АҚЫНДЫ ҚАРАЛАҒАН ЖУРНАЛИСТ КIМ?

АҚЫНДЫ ҚАРАЛАҒАН ЖУРНАЛИСТ КIМ?

АҚЫНДЫ ҚАРАЛАҒАН ЖУРНАЛИСТ КIМ?
ашық дереккөзі
218

Сейсенбi күнi бiрқатар қоғамдық ұйымдар мемлекеттiк тiл төңiрегiндегi дау-дамай туралы және орыстiлдi сайттарда жарияланған көрнектi ақын, қоғам қайраткерi Мұхтар Шахановты қаралайтын мақалалар төңiрегiнде арнайы баспасөз мәслихатын өткiздi. Орыстiлдi сайттарда жарық көрген мақала Қанат Ескендiр деген журналистiң атымен жарық көрген едi.

Ақын Мұхтар Шаханов: «Әрбiр ұлт, әрбiр мемлекет өзiнiң мемлекеттiк тiлiн дамыту керек. Бiз ешқашан да республикамызда тұрып жатқан бiр де бiр басқа ұлттың тiлiне, рухани құндылықтарына қарсы шыққан емеспiз. Бiз бар болғаны өзiмiздiң мемлекеттiк тiлiмiздiң мәртебесiн көтеру жолында ғана күресiп жүрмiз. Мемлекеттiк тiлдiң мәселелерiмен ғана айналысып келе жатырмыз. Керек болатын болса, мемлекеттiк тiлдiң мәселесiмен елiмiзде тұрып жатқан басқа ұлт өкiлдерi де шұғылдану керек. Бәрiнiң де мемлекеттiк тiлге жаны ауыруы керек. Осыдан бiр-екi ай бұрын ғаламторда мен жөнiнде 52 мың 700-ден астам әртүрлi пiкiрлер айтылған екен. Солардың көпшiлiгi, сорымызға қарай, өзiмiздiң шалақазақтар. Жуырда «Zona kz» – сайтында «Секрет Шаханова» деген мақала жарияланыпты. Мақала бастан-аяқ өтiрiкке құралған. Бұл мақаланы оқып отырсаңыз, менен асқан алаяқ адам жоқ екен. Осы мақаланы әлгi сайттан алып, бiрнеше сайттар көшiрiп басыпты. Ендi мақаланың соңына берiлген пiкiрлердi көрсеңiз, жүрегiңiз ауырмай оқу, мүмкiн емес», – дейдi.

Ал «Егемен Қазақстан» газетiнiң тiлшiсi Қанат Ескендiр бұл мақалаға өзiнiң ешқандай қатысы жоқ екенiн айтып ақталады. «Менiң есiмiмдi неге пайдаланғанын түсiнсем бұйырмасын! Бiр жазғыштар М.Шаханов туралы материал жариялап, астына менiң аты-жөнiмдi қойып қойыпты. Аталған алаяқтықты жарнамаламас үшiн ондай жеңiлтек сайттардың атын атағым келiп отырған жоқ. Шынын айтқанда, бұл, негiзiнен, тұлғаны таспен ату емес, сайттың атын шығару әрекетi ғана сияқты. Өз басым орыс тiлiнде бiр де бiр мақала жазып көргем жоқ», – дейдi журналист. Орыстiлдi сайттарда жарияланған мақаланың шын мәнiнде авторы кiм екенiн қоғамдық ұйымдар әлi нақты анықтай алмай отыр. Ең бастысы, Қанат Ескендiр деген журналистiң бар екенi рас. Оның қазақ тiлiнде жазатынынан да хабардар оқырман. Сонда аталмыш мақаланың авторы кiм? Әлде оқырман бiлмейтiн тағы бiр Қанат Ескендiр бар ма? Мүмкiн, бүркеншiк есiмдi пайдаланған бiреу болар, кiм бiлсiн?! Бұған қоғамдық ұйымдардың басшылары да, ұлт жанашырлары да таңданып отыр.

Әзiрге «Аталмыш сайтты сотқа берiп, ит-ырғылжың жүгiрiспен бас қатыруға уақытты бөлудiң өзi обал болар едi. Мен бұл жерге ақталайын деп, я айыпталу үшiн келгемiн жоқ. Ана тiлiмiздiң арашашысы, әдебиеттiң белсендi өкiлi, қоғам қайраткерi М.Шахановтың ар-ожданына селкеу түсiргiсi келген осы материалды жазған адам, жазуға тапсырыс берген адам және өзiнiң пiкiрiн қосқандарды да Алла Тағала өзi ескерсiн», – дейдi журналист.

Аталмыш сайттар Шахановты қаралау арқылы өздерiне ұпай жинап отыр ма екен, әлде?.. Тек әлдебiр орыстiлдi сайттар арқылы мемлекеттiк тiл үшiн жанұшырып, күресiп жүрген ақынға өз iшiмiзден шыққан жаулардың тiл безеп, тасадан кесек атқаны жанымызды ауыртады…

Едiге БЕКТАС

08.09.2011 ж.

Серіктес жаңалықтары