ЖҰМЫС ТАНЫСПЕН ҒАНА ТАБЫЛА МА?

ЖҰМЫС ТАНЫСПЕН ҒАНА ТАБЫЛА МА?

ЖҰМЫС ТАНЫСПЕН ҒАНА ТАБЫЛА МА?
ашық дереккөзі
302

Бүгiнгi таңда дипломын алған жас кадрлардың көпшiлiгi өз мамандығы бойынша жұмыс iстемейдi. Нелiктен? Бұл мамандыққа сұраныс жоқ па, әлде жас кадрдың қалауы басқа қызметте ме? Әсiресе оқытушы болудан, соның iшiнде жекелеген пәндерден сабақ беруден бас тартқандар жетерлiк, ал сол мамандықтарға зәру мектептер саны одан да көп.

Бiздiң мамандық – оқытушы. "Қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi" мамандығын игердiк. Бiрақ менiң де бiрге оқыған қатарластарым секiлдi мұғалiм болар ойым жоқ. Әсiресе, жiгiттер жағы бағытын аулаққа салады. Сондықтан қаламы қарымды жiгiттер жағы теледидар, газет-журналға ұмтылады. Болмаса түкпiрдегi шалғай ауылдардың бiрiнде ықтиярсыз мұғалiм болады. Ендеше дипломды не үшiн аламыз, осы мамандықты не үшiн оқимыз?

Диплом алғанның бар қызығы көрiмдiк алып, достармен қосылып атап өту емес қой. Төрт жылдық еңбек, мемлекет бөлген қаржының өтеуi бар дегендей. Көп жағдайда дипломның келесi тағдыры сандықтың түбi. Диплом деп аталатын қатырма қағаздың тағдыры осындай трагедиямен бiтедi. Неге?

Бiр замандарда көрiнгеннiң қолы жетпес дипломды алу бүгiнде қиын емес. Мектеп бiтiрушiнiң өз қалауы бойынша дұрыс таңдау жасай алмауы – осындай күйге душар етiп отыр. Бұл үшiн оның айналасындағы жас өскiннiң дарын, икемiн, мүмкiндiгiн дұрыс пайымдап, жөн сiлтемеген ата-аналар мен ұстаздардың кiнәсi бар. Ауылдан жаңа келген, оң-солын танып үлгермеген бозбала-бойжеткендерде болашақ өмiр туралы пайым да, қазiргi қоғам туралы нақты пiкiр-көзқарас қалыптаса қоймайды. Өзiне "Қай салаға сұраныс көп?" немесе "Менiң қолымнан не келедi?" деген сұрақ қоярлық титтей тәжiрибе жоқ. Оны жетелеп жүрген ата-ананың басты мақсаты "Балам өз жолын адаспай тауып, адам болсын" емес, "Жұрттың баласынан кем қалмай, ел қатарлы оқысын" деген ой басым түсiп жатады. Табалдырығын аттағалы отырған оқу орны туралы бас қатырып жатпайды. Мiне, осының нәтижесiнде құлықсыз студент пайда болады, қою шаңға бөгiп жүре бередi. "Менi қай жер жұмысқа қабылдайды" деген ой оқу бiтiрерде ғана басын ауыртады.

Екiншi мәселе оқу бiтiрушi түлектер мен оларды жұмысқа алатын мемлекеттiк мекемелер мүмкiндiгiнiң сәйкеспеуiне тiреледi. Жоғарғы оқу орындарында мемлекеттiк грант немесе ақылы бөлiмге негiзделген орындар мемлекеттiк қызмет үшiн белгiленген штаттардан көп. Мамандар даярлау iсi мен сол мамандарға деген сұраныс аясы арасындағы тепе-теңдiк жiтi қадағаланбағандықтан жойылған. Бұл – бiз қоғамға қажетсiз мамандар даярлап жатырмыз деген сөз бе? Бiр кезде керек болып, уақыт өте келе қоғамдағы даму және құлдырау құбылыстарына байланысты шеттетiлген, сұраныс азайған мамандықтар толып жатыр. Оқу орындарында заман талабына сай жаңа бөлiмдер, кафедралар да саны аз.

Сондай-ақ, қазiргi қоғам "Пара бер – жұмаққа бара бер" дегендi айтқызған қоғам. Қол жетер жердегiнi бiтiрiп, Құдаймен саудаласуға кiрiскендердiң шаруасы болса керек. Тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасушылыққа көз үйренiп, ет өлiп кеткелi қашан? Осындай жағдайды бастан өткерiп жатқан мемлекетте дипломнан келер қайран жоқ екенiн бәрi бiледi. Жұмысты қайдан iздеймiз? Ол да оңай шаруа емес. "Дипломмен ауылға!" кiм бара қойсын? Ауылдың жайын айтып керегi жоқ. Қаланың да жұмыспен қамту жағдайы мәз емес. "Қайнаған халықтың арасы, екi қолға бiр күрек табылар" деген үмiт. Ал күрекшiге жоғары бiлiмдi дәлелдейтiн құжаттың керегi шамалы. Зарлана берсең көңiлге – мұң, көзге жас табылады. Оқуға ендi түсейiн деп жүрген iнi-қарындастардың өз жолын таңдауға келгенде ойлануына түрткi бола алсақ құба-құп.

Алмас НҮСIПОВ

Серіктес жаңалықтары