1387
АҚҚОЛ АНА
АҚҚОЛ АНА
Әйел әлемін нәзіктікке баласақ та, біз үшін ол қашан да құдіретті жан. Ең бастысы, әйел біздің анамыз. Алып та, қара күш иесі батыр да, ақылды ғалым да бәрі-бәрі… Ананың алдында бас иеді. Өйткені әйел тоғыз ай, тоғыз күн толғатып, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» бәріне өмір сыйлады. Неміс философы Фридрих Ницше тілімен пайымдасақ, «Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатын себебі – әйел біздің анамыз, әйел біздің әпке-қарындасымыз. Қиын болатын себебі – әйел табиғаты тылсым, сырын ішіне бүккен қара жермен бірдей жан». Қалай болғанда да әйелдің алып бейнесі оның өмірге ұрпақ әкеліп, ұлағатпен ұл-қыз тәрбиелеуінде екені анық.
Біздің кейіпкеріміз де саналы ғұмырын ұрпақпен ұштастырған жан. Олай дейтініміз, Зәуреш Медетқызы Алпыcбайдай ардақты азаматпен отасып, отбасында бала өсірген әйел – Ана. Ал өмірде ше? Өмірде өзегін жарып шықпаса да, өзгенің баласына жанжүрегімен еміренген, ақ халатты абзал жан. Ең бастысы, гиппократтық антқа адал дәрігер. Бұл – оның иірі көп тағдыр жолында таңдаған сүйікті мамандығы. Екіұдай ұштасқан мамандық пен аналық мейірім оған тек өз баласын ғана емес, бүлдіршін атаулыны жан жылуына бөлеп, мейірім төгуіне мүмкіндік берді. Меніңше, әйел-Ана үшін бұдан артық бақыт бар ма?… ГИППОКРАТ АНТЫ Бізге дейін біраз уақыт бұрын жазылған ежелгі грек тіліндегі гиппократ анты уақыттың еншісімен бүгінде көп өзгерген. Әрине, «Аппалон дәрігердің, Аклепийдің, Гигиел мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін…» деп басталып, кете беретін ақ халаттылардың адалдық куәсі мұсылман баласы үшін бір ғана Жаратушының атымен басталатындығы анық. Исламда имандылыққа бой ұсынған жан үшін Алла жалғыз, оған шек келтіруге ешқандай күмән жоқ. Сондықтан Зәуреш Медетқызы да Алланың жолында гиппократтық антын қашанда адалдықпен ұштастыруға жанын салды. Бұл оның перзенттік парызы еді. Өмірінің соңына дейін исламдық құндылықтарға бойұсынған ол бес уақыт намаз оқып, сәждеге жығылды. Осылайша гиппократтық антын исламдық парызбен ұштастырып, «бисмилласын» аузынан тастамай «өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма, ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттеріме хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режимін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын… Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын» дей отырып, педиатрлық қызметінде қырағылық танытты. *** Зәуреш Медетқызының жұмыр басты пендеден артық қасиеті – өмір өзегін түйіндеген философиялық қағидаттарға қарап бой түзейтіндігі. Содан сабақ алып, саналы ғұмырын мәнді өткізуге жанын салатындығы. «Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын мың еркектен де қайырлы» деп Омар ибн Хаттаб айтқандай имандылықтан ізеттілік іздеді, ал Марк Твенше «қуанышқа себептің қажеті жоқ, еш себепсіз де күліп жүріңіз» деп өмірінің әр минутын қуанышқа толтыруға тырысты. Зәурештің әкесі – Медет Таржанов өмірдің ащы сабақтарын көрген қайсар жан. 1920 жылы оның әке-шешесі қуғынға ұшырап, он жастағы бала Медет балалар үйіне барып, тағдырдың сүреңсіз күндерін басынан кешеді. Ол Перьм қаласында білім алып, тек ержеткеннен кейін елге оралады. Медеттің әкесі он саусағынан өнер тамған зергер. Туған жерге келісімен Медет түтін түтетіп, отбасын құрып, осында балалары дүниеге келді. Ал Зәурештің анасы Нұрғаным «жақсыға қоссаң басыңды отырған орның төр болар…» дегендей ақыл, парасатымен Медеттің шаңырағын шуаққа бөледі. Кейін көп жылдар бойы Медет әкей басқарушылық қызметте болып, Социалистік Еңбек ері атанды. Ізетті жолды жалғастырған Зәуреш мектепті алтын медальмен аяқтады. Қырақты қызына сенім артқан әке оны үнемі «Зәуреш Медетовна» деп атап отырады екен. Әке үмітін үкілеген Зәуреш кейін «Зәуреш Медетовна» деп көпшілік құрақ ұшып тұратын, педиатр-дәрігер болды. МАХАББАТТЫҢ ҚОС ШЫНАРЫ Алпысбай аға мен Зәуреш жеңгейдің жүрегі махаббаттың қос шынарындай егіз еді. Өмірдің тұтқасы осы ұлы сезімде. Махаббат жыршысы Әзілхан Нұршайықов «Махаббат – дүниедегі барлық күштің, барлық қуаттың бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ» дегендей Алпысбай аға мен Зәуреш жеңгей де қос аққудай қосағы жазылмаған, сезімдерін махаббаттың әнімен әлдилеп, бесікте бөлеген жандар. Шындап келгенде Алпысбай мен Зәурештің бір-біріне құштарлығы мектеп қабырғасында басталды. Зәуреш жеңгей толыққанды, жағдайы жақсы отбасында тәрбиеленген еркешора қыз болса да, жүрегі қашанда ақылдың айнасындай алысты болжайтын. Содан болар жастайынан жетімдерге арналған бірінші балалар үйінің тәрбиеленушісі Алпысбайға көкірек керіп қараған жоқ, керісінше жанына жақын тартты. Осы бір үйлесімділік, екі жанның бір-біріне деген түсіністік көзқарасына, шынайы махаббатына жол ашқандай… Жас та болса, болашақ баспалдағына қол ұстасып бірге аттанған Алпысбай аға мен Зәуреш жеңгей махаббаттарының мәңгі тұрақты екенін жылжыған уақытқа мойындатты. Талай мәрте айлы түнде жұлдыздармен сырласып, көңiл көкжиегiндегi сезiм қылын шертiстi. Шын махаббаттың тұнығын лайламауға серттесiп, бiр-бiрлерiн Қозы мен Баяндай қадiрлеуге уағдаласты. Олай болатын жөнi де бар еді… Өмір өте келе Алпысбай аға мен Зәуреш жеңгей үшін сезімнің серттігі қасиетті Айша анамызға мазар салып, қадірлеген Қараханның махаббатындай еді. Батыр мен бибі махаббаты тарихта аңызбен астарласып, халыққа жеткен қасиетті тұлғалар. Кейін қол жазыспай, шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар арасында бұл сезімнің ұшқыны өшпеді. Алпысбай аға «Жәннәт аналардың аяғының астында» екенін сезген, жігіттік мәрттігі биік азамат болса, ал Зәуреш жеңге қазақ әйеліне тән парасатты, дәстүрді ұлықтайтын ұлағатты ана болды. Адам ұрпағымен көгерер. Өмірдің мәні де – ұрпақ сүю. Бұл бақыт Алпысбай аға мен Зәуреш жеңгейдің маңдайына бұйырған қуаныш. Олар қол ұстасып, қоса ағарған аз ғана ғұмырларында Асқар, Әнуар сынды асықтай қос ұл мен Айгүл атты қыздарының қызығын көріп, шадыман шаттыққа бөленген жандар. Тағдыр жолы қашанда табысу мен айрылысудан тұрады. Сол жолда жұптары жарасып, бақытты ғұмыр кешкен Алпысбай аға мен Зәуреш жеңгейді бүгінде тағы да тағдыр тармағы екіге ажыратып отыр. Зәуреш анамыздың өмірден өткеніне бір жыл уақыт болды. Бірақ бір-бірін үзбей танып, жазбай табысқан қос тағдыр өмірдің екі өткелінде болса да, жүрек ішінде: «Ғашық етер қос жанды сезім дейді, жүрегім алып-ұшып сені іздейді, Махаббатың жебесі жүрегіме қадалды, өмірімнің бар мәні сол сезімнен нәр алды», – деп мәңгі сырласып жатқандай…
Айтбай МАХАМБЕТ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері