«ИМАН АЙНАСЫ» МЕН АЛАШ ЖҰРТЫ

«ИМАН АЙНАСЫ» МЕН АЛАШ ЖҰРТЫ

«ИМАН АЙНАСЫ» МЕН АЛАШ ЖҰРТЫ
ашық дереккөзі
237

тағылымды телебағдарламасының ашылғанына 1 жыл болды

«Иман айнасы» телебағдарламасы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры және Қазақстан ұлттық арнасының ортақ жобасы деп айтуға болады. Бұл жоба уақыт талабынан туындады. Мақсат – діни ахуалды бақылап отыру, халықтың діни сауатын молайту, ислам құндылықтарын насихаттау, теріс ағымдарға еріп кетуге жол бермеу, халық көкейінде жүрген сауалдарға жауап табу, имамдармен халықты жиірек жүздестіру, қоғамдық діни мәселелерді ашық талқыға салу, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанып отырған Әбу Ханифа мәзхабы бойынша дәстүрлі Исламды насихаттау болып табылды.

Бағдарлама бір жыл ішінде алға қойған осы мақсаттардың үдесінен шыға білді. Мәселен, онда қазіргі қоғамда дау тудырып отырған көптеген діни мәселелер қарастырылды. Көтерген қай мәселесі де қоғамда өткір, жұртты дүрліктіріп отырған дүниелер. Міне, «Иман айнасы» бағдарламасы осындай мәселелерге мемлекет пен діни басқарманың ресми көзқарасын білдірумен, жастарға дұрыс бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие берумен, халықтық сауат ашумен ерекшелене білді.

Ислам мәдениеті қазақ мәдениетімен талай ғасырдан бері тонның ішкі бауындай етене араласып кетті десек те, бүгінгі күні елдегі қалыптасып келе жатқан діни көзқарас пен мәдениетті қайта қарастыру керек болып отыр. Неге десеңіз, намаз оқымаған ата-анасынан бөлектену, бірге ас ішпеу, белгілі бір категорияда басқаларды кәпір санау, жаңа түскен келіннің беташарда сәлем салмауы, киімнің бірыңғай қара түстісін таңдау, мешіт имамдарынан гөрі топ мүшелеріне көбірек құлақ асу, ортақ ымыраластықтан гөрі талас-тартыс, дау-дамай жиі тудыру, дәстүрге қырын қарау, музыка аспаптарын харам санау секілді толып жатқан мәселелер бүгінгі күні діни сауаты төмен бұқара халықты әрі-сәрі күйге түсіруде. Осындай тақырыптарды қозғап, оған білікті дін мамандарын сөйлету, қоғам қайраткерлерінің де бұл тұрғыдағы пікірін беру, бұл даулы мәселелерге шешім іздеу, дұрыс жауаптарын халыққа жеткізу, дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыру, міне бұлардың барлығы да «Иман айнасы» бағдарламасының тақырыптық аясына кірді.

Осы тұрғыдан келгенде «Иман айнасы» бағдарламасының көтерген жүгі ауыр, жауапкершілігі үлкен деуге болады.

Бағдарламаға бас мүфтиіміз Ә.Дербісәлі хазіреттен бастап, көптеген білікті имамдар, дінтанушылар қатыстырылды. Қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттарынан бастап, өнер адамдарына дейін белсене араласты. Бұның бәрі де бағдарлама ұжымының татулығы мен өз ісіне деген жауаптылығымен жүзеге асты.

Дінімізде бір сағаттық құлшылықтың өзі айтарлықтай бағаланса, халыққа талмай-жалықпай жыл он екі ай қызмет көрсету, жұртқа жақсы мен жаманды ажыратып беру ол да өз деңгейінде үлкен сауапты іс болды деуге толық негіз бар. Әсіресе, көгілдір экранды ұрпақ тәрбиесі, қоғам тыныштығы секілді ізгілікті іске қызмет еттірген бауырларымыз елге ең керекті іс жасады деген ойдамыз.

Бір жылдығымен құттықтап, бағдарлама ұжымына толағай табыс тілейміз! Алдағы уақытта да дін саласындағы өзекті тақырыптарды қозғап, ел ықыласына бөлене берсін. Иманның шын айнасына айналып, қоғам сол айнаға қарап өзінің бет-бейнесін түзей берсін деген тілек айтқымыз келеді.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ-ның бірінші наиб-мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Серіктес жаңалықтары