КҮЛЕ БIЛГЕНIҢIЗ – ӨМIР СҮРЕ БIЛГЕНIҢIЗ...
КҮЛЕ БIЛГЕНIҢIЗ – ӨМIР СҮРЕ БIЛГЕНIҢIЗ...
Күле бiлгенiңiз – өмiр сүре бiлгенiңiз. Ойын-күлкi витамин. Жақсы күлкi жаныңды жадыратып, көңiлге қуаныш сыйлайды. Жанға дәру сыйлайтын жақсы әзiлдiң болғанына не жетсiн! Ақ қоянның табалдырық аттағанына да көп болған жоқ. Қаһарлы қыстың қаңтары қақап тұрса да, жанға жайлы, жүрекке жылы тиетiн көтерiңкi көңiл сыйлағымыз келдi. Әрдайым жүзiнен күлкi шуағы кетпейтiн, әдемi әзiлiмен көрерменiн тәнтi етiп жүрген белгiлi сатирик Көпен Әмiрбек ағамыздан жаңажылдық қалжың сұраған едiк.
КҮЛГЕН ДЕ ЖАҚСЫ…
"Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда" деген сөз бар. Қалай талтаңдайсың?
– Ақшаң болса, әрине үй сатып аларсың-ау, бiрақ семьяны сатып ала алмайсың.
– Ақшаң болса, жамбастап жататын төсек-орын сатып аларсың-ау, бiрақ тыныш ұйқыны сатып ала алмайсың.
– Ақшаң болса, бриллиант сағат сатып аларсың-ау, бiрақ алтын уақытты сатып ала алмайсың.
– Ақшаң болса, кiтап сатып аларсың-ау, бiрақ бiлiмдi сатып ала алмайсың.
– Ақшаң болса, басыңа бақ сияқты, астыңа тақ сияқты тамаша қызметтi сатып аларсың-ау, бiрақ абыройды сатып ала алмайсың.
– Ақшаң болса, дәрi-дәрмек сатып аларсың-ау, бiрақ денсаулықты сатып ала алмайсың.
– Ақшаң болса, өмiрiңдi сақтандыратын "Страховка" деген қатырма қағазды сатып аларсың-ау, бiрақ қауiпсiздiктi сатып ала алмайсың.
Солай! Ақшаның да аса алмайтын жерi көп. Ал, әзiл-сықақ кешiне жұмсаған ақшаларыңызға әлгi келмейтiн нәрсенiң бәрi келедi.
Күлкi – денсаулық. Ынты-шынтымен бiр рет күлген адамның өмiрi 15 минутқа ұзарады.
Күлкi – дәрi, күлкi – дәру, күлкi – шипа.
Күлкi – бiлiм. "Ымды бiлмеген дымды бiлмейдi", бiрдеңенi бiлген адам ғана күледi.
Күлкi – абырой. Абыройы бар адам асқақтап күледi. Ол – шынайы күлкi.
Әрине, күлген де жақсы. Бiрақ кiмнен кейiн күлгендi бiлген де жақсы.
СЕЗIН
Қармағын қамдап балық аулауға бара жатқан күйеуiне күдiктенген әйелi:
– Осы жолы маған үлке-е-ен шортан әкеп бершi, – дедi,– егер магазинде шортан болмаса, онда сазан сатып ала сал!..
МИЯУ
Бес жасар құйтақандай қыздың жүйкесiн тексерген дәрiгер:
– Мысықтың аяғы нешеу? – деп сұрады.
– Төртеу.
– Құйрығы нешеу?
– Бiреу.
– Қанша құлағы бар?
– Екеу.
– Ал, мысықтың мұрны нешеу?
– Сiз немене…өмiрi мысық көрмегенсiз бе?
ҚОЯННЫҢ КӨЖЕГI
Бiрiншi сыныпқа барған баладан мұғалiм:
– Бiр көжекке бiр көжектi қосса, қанша көжек болады? – деп сұраса:
– Үш көжек! – дептi.
– Қалай?
– Менiң жасырып қойған тағы бiр көжегiм бар.
ТЫҢДАУ КЕРЕК
– Мұғалiмдерiмнiң айтқанын тыңдауым керек едi. Құлақ аспадым ғой, құлақ аспадым. Бала кезде ақымақ болыппыз. Тыңдау керек едi! – деп бiреу аһ ұрып күрсiне берiптi.
– Мұғалiмдерiң сонша не айтып едi? – дептi досы.
– Тыңдамағасын қайдан бiлейiн! "Тыңдауым керек едi!" деп тұрған жоқпын ба?
СҰЛУ
– Сен ақыл десе ақылды, сұлу десе сұлу, керемет келiншекке үйленiпсiң ғой, ә?
– Оны кiм айтты саған?
– Әйелiң айтты.
КӘРI ҚАТЫН
Елу жастағы кiсi жиырма жасар аруға үйленгенде, бiр досы:
– Әй, мынауың не? – деп ренжiсе керек. – 10 жылдан соң, 60-қа толғанда, бұраңдаған бұл әйелiң 30-ға келедi. Сен 70-ке жеткенде, қатының қарағайдай боп 40 жасқа келедi. Кәрi қатынға үйленiп денiң сау ма өзi?
СОЛАЙ ОЙЛАҒАН
– Көзiңдi кiм көгерттi?
– Күйеуiм.
– Е, ол командировкаға кеткен жоқ па?
– Мен де сөйтiп ойлағам.
БӘЙБIШЕ МЕН БӘТIҢКЕ
Бiреу әйелiнен ажырасыпты. Достары:
– Тал түсте талақ жасағаның не? – дейдi таңырқап. – Әйелiң әдемi, ажарлы, ақылды, үш баланың анасы… Сонда ол аяғының астына қарап:
– Менiң бәтiңкем де бiр қарағанда әдемi. Бiрақ аяғымның басын қысып тұрғанын кiм бiледi?
КӨРСЕҚЫЗАР
Жас жiгiт кiтап дүкенiне келедi де:
– Қыздардың жүрегiн жiбiтiп құттықтайтын әдемi открытка бар ма? -деп сұрайды.
– Мiне, – дейдi сатушы. – "Көзiмдi ашып көргенiм, аузымды ашып сүйгенiм, жалғыз сенсiң, жаным-ау!" деген жазуы бар открытканы алыңыз.
– Тамаша-а-а! – деп қуанады жiгiт. – Маған осының отыз шақтысын берiңiзшi.
СIЗ ДЕ СӨЙТIҢIЗ
– Айналайын, дәрiгер, төсектен қалғаныма бес жыл болды.
– Нешедесiз?
– Алпыс бесте.
– Жасыңыз келiптi ғой, ата. Жас емессiз.
– Менiң бiр көршiм бар. Жасы жетпiс бесте. Ол айтады: "Құдайдың құтты күнi кемпiрiме тыныштық бермеймiн!" дейдi. Сонда қалай?
– Ештеңе емес. Сiз де сөйтiп айта берiңiз.
ҚОШҚАР
Күйеуi пышағын қайрап, қорадағы қошқарын союға ыңғайланып едi, әйелi:
– Осыған тимей-ақ қойшы! – деп бетiн қайтарды. Екiншi күнi екiленiп, пышағын тағы да жалаңдатып едi, әйелi:
– Бiр күн тұра тұршы. Сосын соярсың! – дедi ара түсiп.
Ертеңiне келсе қошқар байғұс асылып өлiптi.
САБЫРЛЫ КIСI
Мен өзi өте сабырлы адаммын. Ал ендi ашулансам бар ғой, айналамдағылардың тас-талқанын шығарамын.
ПӘЛСАФА
Екi ғалым бiр жартыны ортаға алып, ой бөлiстi.
– Логика дегенiмiз не?
– Мысалы, екi ер кiсi келе жатыр дейiк. Бiреуi – мұнтаздай таза, екiншiсi – кiр-қожалақ. Соның қайсысы моншаға бара жатыр?
– Кiр-қожалағы!
– Дұрыс! Мiне, логика деген осы. Қане, сенiң логикаң үшiн тартып жiберейiк.
– Ал, диалектика деген не?
– Мысалы, екi ер кiсi келе жатыр дейiк. Бiреуi – мұнтаздай таза, екiншiсi – кiр-қожалақ. Соның қайсысы моншаға бара жатыр деп ойлайсың?
– Әрине, кiр-қожалағы!
– Жоқ, дұрыс емес! Таза адам қашанда – таза. Тазалығын сақтау үшiн моншаға тазасы бара жатыр. Мiне, бұл – яғни, диалектика. Қане, диалектика үшiн тартып жiберейiк…
– М-м…философия деген не?
– Мысалы, екi ер кiсi келе жатыр дейiк. Бiреуi – мұнтаздай таза, екiншiсi – кiр-қожалақ. Соның қайсысы моншаға бара жатыр?
– Оны ит бiле ме? Қайсысы болса, онысы барсын…
– Мiне, философия деген осы!
– Қанеки, бiздiң философиямыз үшiн тағы да тартып жiберейiкшi!..
ҰҚСАСТЫҚ
МАИ қызметкерi мемлекеттiк тiлден емтихан тапсырды.
– Сызықша дегенiмiз не?
– Сызықша дегенiмiз – жолға сызылған жолақтар.
– Дұрыс емес.
– Сызықша дегенiмiз – бiздiң ұстап жүрген ала таяқ.
– Нүкте дегенiмiз не?
– Нүкте дегенiмiз – сол ала таяқтың түбi. Ала таяқтың түбiнен қарасаңыз, нүкте боп көрiнедi.
– Қос нүкте деген не?
– Қос нүкте дегенiмiз – жол үстiндегi ағаштың арасында жасырынып, басын салбыратып аңдып тұрған МАИ қызметкерлерiнiң екi көзi.
– Леп белгiсi деген не?
– Леп белгiсi дегенiмiз – жын қуғандай құйындатып келе жатқан машинаны тоқтату үшiн көтеретiн МАИ қызметкерлерiнiң ала таяғы. Ала таяқ тiк тұрса, леп белгi сияқты. Оны ұстап тұрған инспектордың жұмылған жұдырығы – леп белгiсiнiң астындағы нүктесi.
– Дұрыс емес!
– М-м… леп белгiсi дегенiмiз – жұмысқа жаңа тұрған МАИ қызметкерi.
– Сұрау белгiсi деген не?
– Сұрау белгiсi дегенiмiз – қартайған леп белгiсi немесе пенсиядағы милиция.
ҚАРЫЗ
Бiреу бiреуден өлердегi сөзiн айтып қарыз сұрапты.
– Қашан қайтарасың? – десе,
– Келесi жұмада қолыңа ұстатам! – дептi. Сұрағанын берiптi. Жұмада келсе:
– Келесi жұмада! – дептi. Келесi жұмада барса,
– Келесi жұмада! – дептi. Табанынан тозып қашан барса да:
– Айттым ғой, жұмада қайтарам! – дейдi екен.
Күндердiң күнiнде қарыз алғанның қара домалақ баласы:
– Көке, сiз жоқта үйге бiр кiсi кеп, қарызын сұрады! – дептi.
– Сен не дедiң?
– Әкем кеше алма ағашын ектi дедiм. Бес-алты жылда өссе, соның жемiсiн сатып, қарызын қайтарады дедiм. Сөйтiп бездiрiп жiбердiм, көке!
Әкесi тас-талқан ашуланыпты.
– Өй, иттiң баласы! Бес-алты жылың ертең-ақ кеп қалады, айналайын, келесi жұмада деп айтпадың ба?
Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА