АҚЫННЫҢ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

АҚЫННЫҢ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

АҚЫННЫҢ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ
ашық дереккөзі
209

Таяуда Қазақстан Жазушылар одағы мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнiң қолдауымен Әдебиетшiлер үйiнде белгiлi ақын, дарынды әдебиетшi Болат Шарахымбайдың "Рухтың оралуы" атты жыр кешi өттi.

Ақынның өлеңдерiн оқумен ашылған жыр кешiнде алдымен "Жұлдыз" журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет iзбасар iнiсi туралы тебiрене сөз сөйледi. Содан кейiн ақын Төреғали Тәшенов әрiптесiнiң өмiр жолы мен шығармашылығы жөнiнде баяндама жасаса, Мыңбай Рәш, Жәркен Бөдеш, Бақыт Кәрiбаева, Серiкжан Қажи сынды ақындар мен әдебиет сыншылары жылы рәуiштегi лебiздерiн бiлдiрiп, арнау өлеңдерiн оқыды. Құрманғазы атындағы консерваторияның Халықаралық iстер жөнiндегi проректоры, композитор Ақтоты Райымқұлова ақын ағасына арнап шығарған "Шабыт" атты музыкалық шығармасын "Тұран" этнографиялық ансамблiнiң орындауында тарту етсе, композитор, күйшi Талап Қараш кеш иесiне арнаған "Қазығұрт" күйiн нақышына келтiрiп орындап бердi. Кештi белгiлi сатирик Толымбек Әлiмбекұлы жүргiздi.

Көлбай Адырбекұлы

ЖҮРЕК

Болат Шарахымбайға

Күзгi аспанда қағады тырна қанат,

Сұлу бикеш келедi су жағалап.

Мұңлы көзбен қарайды айналаға,

Сезiм билеп өн бойын бiр ғаламат.

Қайтқан құсқа үн қосып әуедегi,

Кiсiнейдi құлындай тау өзенi.

Үлестiрiп толқынға жапырағын,

Селдiрейдi, сетiнеп бақ әлемi.

Жайсыз әсер еттi ме соның бәрi,

Суға атты қыз алмасын қолындағы…

Жағадағы қайыңдардiр-дiр еттi,

Қойтас құлап түскендейқорымдағы.

Бiр қызарып,

шырайы бiр ағарып,

Үңiледi суға қыз тұра қалып.

Алма емес, дүрсiлдеп қызыл күрең,

Бара жатқан секiлдi жүрек ағып.

Махаббатқа,

достыққа құмармын деп,

Ол бар жерде дүние тұрар гүлдеп.

Ағып бара жатқандай алас ұрып,

Өз бақытын iздеген сыңар жүрек.

Мынау мекен,

Ұжымақ нағыз мекен,

Күз шуағын деп қалам – тамыз ба екен?

Уақыттың өзi арқыраған

Қанша арудың алмасын ағызды екен?..

Сұлулықты сүюден жалықпаспын,

Сүймей тұрып жырласам жарытпаспын.

Жiгiт – өзен,

өр өзен,

албырт жастық,

Қанша қыздың жүрегiн алып қаштың?..

Жәркен БӨДЕШ

Серіктес жаңалықтары