ШЕРТШI БIР КҮЙIҢДI, АҒА!

ШЕРТШI БIР КҮЙIҢДI, АҒА!

ШЕРТШI БIР КҮЙIҢДI, АҒА!
ашық дереккөзі
194

"Қазақта тыңдар жөндi ән қалмады!", "Әумесердiң әңгүдiк әнi-ақ шаршатып бiттi", – десiп жүрген баяғы бiздiң қазақ. Жартылай рас та шығар. Жартылай деуiмiздiң де өзiндiк себептерi жетiп жатыр. Қазақ ән-күйлi халық, айтыскер халық. "Құлақтан кiрiп бойды алар, әсем әнмен тәттi күй". Аса көрегендiкпен ән құдiретiн жетiк меңгерген дана Абайдың осы ұлағатты сөзi ғана қандай өнерпаз, қаншалықты мәдени бай халық екенiмiздi сiз бен бiздiң көзiмiзге елестетердей.

"Әу демейтiн қазақ жоқ", "Ерiнбеген етiкшi, жалықпаған жазушы, ұялмаған әншi болады" деген сөздер де бар. Болуға тиiстi. Табиғи заңдылық. Олай дейтiнiмiз, әркiмнiң де iшкi байлықтары: әркiмнiң де сезiм серпiлiсiн, шабыт шыңырауын қозғайтын күшi бар. Iшкi байлық деп аллегориялық сипатқа жатқызып отырғанымыз ұлы сезiмдер: махаббат, достық, адамгершiлiк, инабаттылық. Әркiм-ақ өз бойындағы ернеуiнен асқан толқындай боп ұрған сезiмiн сыртқы құралдар арқылы тыңдарманның, оқушының, көрерменнiң алдына шығарады. Ән – әр кезең мен ғасырларда халқының мұңын, қуанышын, қасiрет-қайғысын өнер жолына телiп отырған. Ән – тарих. Тарихтың кейiнгi ұрпаққа қалдырар iзгi серiгi. Әр дәуiрдiң өз жұлдызы болады. Жұлдыз. Осы сөздiң де мәнi төмендеп бара жатқан сыңайлы. Өнер атты асатаяқты бүгiнгi күннiң әншiлерi мен өнерпаздары сол биiк тұғыр дәрежесiне жете бiлiп барып қана қабылдап жатқанына бек сенiмдiмiз бе? Мiне, осы орайдағы толқын болып өзгерiп тұратын аумалы әңгiмелердiң бой көрсете бастағаны анық. Көрiп те жүрмiз. Жұлдызды барынша танытатын, кемшiнi болса оны да қаймықпай елге көрсететiн оңды-солды "пиярлаушы" (PR) қызметiн атқарып жүргендердiң көбейгенi көзге көнектей көрiнедi. Расында кiмнiң шын жұлдыз, кiмнiң "құр жұлдыз" екенiн халық бiледi. Бiледi деушi едiк. Қателесiппiз. Әңгүдiк ән мен биге үлкендерден наразылық естушi едiк. Сыни көзқарастың көрермен мен тыңдарман талғамынан шығып қалғаны өкiнiштi. Әйтпесе, ән-күй десе асын жерге қоятын қара қазақтың ұрпағы бiз емес пе едiк? Күй мен терме, ән мен айтыс киесiн бойына жинаған сал-серiлердi пiрiндей тұтатын бiз қазiргi қазақ өнерi мен мәдениетiнiң соншалықты құлдырауына тап болғандаймыз. Бөрiнiң қасқырға айналғанындай әлде батырдан барымташы, барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрi деу "өлеңшi қазаққа" жарасатын әләуләйiм емес едi ғой.

Қолдағаны бар, қолдамағаны бар, "Екi жұлдыз" бағдарламасы жарыққа шыққан. Көк жәшiктiң көгiлдiр сәулесiмен таралып жатқан жоба қайткенде де өз мiндетiн толықтай атқарып бердi. Мақсат не? Ел қалаулыларының ел алдында самғап ән айтуы, көзге көрiнуi, өнер иелерi мен құрметтi азаматтардың халқының алдында шарықтауы, бейбiт өмiрдiң бiр айғағын көрсететiн танымдық, тағылымдық жолын насихаттауы едi. Солай болды да. Сынды әкесiнен қалған мұрадай тiлге тиек еткен сыншылардың бiр тобы бойдан мiн iздеп бақты: қазақтың жобасы емес, шетелдiк бағдарлама, ұлттықты көрсете алмады, сапасы нашар, ән айта алмайды, дауыстары жоқ. Жаңбырша жауған жебедей жаттанды эпитеттiк мақалалар тiзгiн босатты дерсiң! Ой-һой-ой! Аяу ешкiмде де болмады. Қош. Көш кеттi, пiл сауырлы қара жер мiз бақпай орнында қалды. Ештеңе болмағандай ма, қалай? Ал ендi үндемегендер, әлiптiң артын баққандар ақылды болып шыға келдi. Жоқ. Бәрi де қателесiптi. Жобада жеңiске жеткен Мейрамбектiң дауысы жоқ болып шығыпты! Сәкен "тональность" ала алмайды екен, т.т. Не даурық? Алтынбек Қоразбаевтың демеуiмен 90-жылдардың өзiнен бастап "Бозторғайға" зарын төккен, талайды егiлдiрiп жылатқан баланың дауысы жоқ болып шығыпты! "МұзАРТ"-тың мұзарт болуына жанын берiскен Сәкен Майғазиев жетiлудiң орнына бiраз кемшiнге ұрыныпты! Құр дақпырт емей не? Кiм сенедi?

"Бiздiң жiгiттер!" Ерболат Құдайбергенов батыр халық екенiмiздi дәрiптеп, қазақ халқының батырларын айтып, Мағжан, Мұқағали, Жұбан ақындардың өлеңiн "полиглот" ұрпаққа қазақша жаттатты. Тағы бiр сын бой көтерiптi. "Бұл – жиiркенiштi ән" дейдi Жарылқасын Дәулет топ арасынан ("Алқа" қоғамдық-саяси журналы 2010 ж. №1 (15). Табылған ақыл ма? "Мен – қазақпын" әнi, жасыратыны жоқ, дүмбiлез жастардың рухын көтердi. Өзi дүмбiлез стильде жазылған ән ғой. Дегенмен де…" Ал ұғып көрiңiз. "Ән айту – дiнде жоқ"-ты айтып жүрген бауырлар қазақтың ән өнерiндегi жаңа туған бiр саласын бесiгiнен берекесiн қашырып жатса, қазақты мақтаған (жастардың рухын көтерген!) әндi жиiркенiштi деп алғанын қай тағайымызға қыстырамыз? Бұдан былай кiм де кiм қазақты мақтаса, онда ол дүмбiлез екен! Егер кiм де кiм жаңа стиль тудырады, ол, сөз жоқ, дүмбiлез екен! "Шымкенттiң жiгiттерi шымыр, Тараздың жiгiттерi тарлан екен!" Өтiрiк десеңiз, Тараз бен Шымкенттiң не басқа қаланың жiгiттерiнен осы "атақты" барып тартып алып көрiңiз ендеше! "Бiле бiлсеңiз исламда дауыстың өзi – әурет" дейдi сазгер ағамыз тағы да. Қош…

Басты назарда Айқын бауырымыз екен. "Пах! Пах!" дейдi. Қызға тамсанғаны. Менiңше, дұрыс!

"Жүректiң жалынысың,

Мәңгiлiк сағынышым,

Қарызым өтелер ме,

Ұйқысыз таңың үшiн?" – дейдi Мейрамбек Беспаев. Алпыс екi тамыры иiп, көзiне жас ала тыңдаған әр ананың мауқын бiр басады. Күмәнсiз солай.

"Сенi сүйдi менiң жүрегiм!" –дейдi Еркiн Нұржанов. Аса бай астармен ойын көркем жеткiзе бiлген ақын сөзi әнмен әдемi әспеттелген. Мiне, жақсыны жақсы деп, ала таяқ алып, ұр-тоқпақ ұрған бақсыны бақсы деп тану кезеңi бiзге де жеткен сияқты. Әлдеқашан-ақ жеткен. Тек кеш түсiндiк. Опа таппай өкiнетiнiмiз де сол. Жә! Ендiгiсi бiздiң қолда делiк.

Жақында "Қазақтың 1000 әнi" жобасы ортақ талқыға салынған. Президент бастамасымен жүзеге асты. Ұлттық арналардан ұсынылды. Ел қуанды. Жұрт жұбанды. Қайта қауышқан дәстүрлi ән-күйiмiздiң қайта бiр жаңғырыққан тұсы да осы едi. Қайрат Байбосынов, Бекболат Тiлеухан, Ерлан Рысқали. Бәрi де жақсы, бәрi де дәстүрлi қазақ өнерiнiң шебер майталмандары. Бiрi – бұлбұл, бiрi – тоты. Әйтеуiр бөрiнi емес, қырқылжың түлкiлiктi күйттеген сыншыларымыз бұған да жармаспаса болғаны. Жоғымызды жоқтайтын емес, барымызды ардақтайтын заманды қадiрлей бiлуге асығу жөн болар. Әйтпесе…

P.S. "… халықтың қандай ауан, ниет-пейiлде болмағы – жаршыларына байланысты. Бұл жаршының жазарман болуы шарт емес. Өнер атаулының барлығы да ұлттық рухтың көрiнiсi. Жалынды сөзден гөрi сырлы ән мен күйдiң әсерi артығырақ шығуы мүмкiн" – дейдi Мұхтар аға Мағауин. Демек, халықтың өресiн бағамдаушы саналар ән-күй өнерiнiң де бағасын бiлу уақыты келiптi… Сонда, «Шертшi бiр күйiңдi, аға» дегiң келедi шын өнерпаздарға.

Ардақ ҚҰЛТАЙ

Серіктес жаңалықтары