiптiң қайдан, қалай төнiп тұрғанын батыл әрi ғылыми түрде дәлелдеп берген азаматтығын бағалай бiлуiмiз керек.

Абайтану мен Мұхтартануды ХХI ғасыр көгiне алып шығу үшiн ендiгi iзденушiлер бұл салада профессор Мекемтас ашқан жаңалықтарды зерделеуi, араб, парсы тiлiндегi түпнұсқаларды еркiн оқып, ұлы Абайдың Исламдық Шығысқа қатысын, түркiлiк тек-тамырын жерiне жеткiзе зерттеу арқылы қазақ әдебиеттану ғылымының көк жиегiн одан әрi кеңейтуге ат салысуы керек.

Абайтанумен жарты ғасырдай жүйелi айналысқан профессор Мекемтастың ендiгi арманы ұлы ақынның шын мағынасындағы кемелденiп толысқан академиялық жинағын шығару. Бұған дейiн әр кезде шыққан (ең соңғысы 1997 ж.) толық жинақтарға көңiлi толмайтынын дәлелдi зерттеулермен айтып та жүр.

Бiзше болғанда, ондай асқаралы мiндеттiң үдесiнен шығу Абайтану мен Мұхтартанудың негiзiнде Мекемтастанумен айналысатын болашақ жаңа ұрпақтың мойнындағы ардақты, әрi жауапкершiлiктi мiндет.

Қалай дегенде де, қазақ әдебиетi ғылымында Мекемтастану дейтiн жаңа ғылым саласының бетiн ашып, тұсауы кесiлер мүбәрәк сәт бәрiмiздi күтiп тұр. Iске сәт ағайын!

Әлiмғазы Дәулетхан, Тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары