АНА ТІЛІН БІЛГЕН БАЛА

АНА ТІЛІН БІЛГЕН БАЛА

АНА ТІЛІН БІЛГЕН БАЛА
ашық дереккөзі
550

ешқашан бөтеннің ығында кетпейді

Мұғалім – ең қадірлі мамандық. Осы бір құрметті кәсіп иесіне деген ықылас пен ілтипат қай заманда болсын кеміген емес. Күншығыс елінің мұғалімдікті кәсіп еткен тіл маманы ұстаздық туралы не ойлайды екен? Жапония қоры жанындағы тіл институтының оқытушысы Чика Тацуки өз ойымен бөлісті.

– Чика сан, сіз Доминикан Респуб­ликасы, Оңтүстік Корея, Малайзия, Мексика, Бразилия, Бангладеш, Латын Америка елдерінде жапон тілінің мұғалімі болып жұмыс істедіңіз. Өзіңіз де ұлағатты педагогтардың тәлім-тәрбиесін көрдіңіз. Ұстаз деген ұғымды қалай қабылдайсыз?

– Ұстаз – жай ғана оқытушы емес, оқушыны жетелеуші, білімін шыңдаушы адам. Оқушыны қалай жетелейді, білімін қай бағытта шыңдайды? Бұл әр ұстаздың кәсіби білігіне, өмірлік тәжірибесіне, педагогикалық шеберлігіне байланысты мәселелер. Ұстаздың негізгі мақсаты дайын материалды оқушыға беру болмау керек. Өз бетімен оқуға үйрету – ұстаздың басты міндеті болуы шарт.

– Жапон тілінің мұғалімі мамандығын қалай таңдадыңыз?

– Бала кезімде «мұғалім болсам ғой» деген ой болған емес. Университетте оқып жүргенде жапон тілін жетік меңгерген тайвандық азаматпен таныстым. Ол менің ана тіліме деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Оған дейін ана тілімнің соншалықты көркем, терең мағыналы әрі менің өмірім үшін маңызды екеніне мән бермеппін. Шет ел азаматының жапон тілінде таза сөйлегеніне таң қалдым. Жапон тілінің ерекшелігін шет елдіктерге танытуға деген құштарлық пайда болды. Оған қоса мен мектепте оқыған жапон тілі, яғни мемлекеттік тілдің грамматикасы мен шет елдіктерге арналған жапон тілін оқыту бағдарламасында көптеген айырмашылықтар бар екенін байқадым. Осындай жағдайлар мені жапон тілінің мұғалімі деген мамандықты таңдауыма әсер етті.

– Ұстаздың артықшылығы неде?

– 1992 жылдан бері жапон тілінен сабақ беремін. Жапон тіліндегі ұстаз, мұғалім деген мағынадағы сэнсэй сөзіне мән берсек, сэн-алдыңғы, сэй – дүниеге келу деп аударылады. Жапондардың ұстазын айрықша құрмет тұтуының басты себебі де осы сөздің тереңінде жатыр. «Бұл дүниеге сенен бұрын келіп, алдыға жетелеуші адам – ұстазың» деген ұғымға саяды. Бұл түсінік Шығыс халықтарына тән үлкенді құрметтеу қағидасымен де байланысты. Ұстаз «бұл дүниеге оқушыдан бұрын келгендіктен» бұрынғы дәуір, яки кезең мен қазіргі кезеңді байланыс­тырып, болашаққа жетелеуші парасат иесі болса керек. Бұл оқушы мұғалім не айтса да бұлжытпай орындап, алдында құрдай жорғалау керек деген сөз емес. Ұстаздың ұстаздығы оның биік парасат иесі болуымен өлшенеді. Парасатты адамның өркөкірек, озбыр болмайтыны белгілі. Бүгінгі таңда қай бағытта болсын мұғалімдерге қойылатын талап зор. Осыдан жиырма жыл бұрынғы өлшем мен қазіргі сұраныстың арасында айырмашылық көп. Мысалы, мұғалімдерге арналған тест түрлері бар.

– Бұл мұғалімнің мойнына жүктелетін жауапкершілік жүгін арттыра ма?

– Жауапкершілігін арттырудан бұрын педагогикалық деңгейін көтеріп, кәсіби тұрғыдан өсіреді. Тестке дайындық барысында мұғалім оқытушылық шеберлігін шыңдаумен қатар өзінің біліктілік деңгейін бағалайды. Жапонияда кәсіби тесттен өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен мұғалімнің жалақысы өседі.

– Шет елде қызмет істейтін азаматтар балаларын халықаралық мектепке береді. Білім беру жүйесі толығымен ағылшын тіліне негізделген осындай мектептер кейбір елдердің шалғай ауылдарында ашылып жатыр. «Халықаралық мектептер ұлттық тәрбие бере алмайды» деген пікірге қалай қарайсыз? Баланы ана тілінде оқыту мен ұлттық құндылықтармен сусындату мәселесі талай ел үшін өте өзекті емес пе?

– Ұзақ мерзімді іс-сапармен, қызмет бабымен шет елге барған отбасы баласын ағылшын тіліндегі халықаралық мектепке беруге мәжбүр болады. Халықаралық мектептерде оқушының ана тілі мен туған елінің тарихын, әдебиетін оқыту жоспарға енбеген. Қандай пән болсын толығымен ағылшын тілінде өтеді. Ұлттық тілді сақтап қалу әр халықтың жеке мәселесі. Ағылшын тілінің дамушы ел экономикасына тигізетін пайдасы зор. Өндірілген тауарды шет елге өткізу үшін мекеме ағылшын тіліндегі іс-қағаздарға жүгінеді емес пе? Ағылшын тілін пайдаланбай, тұйық күйде даму бүгінде мүмкін емес сияқты. Алайда ұлттың тілін өзінен басқа ешкім қорғап, сақтауға күш салмайды. Баланың ана тілінен ажырамау мәселесін ата-анасы ойлау керек. Бала сегіз жасына дейін тек ана тілінде тәрбиеленсе, ешқашан бөтеннің ығында кетпейді деп есептеймін. Бала мектеп бітіргенше екі-үш тілде еркін сөйлесе екен деп ойлайтын ата-аналар да бар. Бірақ сегіз жасқа дейін басқа тілді араластырмай, таза ана тілінде тәрбиеленген бала нағыз ұлт азаматы болып шығады. Өзге тілді меңгеру ешқашан кеш емес.

Әңгімелескен

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

Серіктес жаңалықтары