САНЫ КӨП ҰЛТ – СЕСТІ

САНЫ КӨП ҰЛТ – СЕСТІ

САНЫ КӨП ҰЛТ – СЕСТІ
ашық дереккөзі
220

Қазақтың санын көбейтпей – ел тәуелсіздігін баянды ету мүмкін емес

Жасың егде тартқан сайын өз ұлтыңның келешегі көбірек мазалайды екен. Ұлт келешегіне қатысты мәселе мың сан ғой. Соның ең маңыздысы, ең бірінші қажеттісі – халқымыздың демографиялық өсімі. Мол өсімге қол жеткізу үшін де қыруар жұмыс атқарып, көп мәселеге сын көзбен қарауымыз керек. Десек те, қазақтың санын көбейтудің жолын басымырақ, әрі

жан-жақты іздестіргеніміз артық етпейтінін білген жөн.

Статистеріміздің болжамы бойынша 2020 жылға таман халқымыздың жалпы саны 18,7 млн.адамды құрайды. Ал енді ой жүгіртіп бағамдайық: бұл сан біздің елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма? Келешек ұлтымыздың өсіп – өркендеуі үшін нендей шараларға баса көңіл бөлуіміз керек? Айтар әңгімеміз де осы мәселенің төңірегінде өрбімек.

Халықаралық зерттеуге қарағанда үстіміздегі ғасырдың соңында қазақ жерінің ұлан-асыр байлығын игеру үшін 100 млн.адам қажет көрінеді. Ал біз Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сенсек, соңғы 20 жыл ішінде 8 мың қазақстандық баланы шетелге беріп жібергенбіз. Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстаннан шетелге кеткен эмигранттар саны 4 млн.150 мың болыпты. /2010 жылға дейінгі мәлімет/.

Қазақстанның жері ұшан-теңіз. Оған 300 млн. халық еркін сыйады деген мәлімет бар. Сөйте тұра, шетте жүрген қандастарымызды елге қайтаруға асықпай отырмыз. Еліне ұшуға қанаты жоқ бауырларымызды түгел көшіріп алмасақ, 5 млн.қазақты өз қолымызбен жойып, қытайға, өзбекке, орысқа айналуына жол берсек, бұл біздің биліктің ең зор қателігі болмақ. Өйткені, күн өткен сайын шетелдегі диаспораларымыз ассимиляцияға ұшырап, қазақ болудан қалып барады. Бұрын қаржы тапшы дейтінбіз, қазір қалтамыз қалыңдады. Ұлттық қордағы миллиардтаған қаржыдан ұлттың басын құрастыруға жұмсамасақ кім қолбайлау болып тұр? Бұрындары елге оралған қазақтарды тіркеуге алуды қиындатып, азаттық беруді тоқтатсақ, енді келіп көшті 2015 жылға дейін тоқтатып тас­тау отандастардың көңіліне қаяу түсіріп отыр. Бұлай ету кімнің пайдасын көздеп отырғаны белгісіз. «Үмітсіз шайтан болсын» деген сөзі тегін айтылмаған шығар. Ел билігінің асығыстау жасаған шешімдері қайта қарастырылар деген ойымызды Қазақстанды әлемге танытуда зор еңбек сіңіріп келе жатқан тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының 55 құрылтайында айтқан «Бар қазақтың бір ғана Отаны бар ол – Қазақстан» деген сөзімен қатар «Қазақтың өзіндік ұлттың қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау – менің президенттік те, перзенттік те парызым. Өзін-өзі қорғай алған елдер ғана өсіп-өркендеген», – деген ұлағатты сөзі қазақтың үмітін үкілей түсетіні даусыз.

Қазақтың санын арттырудағы маңызы зор екінші мәселенің бірі ол – ана мен баланың жағдайын жақсарту, олардың денсаулығын нығайтуға тікелей байланысты. Басында баспанасы болмай, отағасының айлығы шайлығына жетпей, көрінгеннің пәтерін жалдап күн көріп жатқан отбасынан «ұлтыңның санын көбейтуге үлестеріңді қосыңдар» деп қалай айтасың? Десек те, көп балалы болуға талпынып жүрген жас отбасына үкімет тарапынан қандай қаржылай көмек, бүгінгі биліктің, менің пайыумдауымша, ана мен баланы алақанына салып, қамқор болудың орнына жетім мен жесірлерін жаутаңдатып қойғанына куә болып жүрміз. Жаңадан отбасын құрғандарға баспананы жеңілдетілген түрде, тіптен пайызсыз берсе де үкімет кедей болып қалмасы анық. Туу жасындағы әйелдердің денсаулығы да мәз емес. Босану кезінде асқа жарымаған аналардың сәбилері де көбінесе салмағы кем және әлсіз болып туылатынын көріп жүрміз. Қазақстандағы әрбір төртінші нәресте Оңтүстік аймақта дүниеге келетіні белгілі. Сол Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша туу жасындағы 695 500 әйелдің 9 мың 571-не денсаулығының нашарлығына байланысты босануға мүлде болмайтындығы анықталған. Қазақ әйелінің 35-40 жастан кейін бала көтеруді тоқтатқандарына да көп болды. Ендеше, бүгінгі әйелдердің үшінші ұрпақты әкелуі күмәнді. Олардың көбі жұмыс бастылықты, үйі-күйі жоқтықтығын сылтауратып көп бала туудан қашады. Төрт бала туып, өсірген Зағипа Балиева қарындасымызға министр, депутат болуына еш кедергі болмағанына қазіргі жастар хабарсыз-ау шамасы.

Ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 10 мың доллардан келетін біздің мемлекетке ана мен балаға көрсетіліп жатқан көмекті айтуға ұяласың.

Бізде денсаулық сақтау саласына ұлттық табыстың 4 пайызы ғана бөлінсе, көпшілік елдерде ұлттық табыстарының 10-12 пайызын пайдаланатын көрінеді.

Осы тұста еске сала кететін жәйт, әшейінде не істесе, нені жоспарласа да Ресейге қарап бет түзейтінін соларға қарайлап үлгі тұтатын біздің шенді-шекпенділер демография мәселесіне келгенде неге солардан үйренбейді?

Бізбен көршілес Ресейде бала ананың құрсағында пайда болғаннан бастап тоғыз ай бойы мемлекет ай сайын 170 мыңға жуық теңге беріп отырады. Ал, егіз сәби дүниеге келсе 360 мың, үшем туса 770 мың теңге беруді қарастырған. Сонымен қатар оларда «Ана капиталы» деген бар. Онда әрбір ананың есепшотына 1 млн.670 мың теңге шамасында қаражат құйылады. Жақын арада аталмыш елде әрбір екінші баласын тапқан анаға 10 мың доллар көлемінде жәрдемақы берілетіні туралы үкімет жарлығы шықты. Бұл қамқорлықты 143 млн. халқы бар Ресей кімдер үшін, қандай мақсатпен осыншама орасан шығынға жол беріп отыр. Бұл енді жер көлемі үлкен, жер асты, үсті байлығы мол, халқының өмір сүру жасы қартайып бара жатқан Ресей үшін маңызды шығар, ал енді Германия мемлекеті үш жылға шейін әйелдің декретіне қоса күйеуіне де ақылы демалыс беретін жағдай жасап қойғанын немен түсіндіруге болады. Мұндай шынайы қамқорлық біздің бай үкіметтің де бас қатыратын дертіне айналса-ғой шіркін!

Шындығына келсек, басқасын айтпағандар үшем, төртем туған аналарға кезек күттірмейтін-ақ баспана беріп жергілікті жердің бюджеті есебінен жеткілікті жәрдемақы тағайындап, жеке қамқорлығына алып жатса әкім-қаралар тағынан тайып қалмас еді ғой. Тек өз қалтасының қамын ойлаудан арыға бара алмай отырғандары өкінішті-ақ. Қысқасы тамағы тоқ, уайымы жоқ аналар бала туудан бас тартпайтынына кәміл сенеміз.

Аяулы аналар туралы айтқанда – болашақ ана-қыздарымыз жайында бір-екі ауыз сөзімізді қимасақ, бүтінімізді бөліп жарғандай боламыз.

Жас кезімізде қыздармен ашық қыдыру былай тұрсын, көпшіліктің көзінше қолын ұстауға ар-ұятымыз жібермейтін. Қазірде жас қыздардың жұрттың көп жиналатын жерінде (паркте, автобус аялдамаларында бір-біріне жабысып, сүйісіп, тілдерін сорып тұрғандарын) көріп, ұялғаннан сырт айналып кетуге мәжбүрсің. Бұның аяғы неге апарып соғатыны белгілі. Тұрмыс құрудың бір мәнісі болар «әзірге қыдырып қалайық» немесе «зачем нищету плодить» деген мораль пайда болады. Сөйтіп жүріп нәпсінің жетегінде кетіп, қыздық белгісінен айрылған қыздың қосылған жұбайларымен тату-тәтті өмір сүріп кетуі екіталай. Ерте ме, кеш пе өткендегі салдақы жүрістері бетке басылады. Осындай отбасына «неге балаларың жоқ» деп айтудың өзі артық. Тіпті санамызды улаған деген Кеңес өкіметі тұсында да қазақтың қыз-келіншектері мұншалықты рухани құлдырауға түскен жоқ еді ғой. Бұл ұлтымыздың азғындауы, ұлттық жойылудың нақты көріністері емес пе деген қауіп те жоқ емес.

Қоғамдағы осындай ерсі көріністерге кінәлі кім деген сауал өзінен өзі сұранып тұр.

Біріншіден, кінәлі де күнәқар да ата-аналар ортасы. «Қызға қырық үйден тыю» деген үрдіс ұмытылған. «Денің сау болса оқу ешқайда қашпас, үй болуыңды ойлан» дейтін ата-ананы таппайсыз. «Босағасын аттаған үйден сүйегің шықсын» дейтін әке де жоқ. Оның орнына «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» дейтін құдағилар да көбейіп кетті. Мұның соңы ажырасумен тынады. Бүгінгі отбасында үш, төрт баласы барлар сирек кездеседі, тіптен қазақтың түп-тамыры болып саналатын ауылдың өзінде осы санамен уланғандар баршылық.

Қазақ ұлтына жат «гендерлік саясат» та өз дегенін іске асыруда. Олай дейтінім «Арқыраған айғырды үйірінде көр, аңқылдаған жігітті үйінде көр» деп аталарымыз айтқандай, әшейінде өздерін мықты санайтын жігіттер әйелінің алдында құрдай жорғалайды».

Осы орайда, тілеуі тек күйеуінің ырқында жүріп-ақ оның ұрпағын көбейтуге бар өмірін арнаған, туған-туысының ынтымағын жарастырып жүрген нағыз қазақы пейілді аналарды қалай марапаттасақ та, қалай төбемізге көтерсек те артық етпесі анық. Бұл бүгінгі ел ағаларының ойында жүретін қағида.

Ендігі бір ескеретін жәйіт ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізден жерімей, қайта керісінше, оны қайта жаңғыртуды қолға алу. Соның бірі ықылым заманнан үзілмей келе жатқан әмеңгерлік салты. Бұған зорлық зомбылықсыз екі жақты келісіммен, түсіністілікпен ымыраға келген жөн.

Қалай болғанда да ұл-қызының көбейгенін тілейтін, соған бар жақсылығын жасайтын ұлттық мемлекет керек-ақ. Бізде, керісінше, орысша оқып білім алған, орысша тәрбиеленген, орысша ойлап, түс көретін дүбәра ұрпақтардың барлық жағдайын жасап отырғаны жасырын емес.

Егеменді тәуелсіз ел болдық. Ертеңгі күнімізді ойлау парыз, тәуелсіздігіміздің шегесін нығайту ісіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекет құрушы ұлт – қазақтың санын көбейтпей ел тәуелсіздігін баянды етеміз деу бос әурешілік.

Отбасылық институты мықты мемлекет қана мықты болатынын естен шығармағанымыз абзал.

Кәрім ЖҰМАБАЙҰЛЫ,

Еңбек ардагері,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары