Рамазан: СЫР мен НҰР

Рамазан: СЫР мен НҰР

Рамазан: СЫР мен НҰР
ашық дереккөзі
494

Оразаның сөздiк мағынасы – бiр нәрседен алыстау. Шариғат тiлiмен түсiндiрсек, мұсылманның ораза ұстауға ниет етiп, таңның атысынан күннiң батуына дейiн оразаны бұзатын нәрселерден нәпсiнi тыюы.

Рамазан – Құран, сабыр және ораза айы. Ораза мұсылманның сабырына сын. Адам баласы Алла тағаланың тыйымдары мен парыздарын сабыр сақтау арқылы жүзеге асыра алады. Өйткенi «сабыр – иманның жартысы». Құранда: «Алла сабыр еткендермен бiрге!» – делiнсе, Пайғамбарымыз: «Рамазан – сабыр айы. Сабырдың сауабы – жұмақта, «Әр нәрсенiң зекетi бар. Дене мүшенiң зекетi – ораза», – дейдi.

Дәулеттi адам кедей-кепшiктiң жағдайын, аштықтың не екенiн ораза ұстау арқылы сезiне алады. Кейде адам байлыққа кенелген соң, айналасын ұмыта бастайды. Нәпсiге берiлгендер қол астында жұмыс iстейтiндерге төбеден қарап, алауыздық туады. Ашыққанда нәпсi де әлсiреп, жүректерде мейiрiм оянады. Ораза әлеуметтiк тұрмыспен қатар, адам денсаулығына да өте пайдалы. Ораза адам ағзасын аштық пен шөлге шыдамдылыққа тәрбиелеп, сабыр мен төзiмдiлiк денсаулықтың нығаюына септiгiн тигiзедi.

Ораза жұмыс iстейтiндер үшiн өте пайдалы. Тамақ iшпейтiн уақытта адам ағзасы сергек, жұмысқа қабiлеттi боп келедi. Ораза тұтқан мұсылман күнiне екi рет: ауызашарда және сәресiде тамақ iшедi. Қазiргi заманғы медицина да күнiне екi-ақ рет тамақ iшудiң пайдалы екенiн айтады. Түс мезгiлiнде тоя тамақ iшу ағзаны ауырлатып, ұйқы басып, жұмыс қабiлетiн нашарлатады екен.

Кудси хадистегi Алла сөзi мынау: «Аузы берiк адам iшiп-жеуiн Мен үшiн доғарды. Ораза – Менi мен құлымның арамыздағы сырлы ғибадат. Оған берiлетiн сыйды Мен өлшеп, Мен ғана беремiн. Аузы берiк құлымның аштық пен шөлден шыққан ауыз иiсi Мен үшiн миск әтiрiнен де артық.

Оразаның шарттары:

1. Мұсылман болу;

2. Ақыл–есi дұрыс болу;

3. Балиғатқа жету;

4. Ораза ұстауға шамасы келу;

5. Тыңғылықты болу.

Науқас адамдарға, қарттарға, ораза ұстауға шамасы келмейтiн, жолаушыға ораза парыз емес. Өздiгiнен ұстап жатса, дұрыс. Хайыз, нифас кезiндегi әйелдерге және өзiне, баласына зияны тиiп кетуi ықтимал, аяғы ауыр, бала емiзетiндерге де парыз емес.

Оразаның дұрыс орындалу шарты:

1. Хайыздан (әйелдердiң ай сайынғы жағдайы), нифастан (әйелдердiң босанғаннан кейiнгi жағдайы) тазару.

2. Ниет. Оразаға түнде немесе сәресiден кешiктiрмей, жүрекпен де, тiлмен де ниет ету.

Оразаны бұзатын нәрселер:

1. Iшiп-жеу;

2. Жыныстық қатынасқа бару;

3. Темекi тарту;

4. Әдейi құсу;

5. Хайыз, нифас болу.

Оразаны бұзбайтын нәрселер:

1. Ұмытып, iшiп-жеу. Ұмытқан кiсi есiне түсiсiмен iшiп-жеудi тоқтатып, оразаны жалғастыра алады. Пайғамбарымыз айтқан: «Ұмытып iшiп-жеген адам оразасын толықтырсын. Оны iшкiзiп, жегiзген Алла тағаланың өзi»;

2. Бойдәрет алуға тиiстi адам (жыныстық қатынас, шайтани түс көру, есiнен тану, т.б.) бүтiн денесiн арнайы түрде толық жумай, яғни ғұсыл алмай, таңертең тұрып, кешке дейiн сол күйi жүрсе, оразасы бұзылмайды. Намаз оқитындар үшiн мiндеттi түрде бойдәрет керек;

3. Қан алдыру, сүлiк салдыру;

4. Құлаққа су кiру, одан бұлық ағу;

5. Көзге , құлаққа дәрi тамызу, көзге сүрме жағу;

6. Мисуак қолдану. Тiс тазалағыштарды пайдалану (Ең абзалы – таң намазы кiрмей, тiстi жақсылап тазалау);

7. Тiс жұлдыру. Бiрақ ауыздағы қан мен дәрiнi жұтпау керек;

8. Ауыз бен мұрынды сумен шайқау;

9. Тiс арасында қалған тамақ қалдығы ноқаттан кiшкене болса, оны жұту;

10. Ерiксiз құсу (ауыз толық болса да) және оның ерiксiз iшке қайта кетуi де.

ХАДИСТЕРДЕН

Кiм рамазан айының оразасын шын иманмен, зор ықыласпен тұтса, оның бұрын-соңды жасаған күнәлары кешiрiледi.

Жаннатта Раийан қақпасы бар. Ол қақпаға ораза ұстағандардан басқа ешкiм кiрмейдi. Қиямет күнi «Ораза ұстағандар қайда?» деп жар салынады. Ораза ұстаушылар кiрiп бiткенде, Раийан есiгi жабылады.

Рамазан келгенде жәннат есiктерi ашылып, тозақ есiктерi жабылады. Шайтандар кiсенделедi.

Ораза ұстаған кiсiлер дауласпасын, ұрсып-керiспесiн. Оған бiреу тiл тигiзсе, «Мен оразамын» десiн.

Ораза ұстағанның екi қуанышы бар. Бiрi – ауыз ашқанда, бiрi – Алла тағаланың алдында ораза ұстағаны үшiн есеп бергенде.

Алла жолындағы бiр күндiк оразасы үшiн ол жәһаннам отынан жетпiс жылға алыстатылады. Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екiншi жаңа туған айды көргенде, оразаны тоқтатыңдар. Аспан бұлтты болса да, Шағбан айын отызға толтырыңдар.

Жалған сөйлеумен әрекет етудi қоймаған адамның iшiп-жеудi ғана доғаруы Аллаға қажет емес.

СӘРЕСIНIҢ ТАМАҒЫНДА БЕРЕКЕТ БАР

Сәресi iшу және оны екiншi шапақ атқанға дейiн кешiктiру – оразаның мұстахабы (iстесе – жақсы, iстемесе – күнә емес). Яғни бiр жұтым су болса да, сәресiде тұрып, iшiп-жеу – мұстахап. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисiнде бұл жөнiнде: «Сәресiге тұрыңдар. Сәресiнiң тамағында берекет бар», – делiнедi. Тағы бiр хадисiнде: «Алла сәресiде тамақтанғандарға рақым етiп, перiштелер де олар үшiн кешiрiм тiлейдi», – дейдi Расулуллаһ (с.ғ.с.).

АҚШАМ КIРСЕ, АУЫЗ АШУҒА АСЫҚ

Ауызды ақшам намазының уақыты кiрген соң, ақшам намазын оқымай тұрып ашқан абзал. Хазретi Мұхаммедке (с.ғ.с.) жүгiнсек, «Кiмде-кiм ауыз ашса, құрмамен ашсын, құрма таппаса, сумен ашсын. Екеуi де пәк нәрсе».

ТАРАУИХ НАМАЗЫ – СҮННЕТ

Әл-Бухари риуаят еткен хадисте: «Алла тағала сiздерге ораза тұтуды парыз және тарауих намазын сүннет еттi», – деп айтылады. Бұл ер кiсiге де, әйел кiсiге де – сүннет. Жамағатпен де, жеке де оқуға болады. Тарауих сөзi – демалу, тынығу дегендi бiлдiредi. Тарауих намазында, екi рәкағатта, я төрт рәкағатта сәлем берiледi. Тарауих намазы – 20 рәкағат. Сондықтан оны бөлiп-бөлiп, арасында демалып оқыса жөн. Тарауих намазында тарауих тәсбихi айтылады.

ӘРБIР ТҮНДI ҚАДIР ТҰТ

Қасиеттi Рамазан айы – өте мүбәрак ай. Бұл айда жетi қат көктен Алла тағаланың әмiрiмен Жебiрейiл (ғ.с.) перiште арқылы Құран Кәрiм екi дүниенiң сұлтаны, екi дүниенiң шапағатшысы Хазретi Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсiрiлдi. Нұрлы Рамазан айы парыз оразаны қамтығанымен және жер бетiне Құран түскен ай ретiнде киелi саналады.

Осы Рамазан айының әрбiр түнiн, әсiресе, соңғы он күндiгiнiң әр түнiн Қадiр тұтып, ерекше құлшылықпен өткiзсе, нұр үстiне нұр. Қадiр түнiн ұйықтамай, Алла тағалаға құлшылық етiп, таң атырған мұсылман, шамамен, сексен үш жылдық сауапқа ие болады.

Рамазан айының «мың айдан артық» түнiн шын ниетпен iздегендерге Алла тағала Қадiр түнiн нәсiп етсiн!

Рамазан мүбәрак болсын!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ, исламтанушы
28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары