АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН БӘРІ ДЕ ӨЗГЕРДІ...

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН БӘРІ ДЕ ӨЗГЕРДІ...

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН БӘРІ ДЕ ӨЗГЕРДІ...
ашық дереккөзі
145

Облыс орталығынан қиянда жатқан Үшаралда осындай оқыс оқиға болады деп кім ойлаған. Бұл аудан қоғамдық тәртіпті бұзғандардан бұрын да ада емес еді, қазір де өршіп тұр. Алайда мына оқиғаның басқалардан жөні бөлек. Америка киноларында бірін-бірі жау көрген жандар қитұрқы айла-тәсілдермен бір оқ та шығармай қарсыласынан кек алмай ма. Мына жайсыз жайдың өрімді желісі де солай секілді. Өнеге тұтатын өркениетті елдің жақсы қасиеттерінен гөрі жамандықтары өмір салтымызға сіңіп кеткендей әсерде қаласың.

Енді әңгімені арыдан бастайық. Сардар мен Күмісжан бірін-бірі ұнатып қосылған. Ол кезде Сардар аудандық автобазда жүргізуші еді. Көрші облыстардан жүк тасиды. Тынымсыз еңбегінің арқасында айлық жоспарын асыра орындап, суреті үнемі «Құрмет тақтасынан» түспеуші еді. Күмісжан Шымкенттегі кооптехникумды бітірген. Аудандық тұтынушылар одағында есеп-қисап маманы. Қол ұстасып, дәм-тұзы жарасқан бұл жұпты демалыс күндері кешкісін Мәдениет үйі мен кинотеатрдан көрген жұрт сырттарынан сүйсініп жүрді. Екеуіне дос-жарандардың құрметтері де өзгеше болатын. Жастар бір жылдық жиған-терген қаржыларына орталықтан үй сатып алып, ағайын-тумаларын қоныс тойына шақырғандары көрші-қолаңның күні бүгінге дейін есінде. Ағайыннан артық жанашыр бар ма?! Сол күні бірі бұзауын, бірі қой мен ешкісін жетектеп келіп, ауланың бір жақ шетіндегі шағын қора ішін малға толтырды. Солай ілезде дүние-мүліктің де басы құралған. Арада жыл өткен соң өмірге тұңғышы Сәуле келді. Шаңырақ шаттыққа толды. Үш жылдан соң дүние есігін Ерден ашты. Ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ. Бақытты жылдар осылай өтіп жатты.

Республика тәуелсіздігін алып, дамудың нарықтық қатынас жолын таңдады. Жекешелендіру науқаны басталған кез. Автобаз басшылары Сардардың еңбегін бағалап, өзі жүргізіп жүрген КамАЗ жүк көлігін жеке меншігіне аударып берді.

Өтпелі кезеңнің алғашқы жылдары ешкімге де оңай болған жоқ. Сардардың да жұмыссыз отырған күндері аз емес. Көңілсіз күндер еңсесін басып, үйге сия алмады. Жүгін тасытатын біреу-міреу келіп қала ма деп үйге бір кіріп, бір шығады. Сарыла күтумен күн батып, таң атып, уақыт солай сырғыды. Ондайда ермегі теледидар. Құлағын бұрап қай арнаға ауыстырса да Американың қаптаған фильмдерінің бірі шыға келеді.

Күмісжан кешкісін жұмыстан келген соң киімін ауыстырды. Теледидар алдында тапжылмай отырған Сардарға:

– Қалай жалықпай көре бересің? – деді назды үнмен жымиып.

Сардар езу тартты.

– Бос жатқан адамға бұдан басқа қандай ермек бар? – Ол экраннан көзін алмай сәл үнсіз тұрды да. – Күмісжан, біз өте аңғал екенбіз. Қарашы, америкалықтар неткен қу. Оларда жауласқандар бір-бірінен кек алудың неше түрлі айласын тауып, қатыгездікке барады екен. – Сардар басын шайқап таңданды. Әйелі ас әзірлеу қамына кірісті.

Ел еңсесін көтеріп, тұрмыс түзеле бастаған шақ. Сардарға да келуші бизнес­мендер көбейіп, қолы жүре бастады. Үнемі жол үстінде. Талдықорғаннан артқан жүгін Қарағандыға жеткізіп, сол жердің тауарын Қызылжарға алып барып қайта оралғанша, жеті-сегіз тәулік өте шығады. Табыс та жаман емес. Үйге келген күні Күмісжан мен балаларының қуанышын айтсайшы. Өзі де сағынғаны соншалық бәрін құшағына алып, мәре-сәре болып жатқаны. Күмісжан құрақ ұшып жүріп, жайған дастарқанына бар мәзірін қояды. Отағасы төрде жантайып жатып, дастарқан шетінде отырған балаларына жолда көрген қызықты жайларды айтып, күлдіріп мәз-мейрам. Үш күннен соң тағы алыс жолға аттанады.

Жол азабын жүргізуші біледі. Кейде діттеген жеріңе уақытында жетесің. Ал кейде түрлі кедергі жағдайлармен жол үстінде сарылып тұрғаның. Әсіресе дала жолының машақатын айтсайшы. Ондайда күн реңі бұзылып, жаңбыр жаумасын деңіз. Езілген жерге доңғалақтары батып, не ары, не бері қозғала алмай айдалада мелшиіп тұрып қалған кездері ше. Көз ұшындағы ауылға жаяулап барып, механизаторға жалынып-жалпайып алып келгенше, мың әуреге түскен сәттері де аз болған жоқ. Кейде доңғалақтардың бірі жарылып, ми қайнатқан күннің астында терлеп-тепшіп, не ақ түтек долы боран өтінде жаурап-жасынап басқасымен ауыстырғанша талай рет ерте күнді кеш қылғаны бар. Сондай жол азабын тартып, үйге қайтып оралғанша сапары он күннен де асып кететін. Сардар қары талып, шаршап-шалдығып жетсе де әйелі мен балалары құшақ жая қарсы алғанда, қайта сергіп сала беруші еді.

Міне, бүгін де әйелі мен балаларын сағындырып келіп, қимай сапарға шығып барады. Бұл жолғы бағыты Атырау. Түркістаннан тапсырыс берген фермердің картобын қорабына тиеп, ұзын жолға түсті. Жолдың сәні кеткелі қашан. Біраз жылдан бері жөндеу көрмеген асфальттың тозығы жеткені соншалық жылдамдықты көтере алсайшы. Қазылған ой-шұқырмен алысып, қолы рульді оңға, солға шыр айналдырудан бір тынбады. Машина моторы өрге шығарда өкіре ышқынса, ылдимен төмен қарай сырғығында аздап демін басып, жеңілденіп қалғандай болды.

Қоңыр күз айы. Сүмбіленің суы мұздаған шағы. Шығыстан соққан өкпек жел өршелене түскен. Аспандағы жұлым-жұлым сұр бұлтты батыс жақ бетке қуалап тұтастырып жібергенде, айнала төңірек күңгірттеніп сала берді. Ол ауыл шетіне ілінген сәтте сіркіреген жаңбыр көліктің маңдай әйнегінен төмен сорғалады. Машинаның арқыраған гүрілін естіп, үйден Күмісжан жүгіріп шығып, әдеттегідей жайдары жүзбен қарсы алды. Балалары мектепке кеткен екен. Шарбақтың арғы жағындағы көрші үйдің ауласында бөгде біреулер оны-мұны жинастырып жүр. Сардар оларға аңтарыла қарады.

– Мына бейтаныс жандар кімдер?

– Жаңа көршілер ғой. Қоныстан­ған­да­рына бір аптадай болды.

– Ал бұрынғылар қайда кетті?

– Қалаға көшті.

Сардар машина қорабынан бір қап картопты түсірді. Иығына көтеріп алып:

– Күмісжан, көршіге кешке ерулік берейік. Ас қамын әзірлей бер, – деді ол. Әйелі басын изеп келіскен сыңай танытты.

Жаңа көршінің жас шамасы өзі құралпы-ау. Өзін Алпар деп таныстырды. Аудандық әкімшіліктің қызметкері. Сардардың көзін ала бере Күмісжанға ауық-ауық ұрлана көз тастап қояды. Көк көйлегі толықша келген дене бітіміне жарасып-ақ тұр. Омырауының ашықтау тұсынан екі дөң көтеріңкі кеудесі көрінеді. Күмісжан өзін ішіп-жеп бара жатқанынан сұғанақ көзден қымсынып жорта: «Үй іші салқындау ма…», – деп орнынан жеңіл тұрып, қапталдағы бөлмеге кіріп кетті. Іле қайта шықты. Үстінде жеңіл тоқыма. Қымтанып алыпты. Алпардың жұбайы Раушан аудандық байланыс бөлімінде істейді екен. Сардар оның қатпыш қара тұрпатына қарап: «Неткен жүдеу. Сірә, ауырып тұрған-ау», – деп іштей аяды. Ал Алпар сөзшеңдеу ме қалай… Қызыл тілі аузына сыймаған жандай не болса соны айтып, көкіп отыр. Өзін аудандағы ықпалды жанның біріндей көрсеткісі келетін сияқты. Базбіреулерді жерден алып, жерге салды. Қолында билігі бар жан секілді. Ал шені үлкендерді аузының суы құрғағанша дәріптегенде… Сардар: «Мынау мақтаншақ біреу ме?..» – деп тіксініп қалды. Артынша сабыр сақтап: «Жұмысы көпшілікпен болған соң, айтып отырған шығар», – деген тоқтамға келді. Әйткенмен де жаны жарата қойған жоқ. Бар қулығы ішінде жатқан жанкештідей әсер етті. Қонақтар үлкен тамақтан соң ризашылықтарын білдіріп орындарынан тұрды. «Еруліге қарулы». Ертеңіне кешкісін бұларды үйлеріне шақырып, арнайы қонақ етті. Дастарқанға тамақтың түр-түрін қойып, жік-жапар болып жатыр. Олар жаңа көршімен отбасылық аралас-құраластары осылай басталды.

Сардар жылы киімдерін алып, жол­ға­ шықты. Кентаудан бес электр транс­форматорын артып, Қостанайға бет түзеді. Жезқазғанға жеткенде қарашаның қары жауып, жылдамдықты жиі-жиі ауыстырды. Үшінші тәулікте Қостанайға табан тіреді. Жүкті тиісті мекемеге тапсырып, клиент табылғанша екі күн кідірген. Мақсұт деген кәсіпкердің құрылыс материалдарын тиеп, кері оралды. Ұзын жолда кідіріс болған жоқ.

Қақаған қыста жол ауыр. Алыс қашықтықтарға тәуекел ете алмайсың. Ол сақтық жасап, қаңтар мен ақпан айларында облыс аумағынан шықпады. Осылай қытымыр қыс өтіп, дүн-дүниені көк-жасылға бояп, көктем де келді. Сардар бір күн анда, бір күн мұнда. Күн жылыған сайын сапары да қашықтай түсті. Жер жүзін жайнатып, жадыраған жаз да жетті. Сардар жол үстінде. Он күн жолда, екі күн үйде. Келген сайын қомақты табысын Күмісжанның қолына ұстатады. Былтыр екеуі кеңесе келе биылғы табыстарына жеңіл көлік сатып алмақшы болған. Күмісжан содан бері қаражатты мейлінше үнемдеп жұмсауда.

Көз өтті ме, тіл тиді ме кім білсін, күзде жағдай күрт өзгерді. Кезекті сапардан оралған Сардарды, жайшылықта күндей күліп қарсы алатын Күмісжан өзгеше түсініксіздеу мінез танытты. Бұрынғыдай үйден жүгіріп шығып: «Сардар, келдің бе жаным!» деп құрақ ұшып, мойнына қолын артқан жоқ. Қоңырқай жүзінен сағыныш пен қуаныштың алаулаған табы да көрінбейді. Ұшқын шашып тұратын қарақат қара көздерінде біртүрлі салқындық бар. Бейне науқасқа шалдыққан жандай. Көңілсіздеу қолын алып, зорға езу тартқандай болды.

– Күмісжан, ауырып қалғаннан саумысың? – Сардар шошына үн қатты.

Ол табан астында не айтарын білмей, абдырап тұрып қалды да артынша есін жиып:

– Жо-жоқ, ауру-сырқаудан саумын. Тек көңілімнің қошы болмай тұрғаны, – деді күмілжи сөйлеп. Тік қарауға дәті бармай, жанарын төмен салды.

Сардар ағаш шарбақтың арғы жағынан Алпарды көрді. Есігінің алдында шылым шегіп, газетке үңіліп тұр. Үстінде инеден жаңа шыққан су жаңа сұр түсті кәстөм-шалбар. Өзіне қарын да пайда бола бастаған ба қалай…

– Көрші, есен-сау барсыз ба? – деп дауыстады ол.

Алпар басын көтеріп алды. Оған маңғаздана бұрылып, басын изеді де қойды.

Балалар мектепке кетіпті. Жайшылықта ас дайындайтын бөлмеге кіріп-шығып жүріп-ақ ел ішіндегі соңғы жаңалықтарды жеткізетін Күмісжан томаға тұйық. Сардар әдеттегідей табысын қолына ұстатып еді, селқостау қозғалып стол үстіне қоя салды да үн-түнсіз дастарқан жайды. Сардар оның алабөтен мінезін түсіне алмай әлек. «Күмісжанға не болған? Әлде төркіндерінен бір ыңғайсыз хабар алды ма. Ендеше оны маған неге айтпайды?». Сұрайын деп оқталды да тартынып қалды. Шай үстінде де бір-біріне тіс жармады. Үйде жан адам жоқ секілді. Ауыр тыныштық еңсесін басып барады. Бұл көңілсіз жағдай ол келесі сапардан оралғанда да қайталанды. Күмісжанның осы бір оғаш мінезі барған сайын өзінен алыстатып бара жатқан секілді. түсіне алмай дал.

Мезгіл түс әлеті. Сардар ертеңгі сапарға жиналып жатқан. Кенет қалта телефоны безек қақты. Кішкене экраннан Құлтастың нөмірі көрінді. «Апырай, кеше ғана келісіп едік қой. Неткен мазасыз адам?». Құлағына тосты. Тыңдап алып: «Сонда менің қазір жолға шығуым керек пе?.. Қанша тонна күріш?.. Жарайды, Қызылордаға ертең кешке жетуге тырысайын»,– деп байланысты үзді. Еден сыпырып жүрген Күмісжан бойын жазып:

– Жолға шығасың ба? – деді жәй ғана.

– Иә, Ақтөбеге күріш апаратын болдық.

Ол апыл-ғұпыл жол киімдерін сөмкеге салды да машина моторына от беріп, шұғыл жүріп кетті. Жол бойы ойынан Күмісжанның өзгерген кейпі кетер емес. «Ол неге іштен тынып жүр? Неге бұрынғыдай ағынан жарылып, сырын айтпайды?». Жауабы жоқ сұрақтар жан-дүниесін құлазытып жіберді. Машина белдерден асып, отыз шақырымдай жолды артқа тастады. Сол кезде ғана ойына әлдене түскендей үстіндегі киімінің қалталарына қол жүгіртті. Мәссаған!.. Құжаттары жоқ. Есіне үйде қалдырған кір жейдесі түсті. Құжаттар соның қалтасында. «Бағана асығып жүріп, байқамай ұмыт қалдырған екенмін-ау. Қап, әттеген-ай! Уақытты жоғалтатын болдым». Өкініш өзегін өртеді. Маңдайына шып-шып мұздай тер шықты. Тежегішті басып, машинаны кері бұрды.

Шаңқай түсте үйіне жетті. Моторды­ өшіріп, аулаға кіргені сол еді, үйдің есігі шалқасынан ашылып, ішінен Алпар алақ-жұлақ жүгіріп шықты. Алды ашық жейдесінің етегі елбең-елбең еткенде, терге шомған денесі анық көрінді. Аяғында сүйретпе. Жанұшыра жүгіріп, шарбақтың арғы жағына қарғып түсті. Өзі жоқта бір зымияндық іс болғанын сезе қойған Сардар жүрегі өрекпи соғып, үйіне жанұшыра ұмтылды. Күмісжан ауызғы бөлмеде сос­тиып тұр екен. Реңі өрт сөндірген жандай боп-боз. Үстінде ұзын халат. Бойын күдік билеген Сардар:

– Анау үйге неге келді? – деді зілді үнмен.

Күмісжан тез есін жинап алды.

– Кімді айтасың? Үйде менен басқа ешкім жоқ. Балалар сабақта.

– Алдама мені. Алпардың үйден жүгіріп шыққанын, өз көзіммен көрдім. Байғұс жейдесінің түймелерін салуға да мұршасы келмепті. Сенің неге өзгеріп жүргенің енді маған түсінікті. – Ашу қысқан ол Күмісжанның халатының жағасына шап беріп, айыра тартты. Арғы жағынан жалаңаш аршын төсі шыға келді. Әр жерінде теңбілденген дақ бар. Сардар өзін-өзі ұстай алмады. Жуан жұдырығы иегінің астынан сарт ете қалды. Күмісжан мұрттай ұшты. Сардардың өңі қарауытып, түтігіп кеткен.

– Арсыз! Ұятсыз! – Дауысы қатты шықты. – Мен жоқта істегенің осы екен ғой.

Күмісжан тізерлеп отырып, аяғын құшты.

– Сардар, кешірші мен бейбақты. – Тұла бойы солқылдап, көзінің жасын төкті.

Сардар тістеніп, жүзінен ызғар шаша сөйледі.

– Жоқ, ешқашан да кешірмеймін. – Тізесімен соғып жіберді. Күмісжан шалқалап барып құлады.

– Көзіме шөп салып, кешірім сұрауын қара жүзіқараның.

Кеудесін ашу-ыза кернеген Сардар сабасына түсер емес.

– Сенің Алпарыңның әуселесін көрейін. Қазір үйіне барып, қара жерге қазықтай етіп қақпасам қара да тұр. – Ол есікке жете бере кілт тоқтады.

– Жоқ, оның сыбағасын басқаша тәсілмен беруім керек. Елге қарабет болсын, – деп Күмісжанды оқты көзімен атып:

– Бүгін емханаға барып, дәрігерден анық­тама аласың. Содан кейін аудандық прокурордың атына мені Алпар зорлап кетті деп арыз жаз. Арыңды сақтап, балалардың алдында масқара болғың келмесе, солай істейсің. Егер сапардан оралғанша, осыны істемесең, менен жақсылық күтпе, – деп одан жиренгендей тыжырынып, үйден шығып кетті.

Күмісжанның көнбеске амалы қалмады. Сүйретіліп жүріп, Сардардың айтқанын істеді. Содан кейін үйге қамалып, жұрттың көзіне көрінуден қалды.

Аудандық прокурор Алпарды тергеуге шақырып, бір ай бойына әуре-сарсаңға салды. Прокурормен келісу де оңайға түспеді. Біраз шығынданған соң ғана ісі жеңілдетіліп, сот қарауына өтті. Алпар жанын сақтап қалу үшін жиған-тергенінің бәрін шашты. Үйі де сатылды. Сот жауырды жаба тоқып, оны кінәсіз деп үкім шығарды.

Мұны естіген Сардар қатты күйініп, байыз табар емес. Бөлмеде ары-бері сенделіп жүрді де Күмісжанға кіжіне сөйледі:

– Мына соттың шешіміне қарағанда кінәлі сен екенсің. Ертең облыстық сотқа барып, аудандық сот үкімімен келіспейтінің жөнінде шағым бер, – деді.

Күмісжан әлдене айтпақшы болып кібіртіктей бергені сол еді Сардар:

– Сенің уәжің маған керек емес. Не айттым, соны орында! – Үні өктем шықты.

Күмісжан мөлиген күйі үнсіз тұрып қалды. Ертеңіне облыс орталығына жүріп кетті.

Алпар облыстық соттан шақырту қағаз алған күні Сардарға келіп, аяғына жығылды.

– Сардар, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Шабамын десең, міне басым. Бір қателік жасап, бәрінен де айырылдым. Шынымды айтсам, облыстық соттың бетін бері қаратуға шамам келмейді. Мұны сенен несін жасырайын. Адамның малға да жаны ашиды ғой. Бір жолға кешіріп, Күмісжанға шағымын қайта алдыра гөр, – деп көз жасын көлдей етіп төкті.

Сардар миығынан мырс етті.

– Алпар, менің тағдырыма балта шаптың. Бірақ мен әділ заңға сеніп, саған қолымның ұшын да тигізген жоқпын. Енді өз қолыңмен істеген қылмысыңды өз мойныңмен көтер. Басқа айтарым жоқ. – Өң-басы лезде өзгеріп, сұрланып алды.

– Сенің түрмеде шірігеніңді көргім келеді.

Үйден Алпардың құр сүлдері ғана шықты. Ертеңіне жұрт: «Алпар өзіне-өзі қол салыпты» деген суық хабар ауылды лезде жайлап кетті.

Ал Сардар сотқа барып, Күмісжанмен некесін ажырату жөнінде арыз берді. Екі жақтың келісімімен сот оның арызын қанағаттандырды. Содан бері де жеті жыл өтті.

Нарықтық қатынас қоғамды өзгертті. Ал қоғам адамды өзгертті. Иә, бәрі де өзгерді…

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары