БІЛІМ БЕРУ ТҮЗЕЛМЕК...

БІЛІМ БЕРУ ТҮЗЕЛМЕК...

БІЛІМ БЕРУ ТҮЗЕЛМЕК...
ашық дереккөзі
178

Ал қоғам әлі қобалжулы

Ұстаздар қауымы бір марқайып қалды. Биылдан бастап Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда тойланатын болады. Оның үстіне министрлік жыл сайын мұғалімдер үшін арнайы бал ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмақ.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ұлы құрметке лайық қауымды Алматыға келіп құттықтады. Білім саласында аянбай тер төккен 80-нен астам ардагерлерді салтанатты рәсімде құттықтаған ол: «Ұстаз деген ұлы есім. Сіздердің әрқайсыңыз осы қасиетті ұғымға лайықтысыздар. Мемлекеттің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін, ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбектеріңіз үшін ел атынан үлкен алғыс. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз еңбегі қашан да өзінің жемісін береді. Оған өмір куә», – деп ерекше тебіренді.

Бүгінгі білім саласында бағындырған жетістіктерге тоқтала кеткен министр соңғы үш жыл бойында білімді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде алғашқы төрттікке енгеніміз және жақында ғана бәсекеге қабілетті 51 елдің қатарынан көрінгенімізге екпін түсіре келе, мұның бәрі ұстаздар қауымының ерен еңбегінің арқасы екендігін айтты. Министрдің пікіріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 9 айында оқушыларымыз әлемдік деңгейдегі олимпиадаларда 937 жүлдеге ие болса, еліміздегі 350 мың педагогтың үш мыңы Кембридж бағдарламасы бойынша шетелде қайта даярлау курсынан өтіп келіпті. Ардагер ұстаздардың көңілін көтеріп тастаған Білім және ғылым министрі Жұмағұлов білім беру саласында өлшеусіз үлес қосқан, еліміздің ұлағатты ұстаздарын «Білім беру саласының құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі» және «Құрмет» грамоталарымен марапаттады.

Осындай құрметке бөленген ардагер-ұстаз Мәрзия Тұрлыханова: «Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Ұстаз болу – өте керемет. Ұстаз болу ол адамның бойындағы қасиет деп ойлаймын. Екінің бірі ұстаз бола алмайды. Биыл 53-ші рет алғашқы қоңыраудың қағылуына куә болдым. Бұған да тәубе. Зейнетке шықсам да, жекеменшік мектеп ашып, ұрпақ тәрбиелеп келемін», – деген пікірімен бөлісті.

Бұдан соң Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұстаздар қауымымен кездесіп, білім беру жүйесін жетілдіру, педагогтардың қоғамдағы мәртебесін көтеру мәселелеріне үлкен көңіл бөлініп отырғандығын тілге тиек етті. Алдағы уақытта мұғалімдер біліктілігіне байланысты еңбекақы алатын болады. Жоғары категориялы ұстаздардың жалақысына 100 пайыз көлемде үстемақы қосылса, үшінші категориялы мамандардың табысы 30 пайызға артпақ.

«Осыдан 11 жыл бұрын білім саласына бөлінетін қаржы 50 млрд. теңгеге жетпейтін. Қазір 1 трлн. 300 млрд. теңгеге жетті. Соның 500 млрд.-ы осы екі жылда қосылды. Ол біздің үкіметтің білімге ерекше көңіл бөліп отырғандығын көрсетеді», – деді министр. Айта кету керек, келесі жылы 1-сыныптан қазақ, орыс, ағылшын тілдері тең дәрежеде оқытылады. Информатика пәні 7-сыныптан емес, 5-сыныптан қамтылмақ.

Биылдан бастап қолға алынған «Үздік ұстаз» республикалық байқауы мұға­лімдердің мәртебесін көтеріп, шығар­ма­шылығын шабыттандыруға бағытталған қа­дам. Бастапқыда байқауға 4 мыңға жуық ұстаз қатысқан болатын. Ауыл, аудан, қала, облыс аумағында өткен қатаң іріктеуден 168 ұстаз республикалық сынға жолдама алса, оның 48-і жеңімпаз ретінде танылды. Оның 36-сы орта мектеп оқытушысы, 16-сы кәсіптік және техникалық мекемелердің мұғалімі.

Ұстаздардың нағыз мерекесі елімізде тұңғыш рет өткізілген балда жалғасын тапты. Оған «Үздік педагог» конкурсының республикалық кезеңінде жүлделі орындарға ие болған «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанған 48 ең үздік, таңдаулы ұстаз қатысып, әрқайсысы 1 млн. 618 мың теңге сыйақымен марапатталды. Бұл олардың жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу саласына қосып жатқан үлесін мемлекет тарапынан бағалаудың нақты көрінісі болып табылады.

Ұрпақ тәрбиелеу – зор құрмет. Белгілі Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов: «Ел ісін түзеуді білім беру ісін түзеуден бастау керек», – дейді. Демек, білім беру жүйесі мықты болса, мемлекеттің болашағы да баян­ды болады деген сөз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары