ТІЛ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНДЫ ЖЕРІ

ТІЛ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНДЫ ЖЕРІ

ТІЛ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНДЫ ЖЕРІ
ашық дереккөзі
193

Кез келген азамат пен мемлекет үшін тоқтамайтын күрес бар. Ол – мемлекет тұтастығы, ұлттық қауіпсіздік, өскелең ұрпақтың жарқын келешегі, тіл, діл, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып сияқты бабадан балаға мирас болатын ұлттық құндылықтарды қорғау. Өкініштісі сол, Қазақ еліндегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере алмай, қара терміз. Бодандықтан арылып, мемлекеттік басқару тізгінін өз қолымызға алғалы бері екі онжылдықтан асты. Бірақ әлі күнге «баяғы жартас – сол жартас». Эстония үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап жаңадан қабылданатын заңдарды, заңнамалық құжаттарды орыс тіліне аударуға тыйым салатын заң қабылдады. Есесіне экономикалық мазмұндағы заңдар ағылшын тіліне аударылады. Бұл инвестиция мәселесінде маңызды. Мұнда тіпті сот процестерінде де сот ісіне қатысты құжаттарды тегін аудармайтын болды. Егер сот мәжілісі мен сот құжаттарын орысша қаласаңыз, ақша төлейсіз. Орыс­тарды бауырлас халық деп есептейтін украиндардың өзі тіл мәселесіне келгенде ұлттық мүдде мен ұлттық саясатты ұстанады. Яғни мұнда көшелердегі жарнама біткен негізінен украин тілінде ілінген. Егер орыс, ағылшын не басқа тілге аударатын болсаңыз, үстіне қосымша ақы төлеуіңіз қажет. Яғни украин тілінен басқа тілдердегі жарнаманың құны қымбат. Мұның бәрі еріккеннің ермегі емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың тиімді жолдары. Өкінішке қарай, Қазақ билігі тіл мәселесінде Балтық жағалауы елдері, Польша, Украина сияқты мемлекеттерден үлгі алуға мүдделі емес.

Жуырда Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазықызы депутаттар алдына есеп беруге келген ҚР Әділет министрі Берік Имашев мырзаға: «Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан құжаттар да қазақ тілінде болуы тиіс» деген талап қойғанда Ана тілінің қазіргі пұшайман халіне жаны ашитын ағайын бөріктерін аспанға ата қуанып, «ұлт мүддесін қорғайтын осындай халық қалаулылары көп болса, шіркін!» деп армандаған. Шынында да, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамаса, оның несі – халық қалаулысы?! Өкінішке қарай, қазақ тілінің келешегіне алаңдайтын мәжілісмен мен сенатор аз бүгінде. Әйтпесе Парламентте «Еуразиялық одақты құруды қолдаймыз» деп құлшынып, «Қазақстанда ресми тіл – орыс тілі, сондықтан ортақ тіліміз орыс тілі болуға қарсы емеспіз. Бұл проблема тудырмайтын мәселе» деп коммунист Жамбыл Ахметбеков өзеуремес еді. Еуразиялық одақ мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Егер мұндай ұйым құрылса, Қазақстан сияқты тәуелсіз елдің тіл, діл, дін сияқты ұлттық құндылықтары адыра қалуы мүмкін. Өйткені өзін әлі күнге келмес­ке кеткен КСРО-ның «заңды мұрагері» санайтын Ресей империялық амбициялардың жетегінде жүр. Ортақ одақ құрылған сәттен бастап кезінде кеңестік жүйенің 15 одақтас республикаға төбеден қараған ұрдажық саясатын Ресей Қазақстанға да қолданары сөзсіз. Оған 70 жылдан астам қаншама ұлт, қаншама халықты дүбәра еткен коммунистік жүйе куә. Демек, Қазақ елін егемен ел ретінде сақтау үшін «ортақ тіл», «ортақ валюта», «ортақ шекара», «ортақ кеден», жалпы «ортақ» деген ұғымды қолдау – қисынсыз. Халық пен мемлекеттің мүддесін жоғары қоятын экономикалық интеграциялар – бөлек әңгіме, әрине. Ондай ортақ ұйым құрған күннің өзінде алдымен Қазақстанға келетін кіріс пен шығысты саралап алған жөн. Ал бізде бәрі керісінше. Осыдан үш жыл бұрын қаққан дабылға селт етпегендер ұйқыдан енді оянған тәрізді. Қазір Кедендік одақтан келетін зиянды тізбелеп, сандарын соғып отыр. Тіл мәселесінде де солай. Жұмыла жұдырық болу жетіспейді, керісінше, «аққу – көкке, шортан – көлге». Екі апта бұрын Мұхтар Шаханов бастаған топтың Мемлекеттік тілді қолдау шарасына да халық аз жиылды. Неге? Ешкім ешкімді ол жерге зорлап апарған жоқ. Келем дегендерге кедергі жасаған да ешкім болмады. Былтыр ғана мыңдаған адамды жинаған жиында Мұхаңның жанынан табылған оппозиция өкілдері Алматы қаласының әкімдігіне «шараны өткізуге орталықтан орын бермеді» деп ренжіп, акцияға қатысудан бас тартыпты. Шенеуніктерді сотқа беруді де ұмытпаған көрінеді. Оппозицияның бұл әрекеті «битке өкпелеп, тонын отқа жаққанмен» бірдей көрінді бізге. Сол жиында төбе көрсеткен қара-құра адамның ішінен «Ұлт тағдыры» Қоғамдық қорының жетекшісі Дос Көшімді көріп қуандық. Ұлттық мәселелерде табандылық танытатын азаматқа ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақ қойғанымыз да сондықтан.

«ҚАНДАСТАРҒА АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ ЖЕТІСПЕЙДІ»

– Дос аға, қазақ тілінің проблемасы туралы айтудан шаршамаймыз. Бірақ шыққан нәтиже шамалы. Неліктен?

– Меніңше, мемлекеттік тіл жайлы айтуды тоқтатпау керек. Қашан шешімін табады, сол кезге дейін тыным таппау қажет. Өкінішке қарай, дәл қазір біздің қолымыздан келетіні бір-ақ нәрсе – белгілі бір уақытта белгілі бір жерге жиналу, проблеманы талқыға салу. Әрине, егер тіл үшін күрестің басқа тиімді жолын тапсақ, нұр үстіне нұр болары анық. Бүгінде біз «Ұлт тағдыры» атынан еліміздің солтүстік, шығыс сияқты орыстілді аймақтарынан қазақ мектептерін ашуға ықпал етуді қолға алдық. Осы аймақтарға жоғары білімді қазақ тілінде алған түлектер көбірек шоғырланса, қазақыландыру процесі тез жүрер еді.

– Қазіргі кезде ол жақтағы ахуал қалай?

– Қазақтілділер өте аз. Мысалы Ақмола облысындағы Бұланды ауданында Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары 2 қазақ мектебі бар екен. Әлі күнге сол екі мектептен саны өспей отыр. Ауданға қазақтар көптеп көшіп келіп жатса да, қазақ мектептері ашылмайтын көрінеді. Білім ошақтарының көпшілігі не аралас, не орыс мектебі. Орыс мектептеріндегі балалардың 55 пайызы – қазақтың қарадомалақтары. Халықтан «Балаңды неге орысша оқытасың?» деп сұрасаң, «Қайтеміз енді? Қазақ мектебі жоқ қой» деп жауап береді. Олар тіпті биліктен қазақ мектебін ашуды талап етуге құқылы екендіктерін де білмейді. Атазаңда тайға таңба басқандай етіп көрсетілген емес пе? Біз оларға заң шеңберінде талап қою мәселесін де үйретіп жатырмыз қазір. Меніңше, мемлекеттік тілді дамыту жолында ықпал ету, тер төгу мәселесіне келгенде тек жиынмен, тілді қолдау шарасымен шектеліп қалмауымыз керек. Өкінішке қарай, аталған аймақтарда ұлттың ертеңіне алаңдаған азаматтар бас қосатын жерлері де жоқ. Қоғамдық қорлар, басқа да ұйымдардың филиалдары да ашылмаған. Бірқатар құрылымдар бар болғанымен қаражатқа тапшы. Меніңше, орыстілді аймақтардағы ұлтшыл азаматтардың тым болмаса айына бір рет бас қосатын орта керек. «Ұлт тағдыры» Қазақстанның он облысынан ашқан бөлімшелері арқылы шамасы жеткенше әрекет етуде. Сондықтан Алматыда бас ғимараты орналасқан әрбір қоғамдық қор не қоғамдық ұйым облыстардың барлығынан бөлімше ашып, ай сайын бас қосып, маңызды мәселелерді қаузауға бәрі бірдей атсалысқаны абзал. Қазір орталықтардан шалғай жатқан жерлерде жекелеген батырлар, ұлттық құндылықтар тақырыбында жазатын, айтатын жекелеген журналистері бар, бірақ қоғамдық күш ретінде қалыптаспаған. Мысалы өткенде Алматыда ұйымдастырылған Мемлекеттік тілді қолдау шарасы облыстардың барлығында өткізілсе екен. Біз Желтоқсан оқиғасын еске алу мақсатында 17 желтоқсан күні Алматыдағы ескі алаңға жиналуды, шейіт болғандарға арнап Құран бағыштауды, пікір алысуды дәстүрге айналдырдық. Неге осы үрдіс басқа аймақтарда да жалғасын таппайды?

– «Ұлт тағдыры» тарапынан өткізілетін шараларда басқа қандай проблемалар көтеріледі?

– Қазақтың бүкіл проблемасы! Орал­мандардың бүгінгі жағдайы, мемлекеттік тілдің мәртебесі, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу т.б. Осылардың барлығы да ұлттық мәселелер төңірегіне шоғырланған. Әлбетте, әрбір аймақ, әрбір аудан не облыс үшін аса маңызды саналатын түйткіл болады. Мәселен бір жерде миссионерлердің бассыздығы, секталарға бой ұру секілді басқа да дін проблемасы өзекті болса, екінші жерде қала мен жер-су аттарын қазақыландыру, яғни ономастикалық сұрақтар – күн тәртібінде. Қордаланып қалған осындай мәселелерді шешуге ықпал етуге Алматыдағылардың ғана күші жетеді деп ойлаймын. Ұлттық құндылықтарға қатысты әңгіме айтылғанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға міндеттіміз. Егер Мемлекеттік тілді қолдау шарасына тек Алматыдағылар ғана емес, басқа облыс, аудан, ауылдағы қазақтар да үлес қосса, жақсы емес пе? Мәселен сағат түскі 12-де бүкіл азамат алдын ала белгіленген бір жерге жиналып, белгілі бір уақыт ішінде қайтадан тарап кетсе, билік ойлана бастайды. Көптің пікірімен санасуға мәжбүр болады. Осы себепті бізге жетіспейтіні, облыстарда республикалық деңгейдегі шаралардың ұйымдастырылмауы.

– Алматыдағы Мемлекеттік тілді қолдау шарасына жиналғандардың қарасы онша көп болған жоқ. Бұл неліктен?

– Меніңше, бұған билік те, басқалар да кінәлі емес. Бұл адамдардың өздеріне, яғни олардың ар-ұжданына, ұстанатын азаматтық қағидаларына байланысты. Шараға қатыстың деп оларды ешкім қапасқа қамап не басқа заңсыздық әрекет жасамайтыны анық. Біз шараларды бастаған кезде Амангелді батырдың ескерткішінің түбінде сыртымыздан полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Ешқандай заңсыз әрекет жасауға тырысқан жоқпыз. Сондықтан полицейлер де сабасына түсті. Желтоқсан құрбандарын еске алуға да алғашқы жылдары адам көп жинала қоймайтын. Кейін жекелеген азаматтармен бірге ресми ұйымдар өкілдері де ескерткішке гүл шоқтарын қоятын болды.

– Бүгінде ұлттық мәселе жайлы сөз қозғалса, арандатушылық әрекеттер бой көтеретін болды. Сіздер бастаған шараны қазақты іштен іріткісі келетіндер жоққа шығармай ма?

– Жоқ, ондай арандатушылық байқалмайды. Рас, кейбір газет кері кеткен мақалалар жариялап, кедергі жасауға тырысады. Бірақ, меніңше, ондайларға көңіл бөлмеу қажет. «Ит үреді, керуен көшеді». Кезінде «Лад», «Единство» сияқты әсіреұлтшыл ұйым өкілдерімен қызылкеңірдек боп айтысып, жүйкені жұқартатынбыз. Сөйтсек, біз айтып, біз көтеріп жүрген мәселелердің барлығын олар жақсы біледі екен, жақсы түсінеді екен. Сөйте тұра, бұра тартатын. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарға қатысты мәселеде заң шеңберінде табандылық таныту – кез келген азаматтың құқығы. Мұхтар Шахановтың бастамасымен 5 жыл бойы өткізіліп келе жатқан Мемлекеттік тілді қолдау шарасы кезінде төбелес шығарып немесе жиналғандарға қарсы сөз сөйлеген бірде бір жанды көрген емеспін. Демек ұлттық мүддеге қызмет ету – әрбір азаматтың өз еркі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары