ОҢТҮСТІКТЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

ОҢТҮСТІКТЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

ОҢТҮСТІКТЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ
ашық дереккөзі
301

Бүгінде өңірлерде жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына орай көптеген игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Оңтүстік Қазақстанда бұл бағдарлама бойынша бірқатар жұмыстар жасалды. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Әли Әбдікәрімұлы Бектаев мырза аталмыш бағдарламаға орай өз ойын бөліскен еді.

– Елбасының көрегенді бағдар­ла­ма­ларының арқасында мемлекетімізде көптеген істер атқарылуда. Сондай бағдарламалардың бірі – «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы облысымызда қалай жүзеге асуда?

– 2011 жылы халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамту жолымен жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында Елбасының тапсырмасымен Үкімет қағидатты түрде жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы – «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын бекітті. Қабылданған бағдарлама облысымызда 2011 жылы қанатқақты режимде жүзеге асырылып, 2012 жылдан бастап Бағдарлама жоспарланған көрсеткіштерге сәйкес кең ауқымда іске асырылуда.

2011 жылы бөлінген қаржы есебінен Бағдарламаның бағыттары бойынша 9 474 азамат қанатқақты режимге тартылып, нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 2010 жылмен салыстырғанда 0,1%-ға төмендеді (2010 жылы 5,9 пайыз).

Жалпы, аталған Бағдарламаға мемлекеттік бюджеттен қарастырылған қаржы 2012 жылы 9,6 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артып отыр.

Биылғы жылы өңірдің еңбек нарығының көрсеткіштеріне жүргізілген талдаудың нәтижесінде Бағдарлама аясында 24 482 азаматты қамту жоспарланды. Жоспарға сәйкес, Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 6 150 азаматты кәсіби оқуға, 4 000 азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына, 5 344 оқу бітіруші жас түлекті алғашқы еңбек дағдысын алу үшін жастар практикасына және 4 879 азаматты тұрақты жұмыс орындарына жолдау жоспарланды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 628 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, 1 000 үміткерді шағын несиелеу көзделді. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша облыстағы экономикалық даму әлеуеті төмен деп танылған 17 елді мекеннен көшуге ниет білдіргендер, этникалық қазақтар қатарындағы оралмандар, облыс орталығы шегінде тұрғын үйі болмау себебінен тиісті әкімдікте есепте тұрған және апатты жағдайдағы тұрғын үйде тұратын 1 566 азаматты «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы құрылысы жүріп жатқан 480 пәтерлі алты үйге қоныс аудару межеленді. Қоныс аудару жұмыстарын 2012 жылдың соңына қарай аяқтап, көшірілген азаматтарға Бағдарлама шеңберінде жан-жақты мемлекеттік қолдау шараларын көрсету көзделуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы Бағдарламаға жаңа төртінші «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бағыты қосылып, жаңа бағытты жүзеге асыру тетіктері бойынша облысқа мемлекеттік бюджеттен 1,5 млрд. теңге қаралып, сәйкесінше 1 543 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланды.

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда Бағдарлама қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Нақты тоқталар болсақ, 2012 жылдың 1 қыркүйегінде Бағдарламаға 25 912 азамат тартылып, олармен әлеуметтік келісім-шарт түзілді. Бұл көрсеткіш 2011 жылғы жалпы бағдарламаға қатысушылардың санымен салыстырғанда 2,5 есеге артып отыр (2011 жылы жалпы қатысушылар саны 9 474 адам). Бұл азаматтарға Бағдарлама аясында мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында 5 830,8 млн. теңге қаржы жұмсалып, жалпы бөлінген 9 560,3 млн. теңгенің 61 % игерілді.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 6150 азамат кәсіби оқыту курстарына жолданды. Оның ішінде біліктілігін арттыруға 150 азамат, қайта даярлауға 2500 азамат, кәсіби даярлауға 3500 оқуға жолданды. Біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарына жолданған барлығы 2650 азамат толығымен оқуын аяқтап, оның ішінде 2182 азамат (82,3%) тұрақты жұмысқа орналасты. Кәсіби даярлауға ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен жолданған 3500 азаматтың алдын-ала жұмысқа орналасу картасы жасақталып, орналасатын жұмыс орындары айқындалды. Еңбекақыны жартылай субсидиялау шартымен 765 мекемемен келісімшарт түзіліп, 7 768 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Оларға берілетін жалақының орташа көлемі 46,9 мың теңгені құрап отыр. 2011-2012 жылдары оқуды бітіруші жас түлектер қатарынан 6 882 азамат өз мамандықтары бойынша 1 589 кәсіпорынға жастар практикасына жолданды.

Сонымен қатар 3 666 азамат деректер қорында бар бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа орналасты.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша ағымдағы жылы кәсіпкерлік негіздері бойынша 628 азамат оқу курсынан өтті. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік негізі бойынша 335 азамат (орта мөлшері 2,2 млн. теңге) шағын несиемен қамтылды. Несиелеу мал шаруашылығын дамыту (86,%), ауыл шаруашылығын дамыту (5%), құс шаруашылығын дамыту (2%) және халыққа қызмет көрсету салалары (7%) бойынша жүргізілді. Қарыз алушы 335 адамның қатарынан 84 азамат өз ісін ашу, 251 азамат айналымдағы капиталды толықтыру мақсатында несиеленді.

Бағдарламаның үшінші бағыты аясында облыс көлемінде 1570 тұрғыны бар 17 елді мекен экономикалық әлеуеті төмен деп таңылды. Бүгінгі таңда Жұмыспен қамту орталықтары тарапынан жүргізілген анықтау, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде әлеуеті төмен 9 елді мекеннен қоныс аударуға ниетті 247 адамды құрайтын 48 отбасының тізімі жасақталып, өңірлік комиссияның қарауына ұсынылды. Көшуге ниет білдіруші азаматтарға терең талдау жұмыстары жүргізіліп, санаттары анықталы. Нақты тоқталар болсақ, көшетіндердің ішінде мектеп жасына дейінгілер – 23 %, мектеп жасындағылар – 25,5 %, студент жастар – 2 %, экономикалық белсендісі – 46 %, зейнеткерлер қатары – 2,8% құрап отыр. Анықталған мәліметтер Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына ұсынылып, оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде ауылдық елді мекендерді дамыту мақсатында 5 инвестициялық бағыт бойынша 96 жоба бекітіліп, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары маусым айынан басталып, 1 093 ауылдың жұмыссыз азаматтары осы шараға маусымдық жұмысқа тартылып отыр.

Алдағы уақытта Бағдарламаның бағыт­та­рын жоспарланған көрсеткіштер шеңберінде нәтижелі түрде жүзеге асыру жолымен 2012 жылдың соңына дейін өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 5,7 пайыздан асырмау, жыл сайын орташа есеппен жалпы саны 24 мыңнан 26 мыңға дейінгі азаматтарды Бағдарламаға жүйелі түрде тарту жолымен халықтың әл-ауқатын нығайту басты мақсатымыз болып отыр.

– Облысымызда өз кәсібін ашқан мүгедек жандарға әлеуметтік тұрғыдан қандай көмек көрсетілуде?

– Мүгедек жандарды материалдық тұрғыдан қолдау мақсатында бизнес- құрылымдар, кәсіпкерлер және қоғамдық бірлестіктер тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетілуде. Оның ішінде мүгедек азаматтар кәсіпкерлікпен айналысу үшін «Жұлдыздарға қара» атты жобасы «Казкоммерцбанк» АҚ, «Даму» және «Құс жолы» қорлары ұйымдастырылып, іске асырылуда. Жобаның мақсаты мүгедектердің кәсіпкерлікпен шұғылдануына тегін кеңестер беру және қайтарымсыз 100 мың. теңге қаржы бөлу. Бұған қосымша «Даму-Көмек» қайырымдылық қоры арқылы мүгедектерге өз кәсібімен шұғылдану үшін компьютерлер, тігін машинасы және тағы басқа техникалармен нақты қамтамасыз ететін жоба іске асырылуда.

– Жұмыссыздықтың алдын алу бағы­тын­да облысымызда кадрларды қайта даяр­лау жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мамандарды жұмыспен қамту барысы қалай?

– Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 6150 азамат кәсіби оқыту курстарына жолданды. Оның ішінде қайта даярлау курсына наурыз-мамыр айларында 2500 азамат оқуға жолданды. Жолданған азаматтар мамандығы бойынша 6% – ауыл шаруашылығы, 48% – өнеркәсіп (техникалық мамандықтар), 10% – құрылыс, 29% – қызмет көрсету, 7% – көлік және автомобиль жолдары салалары бойынша оқудан өтті. Бүгінгі таңда қайта даярлау курстарына жолданған 2500 азаматтың барлығы оқуын аяқтап, оның ішінде 2039 азамат 1 қыркүйекке (81,6%) тұрақты жұмысқа орналасты.

– Әлеуметтік тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасыларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Аз қамтылған отбасыларына мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдердің 3 түрі көрсетіледі. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспаған жағдайда тағайындалып, төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері – отбасының жан басына шаққандағы табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде белгіленген.

Он сегіз жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы отбасының жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себеті құнынан аспаған жағдайда тағайындалып, төленеді.

Он сегіз жасқа дейінгі балалар жәрдем­ақысының мөлшері әр балаға бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде (2012 жылға – 1618 теңге) төленеді.

Тұрғын үй көмегі аудандар мен қалалардағы аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін беру қағидасына сәйкес тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленеді. Егер тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу шығындары отбасы жиынтық табысының 15 пайызынан жоғары болса отбасы тұрғын үй көмегін алуға құқылы.

Тұрғын үй көмегінің мөлшері – тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу шығындары мен отбасы табысының 15 пайызы арасындағы айырма түрінде белгіленген.

– Өңіріміздің әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтарына арналған бірқатар әлеуметтік-сауықтыру мекемелері жұмыс жасайды. Осы сауықтыру орталықтарына жолдама алу күрмеуі қиын мәселе. Осы бағытта атқарылып жатқан іс-шараларға кеңінен тоқталсаңыз.

– Облыста жекелеген санаттағы азаматтарды сауықтыру мәселесі алдыңғы орынға қойылған. Аталған жұмыс негізінен алғанда облыс бюджеті есебінен ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын 6 мыңдай жекелеген санаттағы азаматтар демалып, емделеді, соның ішінде 2012 жылы 8 ай көлемінде Ардагерлер үйінде 2800, «Мейір» ардагерлер үйінде 2660, «Біркөлік» шипажайында 342, «Денсаулық» шипажайында 217, «Ақсу-Жабағылы» шипажайында сауықтыру орнында 161 зейнеткерлер мен мүгедектер, Батыр аналар емделді.

Ардагерлер үйінде өткен жылы 3000 ардагер демалған болса, биыл 4000 ардагер ем қабылдап, денсаулығын түзетеді. Ал Сайрам ауданында орналасқан облыстық «Мейір» ардагерлер үйінде бір жылда 1800 ардагер демалып ем қабылдаған болса, 2012 жылдан бастап қосымша 100 орын ашылуына байланысты демалушылар саны 2000-ға көбейіп, бір жылда 3800 адам демалып ем қабылдайтын болады.

Облыстық бюджеттің есебінен мүгедектер мен мүгедек-балаларды сауықтыру мен оңалту қызметіне бөлінген қаржыға алынған жолдамалар аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жолдамалар бөлінісі мен келу кестесі бекітіліп таратылып беріледі.

Осыған орай, ардагерлер мен мүгедектерге санаторлық-курорттық ем алуға жолдама дәрігердің анықтамасы мен мәртебелерін растайтын құжаттарын тұрғылықты мекен-жайы бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырғаннан кейін, кезегіне қарай беріледі.

– Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында 20 бағытты айқындап берген болатын. Осыған қатысты пiкiрiңiздi бiлсек…

– Елбасының бұл мақаласында да елдің көкейінде жүрген көптеген мәселелер айқындалған.

Ең бастысы – мемлекетіміздегі заңдар халыққа қызмет ететін, оның мүддесін қорғайтын заңдар болуы керек.

Екіншіден – мамандар өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істеуі керек, болашағына, қызметінің ертеңіне сенімді болуы қажет.

Үшіншіден – жастардың жұмыспен қамтылуына, олардың қызмет сатысымен өсуіне бар мүмкіндіктер тудырылу керек.

Мақалада айтылған көптеген маңызды проблемалардың арасынан осы үшеуін ерекше атар едім.

Елбасының халыққа арнаған жолдаулары да, жасаған баяндамалары да, жазылған мақалалары да қай уақытта болса да тек халықтың мүддесін көздейді, жан-жақты шаралармен қолдау тауып жатады. Бұл жолы да солай болмақ. Сол үшін аянбай еңбек етуіміз керек қой деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан

Гүлзина БЕКТАСОВА,

Эльмира АБДЕЕВА

Серіктес жаңалықтары