ҚОЯН ЖЫЛЫ ҚҰТ АЛА КЕЛСIН!

ҚОЯН ЖЫЛЫ ҚҰТ АЛА КЕЛСIН!

ҚОЯН ЖЫЛЫ ҚҰТ АЛА КЕЛСIН!
ашық дереккөзі
239

Тағы бiр жылды артқа тастап, Ақ қоян жылын қарсы алып отырмыз. "Ескi жыл есiрке, жаңа жыл жарылқа" дейдi дана халқымыз. Халық даналығынан асырып сөз айтпасақ та, биыл қазақ үшiн несiмен ерекшеленетiнiн байыптап, бағамдап көрсек.

Жыл басталысымен бұқаралық ақпарат құралдары зейнеткерлердiң зейнетақысы 30%-ға артқандығын айтып, бөркiн аспанға атып жатыр. Демек, ең төменгi зейнетақының өзi 250 доллар немесе 35000 мың теңгеден асып жығылатын болды. Былтырғыдай шiлде айынан бастап бюджеттiк қызметкерлердiң жалақысы 30%-ға артпақ. Әйтсе де, бiр өкiнiштiсi, бюджеттiк төлемдердiң артуымен қоса ырықсыз кетiп бара жатқан инфляцияны ауыздықтауға мүмкiндiк болмай отыр. Кедендiк одаққа мүше болуымызды экономикамызды диверсификациялауға ашылған жол деп жатырмыз. Бiрақ осы Кедендiк одақ қымбатшылықты қоса ала келдi. Жыл басталысымен, Кедендiк одақ талабы бойынша, Қазақстанда алкогольдi өнiмдер қымбаттайтын болады. Өйткенi оларға берiлетiн акциздiк маркалардың құны 70%-ға дейiн өспек.

Бiрақ соған қарамастан биыл БЭК (бiртұтас экономикалық кеңiстiк) құру iсiн аяқтау жоспарлануда. Сөйтiп, Кедендiк одаққа мүше үш мемлекеттiң – Ресей Федерациясы, Беларусь, Қазақстан басшылары былтыр жыл аяғында БЭК-тi 2012 жылдың 1 қаңтарына дейiн жасақтаймыз деп мәлiмдеме жасады. Биыл бiртұтас экономикалық аймақ құру iсiнде арада тұрған кедергiлердi жою процесi жүргiзiлмек. Сосын 2012 жылдан бастап ортақ валюта жайында келiссөздер басталмақшы. Сарапшылар Ресейдiң бұл тұрғыдан үстемдiк көрсетуi мүмкiн деген пiкiрдi жиi айтады. Өйткенi ол бұрынғы метрополия, империялық саясаты күн өткен сайын асқынып келе жатқан азулы жолбарыс. Қазiрдiң өзiнде Кедендiк одақ құрылымы негiзiнен Ресей талаптары тұрғысынан жүзеге асып отыр. Қазақстанның да, Беларусьтiң де мүдделерi аяққа тапталуда дейдi кейбiр сарапшылар iшiнара. Бiрақ соған қарамастан, экономикалық сарапшылар Қазақстан үшiн Кедендiк одақтың да, БЭК-тiң де тиiмдiлiгiн алға тартуда.

Бұған дейiн Дүниежүзi сауда ұйымымен белсендi келiссөздер жүргiзiп келген Қазақстан әзiрге ТМД аумағындағы интеграцияны маңызды санап отыр. Кейбiреулер Ресей экспансиясымен қатар, Қытай экспансиясы жайында жиi дабыл көтере бастады. Тiптi, ВВС телерадиокорпорациясының орыстiлдi интернет парақшасында Виктор Крестьяниновтiң "Будет ли хлеб в Алма-Ате стоить 10 юаней, а в Астане 100 рублей" атты мақаласы жыл соңында жарық көрiптi. Онда Ресей мен Қытай Қазақстанды бөлiске салатын болады дейдi. Оның бұндай болжам жасауына түрткi болып отырған мәселе – Қытайдың Қазақстан экономикасына дендеп енiп келе жатқандығы. Қазiр Қазақстанда өндiрiлiп жатқан мұнайдың 30%-ы Қытай қолына өтiп кеткен, былтыр 1 миллион гектар қазақ жерiн қытайларға жалға беру жайында әңгiменiң шу көтергенi тағы бар. Кейбiр ресми емес мәлiметтер Қазақстанда қытай шаруалары жердi жалға алып, жұмыс жасап жатыр дегендi айтады.

Тарихы ғасырлар қойнауына енетiн қос державаның ортасындағы Қазақстанның тәуелсiздiгiне биыл 20 жыл толмақ. Биылғы ең басты да маңызды мәселе – қазақ үшiн осы айтулы күн. Елбасы жыл соңында биыл жыл бойы осы бiр қасиеттi мейрамымызды дәрiптеумен өтуiмiз қажеттiгiн атап өткен едi. Қазақстан 20 жылдық бостандығында экономикалық, саяси тұрғыдан бiршама алға жылжыды. Былтырғы ЕҚЫҰ Саммитi Қазақ елiнiң абыройын Еуропаның 56 мемлекетiнiң алдында асқақтатып қана қойған жоқ, Қазақстан жайлы түсiнiктi түбiрiмен өзгертiп кеттi. Бұған дейiн Қазақстанның сырттағы имиджi жайында күлбiлтелеп, күмiлжiп қалатын болсақ, бүгiн Қазақты бүкiл әлем таныды деп сенiмдi түрде айта алатын дәрежеге жеттiк.

Экономикалық тұрғыдан да көршiлес ТМД-да Қазақстанның асығы алшысынан түсiп тұр. Бұған да тәуба деуiмiз керек. Сарапшылар Қазақстанның шикiзатқа ғана тәуелдi болып отыруы алаңдататындығын айтады. Өйткенi бiздегi шикiзат қоры 40 жылға, ары кетсе 100 жылға жетедi екен. Демек, экономиканы диверсификациялауды қазiрден қолға алып, шикiзаттан гөрi өңдеушi секторды дамытуға көбiрек зейiн қою қажеттiгi туындап отыр. Оның үстiне Кедендiк одаққа мүше елдер арасында өңдеушi сектор жағынан бәсекеге қабiлеттi бола алмаймыз. Демек, әрiптестерiмiздiң алдында жалымызды күдiрейту үшiн осы бiр маңызды мәселенi қолға алсақ.

Ең бастысы, Қазақстанның тәуелсiздiгiн баянды етiп, қос бүйiрден қысқан ұлы державалармен терезесi тең мемлекет бола бiлуi үшiн аянбай тер төгу – әрбiр қазақстандықтың басты мiндетi. Қазақстанда әлi күнге күн тәртiбiнен түспей тұрған бiр мәселе бар. Ол – қазақ мәселесi. 2020 жылы бүкiл қазақстандықтарды қазақша сөйлету мәселесi айтылды. Бiрақ қалай, қайтiп деген сұрақтарға жауап болмады. Өткен жылды қорытындылаған бiр сайтта Елбасының ресми мәлiмдемелерiнде қазақ тiлiнде сөйлеуi бұның алдындағы жылдармен салыстырғанда анағұрлым артық болғандығы айтылған. Яғни, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрын сөзiнiң басы мен аяғында ғана қазақша тiл қатып, баяндамасы түгелдей дерлiк орысша болып келген болса, ендi екi тiлде бiрдей сөйлеп, қазақ тiлiнiң маңызын арттыра түстi делiнедi онда. Ендiгi мақсат – ұлттық құндылықтарымызды әспеттеп, ұлттық тарихты түгендеп, келешек ұрпақ санасына тәуелсiздiктiң мәнi мен мағынасын түсiндiру. Биылғы жұмыстың бастысы да, маңыздысы да сол болуы тиiс.

Жалпы, тарихқа үңiлсек, Қоян жылы ерекше жұтымен ерекшеленiп келген екен. 1879 жыл "Ұлы қоян жұты" және 1891 жыл "Кiшi қоян жұты", 1915 жыл "Тақыр қоян жұты" дегендер болған. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заман да 1723 қоян жылы келгенiн көресiз. Тiптi 1964 қоян жылы да Қазақ үшiн сұрапыл жұт ала келiптi. Бiрақ биылғы қоян ондай мiнез танытпайды дейдi болашақты болжаушы көрiпкелдер. Лайым солай болып, Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына салтанатпен жетейiк! Қоян жылы қояндай көбейе берейiк, ағайын!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары